«МИТТАЛ СТИЛГЕ» «ҚАРМЕТКОМБИНАТ» 350 МЛН. ДОЛЛАРFА ТYСКЕН

«МИТТАЛ СТИЛГЕ» «ҚАРМЕТКОМБИНАТ» 350 МЛН. ДОЛЛАРFА ТYСКЕН

«МИТТАЛ СТИЛГЕ» «ҚАРМЕТКОМБИНАТ» 350 МЛН. ДОЛЛАРFА ТYСКЕН
ашық дереккөзі
330

Ал тап сондай кәсiпорын үшiн ол Украинада 4,8 млрд. доллар, Үндiстанда 9 млрд. доллар төлеуге келiскен

Қазанның 4-iнде «Миттал Стил Темiртау» акционерлiк қоғамы басшылығы бiрнеше күн бойы ереуiлдеген шахтерлердiң талабын орындауға келiскендей болды. Бiрақ ол талап бiрден және толықтай орындалмақ емес. Шахтерлер жалақыны 50 процентке өсiрудi талап еткен болатын. «Миттал Стил Темiртау» басшылары бұны салған жерден толықтай орындаудың мүмкiн емес екенiн барынша дәлелдеп бақты және өз шарттарын көлденең тартып отыр. Басқаша айтқанда, «Миттал Стил Темiртау» басшылығы жалақыны биыл 20 процентке ғана, алдағы жылы тағы да 10 процентке өсiруге келiсiм берiп отыр.

Ондағылар қазiргi жағдай айтарлықтай мәз емес, өнiмдi өткiзу ойдағыдай емес деген уәж айтады. Шындығында да бұндай сөздiң де жаны бар. Тамыз айының басында Батыс Еуропада орналасқан «Миттал Стилдiң» орталық басшылығы 2006 жылдың екiншi тоқсанында шикiзат бағасының өсуi мен дайын өнiм бағасының төмендеуiне байланысты табысының өткен жылғы сондай кезеңдегiмен салыстырғанда 6,4% азайғанын жариялаған. Бiрақ қаржылық қиындықтың себебi жалғыз ғана осы болмаса керек. «Миттал Стил» соңғы екi жыл барысында өндiрiс орындарын сатып алуға және салуға көп шығын шығарып жатыр. Қыруар шығын.

Өткен 2005 жылдың өзiнде «Миттал Стил» әлемдегi ең iрi құрыш өндiрушiге айналған. Бұндай жағдайға ол американдық «Интернешнл Стил групп» компаниясын сатып алған соң жеткен болатын. Бұл сол 2005 жылдың басында орын алған. Одан соң «Миттал Стил» қарамағына жаңа өндiрiс орындарын өткiзiп ала берудi доғарып, сәл тынышталып, ендi иелiгiндегi зауыттар мен комбинаттардың тиiмдiлiгiн арттыруға көбiрек көңiл бөле бастайды деген болжаулар болған. Бiрақ бұл бекер болып шықты. 2005 жыл барысында «Миттал Стил» өз ауқымын әрi қарай ұлғайтуға бағытталған тағы да екi iрi iс жүзеге асырды. Бiрiншiден, Украинаның тендерге шығарылған «Криворожсталь» комбинатын сатып алды. Екiншiден, Үндiстанда жалпы құны 9 млрд. долларға жететiн жаңа метталургиялық комбинат салмақ болған жоспарын жария еткен.

Үстiмiздегi 2006 жылы «Миттал Стил» одан әрi ұлғая беруге деген талпынысын бұрынғыдан да бетер қарқынды түрде жалғастырды. Ол әлемдегi екiншi ең iрi құрыш өндiрушi болып табылатын «Арселормен» бiрiктi. Сондықтан ендi оның атауы «Арселор-Миттал» болып өзгердi. Сонымен қатар бiрлескен компания Үндiстанда жылдық өнiмi 12 млн. тоннаны құрайды деп белгiленген тағы бiр жаңа комбинат салуға инвестиция бөлетiнiн жария еттi.

Сонымен, соңғы екi жылдың iшiнде бiздiң Темiртау қаласындағы Қарметкомбинат пен Қарағанды облысындағы бiрқатар шахталардың қожайыны болып табылатын және үндiлiк азамат Лакшми Миттал жетекшiлiк ететiн трансұлттық компания биржалық құны 36,8 млрд. евроны немесе 46,7 млрд. долларды құрайтын ғаламат металлургиялық империяға айналды. Ол қазiр әлемдiк металлургиялық рыноктың 10 процентiн иемденiп отыр. Осындай жетiстiк компанияның жаңа iрi-iрi өндiрiс орындарына иелiк ету мақсатында көп ақша шығаруының арқасында мүмкiн болды.

Өз отанына мойын бұрған миллиардер

Бiрақ бұл жерде мынадай жайтке назар аудару керек. «Миттал Стил» өзiмiздiң Қазақстан сияқты Украинаның «Криворожсталь» комбинаты алу үшiн 4,8 млрд. доллар ақша шығарған. Дұрыс-ақ делiк. Бiрақ «Криворожсталь» қанша алып дегенмен, ол Украинадағы осындай жалғыз комбинат емес. Бұны бiр деңiз. Екiншiден, 4,8 млрд. доллар тек қана осы комбинаттың өзi үшiн ғана төлендi. Оның күнделiктi жұмысы үшiн қажет темiр рудасы мен көмiрдi өндiретiн кәсiпорындарға бұл бағаның қатысы жоқ.

Ал Қазақстандағы құрыш өндiретiн жалғыз металлургиялық комбинат болып табылатын «Қарметкомбинатты» уақытында сол Л.Митталдың «Испат Интернешнл» атты компаниясы иелiкке алған соң, Батыс баспасөзiнiң мәлiметтерiне қарағанда, 4 жылдың iшiнде, яғни 1996-2000 ж.ж. аралығында 600 млн. долларға шығынданған. Оның 350 миллионы комбинаттың өзiн және әлемдегi ең сапалы кокс көмiрiн шығаратын 15 шахтаны сатып алуға кеткен (“Temirtau turnaround is a beacon of hope”, Financial Times, 11.12.00 г.). Қалған 250 млн. доллар өндiрiстi дамытып, қожайындардың өз жоспарларына ыңғайлау мақсатындағы инвестиция ретiнде жұмсалған. Бұның iшiнде темiр рудасын өндiретiн тау-кен өндiрiсiн сатып алуға кеткен он миллион доллардан сәл ғана астам шығын да бар. Бiр сөзбен айтқанда, осының бәрiн Л.Миттал мырза мен оның компаниясы иесiз қалған мүлiк құсатып арзан бағаға сатып алған.

Биыл Л.Миттал компаниясының Қарағандыға және жалпы Қазақстанға келгенiне 10 жыл толыпты. Содан берi «Испат Интернэшнл» мен «LNM Холдингс» («Лакшми Нивас Миттал Холдингс») бiрiгiктiрiлiп, «Миттал Стил» ретiнде қайта құрылды, ал «Испат-Қармет» «Миттал Стил Темiртау» деген жаңа атауға ие болды. Бiрақ өзгерген ештеңе жоқ. Үндiнiң миллиардерi Қазақстан елi мен азаматтарының шын мұқтажы мен мүдделерiн онша алаңдайтын емес. Қайта өз отандастарына қаншалықты бүйрегi бұрса, бiзге соншалықты салқындық танытатындай көрiнедi.

Өткен жылы, жоғарыда айтылғандай, Л.Митталдың өз отанына бет бұрғаны туралы хабар тарады. Қазақстанның құрыш өндiретiн жалғыз металлургиялық комбинаты мен Қарағандының 15 көмiр шахтасын 350 млн. доларға ғана сатып алған «Миттал Стил» сол кезде Үндiстанның Джхарханд штатында тап сондай жаңа өндiрiс орнын салу мақсатында 400 млрд рупий немесе 9 млрд. доллар инвестиция жұмсамақ болып шешiптi (“Mittal signs for Indian project”, by Khozem Merchant in Mumbai and Peter Marsh in London, Financial Times, 10.10. 2005 ж.). Яғни «Өзiм дегенде өгiздей қара күшiм бар» дегендей, Л.Миттал өз отанында қара металлургияны дамытуға бiздегi шығыннан 30 еседей көп қаражат жұмсамақ.

«Қарметкомбинат» сияқты дайын комбинаттың құны бүгiнгi таңда шамамен 10 млрд. долларға тартады. Осындай тұжырымның тағы бiр дәлелi ретiнде мынадай мысалды келтiруге болады. Сол 2005 жылы Оңтүстiк Кореяның POSCO деген құрыш өндiретiн компаниясы сол Үндiстанның Орисса деген штатында жаңа металлургиялық комбинат салып, iске қосу мақсатында 12 млрд. доллар инвестиция жұмсауға шешкен. Аталған екi штат (Джхарханд, Орисса) пен олармен көршiлес орналасқан Чхаттисгарх штатында Үндiстанның көмiр қорының 70 процентi және темiр қорының жартысы орналасқан екен. Бiрақ оларды өндiретiн шахталар мен тау-кен комбинаттарын «Миттал Стил» мен POSCO $12 млрд. және $9 млрд. инвестиция шығарайын деп жатыр екен деп, қарадан-қарап бере салайын деп жатқан ешкiм жоқ.

Бұл екi компанияның оларды алғысы келсе, тағы да қосымша ақша шығарулары қажет. «Миттал Стил» қуаты 2400 мегаватт электр станциясы мен болашақ комбинатқа жақын тұстан жұмысшылар мен қызметкерлерге арналған қала салу мүмкiндiгiн қарастырып жатқан көрiнедi. Осындайдың бәрi үндiлiктер Темiртауға келгенде, дайын тұрған. Дегенмен, олардың ондағы алып нысандарға ие болуына ондаған есе аз ақша шыққан.

Шахтерлер жалақысы өте жоғары едi-ау…

Осы екi соманы — $9 млрд. пен $12 млрд. – «Қарметкомбинатты» және 15 шахтаны сатып алуға кеткен ақшамен — $350 млн.- салыстырсаңыз, бiраз нәрсенi түсiнесiз. Соңғы бағаның құрамындағы негiзгi шығын Темiртаудағы металлургиялық комбинатты сатып алуға кеткен болса керек. Ал шахталардың қалай бағаланғаны туралы дерек жоқ. Су тегiнге кетсе де, кiм бiлсiн?! Өйткенi оларды жекешелендiруден бюджеттiң есебiне түскен пайда ретiнде көрiнiс тапқан сол жоғарыда аталған сомадан басқа ақша туралы мәлiмет жоқ. Сондықтан шахталардың құны да осы бағаның құрамына енген сияқты. Уақытында бұл әлемдегi ең сапалы коксталатын көмiр өндiрген кәсiпорындар болған. «Распадская» шахтасы — 7,0 млн. тонна, Қазан революциясының 50 жылдығы атындағы шахта — 4,0 млн. тонна, Костенко атындағы шахта 3,6 млн. тонна өнiм берiп тұрған. Сосын бұрынғы экономикалық жүйе күйреп, олардың көбi қиын жағдайда қалған. Бұдан соң Қарағанды өңiрiне осыдан 10 жыл бұрын, яғни 1996 жылы келген Л.Миттал аталмыш 15 шахтаны сатып алуға қомақты ақша шығарды дегеннiң өзiне сену қиын екенi рас.

Бұл — өткенге қатысты әңгiме. Ендi бүгiнгi жағдайға, яғни аталмыш комбинат пен шахталардан мемлекет есебiне кiретiн кiрiс пен ондағы жұмысшылар табатын жалақыға қатысты әңгiмеге келейiк.

Алдымен мемлекет мүддесi туралы сөз қозғайық. Үстiмiздегi жылдың маусым айында Kazakhstan Today ақпараттық агенттiгi мынадай хабарды таратқан: «По информации С. Калмурзаева (экономикалық және коррупциялық қылмыстармен күрес жөнiндегi агенттiктiң төрағасы – авт.), в производство поступили материалы налоговой проверки АО «Миттал Стил Темиртау», проведенной Министерством финансов РК, по начислению налогов и финансовых санкций на сумму 16,6 млрд. тенге. «Налогоплательщик по своему усмотрению по налогам, где ставка за последние годы была снижена, применял текущее законодательство, а в остальных случаях — на момент подписания договора», — пояснил С. Калмурзаев. «В результате налоговая «накрутка» компании составила 1,8%», — резюмировал глава ведомства» (Агентство финполиции ведет переговоры с аудиторами о независимой экспертизе налоговых отчислений АО «Миттал Стил Темиртау» 09.06.06 ж.). Яғни Қазақстан мемлекетiнде қабылданған салықтық талаптарды орындауға келгенде, «Миттал Стил Темiртау» ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүру амалына барған көрiнедi.

Ал ендi еңбеккерлердiң жалақысы туралы айтпай қалуға болмайды. Батыс ақпараттық агенттiктерiнiң соңғы кезде Қарағаңды облысында орын алған шахтерлер мен металлургтер ереуiлдерiне қатысты таратып жатқан мәлiметтерiне қарағанда, ондағы көмiр өндiрушiлердiң орташа айлық жалақысы 350 долларды, металл қорытушылардың орташа жалақысы 300 долларды құрайды екен. Бүгiнгi бар бағамға шаққанда, бұл 44100 теңге мен 37800 теңге екен. Бiрiншiсi – шахтердiң жалақысы, екiншiсi – металлургтiкi. Бұл көп пе, әлде аз ба? Жауап мынадай болмақ. Бұл Қазақстанда бүгiнгi таңда бар орташа жалақыға пара-пар екен. Егер кеңес заманында шахтерлердiң жалақысы елдегi орташа жалақыдан кем дегенде төрт-бес есе көп болғанын ескерсек, олардың бүгiнде алатынын көп деуге ауыз бармайды. Металлургтердiң табысы туралы да айтарымыз сол.

Тағы бiр салыстырмалы мысал. 2004 жылы жылы Лакшми Миттал Париж қаласында өз қызын ұзатып, той жасаған. Оның шығыны, француздың «Paris Match» журналының мәлiметтерiне қарағанда, 66 млн. долларды құраған. Сонда Л.Митталдың қызының үйлену тойына «Қарметкомбинат» пен Қарағандыдағы 15 шахтаны сатып алуға кеткен ақшадан көп шығынның шыққаны ма?! Бұл осы үндi миллиардерiнiң Қазақстандағы 21 мың шахтерiнiң 9 ай бойғы ауыр еңбекпен табатын бүкiл жалақысының қосындысына парапар сома екен.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары