Қасымхан БЕГМАНОВ: АЛМАТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДI

Қасымхан БЕГМАНОВ: АЛМАТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДI

Қасымхан БЕГМАНОВ: АЛМАТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДI
ашық дереккөзі
261

Белгiлi ақын, Қазақстан Жастар Одағы және халық- аралық Алаш әдеби сыйлықтарының лауреаты, Түркiстан қаласының құрметтi азаматы Қасымхан Бегмановтың есiмi бүгiнгi жұртшылыққа жақсы таныс. «Бастау», «Қарашық», «Бесiктен бейiтке дейiн» және «Сағыныш» атты бiрнеше кiтаптардың авторы. Қай кезде де қолынан қаламы түспеген талантты ақынмен бүгiнгi әдебиет, мәдениет, нарық, жалпы өмiр туралы сұхбаттасқан едiк.

«МҰҢСЫЗ ӨЛЕҢ ЖАЗА АЛМАЙМЫН…»

– Сiздi әдебиетке алып келген нендей күш? Мүмкiн бiреуге елiктеген шығарсыз…

– Бала кезiмнен әдебиеттi сүйiп өстiм. Ауыл кiтапханасында мен оқымаған кiтап қалмаған шығар. Оның үстiне, менiң туып-өскен жерiм Түркiстан мен Кентаудың ортасында. Яғни, Түркiстанның арғы жағында Қаратауға асатын асудың етегiндегi Жаңақорғанға ұласатын жазықта Бабайқорған, Майдамталдың даласы дейтiн ел орналасқан. Хан тағы тауының етегiнде дүниеге келгенiммен, балалық шағым сол далада өттi. Бiздiң ауыл қазақы әңгiмеге ұйыған, қып-қызыл замандарда да дiндi берiк ұстаған қалың қазақтың шоғырланған ортасы болатын. Ауылымыздың биiк төбе, қырларына шықсаңыз қасиеттi Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың аспанменмен таласқан көгiлдiр күмбезi алыстан сағымға араласып мен-мұндалап көрiнiп тұратын. Бала кезiмде таң ата ауыл мешiтi азан шақыратын. Кейiн сол азан шақыру ұмытылып кеттi. Кеңес үкiметi бiздiң мойнымызға алқызыл галстук байлап пионер, кейiннен кеудемiзге значок тағып, комсомолдың қатарына өткiздi. Соған қарамастан ауылдың шалдарына iлесiп, мешiтке баратынбыз. Мешiтке жұма намазға жиналған шалдар көсiлiп, әңгiме-дүкен құратын. Аңыз-әңгiмелерден сыр шертетiн, қасиеттi бабаларымыз жайлы әңгiме қозғайтын. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ары-берi жүрiп өткен жолдарын, Сыздық төре жайлы небiр әңгiмелердi аңыз ғып шертетiн. Солардың жанында отырып алып, әңгiмелерiнiң бiрiн қалт жiбермей, ұйып тыңдайтыным әлi есiмде. Соның бәрi бала болсамда, жадымда жақсы сақталып қалыпты. Қызылды ақ қуып, ақты қызыл қуғандығы туралы әңгiмелер осы күнi ойласам өз алдына бiр драма тәрiздi екен. Соның бәрiн естiп өскеннен кейiн бе, мектеп бiтiрiп, Алматыға алғаш келгенiмде, Алматы маған мүлде жат, суық көрiндi. Вокзалда тұрып-ақ, мүлдем жат жерге келгендей күй кештiм. Қып-қызыл орыстың ордасы тәрiздi көрiндi. Ешқандай қазақы қасиетi жоқ, ешқандай қазақтың иiсi жоқ, қып-қызыл орыстың ордасы болатын Алматы ол кезде. Сондай сұлу, тәкаппар, әдемi… бiрақ мейiрiмсiздеу секiлдi. Бала кезiмде естiген әңгiмелерiм, ертегiлерiмнен мүлде бөлек, басқа картина алдымнан шықты. Ауылда естiген шалдардың әңгiмесiнiң сарқыты да байқалмайды мұнда. Қырық рет үзiлгiш сырылдаған кинолентаның өзiнен бiз Амангелдi батырды басқаша көрiп, басқаша сүйсiнiп өстiк қой. Сенсеңiз Алматыға өзiмдi мүлдем жат сезiндiм. Сөйтiп жүрiп, жетпiс бестiң жазында политехникалық институттың машина жасау факультетiне оқуға түстiм. Онда толған орыс тiлдiлер. Мен бүгiнгi өмiрдiң шындығын осында сезiндiм. Оған дейiн бала қиялмен, ертегiмен, аңызбен өмiр сүрiп келген екенмiн. Содан iштей қатты құлазу басталды. Мен шын құлазыдым, у-шуы көп қалада өзiмдi жалғыз сезiндiм. Сондай күндерде елден хабар жиi келе бастады. «Пәленше атаң қайтыс болды, төленше деген әжең дүниеден өттi » дейтiн хабарлар бiрiнен соң бiрi келiп, менi елге шақыра бастады. Сенсеңiз, әлi күнге осы қалада өзiмдi жалғыз сезiнем. Өйткенi, курстас деген менде жоқ десе де болады. Орыс бөлiмiнде оқыдым, жанымда көбiнде орыстар немесе орысша сөйлейтiндер жүрдi. Содан берi өмiрiмнiң көбi сол орыс тiлдiлердiң арасында өтiп келедi. Қызметке таңертең кiрiп кетем, кешке бiр-ақ шығам. Менiң айналамдағылардың бiреуi қазақша сөйлемейдi. Ол мен үшiн – үлкен трагедия. Менiң халiмдi басынан кешпеген адамдар түсiнбейтiн де шығар. Олар:«Ей, осының қайғысы бар дейсiң бе?» деп, ойлауы да мүмкiн..

Осы қайғы, осы мұң менi әлi күнге серiк етiп келедi. Жер басып жүрудiң өзiнiң уақытша ғана екендiгiн сезiнудiң өзi мұң емес пе? Шыр етiп жарық дүниеге келген сәттен бастап адамның өмiр сүру үшiн күресi басталады екен. өмiр сүру қашанда оңай болмаған.Оның үстiне ақын боп өмiр сүру, мынандай қоғамда қазақ ақыны боп өмiр сүру тiптi ауыр. Қатал өмiрмен қорғансыз ақынның бетпе-бет қалуы, екiнiң бiрi түсiне алмайтын азап. Бар салмақ жүрек пен жүйкеге түседi. Өзге қарапайым адамдардай сенiң де бала-шаға асырауың керек. Барлық керектерге жету үшiн алысуың керек. Ақындарды керек етпейтiн қоғамда ақын боп қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келмейдi.

Тек, бiр жұбататыны, бiз алдыңғы толқын ағаларымның өнегесiн көрдiк. Кешегi Ғабит, Ғабиден, Әбдiлда, Хамит, Қалижан, Сырбай, Ғафулардың көзiн көрдiк. Одан кейiнгi толқын Жұматай, Кеңшiлiктерге iнi болып iлестiк. Талай сайрандарға бiрге бардық, мұң-қайғысын бөлiстiк. Кешегi Тоқаштардың артынан топырлап ердiк. Тәкен Әлiмқұловтың, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серiкқалиевтердiң әңгiмелерiн естiдiк. Осының бәрi өмiр. Сол тұстағы ұлттың барлық жанашырларының бәрiнiң шын ниетiмен құлазығандарын, шын мәнiнде көп нәрсеге көңiлдерiнiң толмағанын iштей терең сезiндiк. Осыдан кейiн Алматыдағы ең бiрден-бiр қазақы орта Жазушылар одағы өзiне қарай тартты да тұрды

– Аға, өзiңiз айтқан сол мейiрiмсiз, бiрақ тым тәкаппар қаладан ешқандай ақын кете алмады ғой. Сiз де кете алмадыңыз, оның сыры неде?

— Мен Алматыдан екi рет кетiп, екi рет қайта оралған адаммын. Елде әдеби орта жоқ. Ғазиз басыңды қайда сыйғызарыңды бiлмей дал боласың. Тобығыңнан келмейтiн парықсызға тәуелдi болғың келмейдi. Орта iздейсiң. Ақындар сол ортаны аңсайды.

Соңғы кездерi жыл сайын жазушы Мереке Құлкенов ұйымдастыратын «Ана тiлi» аруы байқауы өтiп жүр ғой. Сол байқауға менi де шақырады. Әдiлқазылардың мүшесi ретiнде әрi «ТұранӘлемБанкiнiң» өкiлi ретiнде былтырғы жылы сый-сияпатымды тапсырғанымда:«Жер шарының жартысын аралап шықтым. Бiр жағы Мұзды мұхитқа дейiн, бiр жағы латын Америкасына дейiн бардым. Ата-бабаларым бармаған жерге табаным тидi. Кеңес Үкiметiнiң тұсында мұхиттың арғы жағында айлап жатқан кезiмiз болды. Сонда байқағаным, жердiң бетiнде қазақтың тiлiндей тiл жоқ екен. Жердiң бетiнде Алматыдай сұлу қала жоқ екен. Жердiң бетiнде қазақтың қызындай сұлу қыз жоқ екен» деп айтып едiм, зал қатты қошеметтеп қол соқты. Мiне, сондықтан да, Алматыдан кете алған жоқ ақындар, кете алмайды да. Алматыны түсiнде көредi олар. Алматыға арнап өлеңдi де көп жаздық. Бұл Алматыда кiмнiң iзi қалмады?! Бұл Алматы кiмнiң көз жасына, таңғажайып махаббатына куә болмады?! Бiз Алматыны қазақиландыруымыз керек. Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкiм болып келiп, көп өзгерiстер жасап жатыр ғой. Алматы қазақша сөйлемейiнше, Қазақстан қазақша сөйлемейдi.

– Алматы мемлекеттiк тiлге көшейiн деп жатқан жоқ па?

– Оның бәрi талпыныс қой. Бұл ұлы күрестiң басы ғана. Ол айтуға оңай болғанымен, өте қиын нәрсе. Бұрыш-бұрышта, сыраханаларда отырып, кiжiнемiз де қоямыз. Марқұм шешем: «Кедейдiң күнi кiжiнумен өтедi» деушi едi. Айдалада отырып, аспанда ұшып бара жатқан бiреудiң самолетiне жұдырығын түйетiн кешегi шалдар сияқты тiрлiк етемiз. Жеке-жеке тiрлiк етемiз, ал шындығына келгенде, қазақтың қаржысы қазақтың тiлiне қарсы жұмыс iстеп жатыр. Бiзде комитеттер құрылып жатыр, қозғалыстар көбейдi. Оның бәрi құрылу керек. Осындай жолдан өтуiмiз керек. Классик Қадыр ақынмен, данышпан ағаммен күнiне бiр рет сөйлесiп тұрам. Қадекең бiрде: «Қасымжан айналайын, адам баласы, өзiне қол жұмсауына болмайды, Алладан ақырын күту керек. Өмiрдiң ең қиын жағын да өзiңе пайдалану керек» деп айтып едi. Ақырында бәрi қалпына келер деп үмiттенемiн.

Бiзде аристократтар жоқ деп жатамыз. Арғы жағын қуып келетiн болсақ, Кеңес үкiметiндегi жетпiс жыл бiр-екi буынды алып кеттi. Қарап кеткен жоқ, үшке бөлiнген қайғылы халықты төртке бөлiп кеттi. Сонда қазақтың баласының бәрi құл болды ма? Әңгiме осында. Кеңес үкiметi барлығын «теңестiрiп» кеттi. Сен ханның баласысың ба, әлде қараның баласысың ба, барлығы тең болу керек деген идея үшiн жұмыс iстедi.

– Қазақтың баласы құл болған жоқ. Бiрақ, Кеңес үкiметi қалыптастырған құлдық психологиядан әлi арыла алмай отырған сияқтымыз.

– Бұл жерде сiзбен келiспеймiн. Барлығын Кеңес үкiметiне жаба салуға болмайды. Мәселен, бiр адам өлiп кетсе, «еркек тоқты құрбандық» деп итере саламыз. Ал, менiң жеке принципiм, кiм жеңiлсе, соның жағындамын. Димаш атамыз қайтыс болғанда, шығарып салуға бардым. Адам көп. Жан-жағында қаумалаған адам. Дулат аға кездесiп, «сонда бара жатырмын» деген соң, iлесiп келгем. Шашы аппақ қудай бiр шал табытта жатыр. Iштей жылап тұрдым. Сол шалдың кезiнде керемет жақсылығын көрген, астына ат берген, басына бақ берген, адамдардың терiс айналып кеткендердi де көзiмiз көрдi.

– Кешегi үкiметтiң тұсында айтуға болмайды, жазуға болмайды деген цензура болды ғой…

– Ондай болды. Кемшiлiктерi де бар. Оны мойындауымыз керек. Әсiресе, ұсақ ұлттарға өзiнiң идеологиясын жасады. Кiшi халықтарға қарсы керемет идеологиялық машина жұмыс iстедi. Мәселен, ақын-жазушыларды, өнерпаздарды, тұлғаларды өздерiне ұтымды пайдалана бiлдi. Бiр кiтабың шығу керек пе, Советстан, сөзстан деген өлеңiң басында тұру керек, сонда кезек күттiрмей, жарық көредi. Бiрақ, соған қарамастан, айтатын жерiнде ақын-жазушылар айтты, тұспалдап жеткiздi. Бүгiнгi күнгi қазақы болмыстың сақталуына ақын-жазушылардың үлесi өте жоғары болды. Турасын айтқанда ақын-жазушылардың қазақылықты сақтап қалудағы ерлiктерiне баға берiлмей келедi. Егер орыстанған ақын-жазушыларымыз көптеу, әрi қазақ тiлдiлерден күштiрек болғанда қазақ осы күнге де зар болатын едi. Бiрде-бiр партия туралы өлең жазбаған ақындарды да бiлем. Өз басым да сондайлардың бiрiмiн. Кеңестiк идеологияны жырлап, керемет дастандар, пьесалар, романдар жазған адамдарды да бiлем. Сондай жiгiттерге iштей жаным ашиды.

Неге екенiн бiлмеймiн, кеңестiк заманның өзiнде теледидардан бұрынғы қоғамды терiс насихаттайтын филмьдердi көрсем, соларға жаным ашып отыратын. Ақ гвардияшылардың қайғыларын көрiп, қызылдардан гөрi, соларға жаным ашитын. өйткенi, ол да адамның баласы ғой. Адамды неге көзқарасы үшiн соттауға, елден қууға тиiстi. Кейде ойлап отырсам, сол тұста егер менiң iшкi жан-дүниемдi бiреу бiлер болса, мен де сотталып кететiндердiң қатарында екенмiн-ау.

– Сол iшкi жан-дүниеңiздi неге сыртқа шығармайсыз?

– Ол үшiн әуелi менiң өлеңдерiмдi оқу керек. Егер менiң өлеңдерiмде менiң жан-дүнием көрiнбесе, онда айтуыңызға болады. Адам өзi мән берiп оқу керек. Кеңес үкiметi тарқамай тұрып, бiрде менiң Стамбулға жолым түстi. Сенесiз бе, сенбейсiз бе, аэропорттан түсiп, көшеде кетiп бара жатқанымда, ең алғаш естiгенiм, мешiтте азан шақырып жатыр екен. Бала кезiмде талай естiген азаным. Стамбулдың көшесiнде келе жатып, ағыл-тегiл жыладым. Көзiмнен парлаған жасты тоқтата алсамшы…

Жанына ерiп, арманы асқақ жандардың,

Гаваннада теңiз мұңын аңғардым,

Үрiмшiде үр қызына ғашық боп,

Стамбұлдың көшесiнде сандалдым.

Жырларымды түсiн гүлiм, кеш гүлiм,

Жалақордан жаман сөздер естiдiм,

Қара жолда жалғыз келе жатып мен,

Сенi есiме ап, елдi есiме ап өксiдiм.

Жылдар мынау, үнсiз, тiлсiз жылысқан,

Мектепте де құтылмадым бұрыштан

Ең болмаса, дән септiрiп, жүн жинар,

“Бригадир болмадың” — деп ұрысқан.

Қайран әкем, зiлсiз ғана зекiген,

Кеше сенi өкпелетiп кетiм ем.

Қара өлеңдей қадiрлi дос таппадым,

Бәрi жалған, бәрi өткiншi, өкiнем.

Кейбiр шумақтары қалып кеттi. Әңгiме онда да емес. Дегенмен, сол сәттегi менiң көңiл-күйiмдi сөзбен айтып жеткiзе алмаймын. Өзбекстанда Кеңес үкiметiнiң кезiнiң өзiнде де азан шақырылып жататын. Диплом жұмысымды жазу үшiн Өзбекстанға барғаным бар. Ұмытпасам, Гүлстан облысы болу керек. Шағындау Бекебат қаласы. Автобусқа мiнсеңiз де, түссеңiз де, бәрi өзбекше. Радиоңыз өзбекше сайрап тұр. Металлургия зауыты болатын. Зауыттың бас инженерi «тұра тұрыңыз» деп, менi қабылдау бөлмесiне отырғызып кеттi. Ұзақ тосып қалған соң, хатшы қыздан, «Мына кiсi ұзаққа кеттi ме?» деп, сұрасам, «Ол кiсi намазын оқып алсын» дедi. Сол сөз маған қатты әсер еттi. Дүкендердiң есiгiне дейiн өзбекше ашылып-жабылатындай әсер қалдырған маған. Ол сонау сексенiншi жыл болатын. Астана мен Алматының қазағы осындай сезiмдi қашан бастарынан кешер екен. Ол ендi арман ғой бiзге.

«ХАЛЫҚ ПЕН АҚЫНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ӘКIМДЕР ТҰР..»

– Сiздер әдебиетке келген жылдары бiр толқыннан кейiн бiр толқын келiп жатты, қазiр неге олай емес? Процесс тоқтап қалған сияқты…

– Тоқтап қалды деп ойлайсыз ба? Жалпы, шыныңызды айтыңызшы, бiздiң буынның өзiн оқырман бiледi деп ойлайсыз ба?

– Жүз пайыз бiле ме, бiлмей ме, елдiң атынан жауап бере алмаймын ғой. Әйтеуiр, өзiмнiң бiлетiнiм айқын…

– Елдiң бiлетiнiне мен де сенем. Бiрақ, өзiмдi соншалықты танымал ақынмын деп есептемеймiн. Бiздiң бақытымыз әдебиетке дер уақытында келгендiгiмiзде шығар. Тоқаш көкемiздiң соңынан ерiп алып, күнiне бiр рет Жазушылар одағына келетiнбiз. Ол кезде жұрт поэзиямен өмiр сүретiн. Кешкiсiн жап-жас бала болып ұйықтасаң, таңертең «Жас Алашқа» немесе басқа бiр газетке өлеңiң шықса, белгiлi ақындай сезiнетiнбiз өзiмiздi. Бұл бiр жағынан бiздiң бақытымыз, бiр жағынан қайғымыз да деп ойлаймын.

– Неге?

– Бақытты болатын себебi, бiздiң толқынның алған пайдасы – ана шалдардың барлығын көрiп қалдық. Солардың маңында жүрдiк. Олардың құлазығанын, кейбiреуiнiң тiптi жылағанын да көрдiк. Көрдiк те, көп нәрсенi көкейiмiзге түйдiк. Жан-жүрегiмiз солармен бiрге болды. Олармен қосыла жылап, бiрге жұбатқан кездерiмiз болды. Ұлттың алапат қайғыларын айтып жылағандай күй кешкен кездерiнiң куәсi болдық, айта алмаған сәттерiн де сездiк.

– Дәл бүгiнгiдей ашық айта алмады ғой, бiрақ…

– Дәл бүгiнгiдей ашық айта алған жоқ. Бiрақ, оны әлдеқалай түйсiгiңмен сезiнесiң. Аяғына дейiн айтпауы мүмкiн, бiрақ, көкiрегiң ояу болса, өзiң-ақ сезiнесiң ғой. Мағжанды да кеше оқыдық қой. Жүсiпбектер де кеше шықты. Оған дейiн олардың атын сыбырлап айтатұғын… «Мына жүрген бес-алты шалды он орап алатын ақын-жазушылар болған» деп, өздерi күбiр-сыбырмен айтып отыратын. Бiз олардың тығырыққа тiрелген сәттерiн сезiндiк. Оларды осындай тығырыққа қоғам әкеп тiредi. Қазiр көбiне оларды «iштi, жедi» деп жазып жүрмiз ғой. Бiрақ, солар неге iштi, неге күйiндi? Соның себебiн ашып көрсете алмай жүрмiз. Кейбiреуiнiң сырт көзге ерсiлеу көрiнгенi ол судың бетi ғана, бiз теңiздiң тереңiне бойлай алмай жүрген тәрiздiмiз. Қазiр жақсы буын келе жатыр. Iштерiнде сұмдық таланттылары да бар. Кейде сол балалар өткен заманды көргенде ғой деп ойлаймын. Мен көрген сұмдықтарды көргенде, сезiнгенде бұдан да жақсы жазар ма едi деп ойлаймын. Олармен бiр-екi сағат сөйлесудiң өзi үлкен ғанибет едi ғой.

– Кешегi әдебиеттiң қасiретiн кеңестiк үкiметке жабамыз ғой, ал бүгiнгi әдебиеттiң қасiретi неде?

– Бүгiнгi әдебиеттiң қасiретi сол, үкiметтiң тарапынан әдебиетке қамқорлықтың болмауында. өнер адамдарын екiншi-үшiншi планға ысырып тастауында.. Халықпенен ақындардың ортасында әкiмдер бар, яғни билiк тұр. Неге екенiн бiлмеймiн билiк ақындарды халыққа жақындатқысы келмейтiн сияқты көрiнедi де тұрады. Олай ойламайын десең, екiнiң бiрi кiре алмайтын атшаптырым кабинеттерде отырған жоқпыз, халықтың ортасында жүрмiз.

– Әкiмдерсiз ақындар елдiң арасына шыға алмай ма?

– Шыға алмайды. Қалай шығасыз? Елге не деп барам? Кiм кездесу жасап бередi? Өлеңiмдi оқығым келедi. Маған сый-сияпат жасамай-ақ қойсын.. Әкiмдерге барам десең, қабылдамайды да. Өзiң басыңды иiп, алдына барғың келмейдi. Ол үшiн ауылдық әкiмдерден бастап, облыстық идеологтарға дейiн, өнердi, әдебиеттi таразылай алатын, ойлы, парасатты азаматтарды қою керек. Айтыс ақыны мен жазба ақынды шатастыратын, қайсының кiм екенiн бiлмейтiн, журналист пен жазушыны ажырата алмайтын әкiмдерге сiз барғаныңызбен, абырой таппайсыз. Барасыз, жаныңыз одан сайын ауырады, құлазисыз… Сондықтан, бiр Аллаға, сосын өзiме ғана сенем. Өзiм барам, үлкен залдарда болмаса да, күнделiктi өмiрде өлең сүйетiндерге жақын жүруге тырысам..

– Елдiң арасына бармаса, елмен араласпаса, ақындар ненi жырлайды, айтыңызшы?..

– Сұрағыңыз дұрыс. Ақынның өзiнiң жеке-жеке сапарлары болады. Анамның басына барам. Құран оқимын. Жылына бiр рет барып, бабаларымның, ағайын-тумаларымның басына құран оқытып қайтам. Бұл дегенiңiз, елге оралу деген сөз. Сексеннен асқан әкеме сәлем берiп қайтам. Сонда елге барғанымда, елдiң де жағдайын таразылаймын. Өз көзiммен көрем, мұңын тыңдаймын, шерiне құлақ түрем. Кейде солардың тiрлiгiн көрiп, құлазитыным бар. «Бiр күн өтсе, жылайды екен бұрынғының адамы» дегендей, күн өткен сайын, құлазып, жабырқайды екенсiң. Сондықтан, «елмен араласпай қалды, өзi жеке кабинетiнде отырып, өлең жазып жатыр» деген шындыққа жанаспайды. Бiздi iздеп жатқан әкiмдер жоқ. Мiндеттi түрде әкiмнiң iздеуi де шарт емес. Әр ақын өз тiршiлiгiн жасап жатыр. Бұл солай болған, бола да беретiн жазылмайтын дерт тәрiздi.

«АНАДАН АСЫЛ ТУҒАН АРДАҚТЫ ЕРЖАН..»

– Сiздi «Тұран Әлем Банкiне» жұмыс iстеткiзген қаржыға деген мұқтаждық па?

– Ақын неге банкте жұмыс iстемеу керек? Ақын омырауын ашып, жүре берсiн деген заман келмеске кеткен. Олай жасау үшiн, маған жағдай жасасын. Мен жалпы тiзiмде жоқпын. Бiрде-бiр стипендия алған жоқпын. Билiктiң тарапынан бiрде-бiр Құрмет граматосын алған адам емеспiн. Тым болмаса, филологиялық бiлiмiм де жоқ екен. Политехникалық институтты бiтiрдiм. Орта жоқ болды. Кеңес үкiметi құлады. Зауыт, фабрикаларыңыз iстен шығып қалды. Қайда баруым керек? Бизнеске барып көрiп едiм, онда бiреудi алдау керек екенсiң, өтiрiк айту керек екенсiң, ондай менiң қолымнан келмедi. Маған бала-шағаны асырау үшiн, тұрақты айлығы бар жұмыс қажет болды. «Банкке неге қызметке келдiңiз?» дегенге келсек, Ержан Тәтiшев қызметке шақырды. Онда да кездейсоқ. Өмiрiмде банкте қызмет етемiн деп ойлаған емеспiн. Оған дейiн айтып отырмын ғой, Үкiмет үйiнiң қызметтерiнде жұмыс iстедiм. Ой өрiстерi төмен, өз ұлтына жаны ашымайтынтардың жанында ұзақ жүруге төзiмiм жетпедi. Елге кеттiм. Кейiн оның бәрiн тастап, өлең үшiн елден кетуге тура келдi. Кейiнiрек, Алматыдан Астанаға көшу басталды. Бiреу оңға, бiреу солға кетiп жатты. Маған ешқандай сұраныс болған жоқ. «Қасымхан, сен не iстеп жатсың?» деген тiрi жан болған жоқ. «Қызмет берейiн» деген де ешкiмдi көрмедiм. Дулат Исабеков қызметсiз үйiнде бiрнеше жыл жатқан, Өнер институтына директор болып келдi. Сол кiсi өзiне орынбасарлыққа шақырды. Екi жылдай сонда қызмет iстедiм.Жалақысы мардымсыз болды. Сондай күндердiң бiрiнде Ержан Тәтiшев ұсыныс жасады. Алғашында бiраз сынап көрдi. Ержан Тәтiшевтiң бiрiншi баспасөз-хатшысы болдым. Баспасөзбен бiрiншi рет байланыс жасайтын ұйым құрдым. Маған дейiн банкте баспасөз қызметi болған жоқ. Кейiн ол басқармаға айналды. Бұл менiң кездейсоқ тағдырым.

– Ержан Тәтiшев қандай азамат едi?

– Ержан – анадан асыл туған, Алла оны аса иманды етiп жаратқан азамат едi. Ол өте инабатты, мейiрiмдi болатын. Ержанмен бiр рет кездесiп, сұхбаттасқан адам оның адамшылық қасиетiн, кiсiлiк келбетiн ұмыта алмайтын. Бiреудiң мақтау сөздерiн қаламайтын. Ол қашанда жинақы, парасатты, сабырлы қалпынан айнымайтын. Қашанда сергек жүретiн, өмiрге жан-тәнiмен ғашық едi. Туған топырағын, елiн-жерiн, оның әдеп-ғұрпын ерекше қастерлейтiн. Өз ортасының көтерiлген еңсесi, жарық жұлдызы болатын.

«Арманың қалды-ау қаршадай кезден басталған,

Көзiмнен менiң топырағыңа жас тамған.

Қырыққа жетпей қамал алғанмен қайтейiн,

Жұлдызым едiң ерте ағып түскен аспаннан.

Немесе,

Сүйген жүрек көңiлiн суытпайды,

Көрген қызық жанымды жылытпайды.

Анадан асыл туған ардақты Ержан,

Халқың сенi ешқашан ұмытпайды»,– деп Ержан бауырымның асыл рухына бағыштап, жырлар жаздым.

— Қазiр банктерiңiзде Ержанның жолын қуған, халыққа жақын, iскер азаматтарды атап кете аласыз ба?

— Әрине, болады. Басқасын айтпағанда Мәскеуде бiлiм алған Сәдуақас Халықсоветұлы Мамештегiнiң аты-жөнiнiң өзi мән берген адамға, қазаққа бiр табан жақын ойлы азамат екендiгiн айқайлап айтып тұрған жоқ па. Еркiн Тәтiшевтi, сондай-ақ Әбiләкiм Жұмахметов деген парасатты да, iскер азаматты ерекше бөлiп айтуға болады.

Қазiр облыстардан орталыққа кадрларды тарту үшiн iрiктеу жүрiп жатыр. Шығыстан Санат Әбенов деген бiлiмдi де iскер азамат банктiң Алматы филиалына директор болып келiп, аз уақытта үлкен жетiстiктерге қол жеткiзiп жатыр. Ақтөбеден тәжiрибелi Генриг Холодзинский төрағаға орынбасар болып келдi. Сондай-ақ, Болат Баймиров, Бағдатқали Тасыбеков, Нұрлан Бейсенбинов, Олег Рахматуллин, Молдахмет Әшiмұлы, Данияр Қуантқанов, Қайрат Алтынбеков, Досым Еңкебаев, Алма Мақсұтова тәрiздi мамандарды атап кетуге болады. Бұлар ең алдымен мемлекетшiл, сосын елге бүйректерi бұрып, алдарына барған адамдарға түсiнiстiкпен қарап, қолдарынан келген көмектерiн аямайтын азаматтар екендiктерiн мен жақсы бiлемiн.

— Кеше әдебиетке сiздердi танымал адамдар алып келдi. Бүгiн сiздер кiмдердi алып келiп жүрсiздер?

— Әдебиетке келуге бiреудiң бiреуге себебi тиуi мүмкiн. Бiреу бiреуге тiреу болуы мүмкiн. Бiрақ бұның бәрi уақытша ғана нәрсе.Жастардың осыдан аулақ болғандарын қалар едiм. Сондықтан да мен топқа қосылмаймын. Топ құрған жоқпын. өзiме жылы қарайтындарға мен де құрметпен қараймын.

Ал менiң төңiрегiмде осы қалада аға деп хабарласып тұратын ақын iнi-қарындастарым бар. Бiразы елде. Өлеңдерiн жiберiп, пiкiр сұрап, хабарласып жатады. Жуырда ғана елден арнайы Айнұр Шәмшеиiтова деген жас ақын қыз iздеп келдi. Түркiстандағы университетте оқиды екен. өлеңдерi тәп-тәуiр көрiнген соң, алғысөз жазып, бiр топ өлеңдерiн, «Жұрағат» журналына жариялаттым.

Неге дейсiз ғой? Өйткенi, бұл екеуi тура сiз бен бiз сияқты, ауылдың кiтапханасын ауылда жүргенде оқып тауысқан адамдар. Әкiмдердiң барлығы бiрдей емес шығар. Мүмкiн бiразын танымайтын да шығармын. Тек мен бiлетiн кейбiрi, айтыс ақыны мен жазба ақындарды шатастырып жүредi. Бұл олардың деңгейiн, мүсәпiрлiгiн көрсетедi. Кейде осыны көрiп, «халықты кiм басқарып отыр?» деген ой жаныңды құлазытады. Өйткенi, ұлттың азабын, тақсыретiн қазақтың ақын-жазушыларынан артық айтқан, жеткiзген адамдар өте сирек қой. Әнмен, күймен айтсын, бәрiбiр ақын-жазушылардай ұлтқа қызмет еткендер сирек. Менiң ойымша, осындай ұлтқа қызмет еткен ақын-жазушыларын бiлмейтiн әкiмдi елiн бақытқа жеткiзедi деп ойламаймын. Ол өзiнiң ұлтының тарихын бiлмейдi. Ұлтының тарихын бiлмеген адамның ұлтқа жаны аши ма? Бiз осы үшiн күресуiмiз керек.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары