ТIЛДI YЙРЕТУДIҢ ТИIМДI ЖОЛЫ: ЫНТАЛАНДЫРУ МА, МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?

ТIЛДI YЙРЕТУДIҢ ТИIМДI ЖОЛЫ: ЫНТАЛАНДЫРУ МА, МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?

ТIЛДI YЙРЕТУДIҢ ТИIМДI ЖОЛЫ: ЫНТАЛАНДЫРУ МА, МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?
ашық дереккөзі
196

Қазiр мемлекеттiк тiлдi жүзеге асырудың неше түрлi тетiктерi ұсынылып, алуан шаралар қолға алынып жатыр. Жаңадан жасақталған үкiметтiң басты басым бағыттарының бiрi де осы – мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк аренаға жол тартуы.

Бiрақ, қалай? Қандай бағытпен? Бұған жауап табу қиынның қиынына айналды. Әркiм әртүрлi пiкiрлердi көлденең тартқанымен, оның көбi тым тиiмдi болмай тұр. Қазiр мемлекеттiк деңгейде қолға алынып жатқан шаралардың бiрi – мемлекеттiк тiлдi бiлетiн өзге ұлт өкiлдерiн ынталандыру, яғни айлық жалақысына қосымша төлемақы төлеу арқылы өзгелердiң тiл үйренуiне мүмкiндiк туғызу. Көптеген сарапшылар тарапынан бұл ұсыныс қолдау тапқанымен, тiлдi үйренудiң және үйретудiң сара жолы бұл емес көрiнедi. Клара Есенғалиева басқаратын Әлеуметтiк зерттеулер институтының жүргiзген сауалнамасы бойынша, өзгетiлдi тұрғындардың көбi «егер қолына тiл үйрен деп 100 доллар ұстататын болса, алдымен бұл қаржыны ағылшын тiлiн үйренуге жұмсар едiм» деп жауап берген екен. Өйткенi, Қазақстанда қазақ тiлiнiң қажеттiлiгi шамалы. Керiсiнше, ағылшын тiлiн бiлетiндердiң дәуренi жүрiп тұр. Осыған ұқсас шараны елiмiз 1950 жылдары да қолданған. Жиын-тойда үгiт-насихат мақсатында бiрнеше орыстың қазақша ән салуы немесе интернационалдық рухты күшейткеннен басқа бұдан түскен пайда жоқ. Әлеуметтiк зерттеулер институтының келтiрген деректерiне қарағанда, бұл шараны қазақша жаңа үйрене бастағандар мен мүлдем бiлмейтiндер ғана қолдаған.

Дәл осындай тәжiрибенi Канадада басынан кешiрген екен. Канаданың французша сөйлейтiн өңiрлерiне келген мигранттарға француз тiлiн үйрену үшiн 300 канада долларын төлейдi. Дегенмен, бұл мигранттар үшiн позициясы әлсiз француз тiлiнен гөрi, бiрiншi кезекте ағылшын тiлiн үйрену мақсаты қойылған. Яғни, ақша ештеңенi шешпейдi. Сондықтан, мемлекеттiк қызметкердiң мемлекеттiк тiлде сөйлегенi үшiн еңбекақысына үстеме төлеудiң тиiмдiлiгi нөлге тең десе де болады. Ендеше мемлекеттiк тiлдi жүзеге асырудың тағы қандай жолдары бар?

«Литер» газетiнiң 2006 жылғы желтоқсанның 14-iндегi санында жарық көрген «Do you speak казакша?» (Александра АЛЕХОВА, Гульнара ИСМУХАНОВА) атты мақалада Қазақстанда күнi бүгiнге дейiн Қазақ тiлi институты жоқтығын, соның салдарынан мемлекеттiк тiлдi үйретудiң әдiснамасы әлi қалыптаспай отырғандығын айтады. Мақала авторларының айтуынша, Ресейде Пушкин атында Орыс тiлi институты, Германияда – Гете атындағы институт, Ұлыбританияда көптеген корольдiк орталықтар мен ғылым академиясының сыртында ағылшын тiлiнiң таралуымен Британ кеңесi айналысады екен. Ал, бiздегi тiл мәселелерiмен айналысатын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтының ауқымы тым кең, әлемдегi барлық тiлдердiң мәселесiмен айналысады. «Бiзге тек мемлекеттiк тiлдiң мәселесiмен айналысатын Қазақ тiлi институты керек» дейдi мақала авторлары. Бiр ескертерi, Қазақстанда 1989 жылдан бастап «Қазақ тiлi» қоғамы жұмыс iстедi. Алайда, бұл қоғамның миссиясы көше аттарын өзгерту сияқты шаруалардан аспады.

Мемлекеттiк тiлдiң қызметi 1997 жылы қабылданған «Тiлдер туралы» заң мен «Тiлдi дамытудың 2001-2010 жылға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» аясында ғана реттеледi. Ал, Украинада орыс тiлiнiң кең таралуына жол берумеу үшiн бiр жылдың iшiнде 69 заң қабылданған екен. Украинаның бiзден ерекшелiгi – унитарлы мемлекет емес. Қырым автономиясы сияқты субьектiсi бар. Ал, Қырымда көбiнде орыстiлдiлер өмiр сүредi. Ондағы Қырым татарларының тiлiн жылы жауып қоя тұралық, ал күнде талап еткенiне қарамастан, Қырымда орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл жасауға мүмкiндiк берiлмей отыр. Қырым автономиясының Парламентi мүшелерi «Орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк дәреже беру жөнiнде» референдум өткiзуге шешiм қабылдайды. Алайда, бұл шешiм Украина билiгiне жақпай қалған. Сөйтiп, президент Ющенко бұл референдумның болуына тиым салады.

Ал, Балтық жағалауы елдерiнiң тым радикалды бағыт ұстанғаны сонша, олар тiптi орыс атаулыға қатысы бар жәдiгерлердiң өзiн жоқ етуге кiрiстi. Бұл санадан орыстар билеп тұрған дәуiрдi өшiрудiң ұмтылысы. Былайша айтқанда, отарлаушыларға деген жек көрушiлiк сезiмi арқылы өздерiнiң ұлттық болмысын танытып жатыр. Ресей Балтық жағалауы елдерiнiң тым солақай әрекетiн сынап, халықаралық қауымдастықтарға жиi шағымданғанымен, күнi кеше оларды қанатына алған Еуроодақ Балтық жағалауы елдерiнiң отаршылармен күресiн жақтап отыр. Қазiр осы Латвияда немесе Эстонияда Тiл полициясы жұмыс iстейдi. Тiл туралы заңды орындамағандардың iсi осы Тiл полициясымен болады. Сондай-ақ, бұл елдердiң Азаматтық туралы заңы бойынша мемлекеттiк тiлдi меңгермеген жан Эстон азаматы атана алмайды. Бiр ерекшелiгi, бұл заң тек шеттен келгендерге ғана емес, бұрыннан осында тұратын, өзге ұлт өкiлдерiне де қатысты болды. Сөйтiп, осы күнге дейiн Эстония азаматы атана алмай жүрген байырғы диаспора өкiлдерi мұнда жетiп артылады. Дегенмен, қанша байбалам салса да, орыстiлдiлердiң бұл елден кетуге құлқы жоқ. Өйткенi, Ресейден ойлағанда мұнда тiрлiк әжептәуiр артық. Сол себептi де, қатаң талапқа мойынсұнып, өзi тұрып жатқан елдiң тiлiн бiлуге мәжбүр. Эстонияның дәл осы қадамын сынға алған Ресей де бүгiн Азаматтық туралы заңында орыс тiлiн бiлмейтiн адамға Ресей азаматтығын бермеу жайында бап енгiздi.

Ал, Францияда 1994 жылдан берi мемлекеттiк тiлiн ағылшын тiлдiлерден қорғайтын «Француз тiлiн қолдану туралы» заң жұмыс iстеп келедi. Мемлекеттiк тiлдiң аясы әлi кеңеймей отырған қазақ не iстеуi керек? Менiңше жоғарыда аталған мемлекеттерден үлгi алуы тиiс. Бәлкiм, Балтық жағалауы елдерi мен Ресей сияқты (бұл бап Еуропа елдерiнiң азаматтық туралы заңының бәрiнде бар) Азаматтық туралы заңын күшейтiп, Латвиядағы Тiл полициясын жасақтап, Франциядағыдай «Қазақ тiлiн қолдану туралы» заң қабылдауы қажет сияқты. Демек, тiлдi үйренуге ынталандыру жеткiлiксiз, сондай-ақ, мәжбүрлеу әрi қажеттiлiк тудыру қажет. Бiздегiдей тiл саясатындағы либерализмнiң соңы тiлiмiздiң көгеруiне емес, өшуiне апарып соқпасына кiм кепiл.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары