2006-ның «ПАЙ-ПАЙЫ» МЕН АЙҚАЙЫ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЕҢ! ЕҢ! ЕҢ!...
2006-ның «ПАЙ-ПАЙЫ» МЕН АЙҚАЙЫ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЕҢ! ЕҢ! ЕҢ!...
Ел экономикасы үшiн бұл 2006 жыл бiраз инновация, бастама, рекорд, өзгерiс, тiптi кейде айқай-шудан да аулақ болмады. Ендi соны кезегiмен баяндап көрелiк.
«Самұрық» пен «Қазынаны» «МЕГАхолдинг» деп атауымыздың мәнiсi бар. Бiз, әрине, бұл арада мегахолдинг деген сөздi компаниялардың аса iрi екендiгiне қарай айтып отырмыз. Қазiргi күнi «Самұрық» холдингi мен «Қазына» қорына елдегi ең маңызды компаниялардың акциялары тиесiлi. Бұлардың құрылуына негiзiнен ұлттық компаниялар мен iрi-iрi қаржылық-өнеркәсiптiк топтардың тiзгiн беруi қиындай түскенi әсер еткен. Әдеттегiдей, халыққа арнаған Жолдауында Елбасы: «Мегахолдингтердiң кәсiбiнен тыс функцияларын жаңадан құрылатын мемлекеттiк холдингке алып беру керек. Сөйтiп, монополияландырылған салаларды ашу керек» дегендей мәлiмдеме жасап, «Сырдың суы сирағынан келмей жүргендердi» бiраз сескенткен. Алайда, Президент тапсырмасын Үкiмет өте баяу орындады. 2005 жылдың басында айтылған Президент сөзiн Министрлер Кабинетi соза-соза, 2006 жылдың басында ғана жүзеге асырды. Сондықтан, бұл екеуiн 2006 жылдың шаруасы деп айтуға толық қақымыз бар. Бүгiнде «Самұрықтың» қанаттары қатайып, қанатының астына «Қазпошта», «KEGOC», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темiр жолы», «Қазақтелеком» секiлдi 5 ұлттық компанияның акциялары берiлген. Өзге де ұлттық компаниялар құрамына қосылады деген үмiт бар. Тек ескере кететiн дүние: кейбiр ұлттық компаниялар «Самұрыққа» әзiрше қосылғысы келмей қашқақтауда. Әрi құрамындағы компаниялар да толық үйренiсiп кете алмай жүр ме, әйтеуiр олардың «Самұрықтың» ыңғайына жығыла қойғанын әзiрше көзiмiз шала қойған жоқ.
«Самұрықтың» атқарушы директоры—тәжiрбиелi маман, Үкiметтiң ұңғыл-шұңғылын жақсы бiлетiн, экс-министр Сауат Мыңбаев. Тек «әттеген-ай» деуiмiзге «Самұрықты» басқаруға (Директорлар Кеңесiнiң төрағасы болуға) ат-тонындай қалатып, Англиядан адам (Ричард Эванс) алдырылғаны себеп.
«Қазына» Орнықты даму қоры да маңыздылығы жөнiнен «Самұрықтан» кем емес. Жанына елдегi iрi-iрi даму институттарын шоғырландырған. «Қазынаны» өз iсiнiң маманы, талантты экономист, Экономика және бюджеттi жоспарлау экс-министрi Қайрат Келiмбетов басқарады.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Мұхтар ЖӘКIШЕВ, «Қазатомпром» компаниясының президентi:
– «Самұрықтың» қалай жұмыс iстейтiнi, оның стратегиясының қандай екендiгi жөнiнде қазiргi күнi толық бiле бермеймiз. «Самұрық» ендi ғана құрылды ғой. Сондықтан, әрi қарайғы жұмысына қарап көрейiк. Қазiрден баға беру менiңше әлi ертерек секiлдi. Бәлкiм, iстеген iсiнiң қорытындысына қарап таң қалармыз. Көңiлiмiздiң қалуы да мүмкiн. Дегенмен, мұның бәрiн уақыт көрсетедi.
ЖЫЛ БАСТАМАСЫ: БҰЛ НЕ ДЕГЕН 50-ЛIК?
Президент Қазақстанды бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына кiргiзу жөнiнде бастама көтердi. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Ең алдымен, бәсекеге қабiлеттiлiк «иммунитетiнiң» қай тұрғыда жасалатындығын екшеп алудың өзi бiраз уақытты қажет етедi. Дегенмен, Елбасының жанындағы стратегтер бұл шаруаны теориялық тұрғыдан шешудiң бiраз жолдарын қарастырып бердi. Практикаға айналдыру ендi Үкiметтiң мiндетi. Үкiмет деймiз-ау, стратегтер елдiң кез келген азаматы осыған ат салысады деген үмiтте. Кейбiр экономист-мамандар Қазақстан экономикасының мықтылығы, шикiзат қорының байлығы жөнiнен қазiрдiң өзiнде елулiкке таман аяңдап қалды деген пiкiрлер айтуда.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Бексұлтан ТҰТҚЫШЕВ, сенатор:
– Қандай да бiр бастаманың жүзеге асуы үшiн уақыт керек. Әрi бастаманың өзi кешендi түрде жүзеге асырылғаны дұрыс. Мұндай ауқымды бастаманы жүзеге асыратын болған соң, «бармақ басты, көз қысты» деген секiлдi әдеттен арылу керек. Пара алу деген жайттардан құтылған ләзiм. Ашықтық қажет.
ЖЫЛ АКЦИЯСЫ: МИЛЛИОНЕРЛЕР ҚАЙДАСЫЗДАР?
Атауының өзi адамды шатыстыратын «Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның қабылдануы осы жылдың еншiсiне бұйырды. Жо-жоқ, «Мұндай акцияны өткiзу құрметiне тек 2006 жыл ғана лайықты болыпты ғой!»- деп ойлай көрмеңiздер. Үкiмет осыдан тұп-тура 4 жыл бұрын елде дәл осы аттас акция өткiзiп, жоспарлаған 1.5 млрд.АҚШ долларының орнына 480 млн. долларды заңдастырған. Негiзi, Қазақстан мүлiктi заңдастыру бойынша, ТМД аумағында көшбасшы шығар. Себебi, бес жылдың iшiнде қатарынан екi рет қарапайым тiлмен айтқанда, көлеңкедегi экономикасын, ал заңды тұрғыда капитал мен мүлiктi жария ету үшiн рақымшылық жасаған мемлекет посткеңестiк кеңiстiкте жоқ. Тек бiздiң ел ғана сондай «мәртебелi» акцияны өткiзiп келедi. 3-шiлдеде басталған акцияға 2006 жылдың аздық ететiнiн бiлiп, жоғарыдағылар оны келесi жылдың ортасына дейiн созды. Бүгiнге дейiн заңдастырылған нәрселер ауыз толтырып айтуға тұрмайды. Акция басталғаннан берi Әдiлет министрлiгiне ел адамдарынан 300 мың арыз түскен. Бұл, әрине, көп емес. Сондықтан, келесi жылдың қорытындысын күтетiн шығармыз.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Серiк ӘБДIРАХМАНОВ, Мәжiлiс депутаты:
– Бұл заң халық арасында ұрлықы заң деген атты иеленiп қойды. Заңның моральдық жағын қалай түсiндiрер екенбiз?
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ЖЫЛ РЕКОРДЫ
Бұл жылы «алтын дәнiмiз», дақпырты жөнiнен «қара алтынның» көлеңкесiнде қалып қойған астық жинау iсi бойынша, Қазақстан соңғы жылдарда болмаған рекордтық жетiстiктерге жеттi. Осы жылы ел алқаптарынан 18 миллион тонна бидай жиналды. Көптен берi Қазақстан Жер ананың қойнауынан мұншалықты дәрежеде астық алмаған едi. «Нан болса ән болады» деп, кезiнде бар назарды өзiне аударатын бидай, егiн, сайып келгенде, ауыл шаруашылығының соңғы кезде бүк түсiп жатқанын несiне жасырамыз.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Лу БРЕФОР, Дүниежүзiлiк Банктiң Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы:
– Соңғы жылдары Дүниежүзiлiк Банк Қазақстанның ауыл шаруашылығын көтеруге бiраз жәрдемдесуде. Қазақстан мен Дүниежүзiлiк банк арасында осы сала бойынша екiжақты келiсiмдердiң қол қойылуына елдiң 40 пайыз халқының ауыл шаруашылығына тәуелдi болып отырғаны себеп.
ЖЫЛ ЖЕМҚОРЛАРЫ
2006 жыл коррупциямен күресте есте қалатын жыл болатын шығар. Әрине, Қазақстан басшылығының осы сыбайлас жемқорлықпен 1992 жылдан бастап күресiп келе жатқанын жоққа шығарғымыз келмейдi (Президенттiң осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұйрығы ең алғашқы рет осыдан 16 жыл бұрын, 1992 жылы шыққан). Дегенмен, биыл талай шабақтар да, бiрен-саран шортандар да қармаққа түстi. Бұл мәселе Ұлттық Қауiпсiздiк Кеңесiнде де көтерiлдi. Бас прокурор Рашид Түсiпбековтiң айтуынша, жыл басынан берi коррупцияға қарсы заңды бұзудың 6000 жуық фактiсi тiркелген. Коррупциялық қылмыс ретiнде 235 қылмыстық iс қозғалған. Тексерiстердiң арқасында мемлекетке 10 млрд. 800 млн. теңге көлемiнде түсiм түскен немесе тартқан зияны орнына келтiрiлген.
Талай шенеунiк орнынан да алынды… Қазiр Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексi бойынша әлемде «мәртебелi» 105-орында тұр. (Әлемде 200-ге тарта мемлекет болса, сыбайлас жемқорлық деңгейiн зерттейтiн халықаралық «Транспаренси Интернейшнл» ұйымы соның 150-де зерттеулер жүргiзедi).
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Сергей ЗЛОТНИКОВ, «Транспаренси Интернейшнл» ұйымының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң директоры:
– Коррупцияны түбiне дейiн жеңу мүмкiн емес шығар. Бiрақ, оның көрсеткiшiн барынша азайтуға болады. Коррупция мемлекеттi орға жығатын дерт. Бiзде, оны PR-кампания ретiнде қарастырады. Коррупцияға қарсы агенттiгi, басқасы бар акция кезiнде адамды қамауға алуға ғана дайын тұрады. Бұл арада, маңыздысы орнынан алып тастап, қолына кiсен салу емес. Маңыздысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизм орнату керек. Ал бiзде механизм жоқ. Қазақстанның ауық-ауық сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауына келсек, бiздiң билеушi элита мемлекеттегi барлық жайтты қолға алу керек екенiн түсiндi. Болмаса, iрi қаржылық топтар болып-толып алды. Бүгiн ауыздықтамаса, ертеңгi күнi олардың ырыққа көнбей кетуi мүмкiн.
ЖЫЛ ЖАЛАҚЫСЫ
Айтпақшы, жалақы мәселесi деген жайтты да осы сыбайлас жемқорлық мәселесi тұрғысынан қарастырған дұрыс шығар. Қазақстанда кiмнiң қанша айлық алатынын бiлу осы жылдың еншiсiне бұйырды. Айына 365 мың доллар алатын шенеунiктi де көзiмiз осы жылы көрдi. Бiрақ, бiздегi жүйенiң нәзiктiгi сондай, ондай адамдардың үстiнен тiптi қылмыстық iс те қозғалған жоқ. Ең болмаса, Түсiпбеков айтпақшы, коррупцияға қарсы заңды бұзғаны үшiн деп те жауапқа тартылмады. «Ақшаны қайтар» деген зiлдi дауыс қатты әсер еткен болуы керек, екi күннен кейiн бүкiл ақша тиiстi орнына қайтарылыпты-мыс. Операцияны түзгендер соған сай есеп құрса керек, бұл жұрттың бiраз уақыт айта жүрер ермегiне айналды.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Ораз ЖАНДОСОВ, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы:
– Ұлттық компания менеджерлерiнiң қанша жалақы алатынын Президенттен бастап вице-министрлерге дейiн бәрi бiледi. Бұл арадағы жауапкершiлiк төленетiн жалақының ауқымына, менеджерге байланысты емес. Мәселе ол айлықты төлеуге кiм рұқсат етiп отыр, «Қазақтелекомның» басшысымен келiсiм-шарт түзген кiм?» – дегенге келiп тiреледi. Ол келiсiм-шартты жоғарыдағы мемлекеттiк шенеунiктердiң барлығы да түзiп отыр. Министрдiң орынбасарынан Президент Әкiмшiлiгiнiң басшысына дейiн бұл жайттардан хабардар
МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫ: «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» АКЦИЯЛАРЫ ЛОНДОНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ. ҰЛТТЫҚ ҚОР БАЙЫП БАРАДЫ
Осы жылдан бастап, «ҚазМұнайГаз Барлау өндiру» компаниясы өз акцияларын Лондон Қор биржасының IPO (Initiаl Public Offering) айналымына шығарды. Биржаға компания акциялар пакетiнiң 40 пайызы қойылды. Компания IPO-ға акцияларын шығару арқылы 2 млрд. АҚШ доллары көлемiнде қаржы тартпақ болып үмiттенген. Үмiттерi ақталған сыңайлы. Өзен және Ембi мұнай кенiштерiнiң базасында құрылған компания елдегi бүкiл мұнай өндiрiсiнiң 15-17 пайызына ие. Өзен кенiшiнiң қоры алдағы 25 жылға жетедi, ал Ембi мұнай кенiшiн алдағы 18-20 жыл бойында игере беруге болады. Осы кенiштердiң қожайыны «ҚазМұнайГаз Барлау Өндiру» компаниясының мұнай қоры 1,5 млрд.баррельге тең.
Тағы бiр жыл жаңалығы осы жылдың 1-шiлдесiнен бастап ел қазынасына құйылатын мұнай түсiмi өз бағытын өзгерттi. Ендi ол бюджетке емес, Ұлттық Қорға бағытталатын болды. Нәтижесiнде, Ұлттық қор байып барады. Соңғы мәлiметтер бойынша, қорда 13 млрд. АҚШ долларын астам ақша шоғырланып тұр. Бiрақ, Гамлеттiң мәңгi сұрағы секiлдi, Ұлттық қордың қаржысы ел қажетiне «жарай ма, жарамай ма?» – деген сауал үшiн әлi күнге дейiн алаңдаулымыз. Айтпақшы, Үкiмет алғашында механизмнiң өзгеруiн 2007 жылға сай түзген-дi. Бiрақ, кейiннен осы жылдың орта шенiнен iске асыра бастады.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Қайрат КЕЛIМБЕТОВ, «Қазына» Орнықты даму қорының басшысы:
– Ұлттық Қор дегенiмiздiң өзi Қазақстан бюджетiнiң бiр бөлiгi ғой. Ұлттық Қордың бiрде-бiр тиыны Парламент депутаттарынсыз еш жаққа да кетпейдi. Ол бiреудiң меншiгi емес, халықтың ақшасы. Қатаң бақылауда тұр.
ҚАРЖЫ САЛАСЫ: ЖЫЛ ҚАТЕСI
Қаржы саласы оның iшiнде «банктердiң банкi» (қаржы әлемiнде Ұлттық немесе Орталық банктi осылай деп атайды) үшiн биылғы жыл аса бiр жемiстi жыл бола қоймаған шығар. Өйткенi, Ұлттық банк ұлттық символымыз – теңгемiзден қате жiбердi. Қате өзге емес, өз тiлiмiздегi сөзден кеттi. Әрине, Ұлттық банк үшiн жаңа дизайндағы теңгенi айналымға жiберудiң өзi жемiстi болып көрiнуi де мүмкiн. Алайда, бiз үшiн бұл факт, керiсiнше, бiраз нәрсенiң ойранын шығарды. Жаңа теңгенiң өзгеше дизайнына «сүйiнiп» үлгiрмей жатып, күйiндiк. Алғашында, теңгеден әл-Фараби портретiнiң алынып тасталғандығына ғана қамығып, онда бүгiнгi күннiң бейнесi—жаңадан пайдалануға берiлген құрылыс нысандарының көрiнiс тапқанын асылық деп бағалағанымыз бар едi. Тiптi, 2003 жылдан берi белгiлi бiр жарлықпен, теңгемiз екi тiлде шығып келе жатқандықтан, әрi әлдебiреулер қасиетiмiзге балайтын «көп ұлыс пен көп ұлт өкiлдерiнiң көңiлiне келмесiн» деп, теңгемiздiң кезектi рет ресми тiлдi алдына өңгерiп алғанына көзiмiздi жұма қараған едiк. Алайда, теңгедегi қазақ мәтiнiндегi қате бiраз адамға ой салды. Бiрақ, ол қате Ұлттық банк басшылығына ой сала алмады. Ұлттық банк басшысы Ә. Сәйденов теңгедегi қате үшiн халықтан кешiрiм сұрауды қажет деп таппады.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, Ұлттық банктiң экс-төрағасы:
– Мұндай қателiк, Құдайға шүкiр, менiң қызмет iстеп тұрған кезiмде кеткен жоқ. Олай болуы тиiс емес те едi. Ал қазiргi басшыларға айтар ағалық ақылым: «Ақша шығару мiндетiмiз емес» деп сөзбұйдаға салмай-ақ, халықтың алдында кешiрiм сұрауы керек едi. Бұл жауапкершiлiгi үлкен мәселе. Банк басшыларының жауапкершiлiктен қашқанын қолдай алмаймын…
…Жалпы, қазақ мемлекетi екендiгiмiздi ескерiп, қазақ ұлтының тұрғысынан қарасақ, әрине, екi тiлде ақша шығарудың қажетi де жоқ.
ҚАРЖЫ САЛАСЫ: ЖЫЛ САУДАСЫ
Жыл саудасы деген атқа екi банктiң сауда қатынасы үмiткер бола алады. Бiрiншiсi: «ВалютТранзитБанктiң» саудасы; Екiншiсi: «ТұранӘлемБанкiнiң» саудасы;
«ВалютТранзитБанктiң» несиелiк портфелiнiң азайып кетуiне байланысты, яғни түсiнiктi тiлмен айтқанда, қалтасында ақша қалмауына байланысты салымшыларын бiраз шошытты. Олар тiптi «бұл банк қан қақсата ма?» —деген ойда да болды. Қаржы полициясы банктiң бұрынғы басшыларына арнап қылмыстық iс те қозғады. Ал банкке жаңадан келген инвестор Стивен Джонсон, «Банктiң бұрынғы акционерлерi ақшаны жымқырмас үшiн сөйтуiме тура келдi» деп, iске кiрiспес бұрын банктiң шотын жауып тастады. Негiзiнен, «ВалютТранзитБанк» анау айтқандай iрi банк емес. Қаржысы жөнiнен банктер арасында 12 орында тұр. Алғашқы ондыққа iлiгуге де зар болып жүр. Дегенмен, әрине, бұл соңғы факт бiздiң қаржы рыногi үшiн ұяттылау болды.
Ал банктердiң арасындағы лидер деген атқа аса қызығып жүрген, бүгiн-ертең сол лидерлiкке жетiп қалу мүмкiндiгi де бар банк «ТұранӘлем» «Темiр» банктi сатып алды. Қазiргi күнi Қазақстандағы ең алпауыт банктiң «Қазкоммерцбанк» екенiн, БТА-ның соның өкшесiн ала келе жатқанын ескерсек, БТА осы соңғы сатып алған «дүниесi» арқылы өз активтерiн көбейтiп, банк жүйесiнiң көшбасшысына айналады деп нық сенiммен айта аламыз. «Темiр» банк те нашар банк емес едi. Активтерiнiң молдығы жөнiнен қаржы жүйесiнде 9 орында тұрған. Дегенмен, бiлетiндердiң айтуынша, «Темiр» банк «жатқа кеткен жоқ». Қожайыны бар болғаны, банктi бiр қолынан екiншi қолына өткiзген.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, Ұлттық банктiң экс-төрағасы:
– Бiздегi банктердiң иелерi санаулы, бiрнеше ғана адам. Бәлкiм, 5,6,7, көп болса, 10 адамдай. Солар билiктi өз қолдарынан шығарғысы келмейдi.
ИНФЛЯЦИЯ-ҮКIМЕТ (8,4: 0)
Инфляция деген қызыл көз пәле Үкiметке де, Ұлттық банкке де ырық бермей барады. Оны ауыздықтау үшiн Үкiмет тарапынан экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi өздерiнше тон пiшедi, Ұлттық банк өздiгiнше сәуегейлiк жасайды, жоспарлар құрады. Бiрақ, инфляция бағынбайды. Тiптi, соңында осы ақшаның құнсыздануымен арпалысудан шаршады ма, әйтеуiр Ұлттық банк төрағасы ендi мәселенiң бәрiн «Самұрық» пен «Қазынаға» аудара салып, жұмысын жеңiлдеткiсi келетiн сыңай танытты. Ол: «осы екi институт инфляцияның азаюына кәдiмгiдей ықпал жасай алады» деп айтты. Мұнысы ендi езуiңiздi тарттырады. «Теңгенi басып шығару тiке мiндетiмiз емес. Орын алған қатеге жауапты емеспiз» дейтiн Сәйденов ендi тiкелей мiндетiн орындауға да ерiнiп отыр. Ал бұл кезде инфляцияның деңгейi 8,4 пайыздан асып барады.
ҚҰЛАҚ ТҮРЕРЛIК ПIКIР
Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист:
– Әрине, бұл үлкен көрсеткiш те емес шығар. Бiрақ, бiздегi әлеуметтiң ахуалына бiраз әсер етедi. Егер, өмiр сүру көрсеткiшiн есептеп қарасаңыз, ол дегенiңiз тұтынушы кәрзенкесiнiң құны… Тұтыну тауарлары соңғы жарты жылда 12-15 пайызға артты. Яғни, инфляция деңгейi 2 есеге өстi. Демек ол 8, 5 емес, 12 пайызға теңестi деген сөз.
Бiздiң көзiмiзбен қарағандағы экономикадағы жыл оқиғалары осылар болды. Ал ел экономикасындағы қалған салаларда анау айтқандай өзгерiс жоқ. Тұрғын үй рыногiндегi баға шарықтап барады. Сол себептен, ең қымбат баға деп жазғанымыз ешкiмдi таңдандырмайды да. Келер жылы онан да қымбат болуы мүмкiн.
Қазақстан шеттен келетiн жұмысшыларды (ТМД-нiң 150 мың адамын) заңдастырды. Мұны да кеңiнен жазуды қажет деп таппадық. Қазақстан алғашқы жер серiгiн ұшырды. Бұл бiздiң ойымызша «кешiккен жоба» болғандықтан аса көңiл бөлмедiк. Қазақстан «ҚазСатты» бiрнеше жыл бұрын ұшырса, бұлай демес едiк.
Тағы бiр ескеретiн дүние осы жылы қазақ мұнай кенiштерiне Қытайдың қол сала бастауы жөнiнде бiраз сөз болды. «Қытайлардың бiздiң мұнай кенiштерiне аса қатысы жоқ» – деп ресми билiк тойтарыс да бердi. Сондықтан, оны жыл дабырасы деп айшықтай алмадық. Мұнымыз қытайлардың ойлағаны келесi жылы жүзеге асып кетпесiн деген тiлектен туған болуы керек…
Гүлнәр Мұқанова