«АРМАН ҚАНАТЫ» ЖЕҢIМПАЗДАРЫ

«АРМАН ҚАНАТЫ» ЖЕҢIМПАЗДАРЫ

«АРМАН ҚАНАТЫ» ЖЕҢIМПАЗДАРЫ
ашық дереккөзі
320

Жақында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күнiне орай ұйымдастырылған мемлекеттiк тiлдi қолдау аясында «Эйр Астана» әуекомпаниясының демеушiлiгiмен және республикалық «Азамат.кz», «Начнем с понедельника» басылымдары «Арман қанатында» атты тақырыпта прозалық шығармалар бәйгесiнiң жеңiмпаздарын жариялады.

«Бұл бәйгенiң мақсаты – жасөспiрiмдердiң туған тiлiне деген сүйiспеншiлiгiн ояту, қазақ тiлiнде шығарма жазуға талпындырып, болашақ жазушыларды iздеу», – дейдi байқау ұйымдастырушылары. Төрт айға созылған байқау кезiнде шығарманың көпшiлiгi Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан келiп түскен. Осы шығармалардың iшiнен әдiлқазылар мүшесi он екiсiн iрiктеп алып, жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарын анықтап бердi. Демек марапаттау рәсiмiнде елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келiп түскен 50-ге жуық шығарма iшiнен суырылып шыққан 12-15 жас аралығындағы жас жазушылардың есiмi аталды. Сонымен жас жазушы атағына кiм ие болды?!

Әдiлқазы мүшесiнiң шешiмi бойынша, үшiншi орын және CD плейр ақтаулық Расул Берiкұлына бұйырса, бiрiншi, екiншi орынға ие болған алматылық Ернұр Жамалов пен Арғұлан Асқарұлына «Эйр Астана» әуекомпаниясы теледидар және DVD плейрiн сыйға тартты. Ал бас жүлде – Түркияға арналған саяхат жолдамасын Орал қаласының 16 жастағы тұрғыны Жазира Аманқызы жеңiп алды. Бұдан басқа жүлде қорына үш жүлделi орын және сегiз ынталандыру сыйлықтары тағайындалып, өз иелерiн тауып жатты.

«Жасөспiрiмдер арасында жазуға икемi бар таланттарды ынталандыру үшiн мұндай шара керек-ақ» деген әдiлқазы мүшесi, жазушы, «Ақ желкен» Республикалық жасөспiрiмдер журналының бас редакторы Нұрғали Ораз былай дейдi:

– Көбiнесе әдеби дайындығы бар балалар қатысқан екен. Iшiнен болашақ жазушылық талабы бар өрендердi де байқадым. Бiз ендi ең таңдаулы шығармаларды «Ақ желкен» журналында жариялап тұратын боламыз.

Ал, «Начнем с понедельника» газетiнiң бас редакторы және «Арман қанатында» жобасының авторы Дидар Амантай: «Шығармалар редакциямызға келген сайын, жасөспiрiмдердiң арасында жазушы болғысы келетiндердiң көп екенiн анық аңғардым. Тiптi, шығармасын өлең түрiнде жазып, жолдағандар да бар. «Эйр Астана» компаниясынан үлгi алып, өзгелер де мемлекеттiк тiлдiң дамуына үлесiн қосып жатса, нұр үстiне нұр болар едi» дегендi бiлдiрдi.

Бас демеушi «Эйр Астана» АҚ-ның қоғаммен байланыс бөлiмiнiң басшысы Зухра Сұлтанова болса, қоғамдық жобалардың мән-маңызын терең түсiнетiндiктерiн қуанышпен жеткiздi. Сондықтан да әуекомпания осы тектес жобаларға ұдайы қолдау көрсетуiнiң арқасында, жастардың бойында елiн, жерiн, ана тiлiн сүюге шақыратын аса маңызды шараларға мұрындық бола беретiнiн бiлдiре отырып, жастардың бойында бұғып жатқан дарынын ашу, оларды қанаттандыру бiздiң мiндетiмiз дегендi айтты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары