СЫFАН КЕЛIНШЕК НЕГЕ ШЕШIНДI?

СЫFАН КЕЛIНШЕК НЕГЕ ШЕШIНДI?

СЫFАН КЕЛIНШЕК НЕГЕ ШЕШIНДI?
ашық дереккөзі
236

«Валют-Транзиттiң» тосыннан бүлiнуi

Нарықты экономиканың өзiндiк әрi бұлжымайтын заңдылықтарының бiрi және бiрегейi – қаржы, банк жүйесiнiң көп өзгерiске ұшырамайтын тұрақтылығында. Банк жүйесiнiң бұлжымас заңдылықтары қатаң сақталып, салымшылар өз ақшаларының ертеңгi күнiне сенiмдi болуы мемлекеттiң халықаралық беделiн нығайтып, жақсы аты қалыптасуына оң әсерiн тигiзедi. Мәселен, Англия мен Швейцария банктерi осы елдердiң өзiндiк ұлттық мақтанышына айналғанына жүздеген жылдар болғаны мәлiм.

Өкiнiшке қарай, Қазақстан бұл салада орын алған заң бұзушылықтар, елдi дүрлiктiрген қылмыстар жөнiнен әлден-ақ ауызға iлiнiп отыр. Қазiр қоғамда адамдар бiр-бiрiнен: «Әлгi орыс-қазақ жiгiтi әлi тұтқында ма екен? Ол өзi кiм едi?» – деп сұрауға әуес. «Валют-Транзит Банктiң» иесiн сұрағандары. Бұл кез-келген нәрсеге мұрын сұғуға бейiм тоғышарлық әдеттен гөрi, адамдардың өз маңдай терiмен жинақтаған қаржысына iштей алаңдаушылығынан туындайтын заңды қызығушылық. Тiптi, Қазақстан банкiлерiне, қаржы жүйесiне сенiмдiлiктен айрыла бастағандықтың белгiлерi.

Қазiр Қазақстан банктердiң тұрақтылығы, жинақтау жүйесiндегi оң реформаларды мақтан тұтқанымен, тәуелсiздiк жылдарында мыңдаған адам осы жүйенiң жазықсыз құрбандарына айналғаны құпия емес. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында атағы дүркiреген «Смағұлов және К^», «Наурызбанктiң» елдi еңiреткен елеске айналуы, «ТұранӘлемБанкi» басшысының құпия жағдайда оққа ұшуы, ендi насихаты шектен асқан «Валют-Транзит Банктiң» тосыннан банкротқа ұшырауы адамдарды абдыратып тастады. Қашанда «Аузы күйген үрiп iшедi» ғой. Қазақстан азаматтары соңғы жылдары қалыптасқан iшкi сенiмдiлiктен айырылып қалды. Яғни, банк жүйесiндегi жағдай мемлекеттiк қауiпсiздiк мәселесi екенi, ондағы тұрақтылықтың басты себепкерiнiң бiрi болатыны анықталып отыр.

Расында «Валют-Тарнзит Банктiң» иесi кiм едi? Бұрын беймәлiм болып келген азаматтың тағдырына қоғамның соншалық алаңдауының себебi неде? Елiмiздегi қатаң қаржы бақылау жағдайында бұл банк мемлекеттiк бақылау органдарын алдауға қалай қол жеткiзген? Кезiнде «Валют-Транзит Банкке» сенiм артқан 500 мыңнан астам салымшылар осы күндерi шарасыздықтан бармақтарын шайнауда. Қарапайым пенде үшiн өз сенгiштiгiнiң құрбаны болудан асқан өкiнiш жоқ. Ал Қазақстанның аса бай адамдарының бiрi, аталмыш банктiң иесi Андрей Андреевич Беляев әзiрге үй тұтқынында отыр. Тергеушiлер қаржы магнатының шын аты-жөнi Айтбақы Зейiнкенұлы Бiләлов екенiн анықтады. Өткен жылдың соңына таман банк заңдарының үнемi бұзылуына байланысты «Валют-Транзит Банктiң» лицензиясы қайтарып алынып, жаңа инвесторлардың көмегiмен елiмiздегi аса iрi жұмысын қайта тiрiлтуге әжептәуiр күш жұмсалып, тұралаған банктi ұйық батпақтан суырып аламыз деушiлер де табылған. Осындай әрекеттермен салымшыларды тыныштандыруға қол жеткiзгенiмен, өткен жылы жазғытұрым банкирдiң сенiмдi орынбасары жүздеген миллион долларды жымқырып, шет елге қашып кеттi.

Аталмыш банктiң көңiлге қонбайтын құпиялары тым көп екендiгi, мұнда Гамлеттiң: «Дат корольдiгiнде жағдай ойдағыдай емес», – дейтiнiндей әлдебiр астыртын заңсыз iстер жүзеге асырылатыны жөнiнде суық хабар ел iшiнде көптен тараған. Бiрақ, Қарағанды бұқаралық ақпарат құралдары «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесiн» дегендi берiк ұстанды ма, жергiлiктi телеарналардан Беляевтың бейнесi түскен емес. Андрей Андреевичтiң сөзiне жазылған әндердi эстрада жұлдыздарымыз жапатармағай өз репертуарларына ендiрiп, белгiлi ақын апайымыз оның жырларын қазақшаға аударып жатты. Әрине, банкирдiң ақын болып шығуы немесе керiсiнше, шығармашылық адамның ақша санаған банкир болуы күнде орын алып жатқан құбылыс емес, сондықтан оны көкке көтерудiң еш сөкеттiгi де жоқ едi. Оның шығармаларын өз репертуарларына енгiзген Роза Рымбаева, Лайма Вайкуле, Әлiбек Дiнiшев сынды белгiлi әншiлер банкрот банкирдi емес, ақынды құрметтегенi сөзсiз.

Елiмiздегi бөлiмшелерiнiң саны жағынан үшiншi орынды алған «Валют-Транзит Банктiң» бар байлығын айтып тауыса алмайсың. Миллиондаған доллар. Аталмыш банк құрамына енетiн «Валют-Транзит» қаржы-өнеркәсiптiк ассоциациясы елiмiздегi iрi жинақтаушы зейнетақы қорын құрып, сақтандыру компаниялары, ломбард жүйелерi, бiрнеше жоғары оқу орны (соның iшiнде университет те бар), көптеген мейманхана, сансыз валюта айырбастау пунктерi, супермаркет, балабақшалар, мейрамханалар, зергерлiк өндiрiске, тағы басқа көптеген активтерге иелiк жасаған. Қарапайым тiлмен айтқанда, Қарағандыны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаса керек. Мамандардың бiр таңқалатыны, Андрей Беляев осыншама байлыққа ие бола отырып, бiрде-бiр шахта немесе өндiрiс орнын сатып алмағаны. Есесiне, Қарағандыдағы тарихи және архитектуралық бiрегей ескерткiш болып саналатын Мәдениет сарайын 1997 жылы өйтiп-бүйтiп сатып алып, «Валют-Транзиттiң» коммерциялық бөлiмшесiне айналдырған.

Банктiң төбесiне қауiп бұлты үйiрiле бастағаннан-ақ Беляев мырза айла-шарғыларды жүзеге асыру арқасында компанияның бүкiл активтерiн жеке өзiнiң атына немесе жақын адамдарының атына аударған. Қазiр «Банктер және банк қызметi туралы» заңның бiрқатар баптарын бұзғаны, жалған кәсiпкерлiкпен шұғылданғаны, жалған құжаттар жасағаны және тағы басқа заңсыз iстермен айналысқаны үшiн оның үстiнен қылмыстық iс қозғалып отыр.

«МК в Казахстане» газетiнiң жазуынша: «Как выяснило следствие, банкир создал несколько подставных фирм, на которое перевел 100 процентов активов уставного капитала. То есть всего, что принадлежало финансово-промышленной ассоциации «Валют-Транзит». Фирмы, естественно, принадлежали Беляеву. А приобретателями активов банка «Валют-Транзит» стали уже несколько юридических и физических лиц, которые в дальнейшем подарили свои акции членам семьи Белялова».

Банк банкрот болды. Бiр өзi әрi орыс Андрей Беляев әрi азиат – Айтбақы Бiләлов болып жүрген банкир ұй тұтқынында. Күн сайын сот орындаушылары автокөлiктерiн, ғимараттарды, мүлiктердi, жиһаз бен құрал-жабдықтарды тәркiлеп, сатуға шығаруда.

Осыдан бiраз уақыт бұрын телеарналардың бiрi «Валют-Транзит Банктiң» Алматыдағы бөлiмшелерiнiң алдында жиналған салымшылардың наразылығын көрсеттi. Румыниядан бiздiң елiмiзге келген сығандар таборының бароны өздерi жер сатып алу үшiн жинақтаған 20 мың АҚШ долларын аталмыш банкiге салған көрiнедi және ендi сол ақшаларының желге ұшқанына iштерi күйедi. Егер аталмыш банкiнiң алтынды қабылдағанын еске алсақ, сол сығандар ақшалай емес, алтын түрiнде өткiзген-ау деп қалуға болады. Бiрақ, гәп онда емес, сол кезде бiр сыған келiншегi: «Қазақстан дамып жатыр дейдi. Бәсекелестiкке қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылғысы келетiн көрiнедi. Сөйте тұра елдiң ақшасын алдап алып жатыр. Ал ол жетпесе менiң киiмiмдi де алсын!» – деген мәнзелде адуындана ұрысып, үстiндегi көйлегiн шешiп лақтырып, суық күнде тыржалаңаш қалғаны. Өзi де белi жуан неме екен, ештеңесi кете қоймас-ау, бiрақ қалған салымшылар қайтедi?! Соңғы жиған-тергендерiн осы банкке сенiп тапсырған мыңдаған зейнеткерлер ше?! «Қайыршыға жел қарсы» деп философиялық түйiн жасап, тағдырға мойынсұна беретiн фаталистiктiң де шегi бар, қоғамдық толқу Қазақстанның атына қара күйе боп жағылары сөзсiз. Иә, бiр банк бүкiл елдi шiрiттi. Әрине, әлi сот бола қойған жоқ. Банкирге қандай жаза кесiлерi белгiсiз. Бiрақ осындайда әрбiр адам: «Тағдырымызды кiмдерге сенiп тапсырып жүрмiз? Кiмге ақшамды сенiп бердiм?» – деп ерiксiз ойланатыны хақ.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары