ДЕМОГРАФИЯ ЖӘНЕ КЕЛIМСЕКТЕР
ДЕМОГРАФИЯ ЖӘНЕ КЕЛIМСЕКТЕР
Былтыр Парламент заңсыз мигранттарды заңдастыру туралы заңды қабылдағаны белгiлi. Биыл сол операцияны қорытындылап, нәтижесiн шығарып жатырмыз. Заңсыз мигранттар бiз күткеннен де асып түскен. Тек Алматының өзiнде 30 мыңның үстiнде мигрант заңдастырылған.
Бiзге осы заңсыз мигранттардан келiп-кетер бар ма? Қазақстанның тұралаған демографиясын сауықтыруға тигiзер әсерi не? Бiз бұл тұрғыдан өз пiкiрiмiздi заң қабылдана салысымен сөз еткенбiз. Әрине, бiздiң пайымдауымызша, заңсыз мигранттарды заңдастыру Қазақстан экономикасына ғана белгiлi деңгейде пайда әкелмесе, өзге әлеуметтiк, рухани тұрғыдан, демография тарапынан ешқандай пайдасы болмақ емес. Қазақстан үкiметi шетелдiк келiмсектердi заңдастыру шарасы ел қазынасына 3 миллиард табыс түсiредi деп күткен. Экономикаға бұдан түскен табыстың қаншалықты екенiн бiлмеймiн, бiрақ, Қазақстандағы заңсыз мигранттардың еселеп артып кеткенi мәлiм. Өткен жылғы тек тiркелгендерiнiң саны 140 мыңға жуықтаған.
Заңсыз мигранттарды заңдастырып ғана қойған жоқпыз, Қазақстанның азаматтық туралы заңын да тым-тым солқылдатып қойдық. Демек, Қазақстан азаматтығын кез-келген сылтаумен кез-келген шетелдiк иеленiп кетуiне мүмкiндiк тудырдық. Азаматтық туралы Заң бойынша, елiмiздiң еңбек рыногы аса зәру шетелдiк сирек мамандық иелерiне Қазақстанның азаматы атану қиын емес немесе тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы жылдарында, экономикалық қиындыққа шыдамай, «тарихи отанымызға қайтамыз» деген желеумен кетiп қалған 3 миллион ұлты басқа бұрынғы КСРО азаматтары да бiздiң елдiң азаматтығын еш кедергiсiз ала алатын болды. Сөйтiп, әлемдегi 200-ге тарта елдiң iшiнде өзгелермен салыстырғанда Қазақстанның азаматтығын алу ең оңай дүние болып қалды. Бұған дейiн де «ұлттар лабораториясы, халықтар достығының озық үлгiсi» атанған Қазақстан ендi де «көп ұлтты, көп конфессиялы» ел болуынан танбақ емес. Кейбiр саясаттанушылар мен демографтардың сөздерiне сенсек, заңсыз мигранттарды заңдастыру немесе оларға Қазақстан азаматтығын беру және басқа да Қазақстан азаматы атануға құштар шетелдiк азаматтарды қабылдау бiздiң демографиямызды сауықтыратын көрiнедi-мыс. Сөйтiп, Елбасы өз Жолдауында алға қойған, 2015 жылы 20 миллионға жету жоспары жүзеге аспақ.
Ең бастысы – бiзге келетiндер кiмдер? Әрине, қара базарда күнiн көретiн – саудагерлер. Олар ешуақытта жергiлiктi жұртпен етене араласып, сiңiсiп кетуге бейiмделмек емес. Американың «Қытай қалашығы» сияқты мұнда келген әрбiр шетелдiктiң де өз қалашығы бой көтермесiне кiм кепiл?! Сөйтiп, жаһандасу заманында Қазақстанның жаңа әлеуметтiк дертi пайда болып жүрмесе нетсiн?!. Қазiр онсыз да кейбiр диаспора өкiлдерiнiң жергiлiктi қазақтарға қоқан-лоқы көрсетiп, жұдырық иiскету шарасы жиiлеп кеттi (бұны содыр жеткiншектердiң өзара қақтығысы десек те, артында ұлтаралық қақтығыс жатқанын ескеру керек).
Өткен сенбiде «Рахат» телеарнасының «Апталық шолу» бағдарламасында осы мәселеге орай өз пiкiрiн бiлдiрген тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев қазiргi заңсыз мигранттарды өткен ғасырдың сонау 30-шы жылдары аштықтан ауған бiздiң қандастарымызбен салыстырады. «Сөйтiп, түрiкмен, өзбек бауырларымызды паналаған, Алтай асып Қытайға барған ата-бабаларымызды жергiлiктi жұрт құшағын айқара ашып қарсы алды, маңдайынан сипады, бiр үзiм нанды бөлiп жедi. Бүгiн ендi сол бауырларымыздың басына күн туып, нан iздеп бiздiң елдi сағалап жатқанында неге бiз олардың кеудесiнен керi итеремiз» дейдi ғалым. Алайда, «Голощекин геноцидi» атанған 30-шы жылдардағы босқын елмен, бүгiнгi заңсыз мигранттарды салыстырудың өзi күлкiлi көрiнедi екен. Қазiр бiзге нәпақа iздеп, күнкөрiс үшiн келiп жатқан көршi мемлекеттiк заңсыз келiмсектердiң өз елiнде басына күн туды дегенге кiм илана қояр екен. Екiншiден, олардың қай-қайсысы да заңды жолмен шекара аттауына болады ғой. Оған кiм кедергi келтiрiп отыр? Үшiншiден, бүгiн нан iздеп келген келiмсек, ертең бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiз үшiн ауыр апат болмасына кiм кепiл? Ұлт мәселесiн бiржақты етiп, ұлттық мемлекеттiгiн бекемдей бiлген Германия мен Францияда өткен ғасырдың басында ағылған жат жұрттықтарды сескенбей қабылдап, тiл меңгергенiне риза болып азаматы атандырған арабтардан бүгiнгi таңда көресiнi көрiп отырған жоқ па? Үй iшiнен үй тiгiп,орнығып алған келiмсектер бiр ғасыр өтпей жатып өз талаптарын қоя бастады. Француз немесе немiс қоғамымен араласып, бiр атаның балаларындай бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарады деген өзге елдiк келiмсектер өздерi паналаған елiнiң халқына сiңiсiп, бейiмделгеннiң орнына ұлт мәселесiн көлденең тартып, ереуiлдетiп жатыр. Франция аяқастынан шыққан дауды баса алмай әлекке түстi. Германиядағы 3 миллион түрiктiң де дүмпуi оңай болып отырған жоқ. Ал, Ресей күндердiң күнiнде дәл осындай әлеуметтiк проблемаға жолығатынын түсiндi-ау деймiн, қара базарларда Ресей азаматынан өзгелердiң сауда жасауына тиым салды. Ресейдiң бұл заңы өмiрге келгеннен берi белгiлi болғаны базарда сатушы болып тұрғандардың денi, тiптi 80-90%-ы десе де болғандай, шетелдiктер екен. Шетелдiк саудагерi бар базар иесi 600 мың рубль айып төлеуге тиiс. Дәл осы айып базар иелерiнiң базарды жауып тастауына түрткi болыпты. Жаңа қабылданған заң бойынша Ресей базарларындағы шетелдiк саудагерлердiң саны сәуiрге дейiн 40%-ға дейiн қысқаруы тиiс, ал 11-сәуiрден бастап ешқандай шетелдiктiң сауда жасауға құқы жоқ. Бұл, бiрiншiден, ел рыногын келiмсектерден қорғау үшiн жасалып жатқан қадам болса, екiншiден ұлттық қауiпсiздiк тұрғысынан қолданылып жатқан шара.
Мемлекеттiгi мығым, төлқұжатында ұлтын анықтауды жойып тастаған Ресей ұлттық қауiпсiздiгi үшiн осындай қадамға барып жатса, көршi Қырғыздар елдегi жұмыссыздардың нәпақасын жеп кететiн шетелдiктердiң сауда жасауына тиым жасау туралы шешiм қабылдады. Қырғыз үкiметi бұны елдегi жұмыссыздардың құқын қорғау үшiн жасап отырмыз деп түсiндiрдi. Демек, көршiлерiмiздiң етек-жеңiн жауып, қымтала бастауы Қазақстан үшiн жақсылықтың нышаны емес. өйткенi, бұл елдерден шығарылған келiмсектер ендi бiзге қарай ағылмасына кiм кепiл? Сөйтiп, шетелдiктердiң тасқыны Қазақстанды жауламай неғылсын? Бұл еңбек рыногын шетелдiктердiң жаулауы өз алдына, ертеңгi күнi ұлттық қауiпсiздiгiмiзге сына қағатын аса қауiптi жағдай.
Жалпы, 2005-2007 жылдары Қазақстанға 1 миллионға жуық жұмыс күшi қажет болатындығы жайлы ақпарат алдын-ала белгiлi болған едi. Ресей шетелдегi қандастарын шақырып, солардың есебiнен жұмыс күшiн толықтыруға кiрiсiп кеттi. Ал, бiздегi жыл сайын оралмандар үшiн бөлiнетiн көшi-қон квотасы еңбек рыногының талаптары тұрғысынан жасалмаған. Шеттегi 5 миллион қазақ бiздiң ел үшiн таптырмас генофонд. Ұлттық қауiпсiздiгiмiз үшiн де, демографиямызды тұралатпау үшiн де бiзге шеттен келетiн көмек көзi бар. Ол – оралмандар. Бiрақ, бiздiң Үкiмет оралмандардың көбiрек оралуына мүмкiндiк жасамай отыр. Оралмандар орала бастаған 1991 жылдан бастап күнi бүгiнге дейiн келген қандастарымыздың саны 1 миллионға әлi жеткен жоқ. Ал, бүгiнде Көшi-қон комитетiне өтiнiш берiп, көшi-қон квотасына енуге ниет еткендердiң саны 40-50 мың отбасы айналасында көрiнедi. Оларды бiрден қабылдап алуға шектелген квота мөлшерi аздық етедi (15 мың отбасы). Аз да болса нәпақа дәметкен қандастарымыз осының салдарынан азаматтық алуға асықпай, кезегi келгенше квотаға енудi күтiп жатыр. Керiсiнше, заңсыз мигранттардың саны бiр жылдың iшiнде 1,5 миллионға жеткен. Ал, жыл сайын оралмандарға бөлiнетiн қаржы игерiлмей қалады. Шеттегi қандастарымыздың еңбек жасындағы жастарын қандай да жолмен тарихи отанына оралуына мүмкiндiк жасасақ, бiз болашақта ұлттық қауiпсiздiгiмiзге төнер қауiптiң алдын алар едiк. Бiрақ, әзiрге бiз бұл тақырыпты жылы жауып қойып, келiмсектердi заңдастыру мәселесiмен айналысып кеттiк.
Есенгүл Кәпқызы