САДДАМ ХУСЕЙННIҢ СОҢҒЫ ЖЫРЫ

САДДАМ ХУСЕЙННIҢ СОҢҒЫ ЖЫРЫ

САДДАМ ХУСЕЙННIҢ СОҢҒЫ ЖЫРЫ
ашық дереккөзі
528

Мұсылман әлемiнiң қасиеттi күндерi – Құрбан айт әрi христиандардың Жаңа жылдық думаны қарсаңында қасiретке толы қатыгез жаза жүзеге асырылған. ХХI-ғасырдағы ең ауыр, сондай-ақ еш қисынсыз жаза болып тарихта қалуы ықтимал. Ақыр соңында Саддам Хусейннiң татар дәмi үзiлiп, жаулары оны дарға асты. Саясатшылар әлемдiк жаһандану, демократия, өркениет туралы күндiз-түнi жақ жаппай әңгiме еткен қазiргi кезде осындай жазаның жүзеге асырылуы әлемдi дiр еткiзген. Бәзбiреулер шаттықтан жүрегi жарылардай күй кешсе, ендi бiреулер шарасыздықтан iштей амалсыз тынған. Тiптi, Саддам Хусейн дарға асылған соң Азербайжанда сегiз жасар бала да өзiн-өзi дарға асыпты. Бейшара бала Ирак басшысының соңғы күндерiн БАҚ-тардан ылғи бақылаумен болыпты. Қалай десек те, әлемде бұл оқиғаға бей- жай қараған, бейтарап қалған адамдар жоқтың қасы. Өмiрi ауыр трагедиямен аяқталған Саддам Хусейндi өзiне қастандық жасаған 148 адамды өлiм жазасына кескенi үшiн айыптап, сол үшiн дарға асқаны мәлiм. Ал 2003 жылы қыркүйекте басталған соғыстан берi бұл елде 700 мыңға жуық бейбiт адамдар мен балалар, жас пен кәрi, әйелдер жазықсыз ажал құшып, миллиондаған баспанасыз қалғандар мен көршi елдерге босып кеткендердiң трагедиясына кiм жауапты?

Иә, Саддам Хусейн жауыз, қанқұмар шығар, бiрақ ол өзiнен гөрi жауыздардың, шектен асқан зорлықтың құрбаны болғаны да шындық. «Жеңiмпаздарды айыптамайды» деген сөз бар, бiрақ тарих бүгiнмен түгесiлiп қала қоймас. Бүгiнгi ауыр үкiм ертеңгi даңқтың басы болуы да мүмкiн. Осыны iштей сезген АҚШ президентi Дж.Буш Иракқа қарсы соғыс бастаудың қателiк болғанын мойындағансыды, бiрақ одан бейкүнә өлгендерге келiп кетер түк жоқ. Тарихы сандаған ғасырға, тiптi сонау Александр Македонский заманынан бастау алатын, адам жанын арбайтын «Мың бiр түн» ертегiлерiне өрнек болған Ирак жерi қанға бөгуде, күн сайын ондаған бейбiт адам ажал құшып жатыр. Елде азамат соғысының өртi лапылдауда.

Соңғы жылдар АҚШ тарихындағы қара әрiптермен жазылған кезең. Дж. Буштың Таяу Шығыстағы ұрдажық, өктем саясатын айыптап отырған американдық демократтардың қазiргi әрекеттерi де әшейiн АҚШ-ты әлем алдында сүттен ақ, судан таза етудiң амалы. Әйтпесе Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) кезiнде мұның бәрiн сарапқа салып, електен өткiзбеуi мүмкiн емес.

Қалай етсе де Саддам Хусейн өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн аузынан Алла, қолынан қасиеттi Құран Кәрiм түскен жоқ. Оның өлiм алдындағы сабырлылығы, ерлiгi мен өрлiгiн жендеттерi де жоққа шығара алмады. Оның осы жайсаң қалпы, жауларына бас имеуi мұсылмандық батырлықтың, Отанның азаттығы үшiн өзiн құрбандыққа шалудың қаһармандық үлгiсi ретiнде бағаланар күн алда. Ол әлден-ақ дiн үшiн азап шеккен, сол жолда құрбан болған әулиелердiң қатарына енiп отыр. Өмiрiнiң соңғы сәтiнде өзiне лағынет айтып, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның ұрпақтарына өлiм тiлеген жендеттерiне қарата айтқан: «Қолдарыңнан келген бар ерлiктерiң осы ғана ма?» деген сабыр мен байсалдылыққа толы сөзi бүгiнде-ақ аңызға айналуда. О, шарасыз құрбандықтары өздерiн аяған жазалаушы жендеттер қандай бейшара едi?!

Саддам Хусейнге осыншалық күш, қайрат берген оның жүрегiндегi нәзiк сезiмдер ме екен?.. Ол ақын едi. Оның қаламынан туған сүйiспеншiлiк жайлы екi романы Ирак, тiптi араб әдебиетiнiң озық үлгiсi ретiнде бағаланған. Әсiресе, «Забиба мен король» атты романы көркемдiк деңгейi жоғары туынды ретiнде кең пiкiр туғызды.

Ирактың бұрынғы президентi «Абу-Грейб» түрмесiндегi өткiзген соңғы күнiне дейiн өлең жазды. Тұтас цикл! Оның ең соңғы өлең-аманаты «Азат ет» деп аталған. Жаныңды жалғандықтан, Отаныңды жауыздық пен құлдықтан азат ет. Жауларыңа бас име! Ол өз өлеңiнде жат жерлiктерге жан аямай қарсылық көрсетiп жатқан отандастарына алғыс, халқын сатқандарға лағынет айтады.

«Азат ет» жыры ежелгi гректердiң пеан өлеңi үлгiсiнде – жеңiс әнi, өмiр мен өлiм арпалысқан сәтте көсемнiң өз жақтастарын рухтандырған жеңiс әнiне ұқсайды. Жат жерлiктердi қорқауға теңейдi, «Баас» партиясына, түбiнде оның жеңiске жетерiне сенедi.

Әсiресе, оның «Отанымызды ойран қылған опасызға, бейшара, Елдiк пенен ерлiктiң көрсетейiк не екенiн!» деген асқақ жыр жолдары оның сағы сынбағанын аңғартады.

А, ұлы Ирак!

Саған деген махаббаттан жаралдым,

Саған деген сағыныштан нәр алдым.

Ендi оны жасыра алмас ешбiр жан,

Даңқыңды да саған сенгендiктен асырғам.

Дәрi-дәрмек ем болмайды пендеге,

Жанға дәрi аппақ гүлге бас ұрғам.

Сен туым едiң, ерлiк едi күткенiм,

Мен тұлпардың тұяғы едiм, мықты едiм.

Жан сергiтер самал едiң, мен болсам

Сол самалға сүйсiнуден тiктелдiм.

Отандасым!

Болса егер жатжұрттықтар жазалар,

Менiң жаным тек сенiмен тазарар.

Партиямыз жас бұтақ қой көктеген,

Қара жерге тамыр сап, көк аспанға беттеген.

Өлеңмен өлең тоғысса толқып құлақта,

Дертке дәру емес қой ол бiрақта.

Ендi бiзде жадау жай жоқ қамығар,

Заманның да бiр бұрауы табылар.

Жаулар мейлi қақпан құрсын жолыма,

Тұзақ салсын оңыма да, солыма.

Айтқандары шылғи жалған болған соң,

Жеңiледi түбiнде, жеңiледi.. сорына.

Жалбарынып жаратқанға қолға алсақ

Талқандаймыз оларды тат жегендей құрышты.

Себебi ме? Себебi,

Бiздiң әдiл қалпымыз,

Сол баяғы күйiнде атақ-даңқымыз.

Сондықтанда өзiмiздi санамаймыз әлсiз деп,

Қуат берер сәл жасысақ ата-баба салтымыз.

Өмiр деген бiр орында тұрмайды,

Ойламайық өткен түн мен күн жайлы.

Бостандыққа апаратын жолдар қайда бiлдiң бе?

Жауға құлық ұратындар жас төгедi түбiнде.

Кеудемiздi қорқауларға ашсақ та,

Тiзелер көп дiрiлдемес бұл күнде,

Қарсы тұрар қиын iстер алда тұр!

Күшiңдi жый, сұңқарларым, сiлкiн де!

Антұрғандар қайдан бiлсiн ел кегiн,

Қара тасты үгiтердей шеңгелiң.

Елiмiздi ойран қылған опасызға, бейшара.

Елдiк пенен ерлiктiң көрсетейiк не екенiн.

Қара судай суып кеткен жанарың,

Қаншама жыл бiтелдi ғой тамағың.

Халқым үшiн еркек тоқты құрбандық,

Құрбандыққа мен өзiмдi шаламын.

(Аударған – Болат Шарахымбай).

Бұл елдiк, өрлiк, ерлiк жыры! Дәл осындай рухы биiк, асқақ жырлар алаштың ұланғайыр даласында да талай мәрте шырқалған едi-ау. Қайсар қазақтардың сәйгүлiктерiнiң болат тұяқтары Шығыс пен Батысты дүбiрлеткен даңқты күндерде! Алау басында отырған далалықтардың әнi түн түнегiн түрiп, жұлдыздарды тербегенде. Айхой, ендi қайта айналып келмес, аңызға толы алтын кезең ғой.

Бiр жайтқа назар аударған жөн шығар, осыған дейiн Ирактағы бейбiт өмiрдi қалыптастыруға көмектеседi делiнiп келген қазақ жауынгерлерiнiң бұдан әрi – Саддам Хусейннiң масқара өлiмiнен соң бұл елде қалуының еш мағынасы жоқ. Осы елде орын алған әдiлетсiздiк, зорлыққа бiздiң отандастарымыздың да жанама қатысы барлығы бұдан былай орынсыз. Араб, жалпы мұсылман әлемi алдында жүзiқара болуымыз мүлдем тиiмсiз. Бiз Иракты басқарып тұрғанда қолын күрдiлер, шииттердiң қанымен былғаған Саддам Хусейндi қаһарман демеймiз. Бiрақ, өз халқын аямай езгендердiң тағдыры осылай аяқталуы да мүмкiн.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары