ЕР ЖӘНIБЕК ЕСIМI НЕГЕ ҰЛЫҚТАЛМАЙДЫ?

ЕР ЖӘНIБЕК ЕСIМI НЕГЕ ҰЛЫҚТАЛМАЙДЫ?

ЕР ЖӘНIБЕК ЕСIМI НЕГЕ ҰЛЫҚТАЛМАЙДЫ?
ашық дереккөзі
486

Бүгiнгi ұрпақтың жүрегiне отаншылдық сезiмiн ұялатып, атадан жалғасқан батырлық дәстүрдi дәрiптеу бас тартпас парызымыз саналады. Бiрақ, Абылаймен тiзе қоса шайқас жүргiзген Ер Жәнiбек сынды батырларымыздың күнi бүгiнге дейiн ұлықталмай келуi, атының аталуын былай қойып зиратының өзiнiң жәй ғана төбешiк болып жатуы кiсiнi қынжылтады.

Ер Жәнiбек аты ауызға алынғанда тарихта өткен бiрнеше Жәнiбек есiмi еске оралады. Атап айтқанда Алтын орда ханы Жәнiбек, Жәнiбек хан (Әз Жәнiбек), Жәнiбек Қошқарұлы (Шақшақ Жәнiбек) және бiз айтып отырған Ер Жәнiбек Бердәулетұлы, Ер Жәнiбектi кейде Ақыр Жәнiбек деп те атайды. Алтын орда ханы Жәнiбек (туған жылы белгiсiз –1357ж қайтыс болған) Өзбек ханның баласы, Жәнiбек хан (Әз Жәнiбек) ХV-ғасырдың басы мен 1470-жылдары арасында өмiр сүрген қазақ хандығының негiзiн қалаушылардың бiрi, Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кiшi ұлы. Бұл екi Жәнiбектiң Ер Жәнiбекпен ара қатынасы жер мен көктей. Қошқарұлы Шақшақ Жәнiбек (1693 —1751) — қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресiндегi әйгiлi батырлардың бiрi. Көп жағдайда Ер Жәнiбек пен Қошқарұлы Шақшақ Жәнiбектiң есiмi мен еңбектерiнде жаңсақ ұғымдар көп ұшырайды. Ер Жәнiбектiң 1714-жылы туылып 1792-жылы қайтыс болғанын ескерсек екеуiнiң Абылай қосынында сарбаз болған кездерiндегi жас айырмашылығы айқын көрiнедi. Әсiресе, Абылай қосынындағы жас батыр Жәнiбектiң — Ер Жәнiбек екенiн танып алу оп-оңай. Абылай ханның орта жүз сұлтаны болғаннан кейiнгi үш жүзге ресми хандық құрған дәуренi 1771—1781 жылдар аралығы. Олай болса бұл кез Шақшақұлы Жәнiбек Тарханның әлдеқашан өмiрден озған шағы. Демек, тарихшыларымыз бен әдебиетшiлерiмiздiң жаңсақ ұғымдарға баруы тарихты тереңдей қадағаламауынан болса керек. Ендеше, басын даудан арашалап отырған Ер Жәнiбек батырымыздың кiм болғаны?
ЕР ЖӘНIБЕК — ҚАЗАҚ БАТЫРЫ
 

Ер Жәнiбек Бердәулетұлы Абылай хан дәуiрiнде орта жүздiң Керей ұлысынан шыққан әйгiлi батыр.

Түркi халықтары тарихын зерттеушi белгiлi ғалым Құрбанғали Халидтың (1829 —1913) “Тауарих Хамса” аталатын еңбегiнде мынадай жолдар бар. “Абылай заманында батыр, сардар болғандар: Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанбердi батыр, Еспембет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнiбек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Басентин Малайсары батыр” (105-бет). Бұған қоса айтылатын тарихи жырлардағы Ер Жәнiбек есiмi оның батырлық даңқын барынша аша түседi. Бұхар жыраудың “Ғалданменен ұрысып” деген ұзақ жырында: Ғалданменен ұрысып, жетi күндей жүрiсiп, Сондағы жолдас адамдар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керейде батыр Жәнiбек… — деген жолдар бар. (“Қазақ халқы және оның салт-санасы” Жақып Мырзаханұлы, Шыңжан халық баспасы, Үрiмжi 1992-жыл, 339-бет). Досбер Саурықұлының атақты “Есенкелдi” дастанында да: Ту тiгiп тұлпар мiнiп әскер бастап Атақты әр рудан ер жиналды. Алтынбай, ер Еспенбет, Ақтанбердi, Қол бастап батыр деген атпен келдi. Матайдың бiр батыры Шөңкей деген, Жәнiбек қалың керей жақтан келдi… (“Абылай хан”, Алматы, жазушы, 1993ж, 294-бет) – дегендердi айтады. Үмбетей жыраудың Абылайханға Бөгенбайдың өлiмiн естiртуiнде де мынадай жыр жолдары кездеседi: Аруағыңа болысқан, Әдiл билiк қылысқан. Қашаған қандай ұрыстан Керейде батыр Жәнiбек, Қаз дауысты Қазыбек. Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, — Абылай сенiң тұсыңда Сол бесеуi болыпты-ай” (“Бес ғасыр жырлайды” Алматы, 1989ж. 177-бет) Мұндай өлең жолдары Асқан Татанайұлының “Тарихи дерек, келелi кеңес” (Шынжаң халық баспасы 1-том) кiтабынан да табылады. Сейiт Кенжеахметұлы құрастырған “Жетi қазына” (“Ана тiлi” Алматы 2003-жыл, 123-бет) кiтабындағы “XVIII-ғасырлардағы батырлар” есiмiнiң алдыңғы шоғырында “Керей Жәнiбек батыр” есiмi бар. Демек, жазба деректер мен тарихи жырлардың ешқайсысы да “Ер Жәнiбек” есiмiн тарихтан бөлiп қарамайды. Оның қазақ тарихындағы қазақ батырлары ортасынан ойып орын алғанын айқын көре аламыз. Батырдың туған жылына тоқталғанда “Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” 3-том 395-бетiндегi “Ер Жәнiбек” түсiнiктемесiнде “Туған жылы белгiсiз” деген анықтама айтылады. Алайда бұл үстiрт ұғым болса керек. Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы аталған еңбегiнде “Жәнiбек батыр 1792-жылы сексеннiң үстiне шығып қайтыс болады” деп жазады. Шынай Рахметұлының “Моңғолия қазақтарының ата-тек шежiресi” (Өлгей, “Баспагер” 1997-жыл) кiтабының 76-бетiндегi “Жәнтекей” тарауында Ер Жәнiбектiң туған-өлген жылы 1714 — 1792 деп берiлген. Ал, Шынжаң қазақтарындағы Ер Жәнiбек туралы бiрден-бiр iзденiс жасаған әрi “Ер Жәнiбек” атты тарихи роман жазған жазушы Шәмiс Құмарұлы “Қазақ тарихындағы әйгiлi адамдар” сериясымен шығып жатқан ұласпалы монографиялық еңбектiң “Ер Жәнiбек” аталатын кiтабында (“Ұлттар баспасы” 2000-жыл) Ер Жәнiбектiң 1714-жылдың қысында дүниеге келгенiн тiлге тиек етедi. “Ер Жәнiбек” атындағы тарихи жырлардағы айтылатын деректер және Асқар Татанайұлының жоғарыдағы тұжырымы бойынша Ер Жәнiбек өлiмiнiң екi жыл кешiктiрiлiп жария болғандығын ескерсек батырдың 1914-жылы дүниеге келгендiгiн терiстемейдi. Ал оның 1792-жылы қайтыс болғандығы талассыз шындық.
БАТЫРДЫҢ АТА ТЕГI МЕН ҰРПАҚТАРЫ
 

Жiгiттiң үш жұрты бар дейдi қазақ.

Ер Жәнiбектiң өз жұрты Абақ керейдiң Жәнтекей руынан. Жәнтекейден Сүйiндiк, одан Алты, Алтыдан Сары, Сарыдан Бердәулет, Бердәулеттен Жәнiбек болып жалғасады. (“Абақ керей шежiресi”, “Жәнтекей” бөлiмнен, 1996-жыл Үрiмжi, 358-бет). “Нағашы жұрты — ұлы жүз сары үйсiн Досымбек, Өмiрбек деген батырлар. Жәнiбектiң анасы Қадиша Досымбектiң туған қызы… Ал кейбiр аңыздарда Жәнiбектi арғын Қаз дауысты Қазыбектiң жиенi дейдi. Мұндай делiнетiнi, Жәнiбектiң әкесi Бердәулеттiң алғашқы жұбайы Ұлболсын — Қазыбек бидiң әкесiнiң iнiсi Тыныбек бидiң қызы екен. Жәнекеңнiң қайын жұрты — найман ата әулетiнен Ақбай деген адамның қызы, Кекiлiк ана — Жәнiбектiң жұбайы… Жәнекеңнiң жиендерi жағына келсек, сүйегi тобықты Ырғызбайдың бәйбiшесi Ермек Жәнiбектiң туған қарындасы. (“Абақ керей Ер Жәнiбек”Ақын Байбосынұлы “Мұра” журналы 2003-жыл 1-сан) бұл туралы аңыз бен ақиқат арасындағы әңгiмелер ел iшiне кеңiнiн таралған. Абайдың, Шәкәрiмнiң ақындығы жайлы шертiлетiн халықтық шежiрелерде олардың: “бiр керемет нағашыларымыздан жұққан шығар” дейтiн сөздерi бар. Бейбiт Сапарәлiнiң “Құнанбай қажы” (“Ер Дәулет” ақпарат агенттiгi, Алматы — 1995-жыл) кiтабының 192 — 194-беттерiнде әдебиетiмiздегi ақтаңдақтарды ашуға бел шеше еңбек сiңiрген, фольклоршы, төл музыға тарихын зерттеушi Ауғанбай Жиреншиннiң Құнанбай жайлы әңгiмесi тiлге тиек етiлiп, Құнанбайды қарсы ала шыққан Керей байы Шәкудың айтқаны былайша берiледi: “…Аға баласы Құнанбай мырза келедi деп естiп едiм, әкең Өскенбай бiздiң Жәнiбек батырдың қызынан туған жиенi екенiн де бiлетiнмiн”. Демек, деректердiң қай-қайсысы да Өскенбайдың Жәнiбектiң жиенi екенiн терiстемейдi. Ал Жәнiбектiң тағы бiр жиенi Ыбырай Алтынсарин жайлы мынадай деректер бар: “Жәнiбектiң жалғыз қызы Аймен шешен, шежiрешi болып өсiптi. Бойжеткен соң орынборлық Балқожа деген жiгiтпен некеленiп, алыстағы төркiнiн есте сақтау үшiн тұңғыш ұлына Алтын-Сары деп ат қойыпты. (Мұндағы Сары Жәнiбектiң ру аты. Ж.Ш.) Бұл деректi Мұсатай Ахметжанов “Қазақ ағартушылары” деген кiтабында растай түседi. Онда: “Ыбырай Алтынсаринның әжесi Аймен де сауатты адам болған. Аймен ана халық ауызындағы аңыздар мен ертегiлердi көп бiлетiн адам. Оның әкесi Жәнiбек батыр жоңғар соғысына қатынасқан қазақ сардарларының бiрi. Талапты немересi Ыбырайға ұлы анасы Аймен жоңғар шапқыншылығы турасындағы әңгiмелердi көп шерткен” — делiнедi. Жазушы Шәмiс Құмарұлының “Ер Жәнiбек” кiтабында да: “Ыбырай Алтынсаринның естелiгiнде жазылуынша Ыбырайдың үлкен әжесi, яғни Алтынсаринның шешесi сол Ер Жәнiбектiң қызы Аймен деп жазылады” деген жолдар бар. Батырдың ұрпақтарына келетiн болсақ, Жәнiбектiң өз кiндiгiнен: Ноғай, Балжан, Бәйтiк атты үш ұл, Аймен атты жалғыз қыз болған. Ноғайдан: Елубай, Баселей, Данияр, Есiрке, Наки, Балжаннан: Доланбай, Мамбетай, Үмбетай, Бәйтiктен Дауылбай қатарлы тоғыз немерелi болған. Сол тоғыз немереден тараған ұрпақтар күнi бүгiнге дейiн бар. Айталық, Елубайдан Сатыке, Сатыкеден Зарыққан, Зарыққаннан Мырзахмет, Мырзахметтен Сағдат қытайдың Шiңгiл ауданында тұрады. Сағдат Мырзахметұлы әншiлiгiмен елiн сүйiндiрiп жүрген батырдың 6-шы ұрпағы. Кезiнде батырдың туы да осы шаңырақта сақталып, 1943-жылы Оспан батыр оны көтерiп шығып жауға қарсы шапқан. Мұнан басқа да батыр ұрпақтары Қытайдың Үрiмжi қаласында, Мори ауданында , Шығыс Қазақстан жерiнде, Алматы обылысында тұрады. Жәнiбек туралы айтылатын аңыздардың бiрiнде кеудесiне өрмелеп шыққан жыланның басын тiсiмен қыршып алып, бүркiп тастағаны сөз болады. Сонда Жәнiбек: “Әттеген-ай, жыланның басын жұта салуым керек едi, батырлық ұрпағыма дарымай өзiммен ғана кетер ме екен” деп армандапты делiнедi. Батырдың кейiнгi ұрпақтарынан ел көзiне ерекше түсетiн батырлар шықпағанымен басын игiсi келмейтiн жау жүректер көп болған. Сондығынан ба олар үнемi қуғын-сүргiн, қудалауға ұшырап отырған. Абылай хан өз тұсында ақыл-айла жағынан қытай мен орысты қатарынан ұстау арқылы қазақ жерiн қорғаудың әр түрлi амал-шараларын қарастыра бiлген. Ал Жәнiбек батыр да қазақ жерiнiң шығыс қақпасын жаудан қорғау жолында ересен еңбек сiңiрген. Әсiресе, Орыс, Монғол, Қытай сынды үш бiрдей iрi жаудың көзiне сүйелдей қадалып, елiн, жерiн қорғауы ерен ерлiк едi. Абылайдың оған сенiп осы тапсырманы беруi де батырдың адалдығы мен жау жүректiгiне деген айрықша құрметтiң белгiсi едi. Осындай себептерге байланысты сыртқы жаулар көрнеуде көлгiрсiгенiмен шын мәнiнде, Жәнiбек батырдан жасқанатын әрi оны ата жаулары санайтын. Сол үшiн де батырдың өсиетiне орай оның өлiмi екi жыл құпия ұсталып, 1794-жылы күзде ғана асын берiп арнайы хабар айтқан. Соның өзiнде сүйек жатқан жер жасырын ұсталып, он жыл өткен соң ғана басына тастан белгi қойылған.
ЖӘНIБЕК ЖАСАҒАН ОРТА ЖӘНЕ ОНЫҢ БАТЫРЛЫҚ IЗДЕРI
 

Ер Жәнiбек жасаған дәуiр жоңғар шапқыншыларының қазақ даласына талай рет қанды жорық жасаған кезеңiне тура келедi.

“Жәңгiр хан дәуiрiнде қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш iрi шайқас – бiрiншiсi — 1635-жылы, екiншiсi – 1643-жылы, үшiншiсi – 1652-жылы болған”. (Н. Мыңжани “Қазақтың қысқаша тарихы” 395-бет). Мiне, осы шайқастардың бiрiнде Ер Жәнiбектiң арғы атасы Алтының ауылын жоңғарлар шауып ерлердi түгел қырғындайды. Бiр жасқа толмаған баласы Сарыны (Ер Жәнiбектiң ұлы әкесi) шешелерi жер ошаққа жасырып аман алып қалады. Ер жете келе батыр, балуан болған Сары да жау қолынан қаза табады. “1681-1685 жылдарда жоңғар феодалдары Оңтүстiк Қазақстанға бiрнеше рет шабуыл жасады, Сайрам қаласын қиратып, егiншiлiкпен айналысқан ауылдарды күйреттi. ХVII-ғасырдың бас кезiнде жоңғар әскерiнiң бiр тобы Сарысу өзенiне жетсе, екiншi бiр бөлiгi орта жүздiң шығыс солтүстiк аудандарына басып кiрдi” (“Қазақ Совет энциклопедициясы 6-том, 380-бет). Осы тұста таққа отырған Жәңгiрдiң баласы Тәуке хан қазақ хандығын нығайтуға бар күшiн салды. 1710 жылы жауға қарсы төтеп беру амалдарын қарастырып қазақ жүздерi Қарақұмда бас қосты. Алайда, қазақ жасағы жоңғарларды аз ығыстырғанымен iшкi алауыздықтар салдарынан жеңiстi шерудi жалғастыра алмады. Керiсiнше, жоңғарлар қазақ жерiне сұғына түстi. 1718-жыл Тәуке хан қайтыс болды. Мiне, осындай қандыбалақ жылдардың бел ортасында, яғни 1714-жылы Ер Жәнiбек дүниеге келдi. Осы кезеңдерде әсiресе, жоңғар билеушiсi Суан Рабдан билiк басына шыққаннан кейiн, 17- ғасырдың ақыры мен 18-ғасырдың алғашқы ширегiнде қазақ жерiне жетi дүркiн (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдарда) басып кiрдi. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” осы жылдардың қанды iзi едi. Қазақтың бағына туған Қаракерей Қабанбай (1691 – 1770), Қанжығалы Бөгенбай (1690 – 1775), Шақшақұлы Жәнiбек (1693 – 1751) секiлдi хас батырлар жауға қарсы атойлап шауып қана қоймай Жәнiбектi жастайынан баули бiлдi, оған ұстаз болды. Әсiресе, Қабанбай батырдың керейлер қолында өсiп олармен етене болуы Жәнiбекке ағалық мейiр мен әкелiк рух бағыштады. Сондықтан да балалық шағында қанды көйлек киiп есейген Жәнiбектiң батыр болмауға қақысы жоқ едi. Жәнiбектiң 12 жасы – 1726-жылға тура келедi. Демек, бұл жасында ресми түрде соғысқа қатыспаған. Бiрақ көк дөненiн мiнiп, қосынға iлесе кеткенi шындық. 1725-1726-жылдардан бастап қазақтар қайта ес жия бастайды. “Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте 1726 жылғы Ордабасыда өткен жиында үш жүздiң басы бiрiгiп, Әбiлқайырды үш жүздiң әскер басы етiп сайлап, ұрыс тәсiлдерi белгiлендi, ол өзiнiң жақсы нәтижелерiн көрсеттi”. (К. Р. Аманжолов “Түркi халықтарының тарихы” 3-кiтап, 48-бет). “Ер Жәнiбек” атындағы қиссалардың бәрiнде “Қосынға бiр бала ердi” деген сөз қайталанады. Демек, жаугершiлiк тұсында ұлын не он үш не он бес жасында үйлендiретiн қазақ салты бойынша 13-тен өрлей бала демейдi. Қайта “15-те отау иесi” деп, оны үлкен азамат ретiнде қарап отырған. Айтылатын аңыздар мен дастандарда қарт батырлар әлгi балаға күлiп: “Астындағы көк дөненi әдемi екен, мұны сынап көрейiк, қосынға ерген қорқақ бiреу болса жүрегi жарылып өлiп қалар” деп оны бейiттiң бетағашын бұзуға жұмсайды. Бұл бiрде “Абылайдың сынауы”, бiрде “Қабанбайдың сынауы” деп көп айтылып жүрген аңыз әңгiме. Жәнiбектiң алғашқы көзге түсуi осыдан басталады. 1727-жылдан атқа мiнген қазақ жасақтары 1728-жылы Шұбар теңiз көлiнiң маңында, Буланты өзенiнiң жағасында жоңғар әскерлерiне күйрете соққы бердi, 1929 жылдың соңынан басталған соғыс, 1930-жылдың көктемiнде жоңғар әскерлерiн тағы да ойсырата жеңдi. Ақыт Үлiмжiұлы жазған “Ер Жәнiбек” дастанында Жәнiбектiң алғашқы жорықтарын тiлге тиек етiп: Жәнекең он алтыға келген жасы … дейдi. Бұл демек мүшел есебiмен 1729 жылға, жыл есебiмен 1730-жылға тура келедi. Мұнан шығатын қортынды — мейлi 12 жасында, мейлi 16 жасында болсын Ер Жәнiбектiң қазақтың жоңғарларға қарсы алғашқы жеңiстi шерулерiнен бастап жауға аттанғанын еш тарих терiстемейдi. Осылайша, Жәнiбек жоңғарларға қарсы соғыспен есейiп, жеңiстермен қанаттанып отырған. Моңғолиялық Сұлтан Тәукейұлы жазған “Ақыр Жәнiбек” романы да бұл деректердi жоққа шығармайды. Қытай деректерi бойынша 1733-жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болып, қазақтар жеңiстiк алады. Бұл – Үмбетей жыраудың Абылайға “жиырма жасың толғанда, қалмақпен соғыс болғанда” деген кезi екенiнде күмән жоқ. Ендiгi жерде Абылай есiмi қалай асқақтаса, Жәнiбекте солай ауызға алына бастайды. Жәнiбек туралы аңыз-әңгiме, қисса дастандардың iшiнде Абылайсыз сөз сөйлейтiн бiрде бiреуi жоқ. Қабанбай, Бөгенбай, Алтыбай, Ақтамбердi, Еспенбет, Матай Шөңкей, Бура Ақпантай, Басентин Малайсары есiмдерiмен бiрге Ер Жәнiбек есiмi де жиi ауызға алынады. Соның iшiнде Қабанбайға хан батыр, Дарабоз деген ұлағатты аттар берiлгенi секiлдi Жәнiбек есiмiнiң алдына ер атауының қосылуы да жәйдан жәй емес. Түркi халықтарының арғы ата тегi тарихынан сыр шертетiн қаһармандық жырдағы Ертоңға, Оғыз тайпасының жетекшiсi – Ертоғрұл, қазақ ертегiлерi мен батырлық жырларындағы — Ертөстiк, Еркөкше, Ертарғын, Ер Қосай, Ер Сайын, Ер Олжабай, Ер Қабанбай болып келуi жаудан қайтпас хас батырдың қасиетiн әйгiлесе керек. 1729-жылы Жоңғар хунтайжысы Суан Рабдан өлiп, оның орнына хунтайжы болған Халдан Серен 1739, 1740, 1741, 1742-жылдары бiр мезет Есiл, ор, ырғыз және Елек өзендерiнен Сыр бойына дейiн шабуыл жасады. Абылай бастаған қазақ қолы оған қарсы күрестер ұйымдастырды. Бұл кезең Жәнiбектiң батырлық аты шыққан мезгiл болатын. Абылайдың оңтiзесiнен орын алған ол желкiлдеген туы бар жер қайысқан қолы бар айбатты жас батырлардың бiрi едi. Сондықтанда сан мәрте жекпе-жек ұрыстарға шығып қарсыласының басын қанжығасына бөктерiп, қазақ батырларының қатарында жауға ойсырата соққы берiп көзге түсiп отырған. Абылай мен Халдан Серен арасындағы бейбiтшiлiк келiсiмiне сай екi жақтың ел жұрты аз жылдар ғана тыныш өмiр өткiзедi. Көп өтпей қалмақтардың өз iшiндегi билiк таласы қан төгуге жалғасып, Дабашы мен Әмiрсана қазақтарды паналайды. Осыны желеу еткен Лама – Дорж 1752-жылы қазақ жерiне басып кiрiп, қиян-кескi соғыс болады. Мiне, осындай жердiң шетiнде, жаудың өтiнде оларды бiрiншi болып тосқан Керей, Найман секiлдi орта жүз рулары болып, Жәнiбек сынды ерлер бiрiншi болып жауға қарсы шабады. Iле-шала маңдайдан ұрылған жоңғар қолына Абылай қосыны қырғидай тиiседi. Қалмақтар тас-талқан жеңiлiске ұшырайды. Ендiгi жерде берекесi қашқан жоңғарлар өз iшiндегi алаауыздық пен Мәнжу-Цин империясының соққылауына ұшырап құрып-жоғалуға бет алады. “1753-1754 жылдарда Жанатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнiбек, Мүйiздi Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы-жазы демей әлденеше рет жоңғарды шауып қайтады.” (М. Мағауин, “Қазақ тарихының әлiппесi”, Алматы, 1995 ж, 115-бет). Осыдан кейiнгi яғни 1756-1757 жылғы қазақ-қытай соғысы да қазақ батырларының ерлiгiмен өз жерiн жанын сала қорғағандығын көрсетедi. Ер Жәнiбекке қатысты аңыз-әңгiмелерде көп айтылатын деректердiң бiреуi Жәнiбектiң Қырғыздың Садыр атты батырымен жекпе-жекке түсiп, оны өлтiруi әрi қалыңдығын олжалауы мен оның өлiмi. Бұл аңыз кейде Монғол батыры деп те айлылады. Тарихи деректер бойынша Абылай бастаған қазақ қолы Ер Жәнiбек сынды батырлардың қан майдандағы күресi арқылы 1765, 1770-жылдары Қырғыз ұлысына бiрнеше дүркiн жорық жасаған. Әрi Iленiң сол жағасын, Шу бойын тазартып, қазақ пен қырғыздың қазiргi шекарасын айырады. Ер Жәнiбектiң Ыстықкөлге жуынып жатып, ағаш басындағы Садырдың қалыңдығының сағымын көретiнi дәл осы кез болса керек. 1771-жылы қалмақтардың қалдықтарын бiржолата жойған қазақ қолы, Абылай ханды үш жүздiң ханы етiп сайлады. Демек, қазақ тарихының қанды бетiнде Абылайханның орны қандай биiк болса, Қабанбаймен бiрге Ер Жәнiбек есiмi де қатарлас жүредi. Абылай хан туралы кей дерек оны 1711-жылы туды десе, кей дерек 1713-жылы туған дейдi. Олай болса Абылай Жәнiбектен бiрнеше жас қана үлкен болғаны. Екеуiнiң жас шамаластығын бiлдiретiн екi деректi ел есiне сала кесек мынадай аңыздар бар: Бiрде Абылайдың аты болдырып, жау қолына түсуге айналады. Мұны көрiп оның қасына шауып жеткен Ер Жәнiбек оған атын ұсынады. Абылай хан басымен ар көрiп атты алмайды. Сонда Жәнiбек Абылайға тап берiп: Қазақтың сұлтаны жау қолынан өлдi дегенше басыңды өзiм кесiп алайын ба, мiн мына атқа!” деп ақырады. Орынды ұсыныс сөзi мен өжет жiгiттiң өңменнен өткiзе қадаған көзiне қарсы келе алмаған Абылай Жәнiбектiң атын мiнедi. Екiншi әңгiме, Қалмақпен болған соңғы соғыстардың бiрiнде қалмақ жағы Абылайға: Екеуiмiз қырқысып елiмiздi қыра бермейiк, менiң сырттаныма сен де бiр сырттан шығар. Қайсысы жеңсе, жеңiс соған тән болсын дейдi. Қазақ жағы талайдың қанын жұтып дәнiккен қалмақ батырынан қаймығып, ақыры Ер Жәнiбектi таңдайды. Екi батыр түс көредi. Түсiнде Ер Жәнiбек жеңiледi, мұны Абылай да сезедi. Ертесi ерте Жәнiбек есiктен кiргенде, Абылай атшысына: — Уа, менiң қарт Бөгенбай берген нарқызыл атымды шалыңдар, жақсы түске де жаман түске де садақа, Алла тағала мен не жорысам, соны қабылдасын, — дейдi. Ұрыста Ер Жәнiбек жеңедi. Осы аңызды бiреулер Шақшақ Жәнiбектiкi етiп айтады. Бұл уақыт Шақшақ Жәнiбектiң қартайған, Абылайдың жас кезi. Ендеше аңыздағы Жәнiбектiң жаудан өлсем ұрпақсыз кетем бе деп алаңдауы, түсiн Абылайға жорытпақшы болуы, Абылайдың оған “қолыңды жай” деп тiзерлетiп отырғызып қойып түсiн жорып, оң бата беруi аға Жәнiбекке емес, өзiнiң тұрғылас iнiсiне жасайтын iлтипаты екенi анық көрiнiп тұр. Ал Қабанбайдың Шақшақ Жәнiбектi сынауы дейтiн аңызға мойын бұрсақ оның ешқандай қисыны жоқ. Демек, екi аңыздың қай-қайсысы да Абылай мен Ер Жәнiбектiң аға-iнiлiк, жақын жас шамасын бiлдiредi. Мейлi уақыт, мейлi тағдыр хан Абылай мен батыр Жәнiбектi өте жақын көрсетедi. Абылай 1781-жылы қайтыс болса, Ер Жәнiбек 1792-жылы қайтыс болған. Жәнiбектiң соңғы өмiрi қазiргi Шығыс Қазақстан жерiнде өткен, сүйегi де Жарма ауданының Ортабұлақ деген жерiнде жатыр. Кейбiр жел кеуделер оны Қытайға ауған, елдi бөлген деп жазықсыз кiнәлайды. Жоңғар қалдығы шығысқа ығысып Қытайдың iрi Цин империясы аранын ашып тұрғанда жердiң шетiне баруы елiн, жерiн жаудан қорғайтын батырдың айбынды тұлғасын одан ары асқақтата түспей ме!? Тек Ер Жәнiбек қана емес, қазақтың көп батырының сүйегi елдiң iшiнде емес, жердiң шетiнде жатыр. Мұның өзi ата-бабамыздан жалғасқан батырлық дәстүрдiң жалғасы секiлдi. Ер Жәнiбек өмiрiне тоқталғанда ол жаудан қайтпаған батыр ғана емес, даудан қайтпаған шешен ретiнде де ауызға алынады. Оның шешендiгi жайында шертiлетiн шежiрелер мен аңыздардың өзi бiр-бiр кiтапқа жүк болады. Батырдың есiмiн атап, еңбегiн ұлағаттау ұлттық рухымызға үлкен мерей екенi айдан анық. Ер Жәнiбек есiмi рудың, ұлыстың ұраны ғана емес тұтас ұлттың мақтанышы. Ол елiне, жерiне жан-тәнiмен берiлген аты-затына сай қазақтың хас батыры.
Жәди ШӘКЕН  

Серіктес жаңалықтары