ҚАЗАҚ АУЫЛЫ ҚАЛАЙ ТОНАЛЫП ЕДI?
ҚАЗАҚ АУЫЛЫ ҚАЛАЙ ТОНАЛЫП ЕДI?
Ауылдан қалаға бет алған көштiң толастайтын түрi көрiнбейдi. Статистер соңғы 10-15 жылда ауылын тастап қалаларға көшiп кеткен жандардың саны 1,5-2 миллионға жеттi дейдi. Күнi кеше ғана алдында азды-көптi жерi болған шаруалар жерiнен айрылған соң, қаңыраған ауылдарын тастап, қаланың жұмыссыздары мен баспанасыздарының қатарын көбейтiп жатыр. Қазiр ауылға бара қалсаңыз, әр түтiндi күзетiп қалған кемпiр мен шалды көресiз. Мұның бәрi Қазақстанның нарықтық қатынастарға солақай түрде өтiп, жекешелендiрудiң бiржақты түрде жүргiзiлгендiгiнiң салдары.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, ауылшаруашылығы мәселелерiнiң майын iшкен ғалым Тоқтар Есiркепов ауылдың тоналуын былайша еске алады:
— Бiздiң мемлекет нарықтық қатынастарға өткен кезде, нарықтың негiзiн қалаймыз деп ең алдымен жекешелендiру процесiне бел шеше кiрiстi ғой. Ең алдымен, совхоз, колхоздар таратылды. Олардың орнына нарықтық құрылымдар: АҚ (акционерлiк қоғам), ЖШС (жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк), бiр сөзбен ұйымдық кәсiпорындар құрыла бастады. Малти бiлмейтiн жас баланы суға лақтырып жiбергенмен бiрдей процесс едi ол. Мен осы реформалардың басынан аяғына дейiн қатыстым. Ол кезде ғылыми-зерттеу институтында жұмыс iстейтiнмiн. Жекешелендiру кезiнде ауылдарда реформалар дұрыс жүргiзiлмедi. Нарыққа өту дегенiмiздiң өзi алапат, үлкен процесс болғанымен бiзде көбiнесе жекешелендiруге көңiл бөлiндi. Үкiметтiң халыққа ұстанған саясаты: «Мүлiктiк, жер үлесiңдi алдың ғой. Ендi саған не керек?!» — секiлдi болды. Ауылды нарыққа өткiзу үшiн жоспарлы, кешендi бағдарламалар қажет тұғын. Бiржақты саясатқа иек тiреп, процесс бұлайша жүргiзiлмеуi керек едi. Мәселе мынадан басталды: мемлекет 1994 жылға дейiн астық, ет өндiрушiлерге мемлекеттiк тапсырыс берiп тұрды. Бiрақ, бағаны еркiн айналымға жiбермедi. Ал техника, жанар-жағар май секiлдi қажеттi нәрселердiң бағасы шарықтап кеткен. Ауыл шаруашылығы өндiрушiлерiнiң өнiмдерi үшiн беретiн бағаны мемлекеттiң жасанды түрде, қолмен ұстап тұруын сол кездегi премьер Терещенко: «Бiз қалалықтардың жағдайына бiрден керi әсер етпесiн деп, ауылдағы өнiм бағасын босатпай отырмыз» деп түсiндiрдi. Сонда, қалалықтардың мүддесi үшiн ауылдықтардың мүддесiн құрбандыққа шалған саясат болды бұл. Жақсы, ендi бұл бәрi жекешеленiп кеттi. Бөлiп алды. Бiрақ, қалтасында ақшасы, алатын несиесi, Үкiметтiң көмегi болмаса, жаңадан ғана құрылған қожалықтың шаруасын дөңгелетiп әкететiн қауқары қайдан болсын. Олар жерге қарап қалды. Сол кезде мемлекет мүмкiндiк тауып, дұрыс жол ұсына алмады. Болмаса, жолдар баршылық едi. Мемлекет осы бiржақты саясаттан 1991-ден 2000 жылға дейiн айныған жоқ. 1991 жылы мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру туралы арнайы заң қабылданған. Ол заң жер мәселесiн қарастыратын жалпылама заң болғанымен, сонда бiр-екi ерекшелiктер туралы параграфтар болды. 1991 жылы Жоғарғы кеңес депутаттары «Ауылшаруашылық кәсiпорындарының мүлкiн жекешелендiру туралы» арнайы жеке заң дайындайық деп мәселе көтердi. Ол кезде қазiргi «Ауыл» партиясының төрағасы Ғ.Қалиев бiзге «Балама заң дайындаңдар» деп тапсырма бердi. Сөйтiп, заң дайындайтын екi жұмысшы тобы құрылды. Бiрi – Жоғарғы Кеңесте, екiншiсi – бiздiң институтта. Үш маман болып (Әзiмхан Сатыбалдин, Мұрат Жақыпбеков және мен) дайындаған балама заңымыз Жоғарғы Кеңес дайындаған заңнан өзгешерек болып, бiздiң заңымызды қолдады. Заңның соңынан қырық шақты автор тiркелдi. Бiздiң негiзi идеямыз: ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң өңдеушiлер алдында қол жаймауын қамтамасыз ету едi. Ауылшаруашылығында дайындаушы, өңдеушi кәсiпорындар болады. Өңдеушi кәсiпорындар көп қой әр салада: элеватор, ет комбинаты, техниканы жөндейтiн болып бөлiне бередi. Мiне, соның иелерi қашанда ауыл шаруашылығы өндiрушiлерiн қанап келген. КСРО-ның кезiнде де солай едi. Ал Батыс елдерiнде өнiм өндiрушiлер өңдеушi, дайындаушы кәсiпорындар акцияларының иесi болады. Бiзде керiсiнше, өнiмдi өндiретiн шаруа өңдеушi монополистiң қолына қарап қалады соңында. Тiптi, өнiм өндiрушiнiң пайдасы болмаған кезде де, өңдеушiлер шылқып байып жатады. Мiне, бiз өңдеушi кәсiпорын акцияларының 51 пайызы өнiм өндiрушiлердiң қолында болсын деп ұсыныс жасағанбыз. Ғ. Қалиев «сендер дайындаған заң жобасын Президент қарайды» деп айтқаннан соң, заң жобасының негiзгi авторлары жиналып, Президент алдына бардық. Төрт сағат бойы осы заңды талқыладық. Ойымызды Президент қолдады. 1992 жылдың қаңтарында Президентпен кездессек, ақпан айында оның арнайы Жарлығы шықты. Бұдан кейiн 1993 жылдың наурыз айында тағы бiр жарлығы шықты. Ол жарлықтың шығуына да бiздiң дайындаған құжатымыз себеп болды. Бiрақ, Президент бiздiң ұсынысымызды қолдап, екi жарлығын шығарғанымен, 1995 жылы екi жарлығының да күшiн жойды. Ол жарлықтарының күшiн жоюға ынталы топтар әсер еттi деп ойлаймын. Яғни, ауылшаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң жұмысына қатысты ең басты «51 пайызды тауар өндiрушiлерге беру деген норма» алып тасталынды. Элеваторлардың акциялары аукционға қойылды. Ол аукционда қалталылардың асығы алшысынан түстi. Қазiр мына Терещенко, Мадинов, Рамазанов (соңғы екеуi Парламент депутаттары) дегендер сол жердiң өнiм өңдеушi кәсiпорындарын өздерiне қаратып алған. Ал жаңағы кәсiпорындардың бiр бөлiгi купон қорларына салынды. Сол кезде 168 купондық қор құрылса, экономикадағы 1770 кәсiпорынның 51 пайыздан астамы купондық аукционға қойылды. Бiрақ, купондық қорлардың басым көпшiлiгi кейiннен халықты дымсыз қалдырды. Бұған да билiктiң ықпалы бар. Қазiр тек ғана «Бутя-Капиталды» тексеруде. Қалған жүз алпыс сегiз қорды неге тексермейдi? Мен қазiргi компания, банктер орналасқан офистердiң кiмге тиесiлi екенiн бiлемiн. Бұлардың барлығы кезiнде купонға салынған ғимараттар. Сол компаниялар қазiр де ешқайда кете қойған жоқ. Кейбiрi, банкрот болған да шығар, кейбiрiнiң жабылуы да мүмкiн. Бiрақ, Үкiмет сол купондық қорларға қатысты есебiн әне беремiз, мiне беремiз деп ақыры сиырқұйымшақтандырып жiбердi. Билiктегiлер сол кездегi ахуалды: «Уақыт сондай едi. Капитал алғаш пайда бола бастаған сәтте солай болады. Мәселен, Англия да осыны бастан өткерген. Алғашында жеңiл өнеркәсiп дамыды делiк, сосын оны ұстап тұру үшiн жүн керек болды. Жүндi өндiру үшiн мал басын көбейту қажет едi. Ал мал басын көбейту үшiн шаруаны жерiнен ығыстыру керек болды» деп түсiндiрiп, ақталмақ та болады. Бiрақ, бiзде Англиядағыдай жабайы капитализм болған жоқ қой. Бiзде қанша кәсiпорын бар, соның барлығы да мемлекеттiң меншiгiнде едi. Сондықтан, мемлекеттiң өзiн өзi ақтап алғысы келуi дұрыс емес.
1995 жылы президент өз жарлығының күшiн жойғаннан кейiн өңдеушi кәсiпорындардың акцияларының барлығын дерлiк белгiлi бiр топтар қолдарына түсiрдi. Қазiр «Цесна» деген астық өндiретiн компания бар. Ол компанияның өз банкi бар. Яғни, арнайы бiр жүйе қалыптасты.
— Яғни барлығы билiкке барып тiреледi ғой…
— Иә, онсыз болмайды. Кез келген қаржылық топтардың қолдаушылары мен сүйемелдеушiлерi сондай жерлерде отырады. 1994 жылы колхоз-совхоздың бәрi тарап, олардың орнын ұжымдық шаруашылықтар басты ғой. Ал 1995 жылы «Азаматтық кодекс» қабылданды. Бiрiншi сәуiрден бастап, «ұжымдық» деген форманы алып тастап, оның атауын өндiрiстiк кооперативтерге ауыстырды. Өндiрiстiк кооперативтер 1997 жылға дейiн өмiр сүрдi. Жекешелендiру процесi 1997 жылы аяқталды. 1998 жыл есiгiн ашты. Ал сол жылы 4 мыңнан астам ауылшаруашылығы кәсiпорыны (АҚ, ЖШС, өндiрiстiк кооперативтер) болса, соның 86 пайызы банкроттық жағдайда отырды. Мiне, жаңағы «өз күнiңдi өзiң көр» дегеннiң нәтижесi осындай. 1998 жылы сол банкротта отырған 86 пайыз кәсiпорынды сауықтыру жайлы Үкiметтiң арнайы қаулысы дайындалды. Бiз «банкрот болған кәсiпорындарды орнына келтiру үшiн заңдық сүйемелдеу қажет» деп жаздық. Ал заң болса, қабылданбады. 1996 жылы Үкiмет ауылшаруашылық кәсiпорындарын банкрот жасау туралы қаулы шығарыпты. Бiз бұл қаулыны ауылшаруашылығы кәсiпорындарына қолдануға болмайды деп айттық та, жаздық та. 1997 жылы сол кездегi премьер Қажыгелдинге ауылшаруашылығы кәсiпорындарын сауықтырудың ерекшелiктерi жайлы арнайы заң қабылдатайық деп ұсыныс түсiрдiк. Қажыгелдиннiң өзi бас болып, уәде бердi. Премьер оны өз Үкiметiнiң бағдарламасына да енгiзген. Бiрақ, заң қабылданбады. Ал 1998 жылы соның кесiрiнен, ауылшаруашылығында жаппай банкрот орын алды.
— Қажыгелдин Үкiметiнiң ол заңды қабылдамауының астарында не жатыр едi?
— Қажыгелдин кеткен соң, Үкiмет 1998 жылы ауылшаруашылық кәсiпорындарын сауықтыру туралы басқа қаулы қабылдады. Ең бастысы, Үкiметте отырған ынталы топтардың әсерi болды. Өйткенi, олар жаңағы колхоз, совхоздардың жерiне көз сатып отырған. Шаруашылықтар банкрот болған жағдайда олар үшiн жер иеленуге мүмкiндiк туар едi. Таратып айтайын: сол кезде сауда капиталы пайда бола бастады. Капитал иелерiнiң көзi жерге түскен. Егер қаулы қабылданса, шаруашылықтар банкроттық жағдайда жетпейтiн едi. Ал әдейi банкрот жасағандар немесе Үкiметте отырған ынталы топтар қаулыны қабылдаттырмауға барын салды. Шаруашылықтардың мүлкi, яғни активi оның пассивiнен, қарызынан аз болған жағдайда банкрот болып жарияланады. Бұл кезде қарыз берушiлердiң тасы өрге домалайды. Жаңадан шығып жатқан банктер, коммерсанттар инвестор деген атпен келiп, қарыз бере бастаған. Қарыз беруiнiң жолы мынадай: ауылда көктемде егiс басталады. Ол кезде жанармай, тұқым ең басты қажеттi тауарға айналады ғой. Инвестордан 2-3 есе артық бағасына тұқым, жанар-жағар май алған шаруа оны қайтара алмаса, бүкiл дүниесi, жерi сол инвестордың иелiгiнде қалады. Сөйтiп, банкрот болады. Заң қабылданбауының себебi: Үкiметтегi ынталылар мен сауда қаржылық топтар шаруашылықтарды банкроттан алып шығуға мүдделi болмады. Мiне, сөйтiп, 4 мыңнан астам ауылшаруашылығы кәсiпорынының 86 пайызы банкроттық жағдайда қалды. Үкiмет оларды, сауықтыруды аса қажет етпейтiн, сауықтыруға келетiн және мүлде шамасынан айрылған яғни, жабылатын кәсiпорындар деп 3-ке бөлiп қарастырған.
Мына Павлодар облысында 130 кәсiпорынның 48-i сауықтыруға болмайтын болып қарастырылған. Кейiннен байыптап көрсем, 48 кәсiпорынның иелерi бiр күнде өзгерiп шыға келген. Бұл дегенiмiз кәсiпорындар инвесторлардың жемсауына түсiп кеттi деген сөз. Болмаса, сол кәсiпорындар күнi кеше ауылдағы жекешелендiру кезеңiнде құрылған едi. Бүкiл нәрсе сол колхоз-совхоз тұрғындарына бөлiп берiлген-дi. Мiне, солар дымсыз қалды. Яғни, 1998 жылы ауылшаруашылығы жерлерiнiң иелерi 100 пайызға дейiн өзгердi. Мiне, «сауықтыру жайлы» қаулының кесiрi осылай болды. Ал көршiмiз Ресей ондай қадамға бармады.
1997 жылы жекешелендiру процесi бiткеннен кейiн де, Үкiмет осылайша халықты нарықтың шырмауына салып жiбердi. «Өз күнiңдi өзiң көр» дегеннiң екiншi кезеңi едi бұл. 1998 жылы кредиторлар инвестор болып келiп, меншiктiң иесi атанды. Сөйтiп, өз меншiгiндегi дүниенi, жердi ЖШС-ға айналдырды. Қазiр, әсiресе, Қазақстанның солтүстiгiндегi астық зоналарының бәрi ЖШС қарамағында. 40 мыңнан 100 мыңға дейiн гектар жерлерi бар. Яғни, латифундистер жердi алуға бiраз дайындалған. Өндiрiстiк кооперативтердi банкротқа ұшыратып, кейiн ТОО- ға айналдыруының себебi сол. Сосын меншiк иесi дегендi жеке немесе заңды тұлға етiп өзгерттi. «Жер кодексi» қабылданған кезде депутат Әбiлқасымов Әдiлет министрлiгiнен ауыл шаруашылығындағы 100 iрi кәсiпорын иелерiнiң тiзiмiн берудi талап еткен, сонда көргенiм. Iрi шаруашылықтардың иелерi 1-2 адамнан ғана келедi.
— Сiз марқұм Марат Оспанов Үкiмет басына келгiсi келiп, арнайы бағдарлама түздi, сол бағдарламаны жасадық деген едiңiз….
— Иә, ондай жағдай болған.
— Қазiр Үкiмет басшысы премьер болып тағайындалғаннан кейiн бiр айдан соң ғана бағдарлама жасайды. Ал ол кезде премьерлiкке тағайындалмаса да, М.Оспановтың алдын ала бағдарлама жасағанын немен байланыстыруға болады. Дәл осы мәселе тұрғысынан қарағанда, ашықтық, демократиялық ахуал сол кездегiмен салыстырғанда, құлдырап кеткендей ме, қалай?
— Шындығында, бүкiләлемнiң үрдiсi бойынша, әдетте Үкiметке келетiн команда өз бағдарламасын жасайды. Бағдарламасы арқылы ғана халықтың қолдауына ие болады. Ал бiзде ондай емес. Алайда, 1998 жылы Елбасы: «Билiкке келгiсi келген команда өз бағдарламасын жасасын» деп айтыпты.
— Ол кезде демократияға жақындау болған екен ғой.
— Иә, шындығында да. Содан, Марат Оспанов белгiлi экономист Арыстан Есентүгеловтi шақырып, ол бiздi шақырып, жетi-сегiз жiгiттiң басы қосылып, арнайы жұмыс тобын құрып, жаңа бағдарлама жасап шықтық.
— Алайда, ол кiсi премьер болып тағайындалған жоқ. Себебiн, ол кiсiнiң қайтыс болып кеткендiгiмен байланыстыруға бола ма, жоқ әлде, Оспановтың кандидатурасын аса қалай қоймаған ба?
— Онысын бiлмеймiн. Бiрақ, Назарбаевтың өзi бағдарлама жаса деп емеурiн бiлдiрген секiлдi. Бiрақ, кейiннен Оспанов қайтыс болып кеттi ғой.
— 1999 жылдың қыркүйек айында Үкiмет Парламентке жер туралы заң өткiздi. Оның негiзгi ерекшелiгi: ауылшаруашылық жерлерiне жекеменшiк институтын енгiзу едi. Үкiмет оны депутаттар талқысына салып, ал депутаттар ең соңғы рет халықпен ақылдасу үшiн каникулға шығып кеткен. Сол кезде маған Жақсыбек Құлекеев хабарласты. (Сенбi күнi таңертең едi). Ол Статистика агенттiгiнiң төрағасы қызметiнде едi. «Жер туралы мәселелермен айналысып жүрсiң ғой. Мына премьердiң атына хат жазайық. Жерге жекеменшiк институты енгiзiлмек болып жатыр. Жердi бұлайша жекеменшiкке берiп жiберуге болмайды. Әлi ерте» дедi ол.
— Бұл Кұлекеевтiң бастамасы болды ғой!
— Иә, Құлекеевтiкi. Сонымен, жатпай-тұрмай, сенбi-жексенбi күндерi 24 беттен тұратын «Жер туралы» баяндама дайындадық. Сейсенбi күнi Құлекеев Үкiмет жиналысында бiрер сағат бойы «Жер туралы» баяндама жасайды. Жердi сатуға болмайтынын айтады. Үкiмет басшысы ол кезде Нұрлан Балғымбаев едi. Жиналыс бiткеннен кейiн Балғымбаев оны өзiне шақырып алып, тағы да бiраз сөйлесiптi. «Мен бұл жайлы бiлмейтiн едiм. Заңды дайындаған адамдар оның салдарын маған түсiндiрмеген едi» деген премьер, Түркияда демалып жатқан Президентке телефон шалыпты. Президент де келiсiмiн берген. Сөйтiп, Балғымбаев жұма күнi «Казахстанская правда» газетiнiң бетiне «Үкiметтiң жер туралы заңды Парламент талқылауынан қайтып алатынын» айтып сұхбат бердi. Каникулда жүрген депутаттар халықпен ақылдасып, заңды қабылдауға дайын болып келгенде, Үкiмет Парламенттен ол заңды қайтарып алған едi.
— Халық депутаттарды сол жерге жекеменшiк институтын енгiз деп жiбердi ме екен? Негiзiнен, қарсы болған секiлдi едi ғой…
— Ендi ол кезде әртүрлi айтылып жатты ғой. Бiрақ бiзде халықты кiм тыңдайды? Әрi халықтың ойын бiлдiретiн институттар да қалыптаса қоймаған. Партиялар ендi құрылып жатыр едi. Сөйтiп, Балғымбаев жер сатылған күнде не болатынын, яғни, бiз айтқан бес мысалды айтып, жердi сатқызбай алып қалды.
— Дегенмен, 2003 жылы Үкiмет бәрiбiр де сол заңды қабылдаттырды…
— Өйткенi, 1999 жылдың өзiнде Президент: «бiз бәрiбiр де жерге жекеменшiк институтын енгiземiз» деп айтқан-ды…
— Сол «Жер кодексiнiң» қабылданғанына төрт жылға аяқ басып барады. Жерге жекеменшiктiк енгiзiлсе, дүние өзгерiп кететiндей дабырлатып едi, сонан берi осы заң бiздi ұшпаққа шығарды ма?
— Жоқ, әрине олай деп айта алмаймын. Егер де бүкiл жердiң 240 мың гектары ғана сатылса, ол еш әсер бермейдi ғой. Бұл шамамен бұрынғы үш-төрт совхоздың жерi ғана.
— Бiздегi ресми ақпарат пен бейресми ақпараттың арасында бiраз айырма бар деп ойламайсыз ба?
— Бүгiнде бүкiл ауылшаруашылығы жерiнiң 0,3 пайызы ғана сатылды.
— Неге бұлайша аз?
— Өйткенi, ең бастысы, «Жер кодексiн» дайындаған ынталы топтар кодекстiң 170-бабында өз мүдделерiн асырды. Онда жердi жалға алғандар соны меншiгiнде қалдырады деп жазылған едi. Негiзi жер реформасы басталғаннан берi жер құқығы өзгерiп отырды. Мысалы, ең алдында мынадай құқық болды. Жердi иеленушiлер оны соңынан мұрагерлiкке қалдыра алатын. Бұл 1990 жылы «Жер кодексi» қабылданған кезде болған нәрсе. Сонан соң заңдар өзгере бастады. Ең басты өзгерiс, 1995 жылы болды. Президенттiң жарлығында жердi тұрақты пайдалану деген бап пайда болды. 1993-1994 жылдары Президенттiң жер туралы екi жарлығы шықты. Сонан соң, Үкiметтiң қаулысы шықты. Сонда жердi уақытша пайдаланатындарға «Жер жекеменшiкке кетпейдi, тек пайдалану құқығын ғана сатып аласыңдар» делiнген. 2001 жылы Жер туралы ҚР-дың заңы қабылданып, онда жердi уақытша пайдалану құқы енгiзiлдi. Ал 1993 жылы басқаша болды. Негiзi «халыққа былай айтамыз. Ал шын мәнiнде былай жасаймыз» деп стратегия қабылданған секiлдi. 2003 жылға дейiн жаңағы топтар жердi пайдалану құқығын сатып алып жатты да, 2003 жылы қабылданған «Жер кодексi» оларды жердiң шын мәнiндегi иегерi етiп шығарды. Бiз соны шырылдап жазып, «Отан» партиясына, Ермегияевқа бардық. Ол «Отан» партиясының парламенттегi жиынында сөйлеп, тiкелей осы бапты алып тастау керектiгiн айтқан. «Жердi жекеменшiкке бергiзудiң түбiнде тұрған сiздер» деп 2000 жылдары Рамазановпен төбелесiп қала жаздағаным да бар. 2003 жылы Тұяқбайдың азаматтығына риза болдым. «Жер кодексiнiң» бiрiншi оқылымы басталғалы жатыр» деп Астанадан Мырзагелдi Кемел хабарласты. Ол кезде Кемел Парламент депутаты едi. Наурыздың он тоғызында Парламентке келiп, «Жердi сатса, оның қандай салдары болатыны жайлы» еңбегiмдi әр депутаттың алдына апарып қоюға Тұяқбай рұқсат бергiздi. Бес-алты депутат тiкелей менiң кiтабыма сiлтеме жасап сөйледi…
… Алайда, қанша шу көтерiлгенiмен, Үкiмет жердi ақыры сатқызуға қол жеткiзетiн болды. Жекеменшiкке енгiзбеу керек деп айта-айта шаршадық. Үкiметтiң айтқаны орындалатынын көрген соң, бiз жекеменшiк институтын енгiзген кезде ненi қаперде ұстау керек екендiгiн айта бастадық. Халыққа тиiмдi жолдарын ұсындық. Депутаттардың 70-80 пайызы Үкiметке 5 шарт қойды. Ең алғашқы шарт: колхоз-совхоз жекешеленген кезде, 2,3 адам өзiнiң жер үлесiн алған. Олардың жер үлесi, құжаттары болатын. Соларға жердi тегiн берейiк дедiк. Бiрақ, Үкiмет оны ескермедi. Мына посткеңестiк елдердiң барлығында дерлiк, (Өзбекстанды айтпағанда), жер шаруаларға бөлiнiп берiлген. Ресейде 1990 жылы жер тегiн берiлдi. Тек бiзде, Қазақстанда ғана өз шаруасына жерi тегiн берiлген жоқ. Шаруа дегенiмiздiң өзi жерiмен ғана шаруа ғой. Бiзде шаруаны «шаруа» деген атынан айырды. Жердi сатып алуға мiндеттедi. Бiрде бiр ел өз шаруасына жерiн сатқан жоқ. Негiзi, Үкiметтiң сол жер үлесi деп берген құжатының өзi шикi едi. Нарықтық бағасы жоқ-тұғын. Сол құжаттың иелерi өз акцияларын жарғылық қорларға салатын. Жарғылық қорға салу дегендi заңгерлер жерсiз қалу деген сөз деп түсiндiредi. ЖШС-нiң жарғылық қорына салса, оны құрушының капиталы салымшыныкiнен әлдеқайда көп болғандықтан, күш теңеспей қалады. Әрi қарай ЖШС-нiң иесi оның жанынан бiр құрылымдық компания ашып, активтердi соған өткiзiп, ал ЖШС-ны банкрот ете салса да оған ешкiм қой демейдi. Көбiсi сөйттi де. Ал өз құжатын, яғни, жерiн сол ЖШС- ға салған көптеген адамдар соңында түксiз қалды. Колхоз- совхоз тараған кезде, Үкiметтен жер үлесiн алған адамдардың саны 2,3 адам болса, соның 50 пайызы жерiн жарғылық қорға салып, соңында жер сипап қалған. 20 пайызы шаруа қожалығын құрды. Онда да қожалық иесi дүниенi өз атына жаздыра ма деген қауiп болды. Үкiмет бiлгенiңдi iсте деп жатса, өзгесiне не тәйiрi. Шаруалардың 26 пайызы ғана жәй серiктестiк құрды. Бұл негiзiнен өте дұрыс жол едi. Ол АҚ, ЖШС секiлдi коммерциялық ұйым емес. Тек келiсiм-шарт негiзiнде тепе-тең жұмыс iстейтiн. Қазiр мақталықтың 90 пайыздан астамы шаруа қожалықтарының қолында. Бiрақ, олардың әр қайсысында орташа есеппен екi-үш-ақ гектар жерден бар. Қазiр сол мақталықтарды «Шаруашылықтарыңды қосып, iрiлендiрiңдер» деп үгiттеуде. Халық ондай қадамға бармай отыр. Өйткенi, шаруашылықтарды iрiлендiрiп, бiр-бiрiне қосып, АҚ, ЖШС-нiң қарамағына кiрсе, олар ертеңгi күнi тағы да жерiнен айырылып қалуы мүмкiн. Бұл арадағы ең жақсы жол: бiрiккен келiсiм-шарт түзiп, сол арқылы жұмыс iстеу. Өткен жолы Үкiметке осындай ұсыныс жасағанбыз. Бiлмеймiн, ендi оның қалай болатынын.
Солтүстiк Қазақстан облысында осылайша, «бiрiгiп, ЖШС құрыңдар» деген үгiт жүрiп жатыр екен. Үкiмет үшiн қазiр ең маңыздысы шаруашылықтардың тиiмдi болуы. Бүкiл мәселенi тиiмдiлiк теориясы тұрғысынан, экономикалық пайда жағынан қарауға болмайды. Бұл жерде жұмыс iстеу Үкiметке тиiмдi болмаса да шаруаның өзi үшiн тиiмдi ғой. Ол Үкiметке қол жаймай-ақ, отбасын асырап отыр. Ең ақыры өз жұмыс күшiн пайдалануда. Ең құрығанда жердi игерiп отыр ғой. Батыс Еуропада бос жатқан жерлерге арнайы адамдарды апарып орынқтырады, ақша төлейдi. «Мына жердi игер, жер құр жатпасын, экологияға керi әсерiн тигiзбесiн» дейдi. Айтпақшы, бiр мәселе бар: қазiр Үкiмет санақтарында «Ауыл шаруашылығына тартылған адамдар бүкiл халықтың 30 пайызына тең. Ал оның 58 пайызы өзiн өзi қамтамасыз етiп отырғандар» деген дерек жүр. Бiрақ, дәл осы өзiн өзi қамтитындарға қарасаңыз тағы бiр мәселенiң шетi шығады. Олар үйiнiң алдында шағын ғана бақшалығы бар адамдар. Ау сонда, бақшалығы бар адамдарды өзiн өзi қамтамасыз етiп отыр деп айтуға болады ма? Кеңес кезiнде ол бақшалық жеке қосалқы шаруашылық ретiнде қарастырылды. Жұмыстан шаршап келгендiгiне қарамастан, шаруа сол қожалығын күтiп-баптайтын. Ал қазiргi күнi колхоз-совхоздар тарап кеттi ғой. Жаңағы бау-бақша бiр үйлi жанды бағып-қаға алмайды. Неге соны есептемеске? Қазiр ауылшаруашылығы бойынша санақ жүрiп жатыр. Соңғы халық санағында ауылда халықтың 43 пайызы тұрады делiнген. 10-15 жыл бұрын солай айтқанбыз. Қазiр де солай айтамыз. Ал ауылдан қалаға ағылып жатқан адамдарды көзiмiз көрiп отыр. Ауылда қазiр 43 пайыз жоқ қой. Неге соны Үкiмет ескермейдi? 1,5-2 миллионға жуық адам ауылдан қалаға кетiп қалды дейдi статистер.
— Ауылды аяғынан тiк тұрғызу үшiн не iстеу керек? «Фирмалық рецепт» дейдi ғой. Сiз ауыл шаруашылығын өте жетiк бiлетiн ғалымсыз. «Ауыл жылдарын» жасадық, қаржы бөлiндi. Ол ақша дiттеген жерiне толық жете де қойған жоқ. Ендi не iстеу керек? Жоқ әлде, ауыл халқының босып, қаланың жұмыссыздары мен баспанасыздары қатарын көбейте беруiне көз жұмып отыра беремiз бе? Мына бiр нәрсеге де назар аудару керек шығар: соңғы кезде ауылды қаржымен көп қолдамау керек, өйткенi, ол субсидиялардың кесiрiнен ауыл бәсекелестiк қабiлетiнен айырылып қалады, ал нарықтық жағдайда, сүйемелдеген дұрыс емес деген пiкiрлер бой көрсете бастады. Бұған не дейсiз?
— Ғаламдастыру процесi жүрiп жатқан кезде ұлттың жойылып кетуi мүмкiн деген мәселе тұр. Ал мұны болдырмаудың негiзгi тiрегi, осы қазақтың ауылы. Ауылға қарамау керек, ол нарық заңдылықтарымен дами бередi деген далбаса сөз.
— Сондай ой айтушылардың бар екенi жасырын емес…
— Бар екенiн бiлемiн. Ғаламдастыру тұрғысынан жеке адамның, индивидтiң позициясына көбiрек көңiл бөлiнедi, ұжымдық тұрғыдан гөрi, жеке көзқарасты жақынырақ тартады. Бұл ендi, христиан шiркеуiнiң, Батыстың идеясы. Әлемде жаһандастыруды көздейтiн үлкен күштер бар. Осы жағынан алғанда, бiздiң ұлт болып қалуымыздың өзi қиынға түседi. Ұлт болып қалу үшiн оның мәдениетi, рухани құндылықтары, тiлi, дiнi ұйып отыруы керек. Қазiргi күнi осы құндылықтар шоғырланған жер қазақтың ауылы. Бiздегi урбанизация процесiн мемлекет қолына алған жоқ. Үкiметтiң халыққа көмегi болмады. Жұрттың бәрi сауда жасап, көшеге шығып кеттi. Мiне, сол кезде мемлекет iшкi миграция туралы заң қабылдауы керек едi. Сонда ауылдан қалаларға жөңкiлген жұрттың қалаға бара ма, жоқ әлде, Ресейге, Германияға көшiп кеткендердiң орнын басу үшiн солтүстiкке бағыт түзей ме, осыны айқындап алуы керек едi. Солтүстiк жаққа жұмыс күшi әлi де жетiспейдi. Оралмандарды сол жаққа жiберудi ендi ғана қолға ала бастады. Бiрақ, iшкi миграция туралы заң әлi де жоқ.
Базарға шығып кеткен жұрт әлi де өлместiң күнiн көрiп жүр. Мемлекет жұмыс орнын ашу деген секiлдi жағдай жасауы керек едi. Ал мемлекет оның бәрiн де нарық реттейдi деп нарықтың қолына тапсырды. Қайнап тұрған қазанға салып жiбергендей болды. Ауылдан қалаға қарай үлкен көш басталуы заңды құбылыс. Ғаламдастыру, бүкiләлемдiк еңбек бөлiнiсiне, елдiң Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына (ДСҰ) кiруiне байланысты ауылдардан қалаға миграция процесiнiң жүруi жалғаса бермек. Ең дамыған елдердiң өзiнде, мәселен, АҚШ-та ауыл шаруашылығымен айналысатындардың саны бүкiл халыққа шаққанда, 1-2-ақ пайызды құрайды. Бiз де соған бiртiндеп келемiз. Бiрақ, оған бiрден емес, ақырындап жылжуымыз керек
— Қазақстан ДСҰ-ның құрамына кiруге дайындалып жатыр. Ауыл шаруашылығына субсидия беру ендi азаятын шығар…
— Өткен жолы Индустрия және сауда вице-министрi Айтжанова Парламентке келген кезiнде «5 проценттiк деңгейде беру үшiн келiссөздер жүрiп жатыр»деп айтқан. Ең аз субсидияның көлемi 5 пайыз. Қытай өзiнiң ауылшаруашылығына 8,5 пайыз беруге келiсiм жүргiзсе, 10 пайыздан жоғары субсидияға қол жеткiзген елдер де бар. Ал бiздегi мәселе: келiссөздер ашық түрде жүргiзiлiп жатқан жоқ. Шарт бойынша, Қазақстан 37 елмен келiссөздер жүргiзуi керек. Қазiр соның 17 келiссөзi аяқталған. Алайда, сол процестiң өзi жабық. Күнi кеше Индустрия және сауда министрлiгiнiң сайтына кiрсем, ДСҰ келiссөздерi жайлы бiр бөлiм тұр. Ашып қарасам, үш бет қағаздан тұратын ақпараттан басқа түк жоқ. Оның өзiнде тек ДСҰ деген не, ол қашан құрылған деген нәрселер бар. Кiмдi ақымақ етiп отырғанын түсiнбедiм. Ал Ресей президентiнiң сайтында ДСҰ-мен арадағы бүкiл келiссөздер туралы ақпарат бар. Өткен жолы Үндiстан жағы бiздiң Үкiметке «Каспийдегi Сәтпаев кенiшiн конкурссыз жеңiл жолмен бересiң» деп шарт қойыпты. Үндiстанның мұнай компаниясы алпауыт Митталмен бiрiгiп, сол кенiшке қызығып отырған секiлдi. ДСҰ-ға кiремiз деп, ұлттық мүдделерiмiзден бас тартып жатқан сияқтымыз. Мәселенiң жабық болуы да осыған байланысты секiлдi. Бұл жабықтық мемлекет пен халыққа тиiмдi емес. Үкiмет шарттарын келiсiп алайын деп келiссөздердi әдейi жабық өткiзуде.
Менiң тағы бiр айтайын дегенiм — 2003 жылдан берi төрт жылға аяқ басты. Жер кодексiнiң қалай орындалып жатқандығынан Үкiмет ләм-мим. 240 мың гектар жер сатуға берiлдi деп айтады. Бiттi. Ал кодекстiң 170-бабындағы 3-тармақшаның қалай орындалып жатқаны белгiсiз. Менiң есебiм бойынша, 5-6 миллион гектар су тегiнге кеттi. Өйткенi, сол бапта жер иелену құқығын сатып алғандар жердiң иесi атанатын. Сол туралы төрт жылдан берi еш ақпарат жоқ…
Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА