«Шелек оқиғасы»: БҰЗАҚЫЛАР АБАҚТЫҒА ҚАМАЛДЫ

«Шелек оқиғасы»: БҰЗАҚЫЛАР АБАҚТЫҒА ҚАМАЛДЫ

«Шелек оқиғасы»: БҰЗАҚЫЛАР АБАҚТЫҒА ҚАМАЛДЫ
ашық дереккөзі
734

Өткен жылдың қараша айында Шелекте қазақ және ұйғыр жастарының арасында төбелес болғаны белгiлi. Таяуда осы оқиғаға байланысты сот процесi болып өттi.

Бiр қызығы, «Информбюро» жаңалықтар қызметiнiң хабарлауы бойынша, құзырлы орындарға төбелес болған кафенiң қожайыны, ұйғыр азаматы Мурат Ибрагимов шағымданыпты. Жоғарыда айтылған бағдарламаның ақпаратына сенсек, кейiн «Старый замок» кафесiнiң қожайыны өз шағымынан бас тартқан сияқты. Кiм бiледi, бәлкiм, кафе қожайыны ұйғыр балаларының ұсталғанын есiтiп, өз шағымынан бас тартқан шығар… Дегенмен, «бұзақылық жасады» деп танылған екi ұйғыр жiгiтi Рашид Абаков пен Асхат Данахунов сот шешiмiмен 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жергiлiктi тұрғындар сот шешiмiне қатты наразы болып отырғанға ұқсайды. Себебi жергiлiктi тұрғындар өткен жылдың қараша айында Шелек ауылында қарапайым бұзақылық емес, ұлтаралық мәселенiң туындағанына сенiмдi. Содан болар, сот процесiне қатысқандардың iшiнде: «Өзге ұлт өкiлдерiне сабақ болу үшiн бұларға 1,5 жыл емес, он үш жыл беру керек» – деп наразы болған қазақ қариялары да табылды. Бiрақ Қазақстан әлем алдында «бiрлiгi жарасқан көпұлтты һәм көпдiндi мемлекет» ретiнде танылып үлгерген соң, елiмiзде «ұлтаралық мәселенiң» болуы мүмкiн емес. «Ұлтаралық мәселе» Ресейде де жоқ. Талай өзге ұлт өкiлдерiн өлтiрiп, ұрып-соғып жүрген скинхедтердiң де әрекетi – «бұзақылық». Қазақ қызы Айгүл Бөлекбаеваны өлтiрген скинхедтер де небары «қарапайым бұзақылар» едi. Қазақстанда да жағдай солай. Елiмiзде «ұлтаралық мәселе» болмаған соң, осы мәселенi қоздырып жүргендер «Бұзақылық бабы» бойынша ғана сотталатын сияқты. Себебi Қазақстанның «көпұлтты имиджiне» қаяу түспеуi керек.

Есесiне «Свобода слова» газетiнде «Уйгуры Шелека: государство – ваше, земля наша» деген мақаланы жариялаған журналист Ерқанат Оралбаев көп ұзамай сазайын тартуы мүмкiн сияқты. Мұндай ақпаратты «Информбюро» жаңалықтар қызметi таратып отыр. Олардың ақпарына сенсек, ендi журналист өз мақаласы үшiн жауапқа тартылып, сотталуы мүмкiн. Бұл орайда бiз Ерқанат Оралбаевтың жағдайын бiлу үшiн онымен хабарласқан едiк.

Ерқанат Оралбаев,

«Огни Алатау» басылымының журналистi:

Жазған мақаламнан бас тартпаймын

– Ерқанат аға, қазiр қал-жағдайыңыз қалай? Жазған мақалаңыздан кейiн қудаланған жоқсыз ба?

– Басында бәрi түсiнiксiз болды. Жұмысқа телефон шалып, облыстың Iшкi iстер департаментiнiң қызметкерлерiнiң iздегенi жайлы әңгiмелер болды. Әу бастан «Свобода слова» газетiнiң редакторы: «Сенiң үстiңнен қылмыстық iс қозғалуы мүмкiн» деген едi. Сонымен, үстiмнен Қылмыстық iс қозғалған сияқты… Ал, «Әдiл сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғайтын ұйым өкiлдерi менiң мақаламды филологиялық сараптамадан өткiздi. Филологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, менiң мақаламда ұлт-араздығын тудырарлықтай дүниелердiң болмағандығы анықталды. Оның үстiне «Әдiл сөз» ұйымының өкiлдерi маған жеке қорғаушы тауып бердi. Ал, 8 қаңтар күнi облыстың Iшкi iстер департаментi лингвистикалық сараптама жүргiздi, олар Қылмыстық кодекстiң 164-шi бабына сәйкес, «Ұлттық және нәсiлдiк араздыққа шақырғаны үшiн» деген бабына сүйенгiсi келген сияқты. Дегенмен, сараптама бойынша, менiң мақаламда ұлт араздығын тудырарлықтай ештеңенiң болмағаны анықталды. Кейiн олар маған Қылмыстық iстi қозғамау жөнiнде шешiмдерiн жiбердi. Бұны Алматы облысы IIБ-ның арнайы iстер жөнiндегi бас тергеушiсi, подполковник Есдәулетов жiбердi.

– Ұлт патриоттарының «Шелек оқиғасына» байланысты арнайы комиссия құрып, тексерiс жүргiзгенiн бiлемiз. Олар да сiздiң мақалаңызда жазылған ақпаратты растады ғой…

– Олар да есеп бердi. Есептерi бойынша, әлгi төбелесте «Мемлекет – сiздердiкi, жер – бiздiкi» деген ұрандардың болғандығы да расталды. Әлгi ту да, ұран да болған дейдi ғой.

Қазiр мен жұмыс iстеп жүрмiн. Райымбек, Ұйғыр аудандарында екi рет болдым, облыс әкiмiмен де кездестiм. Қазiр жұмыс бабымен Балқаш ауданына бара жатырмын.

– Сiз негiзiнен «Огни Алатау» газетiнде қызмет етесiз ғой. Онда қиындықтар туындады ма? Жұмыстан шығарылған жоқсыз ба?

– Жоқ, жұмыстан қуылмадым. Бастығымыз бұл жағдайға риза емес. Әрине, маған кiнә да тақты. Былайша, өзiм жұмыс iстеп жүрмiн.

– Интернетте сiздiң әлгi жазылған мақаладан бас тартқаныңыз жайлы айтылған едi. Бұл рас па?

– «Покоянное письмо» дегендi айтасыз ба? Ол хатты редактордың қысымынан кейiн жаздым. Мен оған: «Бар жауапкершiлiктi мен өзiме ғана артамын ба? Сiз осыны қалайсыз ба?» – деп сұрағам. Ол болса: «Қамықпа, сенi тiрсектен шалайын деп жатқан мен жоқ» – дедi. Сөйтiп, хат жаздырды. Бiрақ таңертең мен ол сөздерден бас тарттым. Кейiн бұл хатым «Свобода слова» газетiнде шықты ғой. «Письмо, распространенное от моего имени в официальные органы прошу считать недействительным» деп жаздым. Маған, тiптi, өз газетiмнiң редакторын сотқа бере алатынымды да айтты. Өйткенi ол менiмен келiспей, «Свобода слова» газетiнiң редакторына жазылған хатты прокуратураға жiбердi.

– Яғни, кезiнде жазған мақалаңыздан бас тартпайсыз ғой…

– Жоқ, бас тартпаймын. Бәрi де мақалада жазылғандай болды.

– Ал, ауылда жергiлiктi тұрғындардан қандай да бiр қысым көрiп жатқан жоқсыз ба?

– Жергiлiктi ұйғыр азаматтары менiмен амандаспайды. Бұл, әрине, тұрмыстық деңгейдегi жәйттер ғой. Ал, қазақтар: «Кеште жүрме, сақтық сақта» – деп өтiнедi. Мұндай да әңгiмелер бар. Бiрақ бәрi тұрмыстық деңгейде.

– Таяуда Шелекте екi ұйғыр азаматын «Бұзақылық» бабы бойынша соттап, 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Мұндай шешiмге қалай қарайсыз?

– Бұны ендi сот шештi ғой. Мен сот емеспiн. Бұл жайлы қандай бiр пiкiр бiлдiргiм келмейдi.

– Дегенмен, Шелек тұрғындары сот шешiмiне наразы сияқты…

– Иә, Шелек тұрғындары бұған наразы.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары