АТТИЛАНЫҢ АМАНАТЫ

АТТИЛАНЫҢ АМАНАТЫ

АТТИЛАНЫҢ АМАНАТЫ
ашық дереккөзі
851

Жазушы Амантай Сатаевтың «Тұңғиықтағы тұнықтар» атты кітабы туралы

Ұлт тәуелсіздігі мен еркіндігі арқасында дәстүрлі түркілік, діни-философиялық, тарихи-тәжірибелік, мәдени-дүниетанымдық, ділдік-тілдік құндылықтар әлемі мейлінше жан-жақты, терең зерделенетіні хақ. Бұл орайда Ұлы Далада ұлттың шығармашылық даналығын, сұлулыққа, көркемдікке деген талғам-танымын дәлелдейтін рухани-заттық мәдениеттің төлтума ескерткіштері, небір таңғажайып озық үлгілері туындағаны аян. Ал замана толғатып тудырған болмысы бөлек, тұлғасы ерек, жаратылысы бөлек тарихи қайраткерлер тағдыры ше?! Иә, ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты небір сирек әдеби-тарихи деректерді сұңғыла білімпаздық зерделілікпен жинастырып-жаңғыртып, жүйелеп жүрген, әрбір құбылыстың, оқиғаның түп-тамырына, бастау-негіздеріне шұқшия үңіліп, сақилықпен сыр түйген, табиғатынан архивтанушы, жазушы, драмашы, этнограф, киносценарийші Амантай Сатаевтың (1933-2003) «Тұңғиықтағы тұнықтар» дейтін кітабында (Астана, «Елорда», 2004) Батыс ғұн империясының билеушісі, «Құдыреттің қамшысы» атанған атақты қолбасшы Аттила, халқымыздың қорған-қамалындай Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Нияз батыр, ақыл-ойдың орманындай Төле би, ғұлама Шоқан, алаштың ар-ұятындай Мұстафа Шоқай турасында бірде тарихи трактат, бірде көркем шығарма, бірде эссе сипатында көсілте келісті баяндайды. Және де байырғы жер-су, адам аттарына, көшпелілердің дәстүрлі дүниетанымындағы кейбір негізгі, елеулі-бейнелі ұғымдарына да сипаттама беріп отырады. Сөйтіп тарихи жадымызды, қиял кеңістігін жаңғыртып жаңартады, түп-тұқиянымыздың жұмбақ әлеміндегі жаңалықты құбылыстарға бойлатады, ойлантады, рухани тұрғыдан тазартады.

Сонымен бірге өзіндік болжам-байламдарын, түйінді ой-түйіндеулерін, тарихи деректердің шынайылығын палеография, археология, археография, топонимика, этнология мысалдарымен дәйектеп отыратындығы тағы бар.

Амантай Сатаев «Аттила-Оттылы» зерттемесінде «жаланы мол арқалаған жиһангердің» өміртарихын, ата-тегін, адамгершілік мәдениетін, ой-парасатын, әскери әрі ел басқару өнерін, көшпелілердің өркениетке қосқан үлесін (үзеңгі мен тағаны әшекейлі, нақышты ағаш архитектурасын Еуропаға арғу-ғұндар апарғанын» нақ-нағымен шебер сөйлейтінін жұтынтып жеткізеді.

Зерттеушінің көрсетуінше, Аттиланың (Еділ, Оттылы) әуелгі есімі – Қонжық, әкесінің аты – Тарты, атасы – аю-Монжық. Қонжыққа ұсталық өнер қонған, «ошағынан, күні-түні отты үзбегені үшін Оттылы атанған». Ата-бабамыздың «Ошағыңның оты сөнбесін!» деген қасиетті өсиеті бар. Ендеше осылайша жорамалдап ойлаудың қисыны бар.

Ғұн түркілерінің ішінде Еуропа елдеріне ат басын тіреген бұлардың ағайындары Баламір, Қодан, Ұлдостар болыпты. Ел көрсін, жер танысын, қанатын қақсын, асқар биікке қырандай шарықтасын, ақыл-ойы толыссын деген ізгі мақсатпен атасы Монжық Оттылыны Батыс Рим империясының императоры Гонорийдің қолына «аманатқа» аттандырған. «Мың шақырымдық жол бір қадамнан басталады» дегендей, алтын жалды арғымақ мінген, қарына алмас семсер ілген ұлы қолбасшының даңқы осылайша өріліпті-ау!

Автор ғұн көсемі Аттила тұлғасы жайында Еуропа тарихнамасында қайшылықты кереғар шығармалар мол екендігін ескертеді. Әсіресе, Иордан секілді сыңар езу, көрсоқыр, көзқаман нотариус – көшірмешілер Максимин, сенатор, Аристократ, Присктердің естелік-жазбаларының түпнұсқасын жойып жіберген де, өзіне қажеттілерін ғана теріп алғандығын әділ көрсетеді.

Француз ғалымы, философ Жан-Жак Руссоның:

«Әділетті Аттиланы қанішер деп бүкіл әлемге жалған сөз тарата, көпе-көренеу бұра сөйлеп, жала жапқан тағы кім?»

Немесе Александр Дюманың:

«Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді деген екен Аттила» деген ой-пікірлерін орынды келтіреді.

Адамзат тарихында Аттиланың жөні бөлек. Ол неміс тарихында ғұн көсемі ретінде айқындалған. Этцель деген нәммен айтылған, яғни көсем деген мағынада. Батыс ғұн империясының астанасы Этцельбург болғаны белгілі. Аттиланың ғажайып семсері де аңыздай сипатталған. Бұл – Нибелунг дастандарында, Скандинавия сағаларында көрініс тапқан. А.Сатаевтың жазуынша, Аттиланың ел басқару салт-дәстүрі сонау Тұран өркениетінен, Геродот тарихында есімдері жазылған Ғұмыр, Сақ тайпаларының патшасы, Анахарсистің туысы Иданфирс, Афрасиаб бабаларынан бастау алады екен. Аттила – намысты, арлы, әділетті қолбасшы. Ол «христиан дінінің қаз тұрып, бұғанасы қатуына көп септігін тигізген қайраткер. Ұлы жиһангер христиан дінінің үлкен ұясы бола бастаған екі шаһар Константинополь мен Римді жаулап алудан бас тартқан. Оның бұл мейірбан ісіне сол заманның ұрым-жоран қайраткерлері таңырқай қараған» (31-бет).

Сурет өнерінің асқан шеберлері Рафаэль мен Делакруа өздерінің капеллаларға салған суреттерінде Аттиланы маңдайының жұлдызы бар сымбатты ақбақай аттың үстінде бейнелеген.

А.Сатаев ұлы жиһангер туралы жазылған көл-көсір шығармаларды ақыл-ой елегінен өткізіп саралайды. Мысалы, әлем драматургиясының алыбы Шекспирдің «Отеллосы» Аттиланың жаңғырығы іспетті дейді. Орыс қаламгерлері Зинаида Шаховская мен Евгений Замятин Еуропа архивтері мен кітапханаларындағы ұшан-теңіз құжаттарды іріктеп-сұрыптап, айтулы қолбасшының айбынды тұлғасы жөнінде дұрыс тұжырымдар жасағанын айрықша айтады. Ғұн патшасы Аттиланың өмірбаяны мен жорықтары әлемдік әдебиетте, нақтылы келгенде драматургия жанрында қыруар туындылар дүниеге келгенін, тарихшы Самат Өтенияздың «Аттила» еңбегінде тәптіштей талданғанын атап өтеді.

А.Сатаев топонимдық атауларға, этнонимдерге ой жарығын түсіріп, өзіндік пайымдаулар жасайды. Мысалы, арғу ұлысының көсемі, ғұн тайпаларының жетекшісі Қодан біздің заманымыздың ІV ғасырында Батыс Еуропа мен Тұран елін байланыстырыпты. Қатун өзені де Қодан есімімен төркіндестігін дәлелдейді. Бұл орайда этнонимнен топонимге ауысқан.

Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінде Қодан есімі мол ұшырасатынын және де Мәшһүр Жүсіптің «Біздердің түп атамыз ақын Қодан» деген пікірін келтіреді. «Англосакс, исланд аңыз-ертегілерінде Қодан есімі Кэдман болып өзгергенін бұрынды-соңды тарихшылар пікір туындатқанын» айтып өтеді.

Мажарстанның ежелгі атауы Паннония – Хунгария екенін көруге болады. Каталаун «құтты алаң», «ғұн» этнонимі «бір орнында тұрмайтын тынымсыз салт атты», «Баламір» «мірдің оғы»,«мансап», «шен», «билік» дейтін мағынаны айқындайды деп түйіндейді. Әрине, ойды ой тудырады. Белгілі бір құбылыстардың мәнін, тек-төркінін тануға себепкер ой-болжамдар деуге де болады. Заман көші қанша алға озса да адамзат зердесіндегі ойлар, пікірлер, идеялар, жырлар өшпейді екен-ау! «Менің әкемнің ағасы Абақан Сатаев – деп жазады Амантай Сатаев, – 1936 жылы абақтыға қамалып, екі жыл түрмеде отырып шыққан». Содан не керек, Абақан жинаған материалдардың ішінен «Арғу-ғұндардың әйелдері шырқаған әндердің жорамал мәтіні» табылған.

Задында, архивист-тарихшы, жазушы, А.Сатаевтың «Аттила-Оттылы» эссесі ғылыми танымыңды тереңдетеді, соны ой-пікірлер өрбітуге құлшындырады.

А.Сатаев Шәкәрім, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейханов шежірелеріндегі тарихи деректерге жүгіне отырып, әз-Тәуке жайлы «Жел өтіндегі елдің ағасы» атты хикаят жазып шыққан. Ұлтының даналығын, жауынгерлік салт-дәстүрлерін бойына дарытқан дана, көреген, мейлінше әділ хан еді. «Жеті жарғы» құқықтық-конституциялық заңды ұйымдастырды. Сондықтан болса керек, А.Н.Левшин әз-Тәукені ежелгі Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңегені мәлім.

әз-Тәуке тұсында қазақтың береке-бірлігі күшті болды. Қорғаныс қабілеті тегеурінді қуатқа ие болды. Ру-тайпалар малының ен-таңбасы болды, оны жартастарға қашап жаздырды. Сондай белгілі бір ардақты атамекенге үш жылда бір мәрте жиналып, бас қосу, мәслихат жасау дәстүрге айналды.

Ұлт тарихында ұлы тұлға жайлы тарихи-әдеби деректерді осы туындыдан табуға болады.

Амантай Сатаевтың «Тұңғиықтағы тұнықтар» кітабында хандар шежіресі, Абылай хан және оның заманы, Шоқан өмірінің соңғы сәттері, Бөгенбай, Нияз батырлардың ерлік өмірі, көкірегі телегей Төле бидің кемеңгерлік ғибраттары, Мұстафа Шоқай мен Мәжит Айтбаевтың шығармашылық өмірбаяны тарихи-көркемдік тұрғыдан кемел суреттеледі.

А.Сатаевтың суреткерлік қолтаңбасы Шоқан мен Тезек төренің диалогында, Тұран шеберінің тасты жылатуын, Жанақтың қобызын, Шоқанның өсиетін, батасын сипаттауында жарқын көрініс тапқан.

Ұлттық дүниетанымымызды көркейтетін, ұғым-түсініктер де мол. Мәселен, ұлттық киім үлгілері, ыдыс-аяқ түрлері, ою-өрнектері, табиғат құбылыстары.

Амантай аға бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрсе де, «алпамса – апанда да алпамса» дегендей бабалар даусын ұрпақтарына естіртті.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары