ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ
ашық дереккөзі
201

Сарыарқаның кең даласын Алла Тағала ырыстан кенде қалдырмаған. Сайын даланың үсті бір кездері мыңғырған малға толса, асты мол қазынаны иемденіпті. Алып өндіріс ошағы саналатын Арқа жерінде бабаларымыздың, даналарымыздың мүрдесі жатыр. Киелі Алаш азаматтарының өр рухы да осында. Мұнда қазаққа тәннің бәрі бар: біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың аяғы мен бірінші мыңжылдықтың басы саналатын Беғазы-Дәндібай мәдениеті де осында. Бір кездері өлеңдерін оқымақ түгілі, атын атауға қорқатын Шортанбай жыраудың бейіті де осында. Арқа жері көл-көсір байлыққа да, тағзымы мол тарихқа да толы. Қазақ ұлттық мемлекетінің алтын тәжі іспеттес – Ұлытауыңыз да осында.

Қарағанды десе, ең әуелі еске алатынымыз, Қарағандының қара алтыны – қара көмірі. Көмір өндірісі ХХ ғасырдың басынан бастап ғана ірі өндіріс ошағына айналып, Қарағанды үшін алтын ғасырға айнала бастады. Ұлы Отан соғысы аяқталмастан Арқаның солтүстігінен басталатын жазық дала жатаған шоқы, төбелермен ұласатын, суы мол Нұра өзенінің іргесіндегі Жауыртау етегінде алғашқы өндіріс ошақтары пайда бола бастаған екен. Содан бері қазақ жеріне қара алтынын сыйлап келе жатқан Қарағанды әлемге қара көмірімен, мысымен жақсы таныс. Қарағанды жерін бүгінге дейін кімдер басқармады?! Бүгінде облысқа әкімдікке келген Нұрлан Нығматуллиннің облыстың тізгінін қолына алғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Әлемге қара көмірі мен мысы арқылы жақсы таныс, облысты басқару кез келгенге де оңай соқпасы анық. Оңай соқпайтыны, қазағынан гөрі, орысы басым, қазағының өзі орыстанып кеткен облысты бүгінде өзгелер көбірек билеп отыр. Олай дейтініміз, әлемге әйгілі «Миттал Стал Теміртауыңыз» да, «Қазақмысыңыз» да өзгенің қолында. Өндіріске әбден үйренген жергілікті тұрғындар үшін, өндірістен қол үзіп кету мүмкін емес жағдай. Күнделікті ырзығын да сол өндірістен тауып жеп жүр. Сондықтан, олардың күні таңның атысы, күннің батысы көмір шахталары мен болат қорыту зауыттарында өтіп жатыр.

Кейде «Миттал Стал Теміртау» акционерлік қоғамына кіретін шахталарда болатын дүрбелең елді есеңгіретіп жіберген жайы тағы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Ленин шахтасында болған жарылыс көптің құлағын елең еткізген. Дәл сол уақытта облыс әкімі Нұрлан Нығматуллин кезекті еңбек демалысында болған екен. Еңбек демалысын үзіп, сол түні жұмыс орнына оралады. Бірінші күннен бастап-ақ, өзі бас болып, оқиғаның анық-қанығына жету үшін, арнайы тексерумен айналысу үшін шұғыл құрылған үкіметтік комиссиямен бірге төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабты жасақтапты.

Қаза тапқан кеншілерді жер қойнына беріп бітпей жатып-ақ, кеншілер Шахтинск алдында наразылық митингісін бастап жібергені де баршаға мәлім. Аяқ астынан наразылық митингісіне шығуының басты себебі, жалақының тым төмендігі еді. Бұған, яғни наразы топқа компанияға қарасты сегіз шахтаның кеншілері түгел қосылып, бұл кәсіпорындардың бәрінде көмір өндіру ісі толық тоқтатылады. Компания мен облыс әкімдігінің арасында арнайы келіссөздер жүргізіліп, соңында облыс әкімі Нұрлан Нығматуллиннің табандылығының арқасында көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан мәселелердің түйіні шешілген сыңайлы. Әзірге Шахтинск кеншілерінің көңілі орнына түскен сияқты. Өйткені, кеншілердің жалақысы, 2006 жылдың қазан айынан бастап, Қарағанды аймақтық даму институты жасаған жүйеге сай ең төменгі салалық стандарт бойынша төленетін болыпты. Яғни, бұрын 5 разрядты кеншінің нақты жалақысы 38-40 мың теңге болса, қазір ол 90 мың теңгеге көтеріліп отыр. Оның үстіне, егер жоспар дұрыс орындалған болса, үстеме сыйақысы тағы бар. Әзірге көңіл жұбатарлығы осы, тек шетелдік инвесторлар айтқан уәдесінде тұрып, қазақтың төккен терін, еткен еңбегін қанамаса болды да.

ТАРИФТЕР БҰРЫНҒЫША САҚТАЛАТЫН БОЛДЫ

Қарағандылықтар үшін биылғы жылғы тағы бір жаңалық – тарифтердің сақталуы болды. Облыс әкімі мен «Қарағанды-Жылу» ЖШС мүліктік кешенінің иегері –«Ордабасы» корпорациясының президенті Дінмұхамед Ыдырысов арасындағы ұзаққа созылған екі күндік келіссөз барысында тарифтерді халық пен энергетиктердің пайдасына шешіпті. 31 қазанда «Қарағанды-Жылу» ЖШС табиғи монополияларды реттеу басқармасына 2007 жылғы 1 қаңтардан тарифті жылу энергиясына 18%, ауыз суға 16% көтеруге тапсырыс түсірген. Бұл кәсіпорында энергетиктердің жалақысының төмен болуынан туындаған екен. Жыл тарифінде суық судың үлесі 15%-ды құрайды. Ал 1 қаңтардан табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқармасы тазалау қондырғысынан суық сумен жабдықтауға диференциалды тариф енгізіпті. Осының арқасында қосымша табыс табу арқылы кәсіпорын мамандарының жалақысын арттыруға мүмкіндік туып отыр екен.

– Біз барлық мәселелер бойынша энергетика компаниясының иегерлерімен уағдаластыққа жеттік. Біз мынадай келісімге келдік, ең бастысы – компанияда суық суға дифференциалдық тариф енгізілгендіктен қосымша қаржы босатылады. Ол 1 қаңтардан энергетиктердің жалақысын 30 пайызға арттыруға жол ашады. Мұның өзі жылумен және сумен қамтамасыз ету тарифін тұтас маусым бойынша өзгеріссіз қалдыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ компания басшыларымен қызметтің басқа түрлері – жылы су және электр энергиясының тарифтерін жылу беру маусымының соңына дейін көтермеуге келісім жасадық. Ал электр энергиясының құны бізде киловатына 3,07 теңгені құрайды, мұның өзі республикадағы ең төменгі тариф. Сөйтіп энергетиктердің жалақы жөніндегі талабы тарифтерді көтермей-ақ, оң шешімін тапты,–деп мағлұмат беріпті облыс әкімі мәжілісте. Аталмыш мәжіліске жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысыпты. Осының арқасында, енді облыста қаланың кей жерлерінде тозығы жеткен су қорабы тораптары жөнделе басталмақ.

ӨНДІРІСТІ МЕКЕНГЕ ҚАЖЕТІ – ДЕННІҢ САУЛЫҒЫ

Облыста бүгінде денсаулық саласы да жақсы дамыған сыңайлы. Нұрлан Нығматуллин қызметке келгелі, оның қолға алған жұмыстарының бірі– денсаулық саласы көрінеді. Бүгінге дейін, аталмыш салада бюджеттен бөлінген қаржының шығынға ұшыраған кездері де болыпты.

Екі жүз миллион теңгеден астам қаражатты желге ұшырғаны үшін мұндай адамдарға қандай жаза берсе де лайық. Бұлар 2014 жылға дейін жарамды қымбат дәрілерді сатып ала берген. Оның науқасқа керегі бар ма, жоқ па ол жағы ескерілмегендігін де облыс әкімі қадап-қадап айтып, денсаулық саласында бірқатар өзгерістер жасапты. Тіпті, Шахтинск қаласында адамдар дер кезінде флюрографиядан да өте алмапты. Осындай себепсіз жағдайлардың бәрін жіпке тізгендей етіп берген әкім ескертпесінен кейін, денсаулық саласы қолға алынып, тіпті, облыста арнайы томограф сатып алыныпты. Жуырда ғана облыстың жетпіс жылдық мерейтойы өткені белгілі. Мерейтой қарсаңында Елбасы бұл аппаратты сатып алу үшін демеуші қажеттігін айта кеткен екен. Арада аз уақыт өтпей-ақ,Еуразиялық өндірістік топ басшысы Александр Машкеевич аталмыш аппаратты сыйға тартыпты. Ядерлық-магнитті аппарат енді облыс үшін ең қажетті құралға айналатыны даусыз. Бүгінге дейін облыс тұрғындары томографиядан өту үшін, Алматы, Астана қалаларына шабуылдаумен келіпті. Есесіне қазір, әлгі аппараттан өту үшін, күніне он-он екі адам кезекке тұратын көрінеді. Оның арасында ардагерлер мен, жағдайы төмен отбасылар кезексіз өтіп жүр. Қарағандының емханаларында емдеу процесі жақсы болғандықтан ба екен, өзге облыстардан да келіп, емделушілер көп екен. Оны аурухана қызметкерлері де жоққа шығармайды. Көршілес жатқан Солтүстік Қазақстанның кейбір тұрғындары денсаулығын жақсарту үшін, Қарағандыға арнайы келетін көрінеді.

ӘЛІПБИДІ БІЛМЕЙТІН ОРАЛМАНДАР ДА БАР

Бүгінде облыста жалпы білім беретін 575 мектеп болса, соның – 248-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде, ал,165-і екі тілде дәріс беруде. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір, орыс тілінде оқытатын мектептер саны біршама азайыпты.

Облыстық әкімияттың шешімімен соңғы уақыттарда аралас мектептерді бірте-бірте қазақ тілінде оқытатын мектептерге айналдырудың перспективалық жоспары құрылған екен. Осының нәтижесінде биылғы жылы 5 аралас мектеп таза қазақ тілінде оқытатын мектепке айналыпты. Олардың арасында Бұқар жырау ауданында бір мектеп, Қарқаралы ауданында біреу, Нұра ауданында біреу, Жезқазған қаласында екі мектеп таза қазақ тілінде оқытылатын болыпты.

2006-2007 оқу жылында кейбір мектептердегі балалар санының күрт азаюынан 8 бастауыш мектеп жабылып, 2 орта мектеп негізгі, 2 негізгі мектеп бастауыш мектепке айналған.

Облыста жалпы білім беретін мектептерде оқитын оқушылар саны – 198163 болса, оның 89600 қазақ тілінде білім алуда. Жалпы оқушылардың 59 пайызы, яғни 117382-і қазақ балаларын құраса, соның 89213-ы қазақ тілінде, 28169-ы,яғни 24 пайызы орыс тілінде білім алып жатыр екен. Орыс мектептерінде мемлекеттік тілді оқушылар саны – 108563 бала болса, қазақ тілінде оқытатын мектептерде оқитын басқа ұлт өкілдерінің саны – 387 бала. Бұл бұрынғыға қарағанда 54 балаға өсіпті.

Облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 2006 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 4676 оралман оқушы оқиды. Олардың ішінде 1-4 сыныптарда 1668, 5-9 сыныптарда – 2485, 10-11 сыныптарда – 522 бала оқиды.

Облыстық білім департаментінің мәліметіне сүйенсек, оралмандардың арасында әліпбиді білмейтіндер де кездеседі екен. Сол себепті, Теміртау қаласындағы 29 орта мектепте ересек оралмандарды оқытатын, үйрететін үйірмелер пайда болыпты. Оларға мұғалімдер қазақ әліпбиі мен Қазақстан тарихы бойынша дәріс беруде. Орысы көп облыста жылдан-жылға қазақ мектептерінің саны артуы, көңілімізді жұбатып, бір марқайып қалдық.

«БОЛАШАҚҚА – ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН»

Қарағандыға келген кезімде мені үскірік жел қарсы алды. Вокзалынан түскен бетте-ақ, бет-ауызды бүркемелеп алмасаң, үскірікке қарсы тұру мүмкін емес. Өне-бойыңды әп-сәтте-ақ, аралап шығады. «Жылы киінбесең, үсіп қаласың» деген соң, бар жылы киімімді қабаттап киіп-ақ шыққам. Жергілікті тұрғындар менің қомыт-қомыт киіміме бір, түріме бір қарап, жанымнан өте шығуда. Алматыдағыдай кез келген жерден такси тоқтату, мұнда мүмкін емес екен. Арнайы «такси» деген жазуы бар көліктерді іздеп, біраз шарқ ұруыңызға тура келеді. «Такси» іздеп жүргеніңізде, беті-қолыңыз домбығып, қызарып кетеді. Алақаншық бұрқасын қарды қуалап, көше-көшенің бойымен ызғыта жөнеледі. Бұрқасынға тіке қарау мүмкін болмаған соң, ықтасында біраз тұруыма тура келеді. Жергілікті халық күннің әлі де болса жылы екендігін, нағыз борандардың енді басталатындығын айтады. Оңтүстікте туып-өскен соң ондай суықты кім көріпті?! Мұның өзі, маған қаңтардың шыңылтыр аязынан кем соққан жоқ.

Рас, Қарағандынның күні суық екен. Күнімен бірге адамдары да суық па деген ой келді маған. Оңтүстіктің жылы шырай танытып тұратын қазақтарын көріп үйренген басым, кісіге суықтау қарайтын қарағандылықтарды көргенде тосырқай қарағаным рас. Тағы бір қызығы – Қарағандыда кез келген мекемені, кез келген дүкеннің есігін ашсаңыз да орысша жауап қайтарады. Қазақтардың өзі солай. Қазақша сөйлеп бастағаныңызбен, орысша жауап еститініңіз анық. Тіпті, дүкен иесіне жылы жақтан, яғни оңтүстіктен қонаққа келген азаматтың тәжікелескенін байқап қалғам. Байғұс қонақ, қазақша бірнәрсені сұраған болуы керек. Сатушы түсінбегендей қалып танытыпты. Орыстың қызы болса бір сәрі, қазақтың қызының мылқау адамша жауап бермегені әлгі қазақтың жынына тисе керек, бар даусымен дүкенді басына көтеріп, қазақша барқырап жатыр. Әлгі қыз да істің анық-қанығын енді ұқты-ау деймін, «Мен қазақша түсінбеймін. Маған орысша жауап беріңіз» деп бағуда. Қыздың тілді білмейтіні шындық шығар, бірақ түсінуге тырыспағаны менің де жынымды қайнатты.

Қазақ тілінің мұншама мүсәпір халін айтып, сол жердегі кісілерге мұң шағып едім, біреусі: «Қайта қазақыланғанымыз ғой. Сен бұдан он-он бес жыл бұрын келгеніңде көретін едің, орыстардың қалай тайраңдағанын»,– деді. Олардың айтуынша, мыңдаған бала баратын мектептерде қазақтар бірен-саран болса, орыстар оларға күн көрсетпейді екен. Тіпті, орыстардың кейбір шовинистері әлі күнге қазақтарды бөлектейтін көрінеді. Оның көрінісі, жоғарғы оқу орындарында, мектептерде көп болмаса да, ішінара кездесіп қалады екен. Соған қарағанда, орыстар әлі де өз үстемдігін жоғалтқысы келмейді-ау деген ойға келдік.

Облыс әкімі Нұрлан Нығматуллин облыста мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қарашадан бастап, «Болашаққа – қазақ тілімен» атты акция жариялапты. Әлгі акцияны ең әуелі Қарағанды техникалық университетінің студенттерінен бастаған екен.

«Біздің өз тілімізге, өз мәдениетімізге қамқоршы болмасақ, құрмет көрсетпесек, оның мәртебесі ешқашан да өспейді. Бізде ешқашан ел де, мемлекет те бола алмаймыз. Әрине, бұл мәселені бір жылда, бір күнде шешуге болмайды. Жетпіс жыл бойы заман басқа болды. Саясат та басқа болды. Ол түсінікті нәрсе. Бірақ, бұл жұмысты бастайтын да уақыт келген шығар» – деген облыс әкімінің облысты қазақыландыру үшін әлі де ұзақ тер төгуіне тура келетін шығар. Көпұлтты, зайырлы қоғам дейтін біздің мемлекет әлі де көрпені кеңге салып отыр. Көп ұлттардың өкілдерінен шоғырланған Қарағанды облысының қазақылануы тағы бір он бес жылға созылып кетпесе неғайбыл.

Гүлзина БЕКТАСОВА

Алматы-Қарағанды-Алматы

Түйін.

Қарағанды облысында көшпенділер өркениетінің көне орталығы екендігін айғақтайтын тарихи орындар көп-ақ. Қазақтың біртуар ұлдары Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтпаев осы бір көне мұраларды зерттеп-зерделеуде қаншама еңбек сіңірді. Кейбір деректерге қарағанда, бұл өлкеде 680 тарихи-мәдени орындар бар көрінеді. Оның бірі –Ұлытау өңірі. Көне қала Басқамырдан бастап, Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелері, Айранбай, Дүзен, Ерден күмбездері, Алтыншоқы, Едіге тауы, Айбас дарасы, Хан ордасы, Сандыбай, Дулығалы, Ақмешіт әулие, Жетіқыз, Нөгербек дарасы, айта берсеңіз тізім әрі қарай жалғаса береді. Тіпті, дүниені дүр сілкіндіріп, 27 мемлекетті жаулап алған Ақсақ Темір де осы Ұлытауда ат шалдырған екен. Қаншама аңыз-әпсаналар мен шынайы дерекке толы өндіріс орталығы зерттеліп-зерделенер болса, әлі де талай құпия сырларды ақтарар еді.

Серіктес жаңалықтары