Құмарбек ЖҰҚАЕВ: ЕМШI – АЛЛАНЫҢ НҰРЫМЕН ЖАРАЛҒАН АДАМ

Құмарбек ЖҰҚАЕВ: ЕМШI – АЛЛАНЫҢ НҰРЫМЕН ЖАРАЛҒАН АДАМ

Құмарбек ЖҰҚАЕВ: ЕМШI – АЛЛАНЫҢ НҰРЫМЕН ЖАРАЛҒАН АДАМ
ашық дереккөзі
553

Соңғы кездерi емшi Құмарбек Жұқаевтың есiмi баспасөз беттерiнде жиi айтыла бастады. Талай адамның сырқатынан айығуына шарапаты тиiп жүрген, осы бiр қарапайым жанның ерекшелiгi – туа бiттi табиғи емшiлiк қасиетi. Бүгiнде ҚР Халық емшiсi атанған Құмарбек ағамен жолығып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

– Бұл өнер сiзге қалай дарыды?

– Бұл тосыннан оянатын нәрсе ғой. Бiр жағдай болды. Түс кезiнде шай iшiп отырғанбыз. Балам, әйелiм отыр. Тосыннан алдыма сағымдана бiр адам келiп, тұрып алды. Шоқша сақалды шал деймiн. Өзi сөйлемейдi. Қаракөл тымақ киген кiсi. Ол кiсi аян бергендей болды. Содан күндер өте ауыра бастадым. Көзiм бұлдырап, көрмей, қараңғылықтың қапасына ене бастадым. «Көзiм-көзiм» деп жатып қала беретiн болдым. Сосын, «қой, мен Алматыға барып, тексерiлiп көрейiн» деп, осында келдiм. Шығыс медицинасына келiп, тексерiлiп едiм, мұнда кенеттен жабысқан кеселден айығып қана қоймай, «дайын емшi екенiмдi сездiм». Сол кезде өзiм де аласұрып, өзiмдi-өзiм ұстай алмай жүргем. Содан толық емшiлердiң курсын оқып, елiме қайттым. Екi жылдан сәл асты. Қазiр Алматыда тұрып жатырмын.

– Алматыға қалай келдiңiз? Бiреулер шақырды ма, жоқ әлде өзiңiздi танытқыңыз келдi ме?

– Алматы рухани орталық қой. Мұнда танылуыңа да мүмкiндiк көп. Кеңiнен қызмет жасайын деп, осында келгем.

– Алматыға келгенiңiзге екi жыл болыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Бiрақ, осы уақыт iшiнде сiздiң шипалы қолыңыздан ем алып, шарапатыңыз тиген ауыр науқастар болды ма?

– Бұл жерде тiлмен жеткiзiп айта алмаймын. Өйткенi, маған келiп, дем салдырып, емделiп кететiндер өте көп. Оның географиясы жан-жақты. Мен өзiмнiң iсiме ғана сенетiн адаммын. Бақсылық, шаманизмнен аулақпын. Ем жасауға рұқсат етiлген қағаздарым, құжаттарым бар.

– Құжат болғанда, қандай құжатты айтып отырсыз?

– Лицензия, халықаралық сертификаттар. Барлығы заңмен сәйкестендiрiлген.

– Сiздiң алдыңызға келген науқастар диагнозын өздерi айтып келе ме, әлде сiз айтып бересiз бе?

– Бiлiп те отырам. Бiлгенде, жаңалық ашу емес. Түрiне қарап, анықтай алам. Оның жүрiс-тұрысына, киiм киiсiне, сөйлеу мәнерiне қарап-ақ, айтып беруге болады. Адамның кiм екендiгiн, қандай кесел мазалайтынын он бес-жиырма минутта анықтап беруге болады. Нашар аурулар да болады. Жаралары асқынып кеткен, iсiп, шiруге айналған жараларды көремiз. Сондай-ақ көрiнетiн ауруларды емдегендi ұнатам. Көз тиген, шошынған, тiл тиген балалардың барлығын емдеймiн. Соның көбiн көзбе-көз, санаулы минутта емдеп бере алам.

– Артық айттым-ау деп ойламайсыз ба?

– Жоқ. Мен дәйiм iсiммен дәлелдеуге талпынатын адаммын.

– Дәрiгердiң алдына барғанда, дәрiгер аурудың тарихын жаза бастайды…

– Бiзде аурудың тарихы деген болмайды. Бiз де анализ тапсырту деген болады. Яғни, науқастың анализiн тексеремiз. Бәрiн аламыз. Емделiп болғаннан кейiн, тағы тексеремiз. Мұның бәрiн жалғыз мен шешпеймiн. Өте жоғары дәрежелi мамандармен теңесе отырып, шешемiз. Халықта күмән болуы мүмкiн ғой. Сондықтан, оларда күмән болмау үшiн, осының бәрiн ғылыми тұрғыдан да дәлелдеп беремiз.

– Бiр жылдары емшiлердiң қатарына тәуiптi де, бақсыны да қосып жiбердiк. Соларға қалай қарайсыз?

– Мұндай мәселеге қырағылықпен қарау керек. Емшi – Алланың нұрымен жаралған адам. Яғни, iлiмдi адам дейдi. Бұл дiндар емес, iлiмдi. Табиғи емшi дегендер болады. Өйткенi, менде табиғат жаратқан қасиет те, iлiм де бар сықылды. Менiң тағы бiр айтарым, көбiне мен iске сенем. Кiм не iстемесiн, күнәсiн өзi жұтады. Неге? Одан ертең Алланың өзi сұрайды. Бiреудiң соңынан сөз қуу да күнә. Тек қана Алланың нұрымен жаралған адамды емшi деп есептеймiн. Ал, ендi тұқым қуалайтындар, ол — тәуiпшiлдiк. Бұл тәуiптi кемсiтушiлiк емес. Тәуiптiң өзiнiң орны бар. Өз басым, бiреудi анандай, бiреудi мынадай деуден аулақпын.

– Әмбебап емшiмiн деп шiренетiндер көп…

– Әмбебап деген сөз ерсiлеу екен. Мен табиғи емшiмiн деп айттым ғой. Көрiпкелдiгiм бар. Мен, жалпы, адамды қолынан емдеймiн. Сосын iлiмiм бар. Бұны мен өз басым, табиғи емшiлiк деп ойлаймын. Құмалақ ашам, алдағыны болжаймын деп айта алмаймын. Табиғи таза ем жүргiземiн.

– Жақсы емшi болған адамның өз емделушiлерi, яғни пациентi болады. Олардың арасында атақты адамдар болуы мүмкiн. Ел басқарып жүрген де, қарапайым жандар да кездеседi. Сондай ел басқарып жүрген адамдар бар ма, пациенттерiңiздiң арасында?

– Бар.Түсiн түстеп, атын атап жатқан ерсiлеу болар. «Алғыс кiтабын» ақтарсаңыз, елге танымал бiрқатар азаматтардың алғысын оқыр едiңiз.

– Әр аурудың дәрежесiне, күрделiлiгiне қарай болып тұр ғой, сiздiң емiңiз.

– Иә, күрделiлiгiне қарай, бiр-екi айға дейiн де созылып кетуi ықтимал. Бiрақ, өйтпесеңiз болмайды.

– Көзге көрiнетiн, көзге көрiнбейтiн аурулар болады. Көзге көрiнбейтiн кеселдердi қалай емдейсiз?

– Бүйрек, бел аурулары, аллергия, күйiп қалғандар, аяғынан жүре алмай қалғандар, негiзiнен көзге көрiнетiн аурулардың қатарына жатқызамын. Аурудың шығатын басты ошағы, ол жүйке клеткаларының бұзылуы. Оларды емдеп, жазуға болады. Сосын, кез-келген адам өзiне сенiмдi болуы керек. Өзiне сенбеген адам, емшiге қалай сенбек. Жалпы, дәрiгерге барғанда да, сенiммен бару керек.

– Соңғы кезде науқастардың саны тым көбейiп кеттi. Бұл Қазақстандағы ғана фактi емес, жалпы, бүкiл дүниежүзiнде белең алып жатқан көрiнiс! Бұған не себеп?

– Адамның қазiргi пиғылы, ойы, көзқарасы сексен-тоқсан градусқа бұрылып кеттi. Қазiргiлерге не керек? Дүние, тамыр-таныс. Экологияның бәрiн екiншi кезекке сырып тастады. Ешкiмге тазалық, мәдениет керегi жоқ, тек ақша болса болды. Ешкiмнiң ешкiмде шаруасы жоқ, адамның пиғылының бұзылғанынан деп ойлаймын. Адамның факторы шетте қалып кеттi. Аурудың көбеюiнiң сыры осында. Бiреуде ақша жетiп артылады. Бiреулер ақшаға мұқтаж. Бiрақ, бiз олардың көңiл көзiн ашуымыз керек. Барды бағалап, халық сонымен көркеюi керек. Осының бәрi менiң жанымды ауыртады.

– Салауатты өмiр салтына қалай қарайсыз?

– Салауатты өмiр болғанда, жүгiру керек, таңертең ертемен жаттығу жасау керек, салқын суға түсу керек дейдi. Мен мұның бәрiн жоққа шығармаймын. Бiрақ мұндайды өте жүйелi түрде iстеу керек. Салауатты өмiр деген күнде тұрып жүгiру, соны мақсат тұту емес. Адам соған дайын болу керек. Мәселен, қан қысымы жоғары адам , қант диабетi бар адам, аллергиясы бар адамдарға, ол қандай салауатты өмiр. Әуелi кез келген адам өзiн-өзi дайындауы керек. Бәрiн бiрден бастап кету қателiк. Бiзде көбiсi салауатты өмiр осы екен деп, таңертеңнен кешке дейiн жүгiредi. Ал, оның денсаулыққа зиянды тұстары да көп. Менiңше, салауатты өмiр салтын қалыптастыру үшiн, тексерiлiп, соған сай келетiндей күн тәртiбiн белгiлеп алуы қажет. Орнымен, ақылмен жасау керек.

– «Күлкi – күштiлердiң қаруы» дейдi…

– Күлкi адамның өмiрiн ұзартады. Күлкi дегенiңiз – денi сау адам. Күлкi – адамның жүйке клеткаларының ашылуына көмегiн тигiзедi. Көпшiлiкке күлкi сыйлап өткен Оспанхан Әубәкiров ағамыздан бастап, Көпен Әмiрбек, Толымбек Әлiмбек сияқты замандастарым елге дәрмен-дәруiн жасап жүрген абзал жандар.

– Сұрайын дегенiм, күлкiнiң адам ағзасына қандай әсерi бар?

– Күлкi адамның iштегi дерттерiнiң ұмытылуына тiкелей әсерi бар. Күлкi арқылы көп нәрсенi ұмытуға болады. Жаңа айтып өттiм ғой, күлкi жүйке клеткаларының ашылуына тiкелей әсер етедi. Бiрақ, жөн-жосықсыз күле бермеу керек, әрине.

Әңгiмелескен Ғ. СӘРСЕНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары