ШЫҒЫНҒА БАТАТЫН - ҚАЗАҚСТАН...

ШЫҒЫНҒА БАТАТЫН - ҚАЗАҚСТАН...

ШЫҒЫНҒА БАТАТЫН - ҚАЗАҚСТАН...
ашық дереккөзі
263

Былтыр Қазақстан Үкiметi рақымшылық жасау арқылы елiмiзде жүрген жатжұрттықтарды да жарылқап тастаған болатын. Күнi бүгiнге дейiн ҚР «Заңсыз еңбек күшiне рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, бiр ғана Алматы облысында Қазақстанға нан табу мақсатымен келген 19 500 шетелдiк азамат тiркеуден өтiптi. Үкiмет жыл басынан берi заңсыз мигранттарға арналған шараны тағы ұйымдастырды. Бұл жолы берiлген мүмкiндiктердi пайдаланбаған, яғни, дер кезiнде тiркеуден өтпеген өзге мемлекеттердiң азаматтары елдерiне керi қайтарылады.

Отандық бұқаралық ақпарат көздерi таратқан деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың 8 қаңтарынан берi 600-ден астам заңсыз мигрант әкiмшiлiк жауапқа тартылыпты. Егер олар заңды түрде тiркеуден өткенде, 3 жыл бойы Қазақстанда еңбек ету құқығына ие болатын едi. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi көршiлес жатқан елдермен арадағы шекара темiр торлармен бекiтiлмегендiктен, қарулы күзет болмағандықтан, шетелдiктердiң шекараны заңсыз қиып өтулерi мүмкiн екендiктерiн айтады. Босқындардың бастарынан сипап, заңды түрде жұмыс берiп жатқан Қазақстанға ағылатын мигранттар саны уақыт өткен сайын көбеймесе, азаймасы анық. Өкiнiшке қарай, оларды бақылауда ұстап, заңсыз жұмыс күшiне тосқауыл қоятын үкiметтiк құжат жоқ. Есiктен, есiктен болмаса, «тесiктен» ентелеп кiретiн кiрмелердi ұстап алып, әкiмшiлiк жауапқа тартатын қазақстандық көшi-қон қызметкерлерi оларды елдерiне қайтарып жiберумен шектеледi. Әрине, ҚР мемлекетiнiң есебiнен. Мұндайда шығынға бататын, еңбегi еш болатын – Қазақстан. Өйткенi, қазақ полицейлерге «жаздым, жаңылдым, ендi қателiк жасамаймын» деп ант-су iшiп әрең құтылатын шетелдiктер елiне жетiсiмен-ақ, Қазақстанға қайта оралуға құмар. Нан табу әркiмге де оңай емес…

Айтпақшы, 2007 жылы Әлемдiк Банк таратқан деректерде Қазақстан мигранттарды қабылдау жағынан дүние жүзi бойынша алдыңғы қатарда (9-орын) тұрған көрiнедi. Бiрiншi орынды Америка иеленсе, екiншi орын – Ресейдiң, үшiншiсi Германияның үлесiнде екен. Ал бiздiң елiмiз Украина, Франция, Үндiстан, Сауд Арабиясы мен Австралиядан кейiн тоғызыншы орында тұр. Әлемдiк Банктiң баяндамасында Қазақстандағы мигранттардың әсiресе, Орталық Азия мемлекеттерiнен көптеп келетiндiгi көрсетiлiптi.

Негiзi иммигранттардың Еуропа елдерiне ауа көшуi соңғы 15 жылда қатты байқалған. Оған себеп: кәрi құрлықтағы демографиялық қарқынның күрт төмендеп кетуi және жұмысқа қабiлеттi жастарға деген сұраныстың артуы. Туу көрсеткiшi мәз емес орыстар да сырттан келетiн мигранттар көмегiне зәру. Ресей Қап тауының етегi мен Орталық Азиядан ағылатын шетелдiктерге құшағын барынша кең ашуға мүдделi. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан мен Әзiрбайжан сияқты орталықазиялық аймақтың тұрғындары табиғи ресурстарға бай Қазақстанға заңды, заңсыз жолмен өтуге мәжбүр. Демек, қазақстандық көшi-қон қызметкерлерi мен босқындар арасындағы «шайқастың» жуық арада тоқтай қоймасы белгiлi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары