«ҚАЗАҚМЫС» ЖАСАҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА

«ҚАЗАҚМЫС» ЖАСАҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА

«ҚАЗАҚМЫС» ЖАСАҒАН  ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА
ашық дереккөзі
279

Елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыру мен оның қолдану аясының күннен-күнге кеңеюіне қатысты көптеген шаралар өтіп жатыр. Осындай келешек ұрпақ үшін жасалынып жатқан игі бастамаларға «Қазақмыс» корпорациясы қашан да мұрындық болып келеді. Соның бір дәлелі ретінде сейсенбі күні «Қазақмыс» компаниясы және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Gala TV» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілінің 30 сабағы» атты жобаның тұсаукесері болды. Сондай-ақ Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық Білім департаменті қолдау көрсеткен бұл шараның мақсаты – қоғамды өз бетінше үйрену әдістемесі бойынша оқытудың жаңа жолын ұсыну.

Тұсаукесер көбіне пікір алмасу, тәжірибе бөлісу түрінде өрбіді. «Хабар» арнасынан 8 жыл бойы көрерменнің көзайымына айналып келген «Тілашар» бағдарламасының теледидарлық нұсқасына қатысты актерлер қазақ тілін үйренудегі өз тәжірибелерін жұртпен бөлісті. Бір таңқаларлығы, қазақ тіліне шорқақ ҚР Парламент депутаты Тәңірберген Бердоңғаров осы сабақ арқылы қазақ тілін тәп-тәуір үйреніп қалдым деп ағынан жарылды. Естіген адамның құлағына түрпідей естілсе де, «Тілашар» сабағының арқасында қазақ тілін кәдімгідей меңгеріп қалған орыстілді азаматтардың көп екендігі байқалып қалды. Оған мысал ретінде дәл осы сабақтың теледидардық нұсқасына қатысатын басқа ұлт өкілдерін айтуға болады. Мұны көрген, тыңдаған көрерменнің де қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы оянуы ғажап емес.

«Тілашар» сабақтары аты айтып тұрғандай бастауыш топтарға арналған. Негізінен үш бөліктен, әдістеме, жұмыс дәптері және бейнетаспадан тұратындықтан, тіл үйренушілер үшін таптырмайтын жаңа құрал болып табылады.

Мұнымен қоса тұсаукесердің аясында қайырымдылық шарасы да өткізілді. Айталық, «Тілашар» сабақтары қосымша оқу материалы ретінде Алматы қаласы Білім департаментіне, «Речь» қоғамдық қорына, «Жанұя» арнаулы кешеніне, №1, 2 балалар үйіне, №8 мектеп-интернатына, «SOS Kіnderdorf» (Алматы қаласындағы балалар ауылына), Панфилов атындағы №54 қазақ-ресей гимназиясына, «Самопознания» гимназиясына, №87 орта мектепке және көптеген жоғары оқу орындарының қазақ тілі кафедраларына тегін таратылды. Халықаралық мүгедектерді қорғау күніне қарай дөп түскен тұсаукесер рухани дағдарысқа ұшырап жүрген біраз балаларға қайырымды көмек болды. Қайрымдылық қоры мұнымен тоқтап қалмай, әлі де жалғасын табатын болады. «Қазақмыс» компаниясының қаржылық көмегінің арқасында «Тілашар» сабақтарының 1000 данасы келесіде өтетін осы сынды тілге қатысты шаралардың шеңберінде мектептер мен интернаттарда таратылатын болады.

«Тілашар» сабақтарының ғылыми негізін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жасаған. Ал теледидарлық нұсқасы осы уақытқа дейін бірталай байқаулар мен халықарылық фестивальдердің жеңімпазы. Бүгінгі таңда Алматы арнасынан жүріп жатқан бұл бағдарлама ТМД елдері шеңберінде бірінші жоба екендігін айта кету керек.

Бұл оқу құралының шығып, тарауы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халықтары ассамблеясының ХІІ сессиясында мемлекеттік тілдің және мемлекеттік тіл саясатының дамуына қатысты сөйлеген сөзінен кейін жүзеге асып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары