«...ТҰЗ САСЫСА, НЕ СЕБЕР?»
«...ТҰЗ САСЫСА, НЕ СЕБЕР?»
«Сырдың суы сирағынан келмеген» қызылордалық бiрнеше шенеунiктiң аяғын облыстық прокурорлар тұсаулап тастады. Бұл заң бұзушылардың «майда шабақтары» ғана. «Шортандардың» қашан ауға түсетiнi белгiсiз. Есесiне, «бiздерде мынадай бар, мынадай бар» деп журналистер алдында көсiлiп сала берген прокурорлар өткен жылды «жемiстi аяқтаған қуаныштарымен» бөлiстi…
Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылы Қызылорда облысындағы мемлекеттiк орган қызметкерлерiне қатысты 4 мыңнан астам заң бұзушылық тiркелiптi. Kazakhstan Today агенттiгiнiң хабарлауынша, арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Қызылорда облысы прокурорының мiндетiн атқарушы Марат Тәжiғұлов мемлекеттiк мекемелерде жүргiзiлген 896 тексерудiң нәтижесiнде 870 қызметкер дисциплинарлық, 889-ы әкiмшiлiк, 394-i материалдық жауапкершiлiкке тартылғанын мәлiмдеген. Өндiрiлiп алынған қаржы көлемi – 235 миллион теңге. Ал үстерiнен қылмыстық iс қозғалған 54 қызметкердiң 30-ы сот алдында жауап беруге дайындалып жатса, олардың он сегiзiне сот ендiгi үкiм шығарып қойған. Тәжiғүловтың айтуынша, «ең басты назар жергiлiктi атқарушы және өкiлеттi орган қызметкерлерi тарапынан қабылданған құқықтық актiлердi тексеруде болып отыр». Прокурорлар тарапынан тағылған айып бойынша, былтыр 16 нормативтiк-құқықтық актiнiң күшi жойылған. Ең сорақысы, ресми құжаттардың жетеуi әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген. Әдiлет органы заңды белшеден басқасын, өзгелерден не үмiт, не қайыр?! Сөз жоқ, қазiр ешкiмдi ешқандай заң бұзушылықпен «таңғалдыра» алмайсың. Өйткенi, мемлекеттiк қызметкерлер арасында шенеунiктiктi шыр бiтiретiн мұрагерлiк ретiнде қабылдайтындар көп. Өкiнiшке қарай, әрине. Айтпақшы, 2006 жылы прокурорлардың араласуымен 3958 қызылордалықтың құқығы қорғалған. Олардың арасында 53 шағын және орта кәсiпкерлiктiң өкiлдерi бар. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» қағидасына сүйенгендердiң арасында облыстағы түрлi лауазым иелерi де бар көрiнедi. Олардың 46-сына дисциплинарлық және әкiмшiлiк жаза қолданылған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ