САЯСИ ОЙЫН ЖӘНЕ ТЕКЕТIРЕС

САЯСИ ОЙЫН ЖӘНЕ ТЕКЕТIРЕС

САЯСИ ОЙЫН ЖӘНЕ ТЕКЕТIРЕС
ашық дереккөзі
451

Грузиндерге тәуелсiздiк пен бостандық қымбат, ал орыстарға — саяси және экономикалық ықпал…

Грузия мен Ресей арасындағы дау ушығып барады. Ұлтарақтай жерi бар Қап тауының етегiндегi шағын ел АҚШ пен Батыстың көмегiне зәру. Әрине, аталған екеу адами құндылықтардан газ бен мұнайды жоғары қоймаса. Осыдан екi апта бұрын Грузияда өткiзiлген жергiлiктi сайлауда қазiргi президент Саакашвилидiң партиясы басым дауысқа ие болды. Билiк басына «түрлi-түстi төңкерiстiң» нәтижесiнде келген жас жолбарыс Кремльдi өзiмен санастыруға күш салуда. Демократияны ту еткен грузиндiк басшы Лукашенко, Уго Чавес, Ким Чен Ирмен ауыз жаласпауға ант берiп отыр.

Тұтқындағы тыңшылар. Кремльдiң ашуы

«Даудың басы» үстiмiздегi жылдың 27 қыркүйегiнде грузиндiк үкiметтiң 4 ресейлiк офицердi «тыңшылық жасады» деген айыптаумен тұтқынға алынуынан басталған. Осыған орай ресми мәлiмдеме жасаған Грузия президентi Михаил Саакашвили: «Грузия дәл осындай жағдайда кез келген мемлекет қабылдайтын шараларды жүзеге асырды. Бiз тыңшыларды бұған дейiн де бiрнеше рет керi қайтарып жiбергенбiз. Ешкiмнiң ашуына тимес үшiн шу шығармадық. Тыңшы дегенiңiз кез келген елде жүретiнiн түсiнемiн. Бiрақ ол адамдар жай ғана тыңшы емес едi. Күш қолдану мен арандату әрекеттерiн ұйымдастырып (былтыр Гори қаласындағы ресейлiк әскерилер кесiрiнен болған жарылыста бiрнеше жазықсыз азамат көз жұмған болатын — Н.Ж.), бiздiң үкiметтiң жұмысын ғана емес, Грузияның экономикалық гүлденуiне зияндарын тигiзген. Бұған дейiн бiрнеше рет ескерту жасағанымызға қарамастан, Ресей тыңшылық жүйесiн күшейте түстi. Сондықтан тыңшыларды тұтқындау шарасы туралы грузиндiк қоғамды жария түрде құлақтандыруға шешiм шығардық. Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына тапсыруды жөн көрдiк» дедi. Көп уақыт өтпей-ақ офицерлер елiне қайтарылды (бұл жерде Американың да ықпалы болған). Бiрақ орыс әскерилерi өз елдерiнiң шекараларын аттамай жатып, Кремль грузиндерге қарсы сауда және салықтық тұрғыда қатаң санкцияларын жариялап үлгердi. Орыстар грузиндермен дипломатиялық қарым-қатынастарды ғана емес, ұшақтар мен пойыздарды, пошталық хабарламалар мен банктiк шараларды тоқтатуға шешiм шығарды. Ресейлiк билiк өкiлдерi грузиндерге «фашистер» деп тiстерiн қайраса, РФ Дума «мемлекеттiк лаңкестiк» туралы сөз қозғады. Ал Саакашвили «Ресей бiздiң мемлекеттi құлатуға күш салуда» деп дабыл қақты. КСРО құлаған кезде грузиндер жерiне орналасқан Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның жергiлiктi тұрғындары лаңкестiк әрекеттердi жиiлете бастаған. Әрине, әскери көмек орыстар тарапынан көрсетiлген едi. Сол кезеңнен бастап, аталған аймақтарды бiрде-бiр ел (сонымен қатар Ресей) заңды түрде тәуелсiз деп танымаса да, iс жүзiнде тәуелсiз ел ретiнде әрекет етiп келедi. Мәскеу осы аймақ тұрғындарының бiразына өз азаматтығын бердi. Күн тәртiбiндегi бiрқатар өзектi мәселенi бейбiт жолмен шешу мақсатында грузиндер өткен айда БҰҰ Бас ассамблеясына жаңа жоба ұсынған. Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Карель де Гюхт Тбилиси бұл құжатты жоғары бағалады. Негiзi Қап тауының етегiндегi күтпеген жерден лап ете қалатын лаңкестiк әрекеттер 1993 жылдан берi жалғасып келедi. 2006 жылдың 9 қыркүйегiнде батыстық сарапшыларды Мәскеуде жинаған Путин егер Батыс Косовоны тәуелсiз ретiнде мойындайтын болса, бұрынғы грузиндiк респубикалардың да егемендiк алатынын қатаң ескерттi. ВВП-ның осы сөзi жел бердi ме, Оңтүстiк Осетия алдағы қарашада тәуелсiздiк мәселесiне орай референдум өткiзу жұмыстарына бел шеше кiрiсiп кеттi. Саакашвили аталған республикаларды күштеп тартып алу Грузияны соғыс ашуға мәжбүрлеумен тең екендiгiн айтады. Тбилисимен текетiресте отырған Ресей жүздеген мың орыс диаспорасы өмiр сүрiп жатқан Қап тауының етегiн қызғыштай қоруға мүдделi.

Батыс орыстардан iргенi неге аулақ салды?

Грузияның НАТО-ға мүшелiкке ұмтылуын Кремль посткеңестiк кеңiстiктегi Ресейдiң саяси және экономикалық ықпалын әлсiретудi көздейтiн америкалық жоспардың бiр бөлшегi ретiнде қарастырады. Тбилисиге шүйлiгуiнiң сыры да сонда. Бейресми кездесулердiң барлығында Путин егер грузиндер НАТО-ға мүшелiкке қабылданатын болса, АҚШ-тың ұтылатынын ескертуден еш жалыққан емес. ВВП-ның меңзейтiнi: Иранның ядролық бағдарламасын қуаттау, Тегеранға тасымалданатын қару-жараққа қатысты қойылған мораторийдi алып тастау секiлдi басқа да мәселелер. Оның үстiне, Американың Ресейдiң НАТО-ға қабылдануына қарсылық танытқан жалғыз мемлекет болуы да «отқа май құя түскендей». Сондықтан болар, келiсуден гөрi керiсуге бейiм Кремль АҚШ-қа да «шоқпарын» ала жүгiрдi: «Штокман кен орнын игеруге америкалық энергетикалық компанияларды қатыстырмаймыз». Шынында да, еуропалық нарық есiгiн қытайларға айқара ашқан еуропалықтар орыстарды маңайларына жуытқысы келмей отыр. Оған ресейлiк компаниялардың «Airbus», «Arcelor» сияқты басқа да еуропалық iрi мекемелердiң акцияларын сатып алуға тырысқан әрекеттерiне тосқауыл қоюы. Орыстар «әдеттегiдей» еуропалық нарыққа дендеп ене алмай, кәрi құрлық қақпасының алдынан қайтқанда Путин: «Батыс орыстарды жау көредi» деп байбалам салды. Жуырда ғана Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың Америкаға сапар шегуi, оның Буштар отбасында қонақта болып, бiрнеше ресми келiссөздер жүргiзуi де Мәскеудiң жұтқыншағына кептелiп қалған сүйек тәрiздi. Әйтпесе, ұлтарақтай ғана жерi бар шап-ашғын мемлекет — Грузиядан ұлан-ғайыр жерге ие Ресейге қандай зиян келуi мүмкiн? Сөз жоқ, ұлттық қауiпсiздiктi желеу еткен Кремль орталықазиялық аймаққа жүргiзетiн ықпалынан айырылып қалмауға жанын салып жатыр. Әрине, саяси және экономикалық потенциалға, өте үлкен әскери қуатқа ие бұрынғы алып державаның қысымы бiрде-бiр шағын мемлекетке тиiмдi емес. Осыдан бiрнеше ай бұрын Саакашвили мен Путин кездескен болатын. Екi сағатқа созылған жүздесу барысында екi әрiптес Петербургтегi «Үлкен сегiздiктiң» саммитiнен кейiн тағы да бас қосуға келiскен. Келiсiлген кездесудiң мерзiмi әлi бекiтiлмедi. Есесiне, екi ел арасындағы қарым-қатынас ушығып кеттi. Грузия басшысы Кремль қожайынымен келiссөздер жүргiзуге әзiр екенiн мәлiмдеп отыр. Бiрақ оған жылы қабақ танытқан Путин жоқ. Санкцияларды да қайтарып алмады.

Балтық жағалауы елдерiнен үлгi алмақ

«Екi түйе сүйкенсе…»-нiң керi Ресейде тұратын грузиндерге келдi. Ресми түрде РФ азаматы, бiрақ аты-жөнi грузинше көп ресейлiк мемлекеттiк аппарат пен салық қызметкерлерi тарапынан ұйымдастырылған қорлық, мазақтарға тап болуда. Олардың көбiсiнiң фирмалары жабылып, кейбiрi Ресейден күштеп шығарылды. Бұл бассыздықтан бiрқатар танымал жазушы да шет қалмады. Ең басты құрбан – ұлты грузин балалар. Бiразы мектептен шығарылып, ендi бiрiн РФ Сыртқы iстер министрлiгi жазықсыз балаларды олардың отбасымен бiрге ұлан-ғайыр Ресейдiң бiр бұрышынан бiр бұрышына қуалап жүр. Соңғы 60 жыл көлемiнде болмаған мұндай ұлт араздығын тудыратын әрекеттер кәрi құрлықты бей-жай қалдырмауы тиiс. Әрине, рухани және қаржылай көмекке зәру Тбилисидiң тәуелсiздiгiнен орыстардың мұнайы мен газы қымбат болмаса. Егер 650-800 мың грузиннiң Ресейде тұратынын ескерсек, Кремль қабылдаған санкциялардың қарапайым халыққа тигiзетiн зиянының орасан зор екенiн байқаймыз. Бiрақ бұл келешекте Ресейге деген экономикалық тәуелдiлiк деңгейiн едәуiр төмендетуге сеп болмақ. Өйткенi, орыстардан экономикалық тұрғыда қысым көрген грузиндер өндiрiстi дамытуға, өнiм сапасын жақсартуға, нарықтық серiктестiктiң жаңа жолдарын қарастыруға және бәсекелестiкке бейiмделуге мәжбүр болмақ. Мысал ретiнде Балтық жағалауы елдерiн алуға болады: Эстония көптеген жылдар бойы саудасының 95 пайызын құрайтын ауылшаруышылығы өнiмдерiн Ресейге экспорттайтын. КСРО құлағаннан кейiн Ресей қазiр грузиндерге қолданып отырған санкцияларының көбiсiн Эстонияға да қолданды. Бiрақ тәуелсiздiкке құштар эстондар орыстардың қысымынан құтылып шықты. Кезiндегi 95 пайыздық көрсеткiш 6 пайызға бiр-ақ төмендеген. Грузиндердiң Балтық жағалауы елдерiнен үлгi алуға бел бууы сондықтан. Оның үстiне, Дүниежүзiлiк Банктiң 10-15 жылдан кейiн Грузияның орталықазиялық аймақтағы Сингапурдiң деңгейiне жететiнi туралы жасаған мәлiмдемесi оларға дем берiп отыр. Есесiне, қазiргi таңда ресейлiк телеарналардан Грузияны әскери тұрғыда күш қолдануға әуес, антиресейлiк, жауапкершiлiксiз ел сияқты етiп көрсетуге тырысқан хабарлар көптеп берiлуде. Осының салдарынан болар, апта басында ресейлiктер арасында жүргiзiлген әлеуметтiк сауалнама нәтижесiнде орыстар грузиндердi өздерiнiң басты жауы ретiнде қабылдайтыны анықталды. Орыс десе, емешегi езiле қалатын және «ұлы Ресей империясын қайта қалыптастыру жолында» «тер төгiп» жүрген кей қазақтың «құлағына алтын сырға» деймiз, қазақтарға РФ халқының 10 пайызының ғана бүйрегi бұрады екен.

«Келiсуге дайынмын»

Халықаралық сарапшылардың кейбiрi Косовоның тәуелсiздiгiн алуы көпұлтты Грузияның бiртұтастығына қатер төндiретiнiн айтады. Ресми деректерге сүйенсек, қазiр Тбилиси Оңтүстiк Осетиядағы 1 шағын қала мен бiрнеше аймақтық ауылдарға бақылау жүргiзбейдi. Ресейлiк әскерилердiң кесiрiнен Абхазияның 70 пайыз бөлiгiн де уысынан шығарып алған. «Грузиндер АҚШ және Батыспен емес, орыстармен жақсы қарым-қатынаста болуы әлдеқайда тиiмдi» деп сәуегейсiгендер де жетерлiк. Саакашвили: «Ресей — бiздiң көршiмiз. Мәдени құндылықтар да халқымызға ортақ. Сондықтан әрқашан Ресеймен достық қатынасты үзбеуге тырысқанбыз. РФ азаматтары бiздiң елде емiн-еркiн жүре алады. Олардың тарапынан құйылатын инвестицияны да қуана құптаймыз. Екi ел арасында түсiнiстiк пен сыйластық орын алуы керек. Егер Мәскеу мүдделiлiк танытса, кез келген уақытта келiссөздер жүргiзуге дайынмын» дейдi. Бұл Тбилиси америкалық және батыстық бағыттан бас тартады деген сөз емес. Өйткенi, «арбаны да сындырмауды, өгiздi де өлтiрмеудi» көздейтiн грузин басшы орыстардың көңiлiн таба отырып, еуроатлантикалық интеграцияға ұмтылады. Айтпақшы, Буштың грузиндерге жасап отырған Кремль әрекетiне алаңдап, Путинге телефон шалуын да сарапшылар мен саясаткерлер сан-саққа жүгiртуде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары