ӨЗ АҒАМДАР НЕГЕ ӨЗДЕРIНЕ БҰРА БЕРЕДI?

ӨЗ АҒАМДАР НЕГЕ ӨЗДЕРIНЕ БҰРА БЕРЕДI?

ӨЗ АҒАМДАР НЕГЕ ӨЗДЕРIНЕ БҰРА БЕРЕДI?
ашық дереккөзі
337

Тәуелсiздiгiмiздi, елдiгiмiздi танытудың бiрден-бiр жолы, ол – елдiмекен, жер-су атауларының мемлекеттiк талапқа сай, жергiлiктi халықтың үдесiнен шыға бiлердей, мемлекет және қоғам қайраткерiнiң, халық батырлары мен өнер адамдарының немесе осы елдiң өсiп-өркендеуi жолында өлшеусiз үлес қосқан азаматтарымыздың аты-жөндерiмен аталуында емес пе? Бұл барлық мемлекеттерге тән көрiнiс.

Қазақстанда 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкiлдерi тұрады. Егер солардың бәрi өздерiне бұра тартып, елдiмекен, жер-су, мектеп, көше атауларына өз ұлтының бетке ұстар ғұламалары мен қайраткерлерiнiң аты-жөндерiн бере берсе не болады? Онда бiздiң тәуелсiздiгiмiз бен елдiгiмiзден не пайда? Бұл дегенiмiз, өзi туып-өсiп, осы жердiң нанын жеп отырған өзге ұлттардың жергiлiктi халықты, олардың елдiгiн сыйламауы емес пе? Бiзде бiр жаман әдет бар, өзгенiң қас-қабағына қараймыз деп жүрiп, қашан да несiбемiзден қағылып жүргенiмiз. Жә, тым тереңдей бермей тоқетерiне көшейiк.

Сайрам ауданы – облыстағы бiрден-бiр iрi аймақ. Халқы көп. Мұнда да 54 ұлт пен ұлыстың өкiлдерi тату-тәттi тұрмыс кешуде. Қазақтардан кейiнгi үлес салмағы көп ұлттың бiрi – өзбектер. Сайрам, Қарабұлақ, Манкент, Қарамұрт ауылдық округтерiнде тұратын халықтың 80-90 пайызы өзбек ұлтының өкiлдерi. Және Көлкент, Арыс, Қаратөбеде бұл ағайындар жарым-жартылай қоныстанған. Ал, осы оркругтердi көше, мектеп атауларының, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету орталықтарының 90-95 пайызының атауы тек өзбекше екенiне не дейсiз. Рас, Абайдың, Мұхтардың немесе Жамбылдың атында көшелер бар, бiрақ бұл атаулар шеткi көшелерге бұйырған да қалғанының барлығы дерлiк өзбек халқының мақтанышына айналған Хамза, Науаи, Атои, Беруни, Ұлықбек, Сареми т.б. тұлғалардың атымен аталады. Аудан бойынша 100-ден артық мектеп бар. Сол мектептердiң тең жартысынан астамында өзбек балалары оқиды. Солардың арасында Жамбыл, Қонаев, С.Рахымов және Сәтбаев атындағы 4 мектеп қана қазақ халқының мақтанышына айналған тұлғалардың атымен аталса, өзгелерi түгелдей дерлiк өзбек халқының белгiлi адамдарының немесе бiзге қатысы жоқ атаулардың атымен аталып келедi. Кейде ойлаймын, неге өз-ағамдар ат қоярда жергiлiктi ұлттың ерекшелiктерiн ескере бермейдi. Қазақстан, Тәуелсiздiк, Желтоқсан, Астана, Бәйтерек атауларын қолданса оларға бiреу қой деп пе, қайта қуанбаймыз ба? Жоқ әлде, олар Қазақстанда емес, өзге мемлекетте тұрып жатқандай әсерде ме? Қазақстанда тұратын әрбiр ұлт өзi тұрып жатқан елдi, жердi, сол елдiң заңын, салт-дәстүрi мен мәдениетiн, тiлiн, дiнiн сыйлай бiлу керек емес пе? Оларда ұлттық рух болғанымен, қазақстандық патриоттық сезiм неге болмайды? Неге бүгiнгi ұрпақ өзi тұрып жатқан мемлекеттiң тәуелсiздiгi жолында бастарын бәйгеге тiккен ұлт батырларының, қоғам қайраткерлерiнiң есiмдерiн емес, өзге елдiң ғұламалары мен ақын-жазушыларын көбiрек бiлуi тиiс? Әйтпесе, аудан көлемiндегi Хамза атындағы 3 мектептiң бiреуiне Қайрат Рысқұлбековтың, бiреуiне Қажымұқан Мұңайтпасовтың атын неге бермеске? Сол мектептiң оқушыларынан Қайратты да, Қажымұқанды да сұрап көрiңiзшi, бiлмейтiндерiне бәс тiге аламын. Есесiне, Хамзаны бес саусағындай бiлiп, сайрап тұр. Айтқан жерден аулақ, ел басына күн туа қалған жағдайда бойларында отаншылдық рухы жоқ жастар Отан қорғау үшiн қолдарына қару алып, жауға қарсы шаба ала ма? Менiңше, Қазақстанды Отаным деп бiлетiн әрбiр ұлт өзiне бұра тартпай, қашанда жергiлiктi халықпен бiрге бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруға мүдделi. Өзбекстанда бұндай мәселе заңды тұрғыда, жергiлiктi халықтың талап-тiлегiмен ескерiлiп, шешiлiп жатады. Бiзде неге олай емес? Күнi кешегi Атыраудағы, Шелектегi оқиғалардың астарына тереңiрек үңiлiп қарар болсақ, осындай, өзгелердiң жергiлiктi ұлтты көзге iлмеушiлiк пиғылдары жатқан жоқ па? Мұның астарынан саяси iлiк iздеудiң де қажетi жоқ. Бұл – iргелi де мықты ел болуымыз үшiн, өзгелерге өзiмiздi таныту үшiн, бесiгiмiздi түзеудiң бiр ғана жолы.

Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам ауданы

Серіктес жаңалықтары