КЕЗЕК КҮТТIРМЕС ҮШ МӘСЕЛЕ

КЕЗЕК КҮТТIРМЕС ҮШ МӘСЕЛЕ

КЕЗЕК КҮТТIРМЕС ҮШ МӘСЕЛЕ
ашық дереккөзі
227

ДЕПУТАТТЫҚ МӘЛIМДЕМЕ

Қадiрлi қос палата депутаттары! Бұрын да депутаттар аузымен әлденеше рет айтылып, билiк басындағылар ескермей келе жатқан, екi палатаға бiрдей тиесiлi үш үлкен мәселеге қайта оралғанды жөн көрiп отырмын. Бiрiншi мәселе. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына осы қыркүйек айының 22-сiнде 17 жыл толды. Президент аппаратында да, Үкiметте де, Парламентте де бұл оқиғаны ешкiм еске алған да, елеген де жоқ. 17 жыл iшiнде 1452 заң қабылданыпты. Сол заңның тек бiреуi ғана мемлекеттiк тiлде. Биыл Түркия Парламентi басшыларымен және Малайзия королiмен жолыққанымда мен әңгiме арасында мемлекеттiк тiл проблемасына тоқтала келiп, осы мәселенi ойға тиек етiп ем, олар таң-тамаша қалды. Бұл Қазақстан Республикасы деп аталатын сан ғасырлық тарихы мен күрделi тағдыры бар қазақ деген ұлттың атын иеленген мемлекеттiң жетiстiгi ме, кемшiлiгi ме? Бағы ма, соры ма? Ойланыңыздар. Бiр жыл бұрын менiң осы проблеманы көтергенiм естерiңiзде болар!? Премьер-министр де, Әдiлет министрi де өткен жылдың аяғына дейiн екi-үш заңды мемлекеттiк тiлде қабылдатуға уәде берген. Өткен жылға салауат, биылғы жылдың бiтуiне де үш-ақ ай қалды. Әдiлет министрi Зағипа Балиева өткенде «жұмыстанып жатырмыз» деген пiкiр бiлдiрдi. Бiрақ мына таспақа жүрiстен сол аса маңызды шаруа қозбояушылық сипат алып барады. Екiншi мәселе. Билiк басындағы адамдарымыз шет елдерге ресми сапарға шыққанда немесе шет ел адамдарын қабылдағанда көпшiлiгi өздерiнiң мемлекеттiк тiлi жоқтай тек орыс тiлiнде әңгiмелеседi. Рас, орыс тiлiнiң рөлiн ешкiм кемiтпейдi. Бiрақ мемлекеттiк тiлдiң аты мемлекеттiк тiл емес пе? Өткенде депутаттар Серiк Әбдiрахманов, Төлеген Мұхамеджанов, Мұрат Кәрiмов Түркия Парламентiнiң шақыруымен Анкарада, Стамбулда болғанымызда түрiк ағайындардың бiр депутаты бiздiң кейбiр министрлерiмiздiң ресси кездесулерде өз елiнiң мемлекеттiк тiлiнде бiр рет те сөйлемегенiн күлкiге айналдырды. Егер Конституциялық соттың төрағасы И.Рогов мырзаның осы проблема төңiрегiнде әдiл шындықты айтып, көмектескiсi келмесе қандай амал қолданамыз? Мемлекеттiк тiлдiң де мемлекеттiк рәмiздермен қатар қатаң түрде орындалуын қадағалап отыратын Парламенттiк бақылау тобын құруды ұсынамын. Әрi осы маңызды шараға тiкелей мұрындық болуды қос палата төрағалары О.Мұхамеджанов пен Н.Әбiқаевтан өтiнелiк. Үшiншi мәселе. Ұлттық банк, егер бұл саланың белгiлi мамандарының пiкiрiне сүйенiп ой қозғар болсақ, пәлендей қажеттiк тумаса, қаншама шығынға батып, теңгенiң түр сипатын, мазмұн-мағынасын өзгертiп тынды. Бәлкiм, мемлекеттiк тiлде әлiптi таяқ деп бiлмейтiн А.Сайденов мырза теңгеге өз қолын қонжитуға асыққан болар. Ақыры мақсатына жеттi. Бiрақ теңгенiң қазақшасында қате жүр. Сонда бүкiл Ұлттық банк жүйесiнде қазақ тiлiнiң грамматикасын меңгерген бiр адам табылмағаны ғой. Бұл туралы қос палата депутаттары азы уақыт iшiнде бiрнеше дүркiн айқай көтердi. Менiң осы мәселе төңiрегiнде ұсынысымды Мәжiлiстiң 29 депутаты қолдады. Бүкiл ТМД елдерiнде және шет мемлекеттердiң бәрiнде дерлiк, негiзiнен ақша сол елдердiң мемлекеттiк тiлiнде. Тек бiзде ғана әдеттегiдей екi тiлде. Жуырда А.Сайденов мырза менiң депутаттық сұранысыма қайтарған жауап хатында өзiнiң де, Ұлттық банктiң де бұл мәселе төңiрегiнде ешқандай кiнәсi жоқ екенiн мәлiмдейдi. Оның ойынша Қазақстанда мемлекеттiк тiл екеу. Ата заңымызда орыс тiлi қазақ тiлiмен тең қолданады деген жазу бары рас. Бiрақ одан орыс тiлi де мемлекеттiк тiл деген ұғым тумауы тиiс. Елiмiздiң А.Сайденов сияқты космополиттерi өз ыңғайына қарай бұрып жұртты әбден шатастырды. Сондықтан Конституциялық соттың төрағасы Игорь Рогов мырзаға «Қазақстанда мемлекеттiк тiл бiреу ме, екеу ме?», осыны заңды түрде айқындап беруге депутаттық сауал жолдаймын. Конституцияның 7-бабына талдау жасауымызды және мына сұрақтарға жауап қайтаруыңызды сұраймын. Мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң теңдiк жағдайында мемлекеттiк шараларда, халықаралық кездесулерде, Парламент отырысында заң мәтiнiнiң үстемдiгi тұрғысында қай тiл басымдыққа ие? Егер осы қарапайым шындықты заң жүзiнде мойындауға Рогов мырзаның шамасы жетпесе кейiн ол мәселеге арнайы тоқталалық. Ал «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы мен миллиондаған тiл жанашырлары атынан мемлекеттiк тiл мәртебесеiн бүкiл Ұлттық банк жүйесiнде қорлап, құлдыратқаны үшiн мемлекеттiк тiлде екi ауыз сөйлем құрай алмайтын А.Сайденов мырзаның отставкаға кетуiн талап етемiз.
Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты  
(Қазақстан Республикасы Парламентi қос палатасының бiрлескен отырысы) 29 қыркүйек 2006 ж. Астана, ҚР Парламент үйi. М.Шахановтың мәлiмдемесiн мына депутаттар қуаттап, қол қойды: С.Әбдiрахманов Т.Әубәкiров Ә.Кекiлбаев В.Сухорукова А.Тшанов С.Жалыбин З.Алшымбаев Т.Нұрахметов Б.Өтепбаев У.Қалижанов М.Тiнiкеев Н.Итемгенов Н.Сабильянов Н.Рүстемов Қ.Ахметов Қ.Айтаханов Ө.Байгелди Е.Әбiлқасымов Ұ.Қараманов А.Айталы В.Егоров Б.Тiлеухан А.Өтегенов Е.Рахметов Т.Мұхамеджанов О.Жақиянов М.Итеғұлов Б.Әбiшев Б.Әлiмжанов Барлығы 30 депутат

Серіктес жаңалықтары