КЕЛIСIМДЕРДIҢ КIЛТI КРЕМЛЬДЕ...

КЕЛIСIМДЕРДIҢ КIЛТI КРЕМЛЬДЕ...

КЕЛIСIМДЕРДIҢ КIЛТI КРЕМЛЬДЕ...
ашық дереккөзі
505

ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРИ ПОЛИГОНДАРЫНЫҢ ӨТЕМI ӨТЕ АРЗАН БОЛЫП ОТЫР

Қайрылып соңыма, кең сайдың аңғарында тiзбектеле созылған, шашыраңқы ауылдың жатаған үйлерiне қарадым. Жарлауыттан көз салған кiсiнiң жаны ерiксiз ашитындай-ақ ауыл тым жүдеу. Ендi салынып, құрылысы әлi аяқтала қоймаған бiрер үйдiң алдындағы жер ошақтан көк түтiн жiңiшкелеп көтерiлiп, көктемнiң жауынға дерткен бұлттары бiртiндеп жиналып, түнере бастаған аспанға баяу сiңiп кетуде. Күндiкелi мiгiрсiз тiрлiктен мезi болған адамдар азын-аулақ кешкi асын қамдап жатыр-ау, сiрә. Анау алыс-алыс жақтарда қалған қоңырқай ауылдардың жусан аралас тәттi иiсi танауыма келдi де, жүрегiм уылжыды-ай. Мiне, соңғы күндерi тағдыры таразыға түскен «Шаңырақ» осы, кең даланың әр қиырында қираған, өмiр сүруiн тоқтатқан бұйығы ауылдарынан келген сансыз бейбақтар паналаған, Алматының iргесiндегi ұлтарақтай батпақты жер осы. Қазақ ауылдарының қала маңындағы титiмдей бөлшегi, асыл матадан қалған алақандай жыртыс бұл. Билiк басындағылар мұны да қиратуға жанталасуда. «Алматыда жер қымбат» дейдi, «Батпақты жерге салынған» дейдi. Сол да сылтау болыпты-ау. Әлемде батпақ үстiне салынған ауыл жалғыз «Шаңырақ» қана ма екен?! Анау атақты Венеция теңiз суының үстiнде талай ғасырдан берi миземей тұр, әйгiлi Мәскеу де әу баста ми батпақтың үстiне iрге көтерген. Гонконгтың күнi кеше, 1998 жылы пайдалануға берiлген, 1248 шаршы километрлiк Чек-Лап-Кок әуежайы да теңiзден жаулап алынған құрылыққа салынған. Сол үшiн ғана 200 млн. текше метр тас пен құм төгiлдi. Жоқ, тартыстың түбiрi мүлдем басқада сияқты-ау. Иә, Алматыда жер қымбат екенi шындық, бiрақ жүздеген-мыңдаған адамдардың тағдыры тым арзан болғаны ма?! Ауыр ойлар ерiксiз меңдейдi кiсiнi мұндайда. Гәптiң бәрi былтыр аукционда Алматыдағы жер телiмдерi 2,8 млн. теңгеге сатылуында шығар. Орыс тiлдi БАҚ-тардың бiразы «Шаңырақтағы» жерлер әу баста арзанға сатылған деп бекер көңiрсiтiп жүрген жоқ. Заңшыл бола қалулары да тегiн емес. Қитұрқылық жатыр.

Ал көгiлдiр түтiндер әр-әр тұстан жиiлеп көтерiле бастаған. Сыбызғылап, кейде кешкi самалмен толқындана шапшып әуеге сiңiп кетуде. Тәттi түтiн иiсi манағыдан да күшейе түскендей. «О-о, қазағымның түтiнi, түзу болып ұшқайсың», – деп iштей күрсiндiм аңғардағы ауылға әлi де толқи қарап тұрған күйi. Бiрте-бiрте қоюланып, зiлмауыр тарта түскен бұлттардың бауырынан сирек, екi-үш ауыр тамшы үзiлiп түсiп, қатқақ жердiң төсiне торсылдай тидi. Бетiме де.

Құдайым-ай, қасiретке бөккен кең даланың сығымдала жинақталып, сүзiле аспанға атылып шығып, сосын қайта тамған көз жасындай ауыр тамшылар. Қазақтардың көз жасындай құдды бiр…

Шағын автобустың терезесiн көз жасындай жауын тамшылары үзбей шайып келедi. Көлiктiң жүрiсi жылдамдаған сайын жиiлей түсетiндей. Тұманытқан, буалдыр терезенiң арғы жағынан зәулiм ғимараттар, берiк бетон дуалдармен қоршалған салтанатты сарайдай үйлер тiзбектеледi. Қамсыз-мұңсыз адамдардың ауыз аңқайтар апартаменттерi. «Шаңырақ» басқа, мұндағы тоқмейiл адамдар да мүлдем бөлек. Мiнездерi басқа, таным-түсiнiгi де бөлек. Түрлерi де жат сынды. Шiркiндер-ай, мұншама қыруар қаржыны қайдан тапты екен?!. Ал терезенiң әйнегi кең даланың көз жасы – көктем жаңбырымен тоқтамай жуылуда. Дүние қыстайғы ласынан тазарғысы келдi-ау соңғы рет. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазақ қоғамы таяу жылдарда тазара алмайтын iспеттi. Өйткенi, Алматы iргесiнде қымбатқа бағаланатын қазақ жерiнiң талай-талай пұшпақтары ұзақ жылдардан берi өзге жұрттардың пайдалануына мүлдем су тегiнге берiлуi қалыпты жағдайға айналғаны көзге ұруда. Жаңылыспасақ, осыдан бiраз жыл бұрын қазақ жерi оншақты кластерге бөлiнiп, әрбiрiнiң өзiндiк бағасы белгiленген болатын. Ең сорақысы сол, шетелдiк әскери полигондар орналасқан аймақтар сол уақытта тым-тым арзанға бағаланған сияқты. Оны кейiнгi уақта мемлекеттiк тұрғыдан қол қойылған бiрқатар құжаттардың iшкi мәнi дәлелдейдi.

Сәуiр айының алғашқы күндерiнде Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаев Мәскеуге ресми сапармен барып, Ресей астанасында Абай ескерткiшiнiң ашылу салтанатына қатысып қайтқаны мәлiм. Мәртебелi Президенттiң Мәскеуге биылғы жылғы екiншi сапары болатын. Осы қаладағы Чистые прудыда қойылған, скульптор Марат Әйнеков сомдаған аталмыш ескерткiш Қазақстан үкiметi үшiн 1 млн. 250 мың долларға түсiп отыр. Жоқ, бұл осы ескерткiш қойылар алақандай жерге төленген, төленер ақшадан бөлек, ескерткiш жасауға тiкелей төленген қаражат. Әрине, шығынның көптiгiн немесе аздығын есепке жүйрiк мамандар әлi айта жатар.

Бiрақ, бұл күндерi сонау 1995 жылы 20 қаңтарда қол қойылған екi жақты бiрқатар келiсiмдер қайта қаралып, iшнара өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлдi. Ең бастысы, кейiнгi жылдары елiмiздегi әскери полигондардың тым арзанға бағаланып жүргендiгi шетелдiк, әсiресе, батыстық мамандарды да жиi мазалайтыны аңғарылуда. Мәселенiң астары мынада, таяуда орыс әскерлерiнiң Грузия жерiндегi екi бiрдей iрi базаларындағы әскерлер 2007 жылдың аяғына дейiн елден әкетiлу жөнiндегi келiсiмге қол жеткiзiлдi және сарапшылар мұны Грузия дипломатиясының ең iрi жеңiсi деп бағалауда. Қазiргi күнге дейiн Солтүстiк Кавказдағы шиеленiстердiң тұрақты қоздырушысы болып келген бұл әскерлер соңғы кездерi онсыз да қауiптi аймаққа айналып отырған Орталық Азияға, әсiресе Қазақстандағы полигондарға орналастырылуы ықтимал. Елiмiздiң шекарасына тиiп тұрған, арпалыс үстiндегi Ауғанстан, азамат соғысы басталуының алдында тұрған Ирак жағдайын айтпағанның өзiнде, атом станциясы мәселесiне байланысты Иран мен Батыс елдерiнiң арасындағы қарыс-қатынас та күн өткен сайын ушыға түсуде. Осындай жағдайда таяу көршiлерiнiң көбiмен қырғи-қабақ Ресейдiң бұл мәселелердегi ұстанымы Құрама Штаттарды алаңдатпай қоя алмайды. Таяуда АҚШ-тың Демократияны дамыту және адам құқықтары жөнiндегi мемлекеттiк департаментi әлемдiк ауқымдағы адам құқықтары жөнiндегi баяндамасын жариялады. Мұндай дәстүрлi баяндама бұл елде жылма-жыл жарияланып тұруы әдетке айналған. Дегенмен, департаменттiң Орталық Азия, әсiресе, Ресей жөнiндегi алаңдаушылығы биыл жылдағыдан ерекше. Мұнда В. Путин атына бiрнеше баптардан тұратын қатаң айыптар тағылған. Және солардың ең бастысы Чешенстандағы қантөгiстiң жалғасуы болып отыр. Iле-шала АҚШ-та «Осы Ресей бiзге шынымен дос па, әлде қас жауымыз ба?» деген сұраққа жауап iздестiрiле бастады. «Ресей бiзге ешқандай дос та, одақтас та емес және ешқашан болып та көрген жоқ. Бұл ел бiздiң ту сыртымыздан Саддам Хусейнге барлау деректерiн жәй ғана берiп қойған жоқ – орыстар әрқашан американдық мүдделерге нұқсан келтiру үшiн барлық жерде бәрiн астыртын жүзеге асырумен болды», – деп кесiп жазды «Вашингтон пост» газетi өзiнiң редакциялық мақаласында.

Ал 2008 жылғы сайлауда демократтар тарапынан АҚШ президенттiгiне үмiткерлердiң бiрi деп саналатын, Аризона штатынан сайланған сенатор Джон Маккейн: «Ресей алдында иiлiп төсек, жайылып жастық болуды доғаратын мезгiл жеттi» дегендi ашық айтып жүр. Ол АҚШ тарапы шiлде айында Санкт-Петербургте өтетiн дамыған елдер басшыларының G-8 саммитiне бойкот жариялауын талап етуде.

Бiрқатар таяу шет елдердiң Ресейге iштартпауы ашық жаулыққа ұласып бара жатқандай. Ресей Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Григорий Карасиннiң Тбилисиге ресми сапары қарсаңында Грузия Парламентiнiң халықаралық iстер жөнiндегi комитетiнiң басшысы Константин Габашвили Ресейдi елдегi фашизм жөнiнде қатаң айыптады. Ол: «Негiзiнен жасанды арақ iшетiн орыстарда қазiр қандай стандарт бар болуы мүмкiн екенiн мен бiлмеймiн. Бұл – ксенофобия. Бұл – белгiлi ұлттарды менсiнбеушiлiк. Және бұған есiгiнде кавказдық ұлттар кiргiзiлмейдi деп жазылған кафелер мен мейрамханаларды қосатын болсақ, бұл дегенiмiз – тұрмыстық фашизм», – деп ашық мәлiмдеген.

Осыған ұқсас айыптауды осыдан екi айдай уақыт бұрын Грузияның министрi Георгий Хаиндрава да айтқан болатын. Украинаның саяси қайраткерлерiнiң Ресейге iшi ешқашан жылымайтыны екi бастан мәлiм. Ол ол ма, ел билiгiнде коммунистер отырған Молдаваның өзiнде Ресейге қарсылық, ұлттық мүдденi уақытша саяси табыстардан жоғары қою күн өткен сайын ұлғайып келе жатыр.

Сонымен, Мәскеуде Қазақстандағы мемлекеттiк ұшу-жаттығу орталығы, төртiншi мемлкеттiк орталық полигон, Сарышаған, Ембi сияқты аса iрi полигондар жөнiнде, «Қазсат» спутнигiн ғарышқа ұшыру туралы бiрқатар мәмiлелерге қол қойылып, нақтыланды. Жетi келiсiмнiң 4-i екi ел арасындағы әскери қарым-қатынас, қорғаныс қабiлеттерiн нығайту нұсқасында болып отыр. Аталмыш аса iрi полигондарды Ресей Федерациясының әскери қызметкерлерi пайдалануын нақтылай түскен бұл келiсiмдерге РФ Қорғаныс министрi Сергей Иванов пен Қазақстанның Қаржы министрi Наталья Коржова ханым қол қойған болатын.

Бұл келiсiмдер нәтижесiн Қазақстан дипломатиясының аса үлкен ұтылысы деп бағалайтын скептик сарапшылардың пiкiрлерiнiң бiрқатар орынды тұстары да бар. Өйткенi, өз полигондарын пайдалануға берiп отырған Қазақстан бұдан айтарлықтай шығындарға батуда. Осы уақытқа дейiн 10 млн. гектар орасан зор территориясын жалға берiп келген бiздiң елiмiз 28 млн. доллар өтем ақы алып келсе, қазiр бұл жерлер 485 мың гектарға қысқартылды да, бұдан былай 25 млн. доллар ғана алатын болып келiсiлдi. Яғни, Қазақстан жылма жыл 3 млн. доллар табыстан қағылып отыр. Бұл – мәселенiң бергi жағы ғана. Ал қарапайым есепке жүгiнсек, 500 мың гектар жер 3 млн. доллар болғанда, әлгi 10 млн. гектарлық стратегиялық полигондар кем дегенде 60 млн. доллардан астам ақшаға жалға берiлу керек болатын. Бiшкектiң алақандай Манас әуежайын жалдауға АҚШ Қырғызстан қазынасына жылына 200 млн. доллар көлемiнде қомақты қаржы құйып келедi. Ал бұл сома көршi Қырғызстан бюджетiнiң 60 пайызын құрауда. Ал осы әуежайда АҚШ-тың небары 1 мыңнан сәл ғана астам әскери қызметкерлерi мен бар болғаны 9 стратегиялық тасымалдау ұшағы ғана орналасқан. Бiздiң елiмiзде Ресейдiң қанша әскери қызметкерлерi бар екендiгi, шын мәнiнде, мемлекеттiк құпия. Өткен жылдың соңына таман бұрынғы келiсiмдердi бұза отырып, Ресей Байқоңыр маңынан 3 мың әскери қызметкерлерiн әкеткенiне қарағанда ондайлардың саны бiздiң елiмiзде ондаған мың болып шығуы ықтимал. Айтпақшы, әлгi 485 мың гектарға қысқартылды деп мақтанып жүрген полигон осы 3 мың солдат пайдаланып жүрген жерлер ғана шығар?! Бiр сөзбен айтқанда, қазақтың қасиеттi даласын бұрынғыша орыс солдаттарының керзi етiгi таптап, зымырандар мен снарядтар шұрқ-шұрқ тесуде, ауыр танкiлердiң болат шынжыр табандары әлi ойран-ботқа етуде. Құнсыз жердi кiм аясын?!.

Әлi күнге әңгiме етiлiп келе жатқан «Қазсат» жерсерiгi, жаңылыспасақ, өткен жылдың жаз-күз айларында ғарышқа ұшырылуы керек болатын. Мұндай келiсiм бұрынырақ жасалған едi, бiрақ, Ресей өз тарапынан бұл мәмiлелердi бұзғаны құпия емес. Яғни, Ресей бұрынғы келiсiмдердi ешқашан сақтамайды деп кiнәлайтын американдардың өкпесi орынды да. Ресей үшiн ешқандай келiсiм қасиеттi деп саналмағанына, бұзылмай сақталмағандығына көне, жаңа тарихтар толық куә. Қазақстанның бүйрегiндегi ауыр жара – Байқоңыр мәселесi де талай рет додаға түскенi мәлiм.

Ең ақыры, Ресей әлемдегi ең iрi әрi аса қуатты ғарыш айлағын жалға алғаны үшiн бiздiң елге жылына небары 115 млн. доллар ғана төлеуге қол жеткiздi. Мұның да құпия тұстары бар. Сiрә, Ресей таза ақша түрiнде төлем емес, ескiрген техникалар сату немесе бiздегi көнерген әскери техникалар мен құрал-жабдықтарды мезгiл-мезгiл жөндеу арқылы жүзеге асыратын сияқты. Ал өз елiнде ғарышты игеруге жылына 1 млрд. доллар жұмсап отырған Ресей осы қомақты қаржының 30 пайызын коммерциялық тапсырыстар есебiнен қамтамасыз етiп отыр. Бұл стратегиялық мiндеттердi жүзеге асыруда Байқоңырдың орны ерекше. Мұны әлемнiң барша ғалымдары мен зерттеушiлерi бiр ауыздан мойындайды. Ресей ғарыш агенттiгiнiң басшысы Анатолий Перминов мырза «Известия» газетiне берген сұхбатында: «Итоги двух последних лет вселяют оптимизм по части наших перспектив. Мы прочно удерживаем 1-ое место в мире по числу космических стартов и выведенных аппаратов, космодром Байконур занял ведущее место в мире», – деп (Известия» газетi, №63, 11.04.2006 ж.) қанағаттанғандық бiлдiрдi. Әрине, қазақ жерiнiң есебiнен күреп пайда тауып отырған мырзалар әбден қанағаттанары заңды да. Мәскеудегi келiсiмнен соң Ресей президентi В. В. Путиннiң: «Құрманғазы» кенiшiн не iстеймiз деп керiлдестiк, керiлдестiк. Ақыры, шекара шекара ғой, ал дау «Құрманғазыны» қалай пайдалану жөнiнде деген пiкiрге келдiк. 50-де 50 етiп пайдаланамыз деп едiк, шекара жөнiндегi дау да шешiлiп сала бердi», – деп тоқмейiлсуi де тегiн емес. Бiр ғажабы, «былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралар бiржола әрi мәңгiлiкке шешiлдi» деп БАҚ-тардың шуласқаны да ойға оралады. Екi елдiң Парламенттерi келiсiмдердi ратификациялағаны да есте. Ендеше «Құрманғазы» жөнiндегi дау қайдан туындап отыр? Болашақта қазақ жерiнiң қанша пұшпағы әлi дауға айналмақшы. Яки, қашанға дейiн күшi жеткендер өзiмiз құнсыздандырып отырған қазақ жерiнiң байлығын кертiп жей бермекшi?!.

Иә, терезенiң арғы жағы сағыныш. Терезенiң арғы жағы көз жасына булыққан кең дала – қазақ даласы! Биылғы жылғы 6 сәуiрде «Жас Алаш» газетiнде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының соңғы сұхбаты жарияланған болатын. Белгiлi саясаткердiң: «… 1993 жылы Түркияға түркi халықтарының бiрiншi халықаралық конференциясына бардым. Тұрғыт Өзал, Демирел, Түргеш, мен, бәрiмiз бiр отырдық. Әзiрбайжандар, қырғыздар, өзбектер «Бiз – түрiкпiз, сiздер – бiздiң ағаларымызсыздар» деп ұрып жатыр. Мен шықтым да, керiсiнше сөйледiм. «Бiз кешегi күнге дейiн отар ел болдық. Отарлықтың қамытын кеше ғана шештiк. Оның орны әлi жазылған жоқ. Жара болып тұр. Бiр қамытты шешiп тұрып, қанша жерден жұмсақ әрi жайлы болса да, екiншi қамытты кигiмiз келмейдi дедiм..», — дегенi ерiксiз толғандырған.

Қазiр күн тәртiбiнде түспей жүрген БЭК (ЕЭП) мәселесi, туралап келгенде, отарлықтың екiншi қамыты емес пе деп алаңдаушылық бiлдiрушiлердiң қатары елiмiзде көбейе түсуi де анық байқалуда. Ләйiм олай бола көрмесiн.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары