ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ: АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ: АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ: АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?
ашық дереккөзі
189

Таяуда «Таным» пiкiр-сайыс клубының кезектi отырысы болып өттi. Кезектi отырыстың тақырыбы «Ұлттық иделогия: аңыз ба, ақиқат па?» деп аталды. Айтулы жиынға этнограф-ғалым Жағда Бабалық, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәдiлов, саясаткер Болатхан Тайжан, жазушы Бейбiт Қойшыбаев, т.б. қатысты.

Ұлт зиялыларының бiрқатары елiмiзде әлi де ұлттық идеологияның толықтай қалыптаспағанын өкiнiшпен айтты. Шындығы сол, қазақ ұлты өз жерiнде өгей баланың күйiн кешiп отырған жоқ па деген сауал да көкейдi ерiксiз торлайды. Осыған орай Қабдеш Жұмәдiлов: «Ұлттық идеологиясыз ұлт бар ма десеңiз, ол бар. Ол – бiздiң қазақ қана. Бұл дегенiңiз – бiздiң бақытсыздығымыз, қасiретiмiз. Өкiнiшке қарай, ұлттың есесiн жiберуi, асыл қасиетiн жоқтамау бiздiң қазаққа ғана мүмкiн болып отыр. Құлдық стажды ұзарта бергеннен бiрдеңе ұтпаймыз. Iсiмiздiң ақсай беретiнi, өзiмiздiң мемлекеттiк тiлiмiзге немқұрайлы қарайтынымыз, өнерге, әдебиетке немқұрайлы қарайтынымыз – ұлттық идеологияның жоқтығынан дер едiм», – дейдi.

Болатхан Тайжан күнi бүгiнге дейiн Қазақстанда ұлттық идеологияны қалыптастырудың қолға алынбағанын айтады. Өз сөзiнде ол: «Мен 160-180 мемлекеттi аралап көрiппiн. Сол елдерде отыз жылдай тұрып, қызмет iстедiм. Бiрақ Қазақстандай өз тiлiнде сөйлемейтiн мемлекеттi көрген емеспiн. Өз тiлiнде сөйлемейтiн ел басшыларын, өз тiлiнде сөйлемейтiн оппозиция өкiлдерiн көрген емеспiн. Яғни, Қазақстан әлiге дейiн толыққанды мемлекет болып құрылған жоқ. Дұрыс мемлекет болып құрылу үшiн ең алдымен отарсыздандыру саясаты жүру керек» – дейдi. Бейбiт Қойшыбаевтың айтуынша, әу бастан ел тәуелсiздiгiн ең бiрiншi болып жариялағандар – орыстар мен орыстанған адамдар болыпты. Жазушы отарсыздандыру саясатының жүрмегенiн осындай келеңсiздiкпен түсiндiредi. «Билiктiң әр тармағында орыстанған азаматтарымыз отыр. Олар ұлттық идеологияның қалыптасуына жол бермейдi. Олардың өз ұлтына мойын бұрып, соның жоғын жоқтайтын уақыт баяғыда жеткен едi. Бiрақ, олар бұған мән беретiн емес» – деп, өкiнiшiн бiлдiрдi. Қазiрше қазақтың жағдайы осындай өкiнiштi күйде…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары