«NS радиосы» қазақша сөйледi!
«NS радиосы» қазақша сөйледi!
«NS радиосы» – мемлекеттiк уақыт эталонын беретiн электронды ақпарат құралының бiрi. Радионы Қазақстанның барлық аймақтарында тыңдайды. Содан болар, ақпарат құралының басшылығынан бастап мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалар бөлiмiнiң мамандары да «БАҚ туралы» Заңның талаптарын орындап, қызықты қазақша хабарлар шығару iсiне ерекше ден қойып келедi.
Биылғы жылдың жағымды жаңалығы – «NS радиосының» толқыны эфирге күндiз шығатын бiрқатар қазақша ақпараттық-сауықтық бағдарламалармен толықпақ. Бұл идеяның жүзеге асуының басы-қасында жүрген радионың мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалар жетекшiсi Балауса Адырбек ақпан айының басында тұсау кескелi жатқан хабарларды жария еттi. Қазақтiлдi бағдарламалардың мәселесiн көтерiп, радиога жас мамандарды тартып жатқан да – редактор Балауса Адырбек. Ең алдымен, ақпанның бесiнен бастап, таңертеңгiсiн «NS радиосының» әуе толқынында «NS-тiң таңғы шашуы» атты ақпараттық-сауықтық әрi танымдық бағдарлама шықпақ. Әзiлi де бар, аламан бәйгесi де бар бағдарламаға телефон арқылы тыңдармандар хабарласып, өз пiкiрiн бiлдiре алады. Ал, радионың ойын бәйгесiне түсiп, жеңiмпаз атанғандар бағалы сый-сияпатқа ие болады. «NS-тiң таңғы шашуын» журналистер Риза Исаева мен Талғат Дүйсенбек жүргiзедi. Хабарда әзiл-шыны аралас жұлдызнама да болады деп күтiлуде. Жүргiзушiлер ұлттық мәселелердi насихаттауға да ден қоймақ.
Сонымен қатар, алдағы уақытта тұсауын кесетiн бағдарламалардың да жобасы жасалып жатыр. Айгүл Қарамолда жүргiзетiн «Тiлтану» бағдарламасы да дайындалу үстiнде. Онда тiл тазалығы, бұрмаланған сөздер, т.б. мәселелер талқыға түседi. Қазiрдiң өзiнде «NS радиосының» толқынында «Екпiн» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы, «Қазақ баспасөзiне шолу» және «NS.kz» атты қазақстандық әндердiң хит-парады жүргiзiлiп келедi. Оның үстiне радио толқынында қазақша әндердiң шығуы да қадағаланатын болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, «NS радиосы» бүкiл Қазақстанға тарайды. Радио қызметкерлерi «БАҚ туралы» және «Тiлдер туралы» Заңдардың талаптарын орындауға атсалысып, қазақ тiлiнде сапалы да қызықты бағдарламаларды шығаруға бел байлап отыр. Радионың бұл бастамасы «қазақшаны түнде сайратып жүрген» өзге де электронды ақпарат құралдарына үлгi болса игi!
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА