284
«ШАҢЫРАҚ»: сот залындағы оқыс оқиға
«ШАҢЫРАҚ»: сот залындағы оқыс оқиға
Өткен жылдың шiлде айында Шаңырақ ауылында орын алған жергiлiктi тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыстың жаңғырығы сот залынан бұрқ етiп бiр-ақ шықты. Естерiңiзге сала кетсек, қақтығыс салдарынан полиция қызметкерi Әсет Бейсенов қаза тапқан едi. Бүгiнде «Шаңырақ iсi» бойынша 25 адам жауапқа тартылған.
Үй-күйсiз жүрген – қазақ. Әлеуметтiк тұрғыдан қамсыздандырылмаған – қазақ. «Мемлекеттiк тiл» деген статусқа ие болса да, өз елiнде өгей ұлдың кебiн киген – қазақ тiлi. Жердi заңсыз басып алу, әрине, дұрыс емес. Бiрақ үй-күйсiз жүрген, ашынған қазақ өз елiнен жерге дәмелi болмағанда, қай елден осындай жақсылық көрер екен?! Бәлкiм, дәл осы сезiм «Шаңырақтағы» қазақтарды осындай заңсыз әрекетке итермелеген шығар, кiм бiлсiн… Әйтеуiр, даулы оқиғаға байланысты кезектi сот отырысы шулы аяқталды. Әу бастан сотталушылар «сот процесiне алқа билер қатыссын» деп өтiнiш бiлдiрген едi. Бiрақ iстi қарап жатқан судья бұндай өтiнiштi қанағаттандырмады. Бұған наразылық ретiнде қамауға алынған азаматтардың бiрi Арон Атабек қарнын жармақ болып, iшiн тiлдi. Ал, күдiктiлердiң бiрi Аят Темiрбеков сот залында талып түстi. Күдiктiнiң денсаулығы нашар екен. Оқыс оқиғадан кейiн судья үзiлiс жариялады. Түстен кейiн жалғасын тапқан мәжiлiс Арон Атабек пен Аят Темiрбековтiң қатысуынсыз өтiптi. Бүгiнгi таңда Қазақстанда үй-күйсiз жүрген азаматтардың денi – қазақтар. Бұған да өзiндiк себептер бар. Ең алдымен, бұл кеңестiк заманның ұлттық мәселедегi керiтартпа саясатынан туындап отырған жағдай. Кеңес Одағы тұсында «Қазақстан – ұлттар лабораториясы» атанып, қазақ халқының қалалық жерлерде қоныстанбауы үшiн бар жағдай жасалды. Бүгiнде ауылдардан босып кеткен халық қалаларда тұрып, өсiп-өркендеуге ынталы. Ауыл жағдайына тиiсiлi көңiл бөлiнбеген соң, ауылдық аймақтар қаңырап жатыр. Әйтеуiр, көпке дейiн кришнаитттердiң заңсыз басып алған 66 саяжайы мен 47 гектар жерiне тiсiн батыра алмай келген билiк өкiлдерiнiң Шаңырақты ойрандағанша, қазақ мәселесiне көңiл бөлетiн кезi келген сияқты. Әйтпесе, қазақ тiлiнiң мүшкiл хәлi, қазақ халқының әлеуметтiк тұрғыдан қорғалмауы түптiң түбiнде бұдан да қиын жағдайдың қалыптасуына әкеп соғуы мүмкiн.Кәмшат ТАСБОЛАТОВА