БЕСIНШI БАСҚОСУ

БЕСIНШI БАСҚОСУ

БЕСIНШI БАСҚОСУ
ашық дереккөзі
512

Бүгiн Алматыда V Еуразиялық медиа-форум салтанатты түрде ашылады. Медиа-форумда талқыланатын мәселелердiң ретi де белгiлi. Жылдағыдай биылғы басқосуда да әлемдiк деңгейдегi өзектi мәселелер мен негiзгi саяси үрдiстер әңгiме арқауына айналады.

V Еуразиялық медиа-форумға Орталық Азия, ТМД, Азия, Еуропа, АҚШ елдерiнiң бiлiктi журналистерi мен саясаткерлерi, ғалымдары мен сарапшылары қатыспақ. Сол сияқты НАТО мен ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкiлдерi де қатысады деп жоспарланып отыр. Күн тәртiбiндегi басты мәселелердiң бiрi — халықаралық және аумақтық проблемалардың өзектiлiгi және оған бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы. Мұнымен қоса Шығыс пен Батыс қарым-қатынасындағы өзектi мәселелер де талқыланбақ. Әдеттегiдей дәл осы мәселе төңiрегiнде екi бiрдей американдық стратег — Ричард Холбрук пен Ричард Перл сөз жарыстырмақ. Бiрi демократ, бiрi республикандық болып табылатын саясаткерлер Шығыс пен Батыс арасындағы өзара байланыстар мен екi арадағы өзектi мәселелердi де талқыға түсiредi.

Модераторлар мен спикерлердiң қатарында НАТО-ның Орта Азия мен Кавказ елдерiндегi арнайы өкiлi, елшi Роберт Симонс (Бельгия), ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөнiндегi өкiлi Миклош Хараци мен РФ-сы СIМ-нiң Дипломатиялық академиясының профессоры Игорь Панарин де бар. Сол сияқты пiкiр-таластарға Ұлыбританияның FBC телекомпаниясының жүргiзушiсi Джон Дефтериос, «Миттал стил Темiртау» компаниясының бас директоры Навал Кишоре Чоудхари, Германияның «Дойче Велле» телеарнасының атқарушы директоры Кристоф Ланц, «Әл-Арабия» телеарнасының баспасөз хатшысы Жихад Балу, т.б. қатысады. Қазақстан жағынан өзара пiкiр-таластарды премьер-министрдiң орынбасары Кәрiм Мәсiмов, Парламент депутаты Ғадiлбек Шалахметов, белгiлi журналист әрi продюсер Владимир Рерих жүргiзедi деп жоспарланған.

Естерiңiзге салар болсақ, өткен жылғы IV Еуразиялық медиа-форумға Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстiк Америка мен Африканың 35 елiнен 300-ден астам мамандар қатысқан едi. Аталған форумда террорлық актiлердi БАҚ арқылы көрсету мәселесiндегi қиындықтар, медиа-заңнамалар мен Орта Азия және одан тыс аумақтағы саяси жағдайлар әңгiме өзегiне айналған едi. 2001 жылы Алматыда негiзiн қалаған медиа-форумның басты мақсаты — Шығыс пен Батыстың өзара тығыз қарым-қатынасына өзiндiк үлес қосу.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары