Кей түлекті неге түлен түртеді?

Кей түлекті неге түлен түртеді?

Кей түлекті неге түлен түртеді?
ашық дереккөзі
336

Кейбір мектеп бітірушілер ҰБТ-ға тыйым салынған құралдарды алып кіруге құмар. Бұған ата-ана кінәлі ме, әлде біліміне сенбейтін бала кінәлі ме?

Өткен аптада елімізде мектеп бітіруші түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу басталған. Маусымның 2-8 аралығында өткен сынақта түлектердің бірі жоғары балл жинап, қуанышқа кенелсе, енді бірі ең төменгі шектік баллды да жинай алмаған. Ал кейбір бітірушілер ҰБТ талаптарын бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айрылды. Сөйтіп бір апта бойы оқушының да, ұстаздың да, ата-ананың да тынышын қашырған ҰБТ да өз мәресіне жетті.

Қулықпен құтылуға тырысқандар

Биылғы жылы да ҰБТ өзінің жаңа талаптарымен басталды. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген қатаң талаптар түлектер үшін биыл да аса үлкен кедергі бола алмады. Сынақтың алғашқы күнінен бастап ұялы телефон және шпаргалка пайдалануға тырысқан шәкірттер қолға түскен. Олардың жаңа ережелерден еш сескенбегені тесттің алғашқы күніндегі Білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесінен кейін-ақ белгілі болғандай. ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2 маусым күнгі тестілеу барысында 3 727 ұялы телефон, 3894 шпаргалка, 83 калькулятор, 3 фотоаппарат, 5 рация, 12 роутер, 1 модем, барлығы 7 725 тыйым салынған зат тәркіленіпті. Бұл күні тест тапсыруға өтініш берген 19 743 түлектің 18 889-ы ҰБТ тапсырған. Тест тапсыру барысында тәртіп бұзған 27 бітіруші түлек аудиториядан шығарылды. Тесттің алғашқы күні 50 баллдан төмен жинағандар саны 3 478-ге жетті. Ал 3 409 оқушы 100-ден жоғары балл жинаған. Алғашқы күннің орташа баллы – 79,7. Ережеге қарсы әрекеттер екінші күні де қылаң берді. Тіпті, 3 маусым күні қолға түскен тыйым салынған заттар қатары алғашқы күннен әлдеқайда көп. ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші күні 8682 тыйым салынған зат, оның ішінде – 4 402 ұялы телефон, 4 036 шпаргалка, 153 калькулятор, 3 рация, 3 гаджет, 28 Altel 4G, 43 модем, 5 құлаққап, 3 смарт-сағат тәркіленгендігін хабарлады. Сондай-ақ, ережеге бағынбаған 7 түлектің тест нәтижелері жойылған екен. Екінші күнгі тестке 18 177 түлек қатысып, орташа балл 80,5-ті құраған. Бұл күні ең төменгі 50 баллды жинай алмағандар қатарына 2 895 түлек қосылды. Ал 100-ден жоғары балл жинаған түлектердің саны 3 211-ге тең. Өткен жылы ҰБТ-ның орташа балл нәтижесі 62,51-ді құраса, 2013 жылы 59,56 болған. Ал биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.

2015 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің көпті шулатқан оқиғасы – түлектердің орнына тестке бөтен адамдардың кіруі болды. Алғашқы хабар Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданынан жетті. Дәл осы күні қыз кейпіне енген белгісіз жігіттің суреттері әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Сөйтсек, бұл жігіт өз сүйіктісінің орнына кіріп, тест тапсырмақ болған көрінеді. Қатаң бақылаушылар Мәжнүн жігіттің қулығын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Кейін белгілі болғандай, Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті Аян Жәрдемов мұндай қадамға сүйіктісі үшін бармаған. Тіпті, Аян  өзі орнына кіріп тест тапсырмақ болған қызды танымайды да. Соңғы деректер бойынша, Аян бұл қадамға өзге бір таныстарының өтініші бойынша барған. Қалай десек те, жас жігіттің бұл әрекеті заңға қайшы. Сонымен, «ҰБТ-дағы махаббат хикаясының» құны 396 мың 400 теңге болып белгіленді, яғни, Аян Жәрдемов заңсыз әрекеті үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Аянның әрекеті алғашқы тест күні анықталған жалғыз алаяқтық емес. Дәл осы күні Алматы қаласында тестілеуге бір емес, 18 оқушының орнына бөтен адамдар кірген. Оларды Алматы қалалық ҰҚК департаментінің қызметкерлері мемлекеттік тестті тапсырып шықпақшы болған жерінде ұстады. Ал мұндай алаяқтықты ұйымдастырған адамдар қомақты қаражатқа кенелген көрінеді. ҰҚК департаментінің Алматы қаласы бойынша тергеу басқармасының басшысы Қайыржан Қамзаев КТК арнасына берген сұхбатында: «Олар тиісті қаражат үшін ҰБТ тапсырудың қорытындысында түлектердің жоғарғы баллдарды заңсыз алуын қамтамасыз етумен айналысқан. Қаражат көлемі 2500-3000 АҚШ доллары аралығында», – деді. Қазір тестілеуден заңсыз жолмен жоғары балл алуға тырысқан түлектердің баллдары жойылған.

Тесттегі осы секілді алаяқтардың әрекетінен кейін БАҚ өкілдері Жамбыл облысынан ақжолтай жаңалық таратты.  Тараз қаласындағы №45 қазақ гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосова ҰБТ-да бар білімін көрсетіп, 125 баллға қол жеткізді. Тараздық түлек ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген жалғыз оқушы. «Біз мектепте кешке дейін дайындалып жүрдік. Сұрақтар қаншалықты қиын болса да, мен кітап оқығанның нәтижесінде барлығына жауап бердім. Бесінші пән ретінде мен биологияны таңдадым. Медициналық университетке түскім келеді. Мен емтиханда бірінші партада отырдым, шпаргалка қолданған жоқпын. Біз жоғары сыныптарда дайындыққа бар күшімізді салдық», – деп ағынан жарылды үздік нәтиже көрсеткен Гүлназ Ердосова. Одан кейінгі күндері Гүлназдың жетістігін Астана қаласындағы №59 орта мектептің түлегі Риана Мустафина, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы «Үміт» лингвистикалық мектебінің бітірушісі Сымбат Самат, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат түлегі Лаура Абдазимова жалғастырып, бұл тізбекті Алматы қаласындағы №90 лицейдің бітірушісі Анастасия Яковлева түйіндеді. Айта кетейік, мүмкін болған 125 баллды толық жинаған білімділер саны былтырғы жылы төртеу ғана болған.

Министрліктің «сынағына» айналған түлектер

Биыл 12 жылдық білім беру бойынша мектеп бітірген алғашқы түлектер де ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұған дейін жаңа жүйе бойынша мектеп бітірген түлектер үшін тестте бағдарламаға сай өзге сұрақтар болатындығы хабарланған. Сынақтағы шулы мәселенің бірі 12 жылдық білім беру бойынша мектеп бітірген түлектермен байланысты өрбіді. Қарағандыда осы уақытқа дейін жаңа білім жүйесімен оқыған түлектер ҰБТ-дан түгел сүрінді. Олардың арасында ең жоғарғы балл 97-ге жетсе, ең төменгі балл – 37. Тіпті, арасында екі деген баға алған түлектер де бар. Мұндай нәтижені естіген оқушылар мен ата-аналар апелляциялық шағым түсірген. Түлектер бір жыл уақыттарының далаға кеткенін айтуда. Олардың сөзіне сенсек, 12 жылдық білім беру жүйесінің пайдасынан зияны көп. Жаңа жүйенің  құрбаны болуға шақ қалған түлектер осы уақытқа дейін қандай базамен тест тапсыратынымызды білмедік деп отыр. Ал балаларын жаңа білім жүйесі бойынша оқытуға келісім берген ата-аналар білім басқармасының уәдесін орындамағандықтарын айтады.  Әу баста білім басқармасы ата-аналарды мектепті тәмамдаған соң балалардың бірден жоғары оқу орнының 2-курсына қабылданатынын немесе кәсіптік деңгейде білім алатынына сендірген. Енді олар сынақтан сүрінгендерге жеңілдік жасаудан да қашқақтап отыр. Қалалық білім бөлімі мектеп бітірушілерге жеңілдік қарастыру тек қана министрліктің құзырында деп құтылды. Осылайша, министрліктің кезекті сынағына айналған түлектер жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айрылғалы тұр.

Сынақ қорытындысына қанағаттанбаған түлектердің бір тобы Петропавлда алғашқы күннен шу шығарды. Сынақтың бірінші күні онға жуық түлек отыз баллға әзер қол жеткізген. Олардың қатарында «Алтын белгіге» үміткерлер де болыпты. Түлектердің төмен нәтиже көрсетуіне тест жауаптарын тексеретін компьютерден шыққан ақау себеп болған көрінеді. Айта кетерлігі, 6097-нұсқа бойынша тест тапсырғандардың барлығының нәтижелері қате есептелген. Комиссияға шағым түсірген түлектердің баллдары екінші күні қайта саналды. Қайта тексеру барысында, алғашқы күні 30 балл жинаған кейбір түлектердің саны 80 баллдан асты.

Естеріңізге сала кетейік, республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу 165 бекетте өткізілді. Биыл 85 мыңнан астам түлек тест тапсыруға өтініш білдіріп, 80 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ тапсырып шықты. Ал өткен жылы еліміз бойынша ҰБТ-ға қатысу үшін 92 мыңнан мектеп бітіруші өтініш берсе, оның 87 мыңнан астамы тест аудиториясына жайғасқан болатын. 2015 жылғы ҰБТ-дағы орташа көрсеткіш – 79,5 балл. Білім және ғылым министсрлігінің қорытынды есебі бойынша 65 947 түлек межелі 50 баллды жинай алмаса, 14 133 түлек 100-ден жоғары баллға қол жеткізген. Бұл – жалпы түлектердің 17,5 пайызы.

Қалай десек те, сынға жиі ұшырайтын ҰБТ-ның тағы бір жылы аяқталды. Біреуге қуаныш сыйлап, енді бірінің жанарына жас ұялатқан маңызды сынақта шикіліктер мүлдем кездеспеді деп айта алмаймыз. Ал ҰБТ-дан жоғары балл алған түлектер жоғары оқу орнының табалдырығын аттауға дайындалады. Алдағы күрмеуі қиын мәселе – білім грантына қол жеткізу. Әзірге биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік білім грантттарының саны жарияланған жоқ.

Серіктес жаңалықтары