БАЙСЕРКЕДЕГI НАУРЫЗ ТОЙ

БАЙСЕРКЕДЕГI НАУРЫЗ ТОЙ

БАЙСЕРКЕДЕГI НАУРЫЗ ТОЙ
ашық дереккөзі
325

Наурыз – жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы. Наурыз –жаңа күннiң, жаңа жылдың белгiсi. Күн мен түннiң теңескен 21-наурыз күнi мұсылман бiткен той тойлап, жаңа жылды қарсы алады. Өткен жылға салауат айтып, жаңа жылдан жақсылық күтедi. 22-наурыздан басталған ұлы мереке айдан-айға созылып, ауыл-ауылда ұланасыр той басталады.

Сондай ұланасыр тойдың бiрi – өткен аптада Алматы облысы, Iле ауданына қарасты, Байсерке ауылында басталды. Таңертеңгi тоғыздан кешкi тоғызға дейiн ұласқан тойдың иесi – «TSC-Group» корпорациясы. Көп салалы бизнес орталықтарынан құралған аталмыш корпорацияның қызметкерлерiнiң өзi үлкен бiр ауылды құрайды екен. Байсерке ауылына кiрiп келе жатқаннан-ақ, қатар-қатар тiгiлген ақшаңқан үйлер анадайдан менмұндалап көзге түседi. Әрбiр үйдiң алдында ет асылып, самаурындар қойылып жатыр. Маңайында ұлттық киiм киiнген аруларымыз жүр. Ақшаңқан үйлердiң қай-қайсысына кiрсеңiз де, қонақжай апалар мен жеңгейлерiмiз ұсынған «наурыз көженiң» дәмi ерекше. Наурыз тойдың да ең басты тағамының бiрi – осы «наурыз көже» емес пе? Жетi түрлi дәмнен жасалатын осынау көженiң жөнi де, жолы да бөлек.

Корпорация ұйымдастырған наурыз той биыл алтыншы рет өткiзiлiп отырғанға ұқсайды. Тойдың өтуiне корпорация қызметкерлерiмен қатар, Байсерке ауылы да атсалысқанға ұқсайды. «Той дегенде, қу бас домалайды» демекшi, ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрiсiне дейiн осында. Мерекенiң ең қызығы, әдiлқазылардың жұмыс iстеуi болды. Корпорация басшылығымен бiрлесе отырып тағайындалған әдiлқазылар сол күнi, ұлттық нақыштағы киiз үйге, ең әдемi ұлттық киiмге баға бердi. Сол күнi тойдан тазы жүгiртiп, қыран ұстаған саяткерлердi көрдiк. Ұлттық батырлардың киiмiмен киiнген ерен ұлдардың нар тұлғасына қызықтық. Кимешек киiнген әжелерiмiз бен ақсақалды аталарымыздан бата алдық. Қазақтың тойы әнсiз, бисiз өтушi ме едi. Киiз үй тiккен әрбiр ауыл өз өнерлерiн ортаға салып, тойға жиналған қауымға әннен шашу шашты. Төгiлтiп күй төккен, әуелете ән шырқаған қауымға қарап, «әу» демейтiн қазақтың жоқ екендiгiне тағы бiр рет көзiмiз жеттi. Сондай-ақ, корпорацияның наурыз тойынан бүгiнгi танымал эстрада жұлдыздарын да кездестiрдiк.

Наурыз тойдағы тағы бiр ерекшелiк – спорттық жарыстардың өткiзiлуi. Әр ауыл өз командаларын iрiктеп шығарады екен. «Наурыз мерекесiн тойлау бiздiң қалыптасқан дәстүрiмiзге айналып кеттi. Наурызды өткiзудегi басты мақсатымыз да, ауыл спортын дамыту. Салауатты өмiр салтын насихаттау. Сол себептi наурыз мерекесiнiң қарсаңында көктемдiк үлкен жарыстарымызды өткiземiз»,–дейдi «TSC-Group» корпорациясының Бас директоры Ержан Оспанов.

Ауыл спортын дамытудың мақсатында жүзеге асырылған ұлттық ойындардың да шегi болған жоқ. Тап сол күнi жеткiншектер кiрдiң тасын көтерiп, тоғызқұмалақ ойнап жарысып, күш сынасты. Асыр салып, доп қуалағандардың да ойынына разы болдық.

Той тойға ұласып жатты. Бiр күн болса да байсеркелiктерге қуаныш пен береке сыйлаған «TSC-Group» корпорациясына ризашылығын бiлдiрмеген жан кемде-кем шығар…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары