ТАЙБУРЫЛДЫҢ ҚЫРЫҚ ҮШ КҮНДIК КЕМДIГI "НҰР-ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕЛБЕТI

ТАЙБУРЫЛДЫҢ ҚЫРЫҚ ҮШ КҮНДIК КЕМДIГI "НҰР-ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕЛБЕТI

ТАЙБУРЫЛДЫҢ ҚЫРЫҚ ҮШ КҮНДIК КЕМДIГI "НҰР-ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕЛБЕТI
ашық дереккөзі
187

Гиперпартияға айналған "Нұр-Отан" күштi партия болды ма? Елдегi жағдай мен саясаттан аз-маз хабары бар әр адам көзге шұқып көрсетiп, нанымды аргумент айта алмаса да бұл сұрақтың жауабын бiледi. Бiрақ жұртты ойландыратын мәселе басқа — "Нұр-Отанның" елдiң саяси өмiрiнде қандай рөл ойнап, қандай мақсатқа қызмет ететiндiгi. Мұны болжап, нанымды пiкiр айту үшiн партияның қазiргi жай-күйi, iшкi ахуалы, тұтастығы туралы мәселемен қатар "Отан" партиясының о бастағы тарихына аз-кем көз жүгiрткен жөн.

"ЕКI ТIЗГIН, БIР ШЫЛБЫР"

Өткен жылдың күзiнде, алдымен "Асар", екiншi "Азаматтық партия", оның артынан аграршылар "Отанға" барып қосылды. Қосылған үш партия да қаржы ресурсы мол, құрылымдық жүйесi мықты, артында аса бай қаржы өндiрiстiк топтар тұрған саяси ұйым болатын. Банкрот болып, "Отаннан" пана сұрайтын пұшайман халде емес едi. Саяси бағыты бойынша да идеялас, мұраттас деп айта алмаймыз. Партиялардың артында тұрған қаржы-өндiрiстiк топтардың мүдделерi де бiр-бiрiмен ұштасып жатқан жоқ, қайта өзара бәсекелес, күндестiк те бар. Сондықтан билiк партияларын бiрiктiру "қаржы үнемдеу үшiн" немесе "мақсат-мүддесi бiр едi, сондықтан оларды қосты" деген қисынсыз пiкiрлердi есепке алудың жөнi жоқ. Қисынға келетiн екi болжам туралы айтайық.

Бiрiншi болжам. "Бас-басына би болған өңкей қиқымдарды" Н.Назарбаев тәртiпке салып жатыр". Партиялардың бiрiгуiне сарапшылардың бiр бөлiгi осындай болжам айтады. Бұл ойды негiздей түсетiн аргументтер де жоқ емес. Мысалы, "Асар" партиясы саяси аренаға шыға сала, әлеуметшiл идеяларды көтердi, билiктiң әрекетiн сынады. Тiптi, оппозицияшыл болып кеттi. Қоғамның көңiл ауаны "Отанға" емес, "Асарға" ауды. Сол екпiнмен әртүрлi партиялардың мүшелерi, ҚКП-дан В.Землянов, "Отанның" Парламенттегi фракциясының мүшесi Ұ.Елубаев сияқты депутаттар да "Асарға" өтiп үлгердi. Бұл — Н.Назарбаев басшылық жасайтын "Отан" партиясының абырой-беделiне кiр келтiрiп, тұтастығына сызат түсiретiн жағдай ғана емес, билiк элитасын бөлшектеу едi. Билiктiң бiраз дегбiрi кеткенi анық.

Екiншi мысал – осыдан екi жыл бұрынғы дәл Парламент сайлауы алдындағы "Қазкоммерцбанкке" қарсы жасалған ақпараттық шабуыл. Азаматтық партияның ықпалындағы "Экпресс-К" газетi "Қазкоммерцбанк" саяси жобаларды қаржыландырады" деген ақпарат таратты. Артынша "Ақжол" партиясын қаржыландырып отырған — осы банк" деген сөз айтылды. Бұған "Қазкоммерцбанк" 30 миллион доллар көлемiнде салық төлемептi, ендi банкрот болады-ау" деген ақпарат қосылғанда, жағдай тiптi ушығып кеттi. Банк ғимаратының алдына келiп, митинг өткiзген "дегелекшiлердiң" (АИСТ блогы) акциясы әлi ұмытыла қоймаған "Смағұлов және К" компаниясының алаяқ әрекеттерiн халықтың есiне тағы бiр салғандай болды. Ел бiр дүрлiгiп басылды. "Қазкоммерцбанк" басшылары баспасөзде түсiнiк бердi. Ұлттық банк өкiлдерi банкрот болардай жағдай емес екенiн айтып, халықты сабыр сақтауға шақырды. Шынын айтқанда, бұл жағдай "Қазкоммерцбанк" басшысы тек Н.Субханбердинге немесе "Ақжол" партиясына қарсы жасалған соққы емес, Қазақстанның қаржы жүйесiне, жалпы экономикадағы тұрақтылыққа қауiп төндiрдi. Алда-жалда салымшылар мен банк құрылтайшылары арасында тез арада ақшаларын шығарып алуға асыққан дүрбелең басталып кетсе, тек "Қазкоммерцбанк" ғана емес, екiншi деңгейдегi басқа банктер де зардап шегетiнi хақ. Мұның соңы экономиканы тұралатуға апаруы әбден мүмкiн едi. Ресейдегi қаржы дағдарысы дәл осындай "ойыннан" туған болатын. Әрине, тасада тұрып тас ататын мұндай "ойынның" Н.Назарбаевқа да ұнамайтыны анық. Сондықтан ол, қаржысы көп, олигархтық топтардың ықпалындағы партияларды "Отанға" қосып, көзден таса етпей қадағалап отырмақшы.

"Көзден таса етпей қадағалап отырмақшы" дегеннiң астарында бiр гәп бар. Бұл — Н.Назарбаевтың президенттiк соңғы мерзiмi. Саяси сарапшылардың өткен жылғы президенттiк сайлауды "Қазақстан тарихының жаңа дәуiрi басталды" деп айтуы да сондықтан. Қаржылы топтар ендi өздерiнiң президентiн iздестiрiп, қамдана бастайды. Кiм бiрiншi әрекет етсе, сол ұтады. Мұндайда ұрымтал тұсты қалт жiбермей, келесi президенттiк сайлау мерзiмiн күтпей-ақ оқыс қимыл жасайтындар да табылады. Кейде оппозицияшылдар, кейбiр саясаттанушылар Н.Назарбаевтың мерзiмiнен бұрын кететiнiн әредiк-әредiкте айтып қалып жүр. ҚР Конституциясының 48-бабында "Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының төрағасына көшетiнi" жазылған.

"Көзден таса етпей қадағалап отырмақшы" дегеннiң астарында тағы бiр гәп бар. Ресейдiң Қазақстанға ықпалы орасан зор екенi анық. Оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Азаматтық партия мен аграршыларды қолдайтын қаржылық-өндiрiстiк топтардың бизнесi Қазақстанның солтүстiк облыстарында, негiзiнен орыстанған аймақтарға шоғырланған. Ал Ресейде қазiр империялық пиғыл қайта жанданды. Бұрынғы одақты қайта орнатпаса да, Ресей Қазақстандағы позициясын күн санап бекiте беруге бейiл және бұл мақсатқа жету үшiн әрқандай әрекетке барудан тайынбайды. Сыртқы күштермен ауыз жаласып, солардың мүддесiмен орайластырып билiктi алуды көксейтiн iшкi күштер де бар. Олардың қолына саяси құрылым, партия берiп, бас жiбiн бос қою да қауiптi. Сондықтан, Н.Назарбаев "Асарды", аграршылар мен Азаматтық партияны "Отанға" қосты. "З.Нұрқадiлов пен А.Сәрсенбаевтың өлiмiнен кейiн ол осындай шешiмге келдi" деп тұжырымдайды болжам айтушылар.

Екiншi болжам. "Нұр-Отанның" саяси конгломераты – болашақ саяси реформаларға алдын-ала жасалып жатқан дайындық", яғни қайткенде де екi тiзгiн, бiр шылбырды уыстан шығармау, саяси монополияға ұмтылу.

Мұның бәрi әне-мiне басталады деп жүрген саяси реформаға байланысты. Мәселен, Парламент мүшелерiнiң санын екi есеге көбейтiп, оның басым бөлiгi партиялық тiзiм бойынша жасақталады. Көпшiлiк мандат алған партия Үкiметтiң құрамын жасақтайды, Парламенттiң төрағасы сол партиядан болады. Егер дәл осылай бола қалса, "Нұр-Отанға" пара-пар партия болмасы хақ.

Саяси реформа жайында айтқанда оны көптеген сарапшылар, әсiресе оппозиция өкiлдерi, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету-етпеуiмен байланыстырады: егер ЕҚЫҰ-ға төрағылық ету мәселесi оң шешiлсе, онда Н.Назарбаев саяси реформаға барады, әйтпесе саяси жүйе бұрынғыша қала беруi мүмкiн. ЕҚЫҰ-ға төрағылық ету Қазақстанның да, Н.Назарбаевтың да беделiн көтеретiнi анық. Бiрақ бұл — саяси реформа жасауға деген талпыныстың басты мотивi емес. Билiк элитасындағы балансты, тепе-теңдiктiң болуын дәл қазiр тек Н.Назарбаев қана қамтамасыз ете алады. Қазiр оның орнын басатын саясаткер жоқ. Сондықтан, Президент өзiнiң мұрагерiн таңдай алмай отыр. Кез келген адамға ставка жасау елдегi саяси ахуалды ушықтырып жiберуi әбден мүмкiн. Сондықтан мемлекеттi басқарудың жаңа формасына өту керектiгi анық болып отыр.

Бұл жерде мына нәрсенi айта кеткен жөн. Бұрындары әр топ өзiнiң мүддесiн, өз адамдарын Үкiметке тықпалайтын едi. Қалауы орындалмаса, өкпе-наз, тiптi саяси бопсалауға барған кездерi де болды. Мұндай қауiптi ойын келесi президенттiк сайлау мерзiмi жақындаған сайын тiптi асқына түсетiнi анық. Сондықтан қаржы-өндiрiстiк топтардың мүдделерi әуелi партия iшiнде талқыланып, ортақ ұйғарымға келгеннен соң ғана шешiм қабылданады. Қаңтардың 9-ы күнгi болған "Нұр-Отанның" парламенттiк фракциясының жиынында премьер-министрдiң кандидатурасын талқылау осының айқын мысалы бола алады. Бұдан былай "Бас жарылса, бөрiк iшiнде, қол сынса, жең iшiнде" қалатын жер "Нұр-Отан" болады.

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ "НҰР-ОТАН"?

Сөз жоқ, "Нұр-Отан" саны жағынан өстi. Қазiр партия мүшелерiнiң саны миллионға таяу. Iрi өндiрiс орындары мен мемлекеттiк мекемелердiң барлығын қамтып отыр. Министрлер мен облыс әкiмдерi, олардың орынбасарлары, жергiлiктi мәслихат және Парламент депутаттарының бәрi дерлiк — "нұр-отандықтар". Қазiргi "Нұр-Отанның" жайы Кеңестер одағы тұсындағы коммунистiк партияны еске салады. Төрағасы — Н.Назарбаев. Ол қазiр мемлекет басшысы болғандықтан, партияның ағымдағы шаруаларымен айналыспайды. Бұл iспен партия төрағасының төрт орынбасары шұғылданады: Б.Жұмағұлов — бұрынғы "Отанмен" бiрге келген партия функционерi, Д.Назарбаева, А.Перушев, Р.Мадинов — "Отанға" қосылған партиялардың жетекшiлерi.

Бұрынғы "Отанда" төрағаның орынбасары бiреу болса, қазiр бақандай төртеу. Бiрақ олардың бәрi партияға жаңа саяси күш қосып, шырай берiп, беделiн өсiретiндей тұлғалар емес. Тек Д.Назарбаева ғана былайғы жұртқа айбатты болып көрiнуi мүмкiн.

Шынтуайтына келгенде, "Нұр-Отанның" берiктiгi, тұтастығы артқан жоқ. Iшкi алауыздық пен жiкшiлдiк күн өткен сайын күшейе беретiн түрi бар. Оны соңғы бiр ай iшiнде болған екi оқиғадан байқауға болады. Желтоқсан айының 22-сi күнi съезде "Нұр" сөзiн партия атына тiркеуге қатысты мәселеде ескi және жаңа басшылар арасында келiспеушiлiк болды. Дәл осындай қайшылық қаңтардың 9-ы күнi де байқалды. Жаңа премьер-министрдiң кандидатурасы сол күнi алдымен партияның парламенттiк фракциясының жабық отырысында талқыланды. Ертесiнде Парламент депутаттары Президент ұсынған кандидатқа дауыс берiп, мақұлдау керек болатын. "Нұр-отандық" депутаттардың Парламенттегi үлесi 90 пайыз бола тұра қажеттi нәтиженi көрсету үшiн электронды дауыс беру жүйесiне бiреу араласқан. Бұл туралы депутаттар келесi күнi айтты. Яғни, "нұр-отандықтардың" түгелiмен К.Мәсiмовтың кандидатурасын қолдайтынына деген сенiм болған жоқ. Жоғарыда айтылған екi жайттан "Нұр-Отанның" бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын" партия болмайтынын бағамдауға болады. Әртүрлi саяси амбициясы бар адамдардың мүддесiн бiр партияның аясында қанағаттандыру өте қиын. Алда талай мәселе бойынша позицияларды анықтап, тiл табысып бәтуаға келу керек. Егер бұрынғы аграршылардың, асаршылардың немесе Азаматтық партияның артында тұрған қаржы-олигархтық топтардың мүддесi тоғыспай, ортақ мәмiле табылмай қалса не болмақ?! Бұл — "Нұр-Отанның" бөлiнiп-жарылуына апаратын аса қауiптi жағдай. Бұл өткен ғасырда суға батқан алып кеме – "Титаниктi" еске салар едi.

"НҰР-ОТАН" ЖӘНЕ Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақта "Iсiңдi бiреу iстесе, қолың қышып бара ма, сөзiңдi бiреу сөйлесе аузың қышып бара ма?" деген сөз бар. Осы тұрғыдан алғанда "Нұр-Отан" жобасы Н.Назарбаевқа қандай саяси дивидент алып келедi? Бұл сұрақты талқыламас бұрын, бұрынғы "Отан" партиясының құрылу тарихына шолу жасайық. Партия 1998 жылғы президент сайлауы кезiнде Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау штабының негiзiнде құрылды. Сайлаудан соң, штаб тарау керек едi. Бiрақ, олай болмады. Келесi науқанға дейiн керексiз болып қалатынын түсiнген штаб басшылығы президентке оның реформаларын қолдайтын саяси партия керектiгiн дәлелдеп бақты. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевқа оны президенттiк сайлауда жеңiс тұғырына көтерген осы штаб екенiн айтып, бағасын бұлдап, тiптi оның халық алдындағы беделiн онан сайын өсiруге серт берген болуы да мүмкiн. Партия құрып, оған ел президентiн төраға сайлауға белсене кiрiскендердiң денi – жаңа жағдайға ыңғайлана алмайтын, бойына партократтық басқару стилi қатып қалған, нарықтық экономиканың, нарықтық жүйенiң менеджерлiгiне жарамсыз билiк элитасының тобы болатын. Олар көрген-баққанын — Кеңестер одағының әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк жүйесiн демократиялық-нарықтық-құқықтық мемлекет құруға бет алған Қазақстанға тықпалады. Бұл Кеңестер тұсындағы нақты iспен айналысқан атқару комитетi мен заңсыз жанама билiгi бар КПСС-тi еске салар едi. "Отан" партиясын құру туралы идея көтергендер атқарушы билiктен кеткенiмен, Үкiметке және жергiлiктi әкiмшiлiктерге партия арқылы жанама ықпал етудi көздедi. Кейбiрi партияға жеке бизнесiн қорғайтын қалқан ретiнде қарады. Екiншiден, олар партия құруға және саяси күреске шорқақ болатын. Өз бетiнше қоғамға концептуалды идея ұсына алмады. Партияның қоғамда беделге ие болуы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргiзiлген экономикалық-әлеуметтiк реформалардың оң нәтижелерiмен тiкелей байланысты. Президенттiң халыққа арнаған жолдауы, тiкелей эфирге шығуы немесе форумдарда көтерген бастамасы, жалпы iс әрекетi "Отан" партиясына әрқашан салмақ берiп тұрды. Бiрақ, партиялық шаруаның басы-қасында жүрген функционерлер қай бағытта жұмыс iстеу керектiгiн меңзеген Н.Назарбаевтың идеяларын да дамыта алмады. Қайта партия функционерлерiнiң әрбiр орашолақ әрекетi партия төрағасының имиджiн әлсiреттi. "Нұрсұлтан Назарбаев "Отан" партиясына аса дiлгер емес, керiсiнше Назарбаевтай партия төрағасына "Отан" зәру" деген пiкiрдiң қоғамдық санада орнығуы да сондықтан. Ащы да болса, бұл – факт.

Құрылу тарихына қарап "Отанның" пiсiп-жетiлген саяси ойдың жемiсi емес екенiн көремiз. "Көтере алмайтын шоқпарды белiне байлаған" балаңдық синдром партиямен әлi бiрге жасасып келе жатыр. Н.Назарбаевтың етегiнен ұстап айырылмауды күйттеген о бастағы айла партия функционерлерiнiң басты құндылығына, басты идеясына айналды. "Отан" сөзiне "Нұрды" жалғаған да солар. Және партияның атын дәл түркiменбашы С.Ниязов қаза болған кезде ауыстырып жатуы да оңаза ойға жетелейдi. Партияларды қосқанда да "Олардың барлығы Президент Н.Назарбаевтың саяси-экономикалық реформалар бағытын қолдайды. Сондықтан, бөлек отау тiгiп, бас-басына партия болып жүрудiң қажетi қанша?!" деген сыңайда уәж айтылды. Партияларды бiрiктiруден билiктiң ұтылған тұсы да осы. Бұрын "Қазақстанда саяси бәсеке бар, қараңдаршы, қаншама саяси партия емiн-еркiн жұмыс жасап жатыр" деп ауыз толтырып айтуға болатын едi. Ендi ондай сөздi билiк айта алмайды, айтса да сенiмсiз болып көрiнедi. "Нұр-Отан" жобасын жасаған саяси технологтардың бұл әрекеттерiне қарап, олардың қандай мақсат көздегенiн бажайлай беруге болады.

Оразымбет ӘЛIМБЕКОВ,

"Спектр" сараптама орталығы.

Серіктес жаңалықтары