Абылайдың ақ үйi: АҢЫЗ ЕМЕС АҚИҚАТ
Абылайдың ақ үйi: АҢЫЗ ЕМЕС АҚИҚАТ
2007 жылдың 18 қаңтар күнi газетiмiзде М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Тайшыбай мырзамен «Абылайдың ақ үйi» туралы аңыз» атты сұхбат жарияланған болатын. Пiкiрталастан шындық туатыны рас дейтiн болсақ, қазақ халқының ұлы қолбасшысы әрi ханы – Абылай ханға қатысты жайттар әңгiме етiлгендiктен, аталмыш сұхбат оқырмандарымыздың арасында қызу пiкiр туғызды.
2005 жылы «Астана» баспасынан Абылай хан өмiрi мен қызметiне қатысты құжаттарды жинақтап, құрастырған Зарқын Тайшыбайдың «Абылай хан» атты көлемi 32 баспа табақтық кiтабы жарияланды. Мұндағы құжаттардың бiрқатары бұрыннан мәлiм болғанымен, кiтаптың аннотациясында жазылғандай: «Құрастырушының өзi мұрағаттардан iздеп тапқан 70 құжат түпнұсқадан аударылып, алғаш рет ғылыми айналымға енгiзiлдi». Яки, мұндай құнды жинақты елемей тастау мүмкiн емес.
Iле-шала Зарқын Тайшыбайдың сұхбатында әңгiме етiлген негiзгi жайтқа қарсы журналист Жақсыбай Самраттың «Абылайдың ақ үйi: Аңыз емес ақиқат» атты ой-толғамы редакциямызға келiп түстi. Пiкiрталасушылардың екеуi де қазақ ұлтына, елiмiздегi патриоттықтың қалыптасуына көмегiмiз тисе деп шырылдайды. Екеуiнiң де ұстанымдары қисынды, дұрыс сияқты. Ендеше пiкiрталас неден туындап отыр?
Халқымыздың тарихы бәрiмiзге ортақ. Қазақ жұрты жер мен тарихты ешкiмнен қарызға алмайтын жұрт. Жерi қандай ұлан-байтақ болса, тарихы да ұшан-теңiз. Жалған тарихқа негiзделген жалаң патриоттықтың пайдасынан гөрi түптiң-түбiнде зияны көбiрек тиюi мүмкiн екенiн ұмытпауымыз керек. Қазiр ХIХ-ХХ ғасырларда әсiре патриоттар өтiрiк түзген Ресей тарихына күмәнмен қарап, күдiк келтiрушiлердiң көбейе түскенi бекер емес.
Ал журналист Жақсыбай Самраттың тiлге тиек еткен «изнеживание» сөзiне келсек, ХVIII ғасырда көптеген сөздер қазiргiден мүлдем басқа мағынаға ие болғанын ұмытпау керек. Уақытқа сай әрi мәтiнге орай сөздердiң мән-мағынасы өзгерiске ұшырап отыратыны құпия емес. 2005 жылы жарық көрген «Орысша–қазақша сөздiкке» сүйенiп, ХVIII ғасырдағы қазақтар «нәзiктенiп кетiп» жатса немесе Абылай «еркелеп бұзылып» жүрсе көңiлге қона қоймас та.
Бiрi филолог, бiрi журналист, отансүйгiш, ұлтжанды қос азамат пiкiрталасуда. Негiзгi, шешiмдi сөздi Қазақ Ұлттық академиясының Тарих және этнология институтының бiлiктi мамандары айтатын уақыт, «Абылайдың ақ үйiне» байланысты түйiндi шешiмге келетiн кез жеттi.
Тағы бiр ескеретiн жайт, соңғы кездерi әдебиет, тарих, өнер туралы пiкiрталастарда жеке басқа, ар-ожданға тиiсу секiлдi өрескелдiк ақпарат құралдарында жиi орын алып жүр. Құрметтi болашақ авторлар, осыдан биiк болуларыңызды өтiнер едiк.
“Түркiстан” газетiнде шыққан аталмыш сұхбатта тiлшi Зақаңның қызметiн ғана көрсетiп, профессор екенiн ғана атап өтiптi. Қандай ғылымның маманы екенi белгiсiз. Бұған қарап жұрт оны тарих ғылымының сүйегiн шағып, майын iшкен ғалым екен деп ойлап қалмасын. Зақаң бар болғаны, жоғарыда айтқанымыздай, филология ғылымының көп кандидатының бiрi… Үзiп-жұлып тарихи тақырыптарға барып жүргенi болмаса, тарихты тереңнен тарта алмайды. “Абылай хан” туралы “атақты еңбек” жазған емес, тек ханға байланысты бұрыннан белгiлi, баяғыдан ғылыми айналысқа енген бiраз құжаттарды жинақтап, қазақшаға аударған. Бар болғаны сол. Бұл да үлкен еңбек әрине, бiрақ ешқандай жаңалық емес. Бiрақ осы аударманың өзiнiң сапасына да сын көзбен қараған жөн. Өйткенi, аталмыш сұхбатында “изнеживание” деген орыс сөзiн “әлжуаздандыру”, “жуасыту” деп аударғанын айтыпты ғой. Ал шын мәнiнде бұл сөз “нәзiктенiп кету”, “еркелеп бұзылу” деп аударылады. (“Орысша-қазақша сөздiк”, А, 2005 ж., 316 б). Зақаң өзiне қалай ұнаса солай бұра берген секiлдi, әйтпесе екеуiнiң мағынасы екi түрлi. Осы сөздi ол әлсiздендiру, яғни зиян шектiру мағынасында берсе, iс жүзiнде бұл тәртiпке келтiру, еркiнсуден сақтау деген пайдалы мағынада… Зақаңның аудармасына сiлтеме жасаймын деп талай жас ғалым құжаттың негiзгi мағынасынан ауытқып, терiс кетiп қалуы да мүмкiн. Мұндай сәттер тереңнен толғайтын сарапшылықтан гөрi қызбалыққа бейiм З.Тайшыбайдың аудармасында көп сияқты. Сондықтан бiлiктi мамандардың Қазақстан мен Ресейдiң ежелгi қатынастары жәйлi құжаттарды жинақтаған Зарқын Тайшыбайдың осы аудармасын түпнұсқамен салыстыра отырып ғылыми сарап жасағаны да жөн секiлдi…
Ол туралы талай мақаламызда жазған едiк. (Қараңыз: “Алаш үнi”, 06.05.2003 ж., “Алтын Орда”, 11.07.2003 ж., “Қазақ әдебиетi” 01.08.2003 ж., “Солтүстiк Қазақстан” 19.09.2003 ж., “Егемен Қазақстан” 29.10.2003 ж. т.б. және ең соңғысы тағы “Егемен Қазақстан”27.09.06 ж.) Мiне, солардағы фактiлердi тағы бiр жаңғыртып, “Абылайдың ақ үйiнiң” қайдан, қалай шыққанына тағы бiр тоқталу керек болып тұр. Бiрақ бұл З.Тайшыбай мырзаның: “Жоқ! Болған емес!” деген секiлдi негiзсiз тұжырымдарын талқылап, сөз таластыру үшiн емес, “Түркiстан” газетiнiң ондаған мың оқырмандарына шыншыл ақпарат берiп, сана таразысына салып, салмақтау үшiн керек.
Қызылжарда “Абылайдың ақ үйiнiң” бары туралы әңгiме ежелден келедi. Және ол дерексiз, бiреудiң шығара салғаны емес, Есiлдiң жарында тұрған нақты нысанға қаратылып айтылады. Көзiмен көргенiн айтып: “Ол үш қабатты, бiр орамды тұтас алған үлкен үй, iшi толған бытықы-шытықы көп бөлме” деп Сәбит Мұқанов та жазған. (Өмiр мектебi., А., “Жазушы”., 1976., 2 кiтап, 35 б.) “Абылайдың ақ үйiнде” қазақ балаларының оқып, бiлiм алып жатқанын Үкiлi Ыбырай да 1926 жылы 6 наурызда облыстық “Бостандық туы” газетiне шыққан өлеңiнде айтады. (Мұқанова Г.,“Солтүстiк Қазақстан” газ., 22.11.04 ж). Бұлар жазбаша дерек десек, оны ауызша айтатындар тiптi көп. Соның бiрi, Қызылжардың ежелгi тұрғыны Кенжебек Әбiшев деген ақсақал (жасы 75-те) оны көрсетiп, өзiнiң әкесiнен, атасынан естiген әңгiмелерiн талай айтқан. Ең бастысы ол жылжымайтын мүлiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде де “Дом хана Аблая” деп тiркелген… 1999 жылғы 29 шiлдеде ол Жекешелендiру комитетi арқылы аукционнан В.Поляков деген iскерге қалпына келтiру шартымен сатылады. (Договор купли-продажи, номер 846, от 06.08.99г.). Бiрақ ол ғимараттың быт-шытын шығарып, қалпына келтiрмек түгiл қаңқасын ғана қалдырып, кетiп қалған. Қазақ ханынан қалған жәдiгердi Поляков қайтсiн? Осыдан кейiн үй қайтадан мемлекеттiк қорғауға алынды, бiрақ қалпына келтiруге ешкiм асыға қоймады. Оның үстiне маңындағы жерлердiң бәрi жеке кәсiпкерлерге сатылып кеттi…
Ал бiз неге оның жаңғыртылуына мүдделi болдық, ендi соған келейiк. Бiрiншiден, ол бiздiң ұлы ханымыз Абылайдың өмiрiнен қалған бiр iз. Басқа сөзбен айтқанда, тарихи құнды ескерткiш. Екiншiден, Елiмiздiң басқа да терiстiк облыстарындағы секiлдi Солтүстiк Қазақстан облысында да келiмсектердiң үлесi тым көп екенi белгiлi. Соның iшiнде Петропавл қаласында әсiресе көп. “Адам аласы iшiнде” деген емес пе, олардың арасында солтүстiктi Ресейдiң жерi дейтiн топтардың әлi күнге бары жасырын емес. Елдiң, жердiң кiмдiкi екенiн салынған құрылыстар, зираттар т.б. дәлелдейдi. Иншалла, қазiр Қазақстан мен Ресейдiң шекарасы мызғымайтындай болып бекiтiлдi десек те Петропавл қаласын орыстар салған, бұл жерде қазақ болған жоқ деген секiлдi пiкiрлер әлi де қалмай келедi. Сол себептi де қаланың “Қызылжар” деген әп-әдемi қазақы атауын да қайтара алмай отырмыз. Осындай жағдайда қалада Абылай ханның үйiнiң ежелден болғаны оның қазақ қаласы екендiгiнiң таптырмайтын дәлелi емес пе? Үшiншiден, Абылайдың Қызылжар мен Түркiстан арасында тегiс болып, өз билiгiн жүргiзгендiгiнiң бiр затты айғағы да осы болар едi ғой.
…Жоғарыда көрсетiлген мақалаларымда айтылғандай, оны қалпына келтiруге ешкiм бел шешiп кiрiскен жоқ, Поляковтан кейiн қаңыраған күйiнде тұра бердi. 2003-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасы шыққанда, шенеунiктер: «“Абылайдың ақ үйiн” қалпына келтiруге келмейдi» деп шешiм шығарып, бағдарламаға сәйкес татар көпесi Янгузаровтың үйiн әрлендiруге қаражат сұрады. Бiрiншi кезекте ұлы ханнан қалған ескерткiштi жаңғырту керек едi ғой деп бiз шамамыз келгенше оған қарсы шықтық. Облыстық, республикалық баспасөз бетiнде, теледидарда бiрнеше рет айттық. Соның дүмпуiмен: “Бұл өзi Абылайдың үйi ме, жоқ па, ол қайдан шыққан сөз?” деген сауал туды. Осыған дейiн барлық құжаттарда еш талассыз-ақ “Абылайдың үйi” болып келсе, ендi оған күдiктенушiлер пайда болды.
Бiз ендi осыны дәлелдеуге кiрiстiк. Жергiлiктi мұрағаттар, ғылыми еңбектермен қатар бiр шетi Санкт-Петербург пен Мәскеу архивтерiне дейiн барып жұмыс iстедiк. Обалы не керек, облыс басшылары бұл iске ежелден түсiнiстiкпен қарады. Бiрақ, ең қызығы сол — осы үйдi ең бiрiншi рет не себептi “Абылайдың үйi” деп тiркегенiн бiз еш жерден таба алмадық. Бiздiңше, оның алғашқы дерегiн бiреу қасақана жоқ қылып жiберген секiлдi…
Ендi Абылайға Есiлдiң жарында үй салынғандығы туралы деректердi қысқаша еске салып өтейiк. Алдымен қазақстандық белгiлi ғалым, тарихшы В.Басин Ленинград архивтерiнiң негiзiнде: “Для него (Аблая – Ж.С.) был построен деревянный дом близ реки Ишима в горах Енгистау” деп жазды. (“Россия и казахские ханства в ХVI-ХVIII вв”, А., “Наука”, 1971 г., с 239-240). Бiз оның сүйенген құжатын Санкт-Петербургтен таба алмадық. Өйткенi, бұл қор 70-шi жылдардың ортасында Мәскеудегi Ресей империясының сыртқы саясаты (АВПРИ), кейiн РФ СIМ архивiне ауыстырылған екен. Бiз оған бiрнеше рет хат жазып, 2004 жылы 20 қаңтарда ол жерден үйдiң жоспарын алдық. Оны алғаш рет “Егемен Қазақстан” газетiнiң 22 қарашадағы санында “сүйiншi” айдарымен жарияладық. Жоғарыда аталған сұхбатында З.Тайшыбай осы құжатты мен таптым, менiң қолымда деп айтыпты. Сөйтiп, масштабы көрсетiлген құжаттан жобалап тұрғын үйдiң аумағын да шығарып қойыпты. “Шiркiнде ес болсайшы сезет деген” дегендей, Зақаң шынымен ғылыммен адал айналысқан жан болса тым болмаса өзiнен бұрын жариялаған адамның аты-жөнiн көрсетсе керек едi ғой.
Бұл — бiр құжат деңiз. Екiншi құжатты жергiлiктi өлкетанушы, 1985 жылы Алматыдан шыққан “Петропавловск” атты анықтамалықтың бiр авторы болған Михаил Бенюх тапқан. Ол Санкт-Петербургтен шығатын “Новые ежемесячные сочинения” атты жинақтың 1795 жылғы қазан айындағы санынан мынадай дерек алған: “…по просьбе его, Аблая, для пребывания его построен прямо крепости святого Петра вверх по реке Ишиму в горах Енгустау в 765 г. деревянный дом”. (ГАСКО, Ф 158, оп 1. Д 295, л33). Осыны Тайшыбай: “бұл журналды бiз осыдан 20 жыл бұрын көрiп, бiрнеше санымен танысып шыққанбыз” дептi. Бұдан 200 жылдан артық уақыт бұрын шыққан журналдың қай жерде тiгулi тұрғанын, қандай кiтапханадан көргенiн әрине ол айта алмайды…
Мiне, осы құжаттар Абылайға Есiлдiң жарындағы Енгистау тауында үй салынғандығын айтады. Ендiгi кезекте осындағы “Енгистау” деген жер атын табу бiздiң мiндетiмiз болды. Сөйтсек ол, қазақтың “ен қыстау” (кең қыстау) деген сөзiнен алынған жер аты екен. Есiлдiң бойын қазақтар ежелден қоныстанып, оны “Енқыстау” деп атаған. Бұл туралы: “аталарымыз сол Енқыстаудан көшкен едi” деп Қарағаш ауылының 90 жастағы тұрғыны Есентемiр деген ақсақал 1960 жылдары журналист М.Қанғожинге айтқан екен. Осы жердi Абылай орыстың әкiмшiлiгiне сатыпты деген де сөз бар. Қала бердi қонысынан айрылған елдiң аузынан:
«Абылайдың атасы Әбiлфайыз,
Хан тұқымы төсенбес етек киiз.
Алым алып, жау жұртқа жердi берiп
Абылайға шықты ма екi мүйiз?» – деген сөз де қалған. (Әрине, Абылай да оны ерiккеннен сатқан жоқ шығар, бәлки мәжбүр болған шығар). Осы Есiлдiң бойын ХVI ғасырдың өзiнде қазақтың 117 ауылы мекен еткен деген де дерек белгiлi. (“Киргизское хозяйство Акмолинской области”, сборник, СПб, 1910 г.. т1., с 33).
Сөйтiп, Енқыстау Есiлдiң бойы болса, өзеннiң жарын орыс жылнамасында “гора Енгистау” деген. Ал “св.Петр” қамалы үйге қарама-қарсы, екiншi жардың үстiнде тұр. Бұл нақ қазiргi “Абылайдың үйi” деп аталған ғимараттың тұрған жерiне келедi. Бiрiншiден, “Прямо к крепости св. Петра”, екiншiден, “На берегу реки Ишима”, үшiншiден, “В горах Енгистау”. Осы үш дәйек Абылайдың үйiнiң қазiргi Петропавл қаласының территориясында болғанын дәлелдейдi. (Айта кететiн жәйт, кезiнде Есiлдiң жарының үстi қалың тоғай болған, сондықтан да үйдi таудың iшiнде деп жазған болуы керек). өзiмiз сандығында архивi қатталып жатпаған ел екенiмiздi ескерсек, осыдан артық қандай дәлел табылсын?
Және бiр ескеретiн жәйт, ешқандай құжатта Петропавл қаласында Абылайға үй салынды деген дерек жоқ. Өйткенi, Абылайға үй салынған 1765 жылы Петропавл деген қала да болмаған. Тек 200-дей драгун солдаттары тұратын “св.Петр” атты шағын қорғанның құрылысы 1752-жылы басталып, бiрнеше жылға созылған. Соның iшiнде 1761 жылы да оның құрылысы әлi аяқталмаған деген дерек бар. (Петропавловск, А., “Наука”, 1985 г., с15). Ал қорғанның солдаттары қазiр “ой қала” деп аталған, бұрынғы Енқыстауда, Есiлдiң бойында тұрған.
Кейiн Абылайдың үйi де, қамал да Қызылжар қаласының аумағына кiрiп кеттi… Мiне, сондықтан, жоғары айтқанымыздай, қазiргi Қызылжардың аумағында Абылайдың үйi болған деуге толық негiз бар.
Деректерде Абылайдың үйi ағаш үй екендiгi айтылады, ал қазiргi үй кiрпiштен салынған. Оның себебi: Петропавл қаласында әрбiр 12 жыл сайын үлкен өрттер болып отырған, соның iшiнде 1824 жылғы көктемгi үлкен өртте 110 ағаш үй, 1849 жылы 435 үй, 106 ләпке түгi қалмай күйiп кеткен. (М.Морозов, “Петропавловск – северные ворота Казахстана”, Омск., 1993 г., с21). Осынша үйдiң арасында әрине Абылайдың ағаш үйi де болуы мүмкiн. Ал оның орнына салынған кiрпiш үйдi халық ескi әдетпен “Абылайдың ақ үйi” деп атай берген секiлдi.
Мiне, бiздiң үй жөнiндегi дерегiмiз осындай.
Ал, «Абылайға тағы да үйлер салынған ба?» деген сұрақтарға келетiн болсақ, салынған. Соның iшiнде Қылшықты (Тайшыбай жазғандай Қылшақты емес) өзенiнiң бойында да бар. Бұл туралы Сiбiр белдеуi әскерлерiнiң қолбасшысы Антон Скалон 1776 жылғы 16 сәуiрде сыртқы iстер коллегиясына: “Аблай и Салтамамет султаны просили меня о переносе его прежних домов на другое место за малоимением дров и мелкаго скота кормов… ” деген рапорт жазған. (АВПРИ, ф. Внутренние коллежские дела, оп 2/6, д.7164., л 766 об.-767). Ол аз болса Абылай патша өкiметiнен еңбекақы мен астық та алып тұрған. Бұл туралы Ш.Уәлиханов: “Ему послана была грамота и назначено ежегодно 300 рублей жалованья и 200 пудов муки. И сверх всего этого построен ему в горах (Кокчетав) (и) в верховьях Ишима деревянный дом” деп жазған. (Валиханов Ч., Соч., том 1., А., 1964., с.603).
Абылайдың Петропавлдың аумағында үйi болғанын жазғанымызды Зарқын Тайшыбай: “Оны дүниеқоңыз, тоғышар етiп көрсеткiсi келгендердiң ниетi. Бәлкiм тағы да “интернационалистер” шығар” деп шала бүлiнiптi. Қалай десек те Тайшыбайға ұнамағанымен деректер осындай. Абылай да пенде, оның да жақсы тұрмыста өмiр сүргiсi келген шығар… Бiрақ ондайды Тайшыбай секiлдi жалаңпатриоттар ұққысы келмейтiнi көрiнiп тұр. Мәселен, Қылшақты (Зақаң осылай жазады Ж.С.) өзенiнiң бойында Жаңақыстау деген қыстауы болған. “Басқа қыстауы болған жоқ” деп перiп қалады… 70 жыл жасаған, оның 40 жылын хан болып, аттан түспеген Абылай Тайшыбайдың ойынша бiр қыстаудан қозғалмапты… Басқасын айтпағанда бiр Шортан тауында ғана “Хан асуы”, “Хан жайлауы”, “Хан көлi”, “Ханның қызыл ағашы” т.б. атты бiрнеше қыстау-жайлаулары болғанын Естай Мырзахметов ағамыз жазған едi. (“Абылай”, жинақ., А., 1993 ж., Құрастырған С.Қарамендин., 15 б).
1740 жылы Абылайдың Ресей бодандығын қабылдап, ант бергенiне де намыстанып, “Ресей мемлекетiмен келiсiм-шартқа қол қойған” деп қойып қалады. Бiрақ өзiнiң iс жүзiндегi тәуелсiздiгiн сақтағаны анық. Ал Зақаң бiздiң ханның үйi болғанын айтуымыздың өзiн: “Абылайдың тәуелсiздiгiн жоққа шығарады. Қазақстанның Ресейге өз еркiмен қосылуы деген баяғыда-ақ талқан болған негiзсiз қағиданы қайта бықсытады” деп сөгiптi-ай келiп… Оқи берсең мұндайлар толып жатыр, “1742 жылдан бастап не Орынборға, не Петропавл бекiнiсiне ат iзiн салмаған. Орыстың шенi биiк бiрде-бiр әскери адамымен жүздеспеген және нағыз тәуелсiз саясат ұстанған” деп соғыпты. Тәуелсiз болу үшiн Зақаңның ойынша ешкiммен кездеспесе жетiп жатқан секiлдi. Шын мәнiнде Абылай “Петр” қорғанымен байланысы тығыз болған. 1759 жылы патшаға хат жазып: “прошу же я и народ мой, чтоб дозволить в крепости св.Петра киргизцам выменивать муку и крупу” деген хат жазған. (Гейместер Ю., “Статистическое обозрение Сибири”, Спб, 1854., с 323). Абылайдың өтiнiшiн орындап патша 1759 жылы “Об открытии в крепости св. Петра торга со степными народами” деген жарлық шығарып, соның арқасында Қызылжарда жәрмеңке ашылады. (Бұ да сонда). Осының өзiнен-ақ оның Қызылжарға келiп жүргенiн көруге болады. Рас, жоңғарға қарсы соғысуға қару, әскер сұрағанда бермегенi үшiн Абылайдың патшалықпен арасының суығаны да белгiлi. Бiрақ бұған қарап Ресей империясымен қарым-қатынасы мүлде тиылған деп айтуға жарамайды. 1778 жылы мамыр айында Абылайдың бiр баласы Тоғым сұлтанның Екатерина патшамен кездесiп, әкесiнiң атына жазуы бар қылыш, бұлғын терiсiнен тiгiлген тон және қара түлкiнiң тұмағын әкелгенi бар. (АВПРИ, ф. Киргиз-кайсацкие дела, оп 3.. 1778г., л 90). Осы жарлығында патша Абылайды Орта жүздiң ханы екенiн жариялайды. Бiрақ Абылай өзiн қазақ халқының жақсылары мен жайсаңдары үш жүздiң ханы қылып сайлағанын айтып, ол жарлықты қабылдамағаны, “св. Петр” қорғанына барып, грамотаны алмағаны да тарихтан белгiлi…
Мiне, бұл мәселелер З.Тайшыбайдың көптеген пiкiрлерiнiң негiзсiз екендiгiне жауап ретiнде айтылып жатыр ғой. Әйтпесе, бұл Қазақстан тарихында ежелден белгiлi дүниелер. Олар туралы ғалым ағаларымыздың бәрiнiң де еңбегiнде бар.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙIН…
Иншалла, қазiр “Абылайдың ақ үйi” қалпына келтiрiлiп жатыр. Тiптi бұрынғыдан да тамаша етiп, жаңартылуда. Бұл мен ғана, қызылжарлықтар ғана емес, исi қазақ үшiн қуаныш. Соның iшiнде қызылжарлықтардың қуанышында шек жоқ, әрине. Бабамыздың еңбегiн еске алған өскелең ұрпақ оның үйiне барып тәу ететiн болады. Үйдiң алдына Абылайдың аттың үстiнде тұрған ескерткiшi де орнатылатын болды. Оған жастардың бәрi барып гүл қояды, ертең-ақ…
Және бiр маңызды iс… Петропавл қаласының аумағында бұрын Абылайдың үйi болғаны, өзiнiң мұнда келiп тұрғаны белгiлi болса – оның атына осы қала атауы неге берiлмеске? Қызылжар деген тамаша атауы болса да оның бағы жанатын емес, бiрақ ұлы Абылайдың есiмi берiлсе, оған қазақстандықпын деген жанның бiрi де қарсы болмайды ғой деп ойлаймын… Ол ендi алдағы күндердiң үлесiндегi шаруа…