Рысжан IЛИЯСҚЫЗЫ: «МӘДЕНИ МҰРА» – ОЛ СЕНIҢ ТIЛIҢ, ОЛ СЕНIҢ ДӘСТҮРIҢ

Рысжан IЛИЯСҚЫЗЫ: «МӘДЕНИ МҰРА» – ОЛ СЕНIҢ ТIЛIҢ, ОЛ СЕНIҢ ДӘСТҮРIҢ

Рысжан IЛИЯСҚЫЗЫ: «МӘДЕНИ МҰРА» – ОЛ СЕНIҢ ТIЛIҢ, ОЛ СЕНIҢ ДӘСТҮРIҢ
ашық дереккөзі
351

Рысжан апаның Ақтөбе облыстық өлкетану музейiн басқарып келе жатқанына ширек ғасырға жуық уақыт өтiптi. Ақтөбеден Алматыға арнайы келген сапарларының бiрiнде, редакциямызға соғып, Ақтөбедегi өлкетану мәселесi төңiрегiнде бiраз сыр шерткен едi. Батыстан ат-арытып келген апамыздың ағыл-тегiл ақтарылған әңгiмесiн диктафонға жазып алған едiк. Әңгiме төркiнi ә дегеннен-ақ, облыстың этнографиялық, археологиялық зерттеу жұмыстарынан басталды. Бiз де Рысжан апаның әңгiмесiн қаз-қалпында қағазға түсiруге тырыстық.

– Ақтөбе облысы жер көлемi жағынан Қазақстандағы үлкен облыстардың бiрi болып есептеледi,–деп бастады Рысжан апа әңгiмесiн. – Бiрақ, археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары әлi күнге жөндi жүргiзiлмей келедi. Тиiп-қашып революцияға дейiн де жүргiзген. Оны бiз архивтен ала алған жоқпыз. Одан кейiн, 1980 жылға дейiн ешқандай зерттеу жұмыстары жүргiзiле қойған жоқ. Тек 1981 жылы ғана ақырындап зерттеле бастады. Зерттелгенде, әрбiр жазда келгенде облыстың бiр-екi ауданын ғана үстiрт қарап өтедi. Ал, табанды, жүйелi зерттеу жүргiзiлген емес. Оның батысы мен шығысын, солтүстiгi мен оңтүстiгiн бiрдей зерттеу үшiн жүйелi жұмыстар жүргiзiлу керек. Әрине, «Мәдени мұра» бағдарламасының негiзiнде жұмыстар жасалды. Мүлдем жұмыс жасалған жоқ деп айтуға тағы болмас. Дегенмен де, оның бәрi шет жағасы. «Мәдени мұраны» даладағы ескерткiштердi қорғау немесе соларды есепке алу десек, қателесемiз. Мәдени мұра – ол сенiң тiлiң, ол сенiң дәстүрiң, ол бүкiл болмысың, қазақтың болмысы. Қазақтың болмысын сырттан келген адам қайдан таниды?! Көшеде салынып жатқан ешнәрсе жоқ. Бiзде қазiр қазақтың болмысын танытатын дүниелер сиреп барады. Тiптi, қазақтың киiз үйiнен де мүлдем айырылдық қой. Киiз үйлердiң бес-алтауын Наурыз мерекесiнiң қарсаңында тiгiп қоямыз. Содан кейiн жинап алады.

– Ол киiз үйлердiң өзiн байырғы киiз үйлерге ұқсамайды деп жатады…

– Байырғы қалыптан айрылып қалғаны рас. Өйткенi, оралмандар келгеннен кейiн, өздерiнiң киiз үйлерiн алып келдi. Әсiресе, Моңғолиядан келген қазақтар моңғолдың үйлерiн көбiрек әкелдi. Қазiргi жастар оның қазақтың үйi ме, моңғолдың үйi ме, айырып жатқан жоқ. Ол үйлердiң арасындағы айырмашылықты да бiлiп жатқан жоқ. Нағыз қазақтың үйi емес екенiн бiз бiлемiз. Өйткенi, бала кезiмiзде сол үйлердi көрiп өстiк. Қазiргi моңғолдың үйлерiнiң керегелерi үлкен, уықтары биiк, етектерi далиып кеткен. Ал, қазақтың үйлерiнде пропорцияның бәрi керемет сақталған едi ғой. Оны тiптi бiрнеше жiгiт әр жерiнен ұстап алып, басқа жерге көшiргенде де, еш жерi қисаймайды. Ал, моңғолдардың үйiн он жiгiтпен көтерiп қойсаң да, көтере алмайсың. Қазақтың табиғи қалпын сақтаймын деген қазақта ниет те жоқ. Тiптi, бiр кездерi темiр ағаш үй тiгiп те масқара болғанбыз. Нағыз қазақтың үйi қазiр жоқ. Байырғы ағаш үйлердiң бәрiн құрттық қой. Арменияда жер сiлкiнiсi болды дедiк, соған жiбердiк. Шамалы күн пайдаланды да, одан кейiн қайда жiбергенiн тағы бiлмеймiз. Ең масқарасы, ағаш үй тiгiп жатқан бiрде-бiр жанды көрмейсiң. Соны көргенде жаның ауырады. Мен 1989 жылы Моңғолияға бардым. Моңғолдар бiзден бай емес, бiрақ солардың ағаш үйлердi қалай пайдаланып отырғанын көрiп, таң қалдым. Сондай қызықтым. Жазығында 60 үйдi қалашық қып, ақ шағаладай қылып тiгiп қойған.

– Байырғыдай көшiп қонып жүрген үрдiс жоқ. Ағаш үйдi бiз қалай тiкпекпiз?

– Айналайын-ау, олар да көшiп-қонып жатқан жоқ. Бiрақ, туристiк сапармен барғандарға көрсету үшiн, арнайы тiгiп қойған. Француздарың да, ағылшындарың да сонда барып демалып, аузын ашып, көзiн жұмды. Туристiк объектiде киiз үй болса, болмай ма? Бiле бiлсеңiз, қазiр салт-дәстүрдiң өзiн де қойыртпақтап алдық қой. Бiздiң дәстүрiмiздiң бәрi араласып кеттi. Дәстүр дегенде заманның көшiне енетiн дәстүр бар, заманның көшiне енбейтiн дәстүр бар. Қаншама өзгермейтiн тәрбиелiк маңызы бар дәстүрiмiз бар. Соның бәрiн айырбастап жiбердiк. Анаған елiктеймiз, мынаған елiктеймiз. Жерлеу рәсiмiнде де талай қателiктердi жiберiп жатырмыз. Жақсы бiлiмдi балалар, дiннiң өзiн, дiни қызметтiң өзiн ауыстырып жiберген. 500 адамды жинап алып, ас берiп жатырмыз деп ойлайды. Соның барлығын өзiнiң ұлттық дәстүр тұрғысынан өткiзу, аста төк етпей, өлiнi құрметтеу, тiрiге де несiбесiн шашпау деген сияқты тәрбиелiк дүниелердi айту, сол дiни бiлiмi бар адамның айтатын нәрсесi емес пе? Қазiр қариялар да көп емес, жылдан-жылға азайып барады. Қазiр қалада тұрамыз. Не ауылдық емеспiз, не қаланы жатсына бермеймiз?! «Елу елдiң қатарына кiремiз» деп жатыр ғой. Сол елу елдiң қатарына кiру үшiн, әлемдi компьютермен немесе басқа нәрсемен таң қалдыра алмаймыз. Әлемдi таңқалдырсақ, өзiмiздiң киiз үйiмiздi, ұлттық дүниемiздi жете меңгерiп, жоғары деңгейде, ұялмайтындай дәрежеде бере алсақ, сонда ғана таңқалдыруымыз мүмкiн.

– Ширек ғасыр, өлкетану мұражайында қызмет етiп келедi екенсiз. Бүгiнгi мұражайлардың ең басты кемшiлiгi неде деп ойлайсыз? Жалпы, мұражайларға көпшiлiк жиi барып тұра ма?

– Екi кiтап шығардым. Бiрi – «Қазына» деп аталады. Ол кiтабымда мұражайдың проблемалары, мұражайдың өсу жолдары туралы әңгiмелеймiн. Жалпы, бiз Ресейдiң мұражайларынан көп кейiн қалып қойдық. Бiрiншiден, бiзде кадрлер жоқ. Екiншiден, бiзде қандай мұражайлар бар. «Руками не трогать» деген сынның астындағы мұражайлар бар. Қазiргi мұражайларымыз тiрi болуы керек. Келген адамдар сол процесстердiң бәрiн қолмен ұстап, көзбен көру керек. Өзiңнiң дәстүрiңдi сезiнетiндей мұражайлар болуы керек. Шет елде байқасаңыз, балалардың да өз мұражайлары бар. Онда балалардың қолынан шыққан дүниелердi қояды. Ал, бiзде 99 терезенiң астында, «қолмен ұстауға болмайды» деп жазып қояды. Осындай дәстүрден әлi де арыла алмай келемiз. Американың мұражайлары 1964 жылдан бастап, үлкен оқу орнына айналып кеттi. Англияңыз да, Германияңыз да солай. Халықаралық деңгейге көтеруге бiзде әлi де талпыныс жоқ. Мұражайдың проблемасында бiз әлi де көп нәрсенi шешуiмiз керек. Өлкетану мәселесiне келгенде, жер-су аттарын бiлуден бастау керек. Әр аудан, әр облыс өз жерiнiң, тiптi суының сөздiгiн шығарса. Ақтөбе облысының солтүстiгi барлығы орыс боп кеткен. Екi-үш қазақша бiлетiн адам тапсаң, таптың, әйтпесе таппауың да мүмкiн. Ол жерлердiң байырғы аттарының бәрi ұмыт болған. Қазақы аудандарда Партизан, Калинин дегендер өлiп, қалып жатыр. Жердiң, судың аттарының бәрiн ешкiм аспаннан алған жоқ. Кешегi Советтiк заманда қойылған жоқ. Сергеевка дегенiңiз, сол жерге орыстың келгенiн бiлдiрiп тұр. Сергей дегенiңiз кiм, жалаңаяқ келген орыс. Сол атаулардың бәрiн қайта қалпына келтiру керек.

– Мұндай орысша атаулар Ақтөбе өңiрiнде әлi де көп пе?

– Бар. Қарғалы, Қобда аудандарында әлi де баршылық. Әрбiр өзенiнiң, әрбiр суының аты, әрбiр қырының аты неге солай аталған десе, ешкiм бiлмейдi. Соншама миграция болғанның өзiнде кейбiр атаулар қалып отырған. Былтыр экспедицияға кетiп бара жатқанымда, бiр қызық жайтқа тап болдым. Қарабайтал деген жер бар. Қыр жақта. «Қарабайтал деп неге аталған?» деп әркiм-әркiмнен бiр сұраймын. Бiреулер: «Бiреудiң қарабайталы батпаққа батып қалған шығар» деп айтады. Кейiнiрек зерттеу еңбектерiн қарап отырсам, қара, сары, көк дегендер бiр кездерi түстi бермеген екен. Ол сол жердiң көлемiн берiп отырған. Байтал дегендi қарап отырсам, көк жойқын, шалғын шөп өсетiн үлкен алқап болған екен. Сол ат бертiн келе ұмытылып, әлгiндей болып кеткен. Жер-су атауларының барлығын осылай зерттесек, қазақша қалпына келтiретiн болсақ, оның нағыз болмысы шығады. Он сегiзiншi ғасырдың басында адамдардың аттарымен аталып кеткен көлдер бар. Мысалы, бiзде Аюкөл деген бар. Оны кез келген ғалым зерттесе, әуелi одан аюды iздейтiнi анық. Қамыстың арасында аю болған шығар деп ойлайды. Ал, ол мүлдем олай емес. Шөмекейдiң Аю деген руы бар. Сол Аю руы он сегiзiншi ғасырда сол жерге келiп жайлаған екен. Аталарымыз соны Аюкөл деп атап кеткен. Сол сияқты бiздiң аймақтан өлкетану мәселесiнде көп дүниенi табуға болады.

Жерiмiзде Марал ишанның жүрiп өткен жолында Жуһы деген жер аты бар. Кенесары көтерiлiсiнiң алты-жетi жылы бiздiң жерiмiзде өткен. Қазiрдiң өзiнде Наурызбайдың Қарауылтөбесi деген төбесi бар. Кенесарының соққы берген жерлерi сол күйiнше сайрап тұр. Ауылдың кез келген қариясынан сұрап көрiңiзшi, айтып бередi. Мiне, жердiң тарихы, судың тарихы, айналып келгенде, қазақтың тарихы. Қазақтың тарихын атаулардың тарихынан бөлiп қарауға болмайды. Ақтөбе облысында тұнып тұрған тарихтың бәрiн тиiп-қашып зерттемей, жұмылып қимылдайтын кезең туды ғой деп ойлаймын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары