«АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ҮЙI» ТУРАЛЫ АҢЫЗ

«АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ҮЙI» ТУРАЛЫ АҢЫЗ

«АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ҮЙI» ТУРАЛЫ АҢЫЗ
ашық дереккөзі
606
Абылай ханды Ресей патшайымының қанжығасына байлап берудiң құйтырқылары
 

Осыдан бiраз уақыт бұрын республикалық және Солтүстiк Қазақстан облыстық қазақ газеттерiнде жөпелдемете бырсыпыра ақпарлар шықты. «Егемен Қазақстан» газетiнде 2003 жылы «Абылайдың ақ үйi» және «Абылайдың ақ үйi… Аңыз емес, ақиқат!» деген тақырыппен жалаулап шыққан қос мақала оқырмандар арасында айтарлықтай пiкiр туғызды. Тiптi соңғы мақаланың бас тақырыбына «Оны Мәскеуден алдырылған құжаттар толық дәлелдеп бердi» деген қорғасындай салмақты дәйек сөздер де қосылып басылды.

Содан берi Абылай ханның Петропавлдағы «резиденциясы», «ордасы» туралы әңгiме өршiп, тiптi ресми реңк ала бастады. Қаланың Театр көшесiндегi «Абылайдың ақ үйi» аталыпты-мыс деген қос қабат кiрпiш үйдiң қирандысын қалпына келтiруге жергiлiктi әкiмшiлiк Қазақстан үкiметiнен қаржы бөлгiзiп, жұмыс жүргiзiп жатыр дегендi ақпарат құралдары хабарлады. Келешекте бұл «резиденция» қалпына келтiрiлiп, үлкен тарихи-мәдени ғимарат болмақшы. Бiр қарағанда бұның бәрi тарихқа деген ықылас, қайталанбас Абылай ханның әруағына көрсетiлген құрмет болып көрiнетiнi аян. Алайда, бiрқатар тарихшылар осыған күмәнданатын сияқты. Осы уақытқа дейiн Қазақстан тарихнамасында кездеспеген, ауызға алынбаған «хан резиденциясының» аяқ астынан табылуы белгiлi дәрежеде күдiк туғызатыны да рас. Осыған орай газетiмiздiң тiлшiсi Жаңабек Шағатай Абылай ханның өмiрi мен қызметiн терең зерттеген, соның нәтижесiнде 2005 жылы «Астана» баспасынан «Абылай хан. Өмiрi мен қызметiне қатысты құжаттар мен материалдар» атты құнды зерттеу кiтабын жариялаған М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң профессоры, осындағы «Атамекен» этномәдени ғылыми-зерттеу орталығының жетекшiсi Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай мырзамен әңгiмелескен едi. – Абылай ханның Петропавл қаласындағы ордасы, қазiр айтылып жүргендей, «резиденциясы» туралы әңгiме нелiктен ойда жоқта басталған? – Қазақтың ұлы ханы, Қазақ хандығының ХVIII ғасырдың аса көрнектi тұлғасы Абылай туралы аңыз-әфсаналардың санына жету мүмкiн емес. Бұл орайда мен, тiптi, әлемдiк тұлға Александр Македонскийдi еске алар едiм. Солардың бiрi «Абылайдың ақ үйi» туралы аңыз. Бұл аңыздың қашан, қалай шыққанын осы күнi қазып-тексеру мүмкiн емес. Петропавлдың «Қыр қала» деп аталатын бөлiгiнiң «Ой қалаға» iргелес жар үстiнде ХIХ ғасырдың басында күйдiрген кiрпiштен салынған екi қабатты ғимарат болғаны рас. Қирап, бүлiнген жағдайында көрдiк. Астыңғы қабаты керуен сарайы, тауар сақтайтын қоймалар секiлдi. Үстiңгi қабаты кәдiмгi мейманхана тәртiбiмен, қатар-қатар тiзiлген жеке бөлмелер. Осыған қарап, тұрғын үй деуге де келмейдi. Екiншiден, бiрiншi қабаты ертерек салынып, екiншi қабаты үстiне кейiн қондырылған деуге негiз бар. Ең бастысы, бұл 1815-25 жылдары салынған ғимарат. – Сонда бұл үйдiң Абылай ханға қандай қатысы бар? – Мәселенiң өзi осында. «Ақ үй» туралы аңыздың соңына зерттеушiлер ерте-ақ түскен. Бiрақ, бұл ғимаратты қай жағынан да Абылайдың атымен, қызметiмен байланыстыра алмаған. Мен де талпынып көрдiм. Әрине, «сырыққа құрық жалғамай», құжаттарды зерттедiм. Айта кету керек, арғы-бергi қазақ хандарының, басқа да қайраткерлердiң арасында Абылайдың өмiрi мен қызметiне байланысты құжаттардың саны мен сапасына тең келетiн бiрде бiреуi жоқ. Мұны менен басқа мамандар да растайды. – Ендеше, сiз Ресей патшасы кезiнде Абылайға арнап Петропавлда орда салып бергенiн жоққа шығарасыз ба? Ондай үй болмаған ба бұрын-соңды… – Болмаған. Менiң сенiмдi жауабым осы. Дәлел жеткiлiктi. Әуелi Абылай ханның адам ретiндегi, азамат ретiндегi мiнез-құлқын, содан кейiн батыр, сұлтан, хан ретiндегi қызметi мен ұстанған принципi мен саясатын жете тану керек. Мұның бәрi Ресей мен Қытай мұрағаттарында сақтаулы құжаттарды терең зерттеу арқылы танылады. Соңғы екi жарым ғасыр iшiнде жазылып қалған еңбектерден көрiнедi. Солардың бәрiнде алғаш халықаралық саясатқа халық атынан толық өкiлетпен қатысып, Ресей мемлекетiмен келiсiм-шартқа қол қойған 1740 жылдың күзiнен бастап танылған Абылайдың дербестiк ұстанғаны, берi қойғанда Орта жүздi жеке-дара билеп, тәуелсiз мемлекеттiк саясатты дипломатиямен ұштастырып отырғаны айдан анық. «Абылайдың ақ үйi» туралы әңгiме, ең өкiнiштiсi, мiне, Абылайдың тәуелсiздiгiн жоққа шығарады. Қазақстанның Ресейге өз еркiмен қосылуы деген баяғыда-ақ талқан болған негiзсiз қағиданы қайта бықсытады. Сондықтан, мәселенiң анығына жетудiң маңызы зор. Бiр ғана «Ақ үй» әңгiмесiнiң ресми, мемлекеттiк деңгейде өршiп, құлаққа сiңуi Қазақстан тарихнамасына қиянат, елiмiздiң болашақ ұрпағын тәрбиелеуге терiс бағыт беретiн қауiптi ұстаным. Қайталап айтамын, бұл жай ғана әңгiме емес. – Аса шетiн мәселенi қаузап отырғандықтан әрi оқырмандарға түсiнiктi болу үшiн таратыңқырап айтсаңыз. – Ойлап көрiңiзшi, егер Абылай хан Ресейдiң Петропавл сияқты зор бекiнiсiмен жапсарлас жайлы қоныс салдырып алып, бекiнiстiң қорғанынан қазақ даласына қарап тұрған он екi зеңбiректiң ұңғысын қызықтап, қымызын iшiп, жайбарақат жата берген болса – оның не құны бар? Күнi не болар едi?! Шынында Абылай қазақтың ұлан даласын, қалың халқының тағдырын отаршыларға берiп қойып, өзi жылы үйде жан тыныштықпен жатқан ба едi? Жоқ! Бұлай десек, Ұлы ханға жала жапқан боламыз, Абылайды қара басының қамын күйттеген пенде деңгейiне түсiрiп жерлеген боламыз. Абылайды Ресейдiң патшасының қанжығасына байлап беремiз. Халқымыздың сан ғасырлық қаһармандық тарихы алдында күнәға қаламыз… – «Егемен Қазақстан», облыстық «Солтүстiк Қазақстан», тағы бiрсыпыра газеттерде жарияланған: «Алдымен, Ресей патшасы «Петропавл бекiнiсiнiң iргесiнде, жарты шақырымға толмайтын жерде Абылайға 1765 жылы қыстау (резиденция) салып берiптi. Ол әуелде ағаш үй екен. Кейiн тып-типыл жанып кетiп, орнына басқа бiр кiрпiш үй салыныпты», – деген ақпараттың жұртқа тарағанына көп болды ғой… – Әңгiменi шығарып жүргендермен, оны қолдап жүргендердiң тарихтан түсiнiгi аз екендiгiне көзiмiз жеттi. Ал тарихи шындық қандай едi? Осы уақытқа дейiн сақталып келген құжаттар не дейдi? Рет-ретiмен баяндап көрейiн. Абылай сұлтанның Ресейге қазақ даласының бiр сүйем жерiн бермей, халқын тәуелсiз билегенi мәлiм. Қырық жылға тарта Орта жүздi жеке-дара билеп, солтүстiктегi көршiнiң отаршылдық ниетiне табанды қарсылық көрсеттi. Абылай тiрi тұрғанда Ресей, қанша қуатты мемлекет болса да, қазақ жерлерiне қол сұға алмады. Аңысын аңдып, бейтарап стратегиялық саясат ұстанды. Түрлi жоспарлар жасады. Солардың бiрi – «Ресейдiң өз отарындағы ықпалын күшейтуге бағытталған шаралар» едi. Авторы – Сiбiр әскерлерi шебiнiң бастығы генерал-майор фон Веймарн. Ол қызметiне тағайындалған бетте-ақ, 1760 жылы осы жоспарды дайындай бастаған. Қазақ жерлерiн тiкелей шабуылдап, қару күшiмен ала алмайтынын жан-жақты бағамдаған Веймарнның жоспарын 1762 жылы 21-наурызда Ресей сыртқы iстер алқасы қарап, «Сiбiр әскерлерiнiң бастығы генерал-майор Веймарн ұсынған Қазақ ордасында тыныштық орнатуға байланысты шаралар туралы» №318 жарлық қабылдайды. Бiр жарым айдан кейiн Ресейдiң Өкiмет сенаты 1762 жылғы 14-маусымдағы №128 қаулысымен жоғарыдағы жарлықты күшiне енгiзедi. – Мәселеден ауытқып кеткен жоқпыз ба? – Жоқ. Дәл осы құжат «Абылайдың ақ үйi» туралы әңгiмеге тiкелей қатысты. Бұл құжатта не айтылған? Ресейдiң қазақ даласына ықпалын күшейту үшiн: «қазақтардың шамына тиiп, өшiктiрiп алмау», «артық-кемдi қылмыстарын кешiре салу», «шегара iргесiн жайлауға», «өзен бойына (Ертiс пен Есiл.- ред.) мал жаюға рұқсат беру» сияқты кеңшiлiктер жасау көзделдi. Бұларға қоса, қазақтарды отырықшылыққа бейiмдеу, яғни «әлжуаздандыру» (нәзiктендiру, тiптi жуасыту деп те ұғуға болады – изнеживание людей и скота) шараларына кiрiсу. Ол үшiн «қазақтардың беделдi ел ағаларына шегара шебiне ұрымтал жерлерден қора-қопсы салып беру» көзделген. Құжатта жазылғанындай: «Олардың (қазақтардың.- ред.) жақсы аттары мен малы қорада тұрса, шауып дайындалған пiшенмен азықтанса, әлжуазданады. Көп мiнiске төзбейдi. Ал, қораға қамайтын болған соң, малының санын азайтуға мәжбүр болады. Қазақтың күшi де, байлығы да малында. Демек, малды шектейтiн жағдайды ойластыруымыз керек». Мiне, осындай жымысқы саясат заңдастырылып, құжат түрiнде қабылданған. Айтпақшы, Сыртқы iстер алқасының осы мәжiлiсiнiң хаттамасында: «Мұндай жабайы халықты «нәзiктендiру» үшiн талай жылдар керек шығар» деп айтқан бiр мықтының ескертпесi қоса тiркелiптi. Осы құжатта жұмысты тездетiп, «келесi көктемде, яғни 1761 жылы, Абылай сұлтан мен Құлсары батырға үй салып беру үшiн үйшi-балташылар жiберу» туралы айтылған. Көрнектi қазақ ғалымы Телжан Шонанұлы да осыдан 80 жыл бұрын осы құжатпен танысып, өзiнiң «Қазақ жерi мәселесiнiң тарихы» деген еңбегiнде мұны қазақшалап, былай берген: «Қазақты тыншайтып тұрғызу үшiн, бiлдiртпей бiрте-бiрте қазақтың күшi мен байлығының көзi малы мен жылқысын азайту, кемiту керек. Қазақтың малы кемiп, жарлы болса, бiзге қауiпсiз болады. Қазақ амалсыз тынышталады… Қазақ малы пiшенге үйренбеген. Аяғынан жайылуға дағдыланған. Пiшендi алдыңғы кезде малы тамақсынбайды және барлық малына бәрiбiр қазақ пiшен жеткiзе алмайды. Пiшен жетпесе, қазақ жұтайды. Жұтаған қазақты ашуландырмай, қытығына тимей тату тұру керек. Неге десеңiз, бәрiбiр соғысқанмен, әскерiмiз аз, күшiмiз жетпес. Аз әскердiң қазаққа әлi келмейдi», – деп үзiндi алады да, Т.Шонанұлы өз тарапынан: «Осы ойды Сенат мақұлдап, бекiткен. Абылайға, Құлсарыға, Шаншарға, Уәлиге, Нұралыға, Жәңгiрге үй-мешiт салып, ақша беремiн деп, үкiметтiң мейiрiмдi болатыны Сенаттың осы ойымен сабақтас болатын. Абылай мен Құлсарыға үй салуына қанша ақша керек деп смета жасауға бұйрық осы Веймарн ойы бекiтiлген қаулымен бiрге шыққан. Абылай «Құлшанбай» өзенiнiң жағасынан үй салуға ықтияр деп көрсеткен». Алайда, Ресей үкiметiнiң арам пиғылын бiлiп қойған тентек сұлтан Абылай өзiне қоныс салып берудi қолдамайды. «Абылай сұлтан мен ел ағасы Құлсары батыр бұл ұсынысқа көне тұрса да, кейiннен әртүрлi сылтау айтып, тайсақтай бастаған көрiнедi. Қалай болғанда да бұл жоспарды iске асыруға күш салу керек», – деп Ресей әкiмшiлiгiнiң жазысқан хаттарының астарын да түсiнейiк. Екiншi жағынан, Ресей үкiметi Абылайға үй салып беру туралы мәселенi қозғағанда, оны 1760 жылы жоңғарлардан босаған жерлерге, яғни Ресей шегарасынан алысырақ аймаққа көшiп кету ниетiнен қайтару жоспары жатыр едi. Бұл жөнiнде Ресей әкiмшiлiгi Құлсары батыр мен Құлеке батырды қайта-қайта араға салып, Абылайды Ресейге терiс қарау ниетiнен қайтару туралы күш жұмсағаны, оны Көкшетаудан әрi көшiрмеуге әрекет жасағаны тағы мәлiм. Бұл жөнiнде жаңағы Веймарнның: «Абылайға үй салып беруге жұмсалған шығын артығымен ақталады. Қазақтарды Қытайға жақындатпай, тiзгiндеп отыратын боламыз… » деп жазуы тегiн емес. 1764 жылы 9-ақпанда Ресейдiң сыртқы iстер алқасы «Орта жүздiң қазақтарына Ертiстiң iшкi жағына өтiп, мал жаюына рұқсат берудi сұраған Абылай сұлтанның тiлегiне байланысты» генерал-майор фон Фрауендорфқа жарлық түрiнде хат жолдап, тапсырма бередi. Дәл осы құжатта сөз арасында «шегара шебiне жақын жерден өзiне үй ұсақ, малдары мен сәйгүлiктерiне қора салып беруге Абылай сұлтанды көндiрген» генерал-поручик Веймарнның еңбегi туралы да айтылған. Бұдан әрi осы хатта «Абылай сұлтан Көкше тауын жайлады. Сiбiр шебiндегi Петропавл бекiнiсiне шамамен 250 шақырымдай жерде Қылшақты өзенiнiң бойында отыр. Аталған өзен шегара бойынан алыс емес. Абылай сұлтан… басқа өзiне қолайлы деген жердi көрсетсе де, салып беремiз»деп жазылған. 1764 жылы 24-қазанда жазылған мына құжат та бiз көтерiп отырған мәселеге тiкелей байланысты «1761 жылы қазан айында Абылайға тыңшылыққа жұмсалған башқұрт старшыны Шүкiрдiң сөзi: «Абылай оған айтыпты-мыс, Петр бекiнiсiнiң бастығына хат жазып, үй салып беруге балташылар шақырттым және егiн сала бiлетiн адамдар сұраттым». Мұны айтқан Абылай Сiбiр шебiне iргелес, Көкше тауының арасында, Петропавл бекiнiсiнен шамамен 250 шақырымдай жерде тұрады… – Сонда Абылай сұлтан Ресей патшасының өзiне Көкшетау iшiнде қоныс салып берудi сұраған болды ғой… – Жаттанды болған сөздерден арылу қандай қиын десеңiзшi?! Аталмыш құжаттарды көрген зерттеушiлер, тарихшылар бiрiн-бiрi қайталап, «Абылай… сұраған», демек, патша оған мейiрiмi түсiп, жақсылық жасаған деген тезистi мың құлпыртып жүр. Шын мәнiнде мәселе мүлдем олай емес. Тiптi, Абылайға өз өтiнiшi бойынша жылына 300 рубль жалақы тағайындалған деген сөз бар. Қылшақты өзенiнiң бойынан үй салу жөнiнде де осылай. Рас, өтiнiштiң болғаны, тiптi, оның сақталғаны рас. Бiрақ жағдай одан гөрi күрделiрек. Осы өтiнiштердiң қалай жазылғанына көз жүгiртiп қана қоймай, тереңiрек толғап, ойлану да керек қой. Әдетте, өзiне күнi түскен адамға, мейлi хан-патша болсын, жақсылық жасағансып, мәжбүрлеп, өтiнiштi өз қолымен жаздырып алатын жағдай халықаралық қатынастарда жиi кездеседi. Мысалға 1968 жылы Чехословакияға, кейiн Ауғанстанға әскер кiргiзгенде де Кеңес өкiметi тарапынан олардың мемлекет басшыларының «өз сұрауы, өтiнiшi бойынша» деген желеу қолданылғанын ұмыттық па? Абылайдың өтiнiштерiнiң жағдайы да дәл осындай. Жұт жылдары жайылым сұрап, жоңғар басқыншылығына қарсы күресте көмек сұрап, т.с.с. тiлек бiлдiрген Абылайға орыс өкiметi қарсы талап қойып, айталық, жалақы тағайындау жөнiнде, немесе өзiмiз айтып отырған қора-қопсы салып беру жөнiндегi өтiнiштердi мәжбүрлеу жолымен жаздыртқаны архив құжаттарында ашық айтылмаса да, iзi анық сайрап тұр. Мысалы, Абылайға немесе басқа да беделдi ел ағаларына патша әкiмшiлiгi сый-сияпат көрсеткен болып, шай-шекер, кездеме, соқа-сайман, өрнектi қылыш, т.с.с. сыйлықтар жiбередi. Iзiнше қазақ арасына сөз таратып: «Мiне, ханыңыз да, сұлтаныңыз да бiзге кiрiптар, тарту-таралғы алып, көнiп отыр» дегендей, жымысқы саясат жүргiзедi. – Жарайды, солай-ақ болсын. Найза бойламайтын мұндай қулық дипломатияның басты құралы ғой. Сонда Абылай да алданған ба? – Ресей әкiмшiлiгi Абылайға тиiстi өтiнiштi жаздырып алып, 1765 жылы күзiнде Петропавлдан 250 шақырым жердегi Қылшақты өзенiнiң бойындағы Жаңақыстау деген орында арнайы жоба бойынша төрт ғимарат салып бередi. Бұл кешеннiң сызба-жоспары қолымызда. Бес бөлмелi, әр бөлмесi 38,2 шаршы метрден тұратын тұрғынжай, 28,4 шаршы метр 1 бөлмелi кеңсе, осындай аумағы бар қонақ үй және монша салынып, сырты орланып, қоршалған. Кешеннiң ұзындығы 75,77 метр, көлденеңi – 45, 86 метр, яғни 3472,5 шаршы метр жердi алып жатыр. Жобаны жасап, бекiткен және бiткен құрылысты мақұлдаған Сiбiр әскерлерiнiң жаңа бастығы И.Шпрингер. Мiне, 1765 жылы Ресей патшасы Екатеринаның пәрменiмен Абылай сұлтанға салынған ғимарат осы. Ол жылы және одан кейiн де, немесе бұрын да Абылайға арнап басқа жерде үй салынған емес. Басқа қыстауы болған жоқ. Ұлы хан өз өмiрiнiң соңында, 1780 жылы сәуiр айында, өзiнiң Көкшетау баурайында Қылшақты өзенi жағасындағы ордасынан аттанып, оңтүстiкке, Түркiстанға қарай бет алды. Сонда топырақ бұйырды… – Сонда Петропавлдағы «Абылайдың ақ үйi» туралы гу-гу әңгiме қайдан шығып жүр? Оның Мәскеуден табылған дерегi туралы жиi айтылады ғой. – Аңыздың қисынды екендiгiн дәлелдегiсi келгендер кезiнде Ресей астанасы Санкт-Петербургте шығып тұрған «Новые ежемесячные сочинения» деген журналға сiлтеме жасайды. Бұл журналды бiз осыдан 20 жыл бұрын көрiп, бiрнеше санымен танысып шыққанбыз. Журнал алыстағы астана қалада басылған, оны шығарушылардың қазақтар туралы мағлұматы Орынбор мен Омбыдан барған құжаттар төңiрегiнде ғана. Соның өзiнде бұл қалалардың қай жерде тұрғанын да шатыстырып жаза берген. Ал Петропавл бекiнiсi туралы мүлде бейхабар қараңғы екендерiне көзiмiз жеткен. Айталық, журналдың 1795 жылғы 109-санында мынадай дерек берiлiптi. «Петропавл гарнизонының офицерлерi қазақтармен келiссөз шараларына да жиi қатынасатын. Мысалы, 1779 жылы капитан Г.А.Лилигрейн жанына Бикчурин деген тiлмәштi ертiп, Абылай ханға барып, келiссөз тапсырмасын орындап қайтқан едi» . Осы деректiң тарихта болғаны рас. «Капитан Лилигрейн жанына Мендияр Бекчурин (шенi – коллежский регистратор) деген тiлмәштi алып, Абылай ханға Орынбор губернаторы П.Рейнсдорптың хатын апарып берген. Хатта Абылайға жiберiлген хандық куәлiк пен тарту-таралғыны Петропавл бекiнiсiне келiп, қабылдап алу жөнiндегi Ресей патшасының тiлегi жазылған. Алайда, Абылай бұл мәселе жөнiнде өзiнiң бұрынғы ұстанған саясатынан танған жоқ. Қазақ хандығының оңтүстiгiне, ондағы халқын қырғыздардың шабуылынан қорғау үшiн аттанғалы отырғанын хабарлап, сыпайылап хат жазып, Петропавлға баруға «қолы тимейтiндiгiн» айтып жауап бердi. Ал, «елшi» Лилигрейн өзi таяқ жеп қала жаздап, Шыңғыс сұлтаннан көретiн қорлығын көрiп, қайтып кеткен едi . Бұл жағдайлардың бәрi Лилигрейннiң хабарламасында және, Абылайдың хатында жазулы тұр. Ресейдiң Сыртқы саясат мұрағатында сақталып, «ХVI-ХVIII қазақ-орыс қатынастары» деген жинақта жарияланған. Бұл құжаттарды бiз тұңғыш рет қазақшалап, «Абылай хан» деген кiтабымызға қосқанбыз. Осы құжатттардың әрқайсысы да Абылайдың Петропавлда ешқандай «ақ үйi» болмағандығын айғақтайды. Бiр ғана дәлел: «Абылай қанша шақырсақ та Петропавлға келмей отыр… Абылай хан бұдан былай Ресей шекарасына жақын көшiп келмек емес… Абылай хан бiрнеше орыс адамын тұтқында ұстап отыр», тағы осы сияқты құжаттар жеткiлiктi. – Ойдан шығарылған «Ақ үй» аңызының дәйексiздiгiн дәлелдеп, уақыт өткiзгеннен гөрi, осы оқиғаларға байланысты басқа қызықты деректермен «Абылай хан» кiтабынан оқып танысудың қажеттiгiн айтқанымыз дұрыс болар. Әлде бұл кiтабыңыз ел арасына тарамаған ба? – Тараған! «Абылай хан» кiтабы республиканың барлық мектептерiне қосымша әдебиет ретiнде Бiлiм және ғылым министрiнiң 2005 және 2006 жылғы бұйрықтарымен ұсынылған. Мәдениет министрлiгi оны әлеуметтiк маңызы бар әдебиет ретiнде республиканың барлық кiтапханаларына таратуға ұсынған. Алматыда, Ұлттық кiтапханада тұсаукесерi өткен. Республикалық баспасөзде бiрқатар пiкiрлер жарияланған. Жә, негiзгi әңгiмемiзге ойысайықшы. Абылайды Ресей немесе Қытай патшасы, әйтпесе, Жоңғар хандары жақсы көрiп, бауырына тартыпты, құрмет көрсетiптi… Абылай оларға емексiптi деген сөздердi естiсеңiз, әсте нанбаңыз. Бәрi керiсiнше. Қорқау көршiлерiмiз қазақтың кең даласына қызығып, сiлекейi шұбырды. Бiрақ, Абылай тұрғанда қазақ сахарасынан бiр сүйем де жер ала алмады. Шындық – осы! Тарихи ақиқат. Бұған ешкiм де дау айта алмайды. Ал, «Абылайдың ақ үйiн» жалаулатып, оны дүниеқоңыз, тоғышар етiп көрсеткiсi келгендердiң ниетi маған түсiнiксiз. Бәлкiм, тағы да «интернационалистер» шығар… Ол ол ма, Ресей патшасы Абылайдың қазақ жерiнiң бүтiндiгiн сақтау жөнiндегi табанды, принциптi саясатынан сескенiп, «Абылайдың беделiн түсiру үшiн, оған қазақ iшiнен «бақталас» бiреудi тауып, ондай адамды үкiмет тарапынан қолпаштап отыру жөнiнде» Орынбор губернаторына ашықтан-ашық нұсқау бергенi де мәлiм. Қазақтың мұндай әлуеттi ұлы ханын тақтан тайдыруға тырысып-ақ баққан отаршыл ниеттi император арманына жете алмады. Абылай олардың қолына түспедi. Айта кету керек, Ресей патшалығы Абылайдың көзiн жою туралы Сiбiрдегi өкiмет орындары арқылы сан мәрте айла-шарғы ұйымдастырып баққан. Мұндай жаулық пиғылды анық сезген сұңғыла Абылай әуелден-ақ сақтық жасағаны айқын. Сақталған құжаттарда Абылай хан орыс елшiлерiн өз ордасында қабылдамай, Ресей патшасының хаттарын үшiншi адам арқылы алып, жауап берiп отырғаны анық көрiнедi. Тiптi, Орынборға бiрiнiң орнына бiрi келiп, ауысып-түйiсiп жатқан губернаторлардың, генералдардың ешқайсысымен Абылай бетпе-бет кездеспеген. Сондай-ақ, 1742 жылдан бастап не Орынборға, не Петропавл бекiнiсiне ат iзiн салмаған. Орыстың шенi биiк бiрде-бiр әскери адамымен жүздеспеген және нағыз тәуелсiз саясат ұстанған. Қытай империясымен қарым-қатынасы да осындай дәрежеде. Әмiрсанаға байланысты оқиғалар шиеленiсiп кеткенде, Қытай императоры да Абылайды тұтқындауға адамдар жiберу туралы нұсқау берген. Бұл нұсқауының жүзеге аспағанына өкiнген. Бiр өкiнiштiсi, және ең бастысы, осындай шетiн мәселеде шындықты бiлетiн белгiлi тарихшылар, Алматыдағы Тарих және этнология институтының, Шығыстану институтының бiлiктi мамандары кесiмдi сөзiн айтпай отыр. Қорыта айтқанда, қазақтың ардақты Абылай ханын орыстың қатын патшасының қанжығасына байлап берiп, қарап отырамыз десеңiздер, өздерiңiз бiлiңiздер… – Ауыр айттыңыз-ау. Бiрақ, әңгiмеңiзге үлкен рахмет.
Әңгiмелескен Жаңабек ШАҒАТАЙ  

Серіктес жаңалықтары