ҚЫТАЙДА ЖЕЛБIРЕДI ҚАЗАҚ ТУЫ

ҚЫТАЙДА ЖЕЛБIРЕДI ҚАЗАҚ ТУЫ

ҚЫТАЙДА ЖЕЛБIРЕДI ҚАЗАҚ ТУЫ
ашық дереккөзі
280

Он күн бойы жанкүйерлердiң жүрегi лүпiлдеп, ҚХР-дың Чанчунь қаласында өтiп жатқан VI Азия ойындарынан жiтi назар аударған болатын. Салауатты өмiрге құмар спортшыларымыздың төрт жылда жыл құсындай қуанта қайтып оралатын осынау спорт додасында бекерден бекер делебесi қозбайды. Әсiресе бәйгешiл қазақтар.

Осыдан он бiр жыл бұрын – 1996 жылы Харбинде өткен осындай аламан жарыста отыздан астам медальға ие болған жерлес саңлақтарымыздың одан кейiнгi жылдарда алға басқан қадамы кейiн кеткен секiлдi көрiнедi. Биыл төртiншi рет кәрi құрылықтағы спорт сайысына қатысқан жерлестерiмiз дiттеген межеге жеттi. Әрине, биыл спортшыларымыз ие болған медальдар аздау, дегенмен, Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея майталмандарымен жарыста төртiншi орынды иелендi. Биiк орын ба, жоқ па? Алдағы алтынды күреп алған мемлекеттерге қарап аз деуге болады, ал соңымыздағы бiрлi-жарым мемлекеттердiң қоржынына қарап тәубе деуге де болады.

Бiздiң спортшыларымыз осы жолы жеңiске құштарлықтарымен ерекше көзге түстi. Әсiресе, хоккейшiлерiмiз. Қазақстан хоккейшiлерi Таиланд құрамасымен жекпе-жекте 52:1 есебiмен ойсырата жеңгенi мәлiм. Бұл қазiргi замандағы хоккейдегi ең үлкен ұтыс ретiнде Гиннесс кiтабына енуi ықтимал.

Азия ойындары табанды тартыстарымен ғана қызықты емес, әрбiр ел өз спортының бүгiнi мен ертеңiн сарапқа салатындығымен де есте қалады. Осы жолы Қазақстан құрамасы жалпы есепте 6 алтын, 6 күмiс, 6 қола медальға ие болды. Медальдардың жалпы саны осындай болғаны бiр пара, биылғы дүбiрлi жарыста шаңғышыларымыздың ерлегенiн айтпай кете алмаймыз. Елiмiздiң құрамасының қоржынына 4 алтын, 4 күмiс, 2 қола медальдердi салған — шаңғышыларымыз. Эстафеталық жарыста да бiздiң қыз-жiгiттерiмiз ешкiмге дес бермей, бас жүлдеге ие болды.

Биатлоннан да спортшыларымыз абыройын асқақтатты. Эстафеталық жарыста Қазақстан құрамасының сапында бақ сынаған Сергей Наумик, Александр Трифонов, Ерден Әбдiрахманов, Александр Червяков қола жүлденi иеленсе, қыздарымыз күмiс алқа тақты. Осы орайда, елiмiзде Ерден Әбдiрахмановқа iзбасар болатын жас қыз-жiгiттердi iздеуiмiз орынды.

VI Азия ойындарының алауы сөндi. Ендi кәрi құрылықтың спортшылары бас қосатын мұндай дүбiрлi жарыс 2011 жылы Алматыда өтпекшi.

Қытай жерiнде елiмiздiң көк байрағын желбiреткен спортшыларымыз өз үйiнде бұдан да үздiк өнер көрсетерiне күмән жоқ.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары