Алысқа сәлем
Алысқа сәлем
Біреудің өзі білмес қасиетін,
Көрсең бір кез болады бас иетін.
Тағлымды танымаған көрбала боп,
Жасырынып қалмасын дос ниетің.
Тірлікте жан жадырап көсілетін
Кісіні мырза пейіл өсіретін.
Бұйырған қызығыңа қанағат қыл,
Аш құлық жарға жығар әсіре тым.
Сыйлассаң ұстап үйрен жас ретін,
Әдептің тартқан жаман тақсыретін.
Мансапқа мас боп жүріп жұртта қалсаң,
Мойныңа мініп қалар қасірет-мұң.
Бөріден ит білген соң бір кемдігін,
Сылтаурап тудым дейді аз кемді күн.
Қасқырға қас қағыспай қарау қайда
Айтақсыз ала алмайды ол өз теңдігін.
Ит тұрмақ адамыңды кісі көрмей,
Ақыл мен ерлік істен есе бермей
Қасқыр жүр. Бірақ байғұс қаскөйлігін
Тойса да тыя алмайды өзі өлмей.
Қасқырда талант артық, құлқын басым,
Ал иттің мақтауы мол. Үйдің асын
Тегін жеп семіреді. Адам–жікшіл
Қолдайды «ит – опа!» деп мәз ғып басын.
Әлемге жаратқанның әмірі бар.
Жер – шала, бұлт – ала жаңбыры бар.
Тіршілік, жолың қандай түзу еді,
Итке – ие болса, бөрінің – Тәңірі бар.
Қасқырды асырасаң елсінбейді.
Дәті қатты. Ешкімді менсінбейді.
Тірі сойып терісін сыпырғанда,
Қыңқ етпей келер ажал келсін дейді.
Көкбөрі – бөрібайрақ басбілмейді,
Көкке ұлып Айдан артық дос көрмейді.
Алайда, абалау да жатқан жұмыс,
Күн көрген соң иттер де босқа үрмейді…
Шабытқа жасағалы епті үнем,
Өлеңдерім өркендеп кетті білем.
Бүтін ойды бөлшектеп көп сөз қосып,
Ұзақ өлең қылғанға қатты күлем.
Осы күні оқушым ұқты білем,
Оң мен солдан сүйеушім мықты кілең.
Сұлу сөздің өрмегін жиған жұртқа,
Қажет бола қоймас-ты түкті кілем.
Қара сөзден май қалқып кім алып жүр?
Ақша тапсам ішімді не жарып жүр?
Түзу мылтық секілді сөз түзегіш,
Сыпа сыншы жөн айтқыш бұралып жүр.
Намысқойлар сөз ұққыш сорлап талай,
Қанаттарын өтеді қомдап, тоба-ай!..
Менсінбейді біздерді. Сіміруге
Шалабы жоқ үйінде, қолдан Абай.
Абай күнде туа ма? Ол – ақын-ақ!
Соны біле бермейді көп ақымақ.
Біз ақын боп таласып жүргеніміз,
Өлең емес ақша ғой қақпақылдап.
Жаза берем, өлеңді жаза берем,
Ақша қылып әр жолын санап өлем!
Сөз Құдайы қаза боп: «Азасына
Қарыз?» – десең, өсімге ғана берем.
Алыстан есек мініп елге қарап,
Суықта жүргізбесін желге қарап.
Қоныштан соққан ызғар шығып жеңнен,
Қол қусырып қалғушы ем жерге қарап.
Басынан кешіргенін айтпасын кім,
Соғыстың кезінде мен хат тасыдым.
Әр үйге қара қағаз арқалап кеп.
Ойранын шығарушы ем отбасының.
Жастығын есіне алып жұрт танысқан,
Отырысты тыңдаймын сырт алыстан.
Мен де оқталсам құлағым шуылдайды,
Сондағы зар илеген көп дауыстан.
Ержігіт өсерінде кішіпейіл,
Қонған қоңсы қасына құрар сейіл.
Сақы, дархан, сыпайы, көпшіл, зият,
Бірді ілгері көрмейді, бірді кейін.
Кей жігіт мал мен пұлға мақтанар да,
Қарамас тізеге сап ақ-қараңа.
Кердеңдеп кеудесіне нан піседі,
Бақытын басындағы ақтарарда.
Дарыған адамдықтың көп белгісі,
Жомарттың бола бермес жоқпен ісі.
Қара тұтып келгенге қайырымшыл,
Басынан жігіттігі өткен кісі.
Жақсы адам гауһардың бір көшпелісі,
Артқыға үлгі болар өшкенде ісі.
Қолын безеп уәжшіл тартымы жоқ,
Жігіттің берекесіз өшпендісі.
Тірлікте тойған тұрмыс жоқ.
Қайырдан артық жұмыс жоқ.
Қанағат қолды болғанда,
Қиянаттан артық қылмыс жоқ.
Жүректе жүрген пәктік бар.
Жүзіңде күлер шаттық бар.
Жоғалтпай соған күтінсең,
Жаныңа қонар бақ-құт бар.
Өмірде көргенім көп десең бекер.
Пенделік қысқа ғұмыр неге жетер.
Күпініп әдет қылма көріпкелдік,
Ағайын әңгіме ғып келеке етер.
Бал дәурен базкешумен ағып өтер,
Көрік, күш сені тастап соған кетер.
Жоғалтқан талайларды қара жолда,
Қалуға бір белгі боп басты көтер.
Өмірдің алды – шекер, арты – бекер.
Сүйенген мал-мүліктің – бәрі ілекер.
Аман боп алғаныңмен ұрпақ қалдыр,
Жұртыңа жайқалтып гүл өркендетер.
Өмірге әлімсақтан сол ғой мұрат,
Білген жан Алласынан алған сұрап.
Өзіңмен бар жиғаның бірге өшеді,
Артыңда қалмаса егер жоқтар жүрәт.
Яһуда Амандықов