ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТЫ БYГIН КӨШIРIП АЛМАСАҚ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТЫ БYГIН КӨШIРIП АЛМАСАҚ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТЫ БYГIН КӨШIРIП АЛМАСАҚ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі
279

Жергiлiктi қазақтардың көбiнен сырттан келген қазақтар ұлтшылдау келетiн сияқты. Қанша оралманмен кездессек, сонша ұлтшылмен кездескендей әсерде боласың. Тiлдерi таза, бай. Жүрегiнде «мен қазақпын» деген мақтаныш. Бойларында ұлтшылдық. Қандарында патриотизм. Таяуда редакциямызға Қытайдан көшiп келген Серiк атты қандасымыз келiп, елiмiздi дүрлiктiрген Шелектегi оқиғаға қатысты пiкiрлерiн бiлдiргiсi келдi. Қазақтың жерi үшiн шыр-пыр болып тұрған қандасымыз елдегi ұйғыр мәселесiне де сақтықпен қарау қажеттiгiн айтады. Қытайдың саясаты қатал. «Орта жүз, Найманмын. Сондықтан атымды Серiк Найман деп берiңiз» – дедi қандасымыз.

БҮГIН КӨШКЕН ҚАЗАҚ – ТАЗА ҚАЗАҚ, ОН ЖЫЛДАН КЕЙIН – ТАЗА ҚЫТАЙ

– Бүгiнде Қытайда қанша қазақ тұрады? Олардың көбi Қазақстанға көшуге мүдделi ғой…

– Қытайдағы қазақтың саны бейресми деректерде – 2 миллион, ал Қытайдың 1984 жылғы жалпыхалықтық санағы бойынша қазақтың саны 1 миллион 384 мың деп анық жазылған.

– Бiрақ ол санақтан берi жиырма жылдан астам уақыт өттi ғой…

– Иә. Дерек көздерi әрқалай. Шынын айтсақ, Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға келгiсi бар, бiрақ ұшарға қанаты жоқ. Бұған екi түрлi аса үлкен қиындық туып отыр. Бiрiншiсi – Қазақстандағы құжат жасаудың қиындығы. Оралмандар тек қана құжаттық құқықтарын анықтап, бекiтуi үшiн тiрнектеп жиған-терген ақшасын Қытайда виза жасауға, Қазақстанның Қытайдағы елшiлiгi алдында жарты жыл кезекте тұруға, бергi жаққа көшiп келетiн дүние-мүлкiн салатын көлiкке, сосын бiздiң мұндағы парақор шенеунiктердiң ары сандалтып, берi сандалтып көп есiктiң табалдырығын тоздыртуына кетедi. Өз басым бiр жеке азаматтың жағдайына куәмiн. Мен өз досымды алып келiп, оны үйiме тiркеуге отырғыздым. Оның құжаттарын жасауға менiмен үш адам болып жүгiргенде, бiр жылдың iшiнде әрең дегенде iсiмiз бiттi. Бiр жарым жыл күтiп, оның азаматтығы қолына тидi. Сонда менiң екi жарым жыл бiр тиын ақша таппаған досымды өзiм бағып, өзiм асырадым. Еңбек iстей алмайды. Көшеге шықса, полиция қызметкерлерi ұстап алып, қалтасындағы соңғы тиынына дейiн сыпырып алатынға ұқсайды. Осы сияқты әңгiмелерден кейiн Қытайдағы оқу-өресi төмен, сауаттылығы бәсең, ел арасындағы әңгiмелерге сенгiш қазақтарға сен қалайша «елге кел» дейсiң. Менiң есебiм бойынша, кем дегенде елiмiзге жүз мыңдай қазақ көшiп келдi. Бұл он бес жылдың барысында. Бұл өте аз.

Менiңше, өз бетiмен келген қазақтарға сен бiр тиын ақша бөлмей-ақ қой, квотаңның да бетiн ары қылсын, жерiңдi де бермесең болады, оралманның бiр ғана тiлегi бар – екi қолға бiр күрек. Шетелден келген қырғыздарға, өзбектерге, анау Әзiрбайжан мен Тәжiкстаннан ауып келген қаңғыбастарға тиген жұмыс оралманға тимей жатады. Оларды құжаттық тұрғыдан қинайды. Менiң өзiм қазiр жұмыссызбын. Жұмыстан айрылғаныма бiр ай болды. Ал, осындай олқылықтарды тыю үшiн Қазақстан оралмандарға жергiлiктi азаматтармен бiрдей құқық берерлiктей мәртебе берсе, бiрсәрi?! Өмiрбойы жинағанын жиып, осында келедi оралман… Қытайда 5000 юань – шамамен 600 доллар. Бұл деген үлкен ақша. Бiр отбасында мұндай қаражат бола да бермейдi. Қытайдың қазағы кедей тұрады. Оларда 500 доллар деген бай отбасының бiрнеше жылдық қоры. Сол 500 жүз долларын жинап, Қазақстанға әрең жетедi оралман…

– Қытайдың «бiр отбасына – бiр баладан» деген демографиялық шектеу саясаты баршаға белгiлi. Ал, бұл саясат саны аз диаспораларға да, оның iшiнде қазақтарға да қатысты ма?

– Жоқ. Қытайдағы малшы, диқан, шаруаларда үш баладан да болады. Орташа есеппен қазақ отбасыларындағы бала саны екiден. Мысалы, Қытайда бала санын шектеу қазақтар үшiн 1985 жылдан бастап қолға алынды… 1985 жылдары парамен, байланыс арқылы дүниеге келгендердi айтсақ, ол тұста қазақ отбасыларының бесiншi, алтыншы, не жетiншi баласы болатын. Ал, 90-шы жылдары туған балаларға, әсiресе, ауылдық жерлерде тұратын қазақтарға үш балалы болуға рұқсат етiлдi. Ал, мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын мамандарда – екi баладан. Қытайда «Қазақтарға – бiр бала» деген саясат жоқ.

– Ал, Қытайда қазақ тiлiнiң жағдайы Қазақстаннан да жақсы деген сөз рас па? Бiр емес, бiрнеше телеарна қазақша сөйлейтiн көрiнедi…

– Былай қарасаңыз, бұл дегенiңiз масқара! Екiншiден, бұған алақайлап қол соқпай тұра алмайсың. Дербестiгiн алған мемлекетте қаржылық, саяси ресурстары бола тұра толыққанды қазақ тiлiнде хабар тарататын бiрде-бiр телеарна, не радио жоқ. Тiптi, Қазақстандағы радионың өзi соңғы кездерi ұйғырша, корейше, немiсше хабар таратып шұбарланып кеттi. Ал, Қытайдағы радиомыз жиырма төрт сағат жұмыс iстейдi, телеарнамыз он сегiз сағат қызмет етедi. Жиырма төрт сағат жұмыс iстейтiн Шыңжаң радиосының қазақша бөлiмi бар. Ал, Қытай радиосының Пекиндегi бөлiмiнде оның аудармасын беретiн қазақша аударма бөлiмi бар. Сонымен бiрге, бiздiң он сегiз сағаттан жұмыс iстейтiн екi телеарнамыз бар. Ондағы программист, дизайнерлерi, тiптi жүргiзушiлерiне дейiн өзiмiздiң қаракөз қазақтарымыз.

– Бiз Қытайда түсiрiлген «Көрiктi мекен» фильмiн көрiп, таң қалғанбыз. Жалпы, Қытайда қазақтың киноиндустриясы бар және дамып жатыр деуге бола ма?

– Киноиндустрия дамып келе жатыр. Мысалы, қазақтар түсiрген «Көрiктi мекен», «Жетiм қыздың махаббаты», т.б. фильмдер көрерменнiң ерекше ықыласында. Бiздiң Жанар деген үлкен режиссерiмiз бар. Ол Қытай тарихында бiрiншi рет Қытай мамандарын пайдаланып, шетелге барып, фильм түсiрген. Ол – «Құрыш қалай шынықты?» романын киноға айналдырған бiрiншi қытай маманы. Жанардың фильмiнiң күштi болғаны соншалық, Қытайдың бұрынғы президентi Цзянь Цземин мырза оны бүкiл елдiң компартия мүшелерiнiң тұрақты түрде көруiне тапсырма бердi. Бүкiл студент, мемлекеттiк органдарда жұмыс iстейтiн мамандардың бәрi «Құрыш қалай шынықты?» фильмiн көрдi. Бұл 1995 жылдары болған оқиға.

ҚЫТАЙДАҒЫ МЕШIТТЕР САНЫ ҚАЗАҚСТАННАН АРТЫП ТҮСПЕСЕ, КЕМ ЕМЕС

– Жалпы елдегi жаппай қытайландыру саясатынан қазақтар өз салт-дәстүрiнен, тiлiнен бiртiндеп айырылып жатқан жоқ па?

– Қазiрше мұның бәрi өз орнында. Бiрақ, менiңше, 10-15 жылға жетпей, мұның бәрi жоқ болады. Бiз бiр үлкен құлатасқынның аузында тұрмыз. Ертең бiздiң бәрiмiздi де үлкен тасқын алып кетуi ықтимал. Себебi бұл өмiрдiң заңдылығы. Егер Қазақстан Қытайдағы қазақты бүгiн көшiрiп алса, олар 100 пайыз таза қазақты көшiрiп алады. 5 жылдан кейiн көшiрiп алса, олар дүбәрә шала қазақты көшiрiп алады. 10 жылдан кейiн көшiрiп алса, онда олар таза қытайлықтарды көшiрiп алады. Себебi 2004 жылдан бастап Қытайдағы қазақ мектептерi қытайлық мектептерге қосыла бастады. Оның үстiне қытай тiлiн аптасына алты сағаттан өткiзу 1987 жылдан басталды. Мысалы, менiң өзiм аптасына алты сағат қытай тiлiн үйрендiм. Бiрақ бiз қазақ тiлiн, әдебиетiн оқып, Ыбырай Алтынсарин мен Махамбеттi жаттап өстiк. Ал, қазiргi қазақ отбасылары тұрмыстың қыспағы мен шынайы өмiрдiң ащы шындығына бой ұрып, ертең баласы қазақ мектебiн бiтiрсе, одан кейiн қытай қоғамына бейiмделуi мен жұмыс табуы қиын болғандықтан, балаларын қытай мектептерiне берiп жатыр. Мектептен де маңызды бiр мәселе, Қытайдың интернет, ақпараттық технологиясы қатты дамып кеттi. Сондықтан ондағы қазақ немесе ұйғыр тiлiндегi материал қытай тiлiндегi ақпараттың жанында теңiз бен бiр қасық суды салыстырумен бiрдей болып қалды. Қытай тiлiндегi телегей ақпаратты ана тiлiмiзге аударып тұру мүмкiн болмай қалды. Сондықтан дәрiгер болуды аңсағандар, жаңа техногиялармен айналысқысы келетiндер қытай тiлiне ойысып жатыр.

– Қытай – коммунистiк ел ғой. Дегенмен, ондағы қазақ сияқты мұсылман халықтары үшiн дiни сенiм бостандығы көзделген бе?

– Мен сiзге мынаны айтайын, Қытайдағы мешiттер саны Қазақстаннан артып түспесе, кем емес. Қытайдағы ең үлкен мұсылман қауымы – дүнгендер. Олардың мұсылмандық сайттары өте көп. Олардың аударып жатқан кiтаптары да жетiп жатыр. Коммунистiк Қытайдың өзi оларды дiни тұрғыдан шектеп жатқан жоқ. Дiни еркiндiгi бар. Ал, қазақ пен ұйғырларда мешiт дегенiңiз әрбiр ауылда бой көтерген. Бiр ауылдарда үш-төрттен де мешiттер кездеседi. Бұл қытай коммунистерiнiң ұлттық саясат жүргiзудегi үлкен жемiстi еңбектерi дер едiк.

СЫРТТАҒЫ ҚЫТАЙЛАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ БОЛСАҢЫЗ, IШТЕГI ҚАЗАҚЫЛАНДЫРУ САЯСАТЫ БАР ҒОЙ…

– Қытайдағы ең өзектi мәселелердiң бiрi – ұйғыр мәселесi. Олар ел бостандығы үшiн қалай күресiп келедi?

– Қытайдағы ұйғыр мәселесi – елдi дүрлiктiрiп келе жатқан мәселелердiң бiрi. Мәселен, Қытайдың QQ.com интернет-басылымында олардың әрқилы лаңкестiк әрекеттерi анық жиылған. Тiптi, олардың Қазақстанға қатысты тұстары да бар. Аталған интернет-басылымы «Бейжiң» ақпараттық-мәдениетi газетiне сiлтеме жасап, 2003 жылы қазан айында үлкен жарылыс болған деп хабарланған. 1991 жылы 21 ақпан күнi «Шығыс түркiстаншылардың лаңкестiк ұйымы» Шыңжаң провинциясының Ақсу ауданына қарасты Ұшар ауылындағы жолаушылар бекетiнiң кинозалында жарылыс ұйымдастырған. Оның салдарынан бiр адам қаза тапқан. 1992 жылы ақпанның 2-сi күнi Қытай халқы Көктем мерекесiн тойлап жатқан кезде лаңкестiк ұйымдар Шыңжаң провинциясының орталығы Үрiмжi қаласында №52, №30-шы автобустарында екi рет жарылыс жасаған. Оқиға салдарынан бiрнеше адам қаза тапқан, 23 адам әр деңгейде жарақат алған. 1997 жылы ақпан айында «Шығыс түркiстаншылардың лаңкестiк ұйымдары» террористiк әрекет жасап, Үрiмшi қаласындағы №10, №2, №44 жолаушы автобустарында жарылыс ұйымдастырып, үш бiрдей автобустың быт-шытын шығарған. 9 адам қаза тапқан, 68 адам өлiмшi халде жараланып, бiлек-қолдарынан айрылған. Олардың iшiнде қырғыздар, ұйғырлар, дүнгендер мен қытайлар да бар.

Бұл лаңкестiк ұйымдар жасырын кiсi өлтiру әрекеттерiмен де айналысқаны белгiлi. Жоғарыда айтылған сайттың хабарлауынша, 1993 жылы жаз айларында екi «Шығыс түркiстаншы» террорист Қашқар аймағының Ечинг ауданының саяси мәслихатының және партия үкiметiнiң өкiлдерi, сол сияқты мұсылмандар мешiтiнiң бастығы Әблез Үлкен молданы пышақтап өлтiрiп кеткен. 1996 жылы «Шығыс түркiстаншылардың террористiк ұйымы» бүкiл Қытай республикалық мұсылмандар одағының басқарма бастығы, Шыңжаң өлкесiнiң саяси мәслихатының орынбасар бастығы, Қашқар-ислам мұсылмандар одағының төрағасы Аронхан Ажы молданы қастандықпен өлтiрген. Ал, сол күнi таңертең Аронхан Ажыменен оның баласы Қашқардағы ең атақты мұсылмандар мешiтi – «Әйткәрiм» мешiтiне барып, намаз оқып отырған жерiнде «Шығыс түркiстаншы» терроршылар оларды қастандықпен пышақтап өлтiрiп кеткен.

– Сонда мұндай лаңкестiк ұйымдардың мақсаты не? Олар өз мұсылмандарын құртып жатыр ғой…

– Әу бастан олар өздерiнiң уағыздарына көнбеген, бiрақ өздерiмен бiр тiлде сөйлеп, бiр дiндi ұстанатын ұйғыр бауырластарының iшiндегi Қытайда ең үлкен мансабты азаматтарын өлтiрген. Қаза тапқан кiсiлердiң қандай болғанын бiлмеймiз. Десек те, террористiк ұйымдардың өз мақсатына жетуi үшiн тәсiл таңдамайтынын аңғаруға болады. Мүмкiн, бүкiл Қашқар мұсылмандарының төрағасын өлтiруде саяси мақсат та бар шығар… Бiрақ, ең қорқыныштысы, олардың лаңкестiк әрекеттерi қарапайым азаматтарға, қоғамдық көлiктерге бағытталған. №52 автобуста мен де жүргем. Бұл автобус – Үрiмжi қаласының ең үлкен пойыз станциясынан басталып, қаланы кесiп өтетiн күре жолдағы автобус. Адамның өмiрiнен қымбат ештеңе жоқ. Мұндай көлiктерде қарапайым азаматтар жүредi.

1997 жылы қараша айында Мәмет Тұрсын бастаған террористiк ұйымдар шетелдегi «Шығыс түркiстаншы лаңкестiк ұйымдардың» тапсырысы бойынша Шыңжаңның мұсылмандар одағының басшысы, Ақсу аймақтық мұсылмандар одағының төрағасы, Бейжiң аудандық мұсылмандар мешiтiнiң бас имамы Жүнiс Сыдықты мешiтте намаз оқып тұрған жерiнде атып өлтiрiп кеткен. 1998 жылы 27 қаңтарда осы террористiк ұйымдар тағы да мешiтке барып, аудандық мұсылмандар мешiтiнiң имамы Әблез қажыны да атып кеткен. 1999 жылы тамыздың 23-iнде Ясын Мәмет бастаған он террористiк элементтер Қашқар ауданының Босқан ауылдық денсаулық сақтау мекемесiнiң бастығы Құдайбердi Тоқтының үйiне басып кiрiп, Құдайбердi мен оның баласын қастандықпен өлтiредi. Үйiн де өртеп кетедi. Әйелi өрттен ауыр дәрежеде күйiк алады. Бұл – аталған террористiк ұйымдардың қасақана жасырын түрде кiсi өлтiру оқиғалары. Ал, олардың үкiметтiк милиция өкiлдерi мен мемлекеттiк қызметкерлерге де шабуылдар жасаған фактiлерiн ел бiледi.

– Қытайдағы лаңкестiк ұйымдарды кiм қаржыландыруы мүмкiн? Олардың iшiнде ең қауiптi деп танылған ұйымдар қандай? Бұл жайлы деректер бар ма?

– Кейбiр деректерге сенсек, оларды Ауғанстандағы Бен Ладеннiң ұйымы қаржыландыратын сияқты. Мұны Ауғанстан мен Қытайда қолға түскен террористiк ұйымдардың мүшелерi мойындаған сыңайлы. Бұл туралы мәлiметтер QQ.com интернет-басылымында анық жазылған. Террористiк ұйымдардың басшыларының бәрi Түркияда, Ауғанстанда, Пәкiстанда өз адамдарын қаржыландырып отырған.

– Қазiр Қытайда Шығыс Түркiстанды қытайландыру саясаты да қолға алынып жатыр. Бәлкiм, лаңкестiк ұйымдардың көтерiлуi де осыған қарсылық шығар…

– Қытайландыру саясатына мен де кезiнде қарсы болғам. Бiрақ қазiр мен мұны түсiнем. Мәселен, Қазақстанда әлiпби латыншаға өтедi десек, оған тек қана қазақ тiлi емес, басқа ұлт өкiлдерiнiң тiлдерi де көшуi керек қой. Қазақстанда бiр әлiпби болуы керек деп зиялы қауым өкiлдерi де мәселе көтерiп жатыр. Кеше ғана дербестiгiмiздi алып, аяғымызды жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан бiздiң өзiмiз де басқаларды мемлекеттiк тiлдi бiлiп, бiр әлiпбиге көшудi мiндеттегелi жатырмыз. Себебi бұл – бiздiң мемлекеттiк мүддемiз. Ол ұлттық мүддемiз емес. Ұлттық мүддеден де жоғары мемлекеттiк мүдде тұрады. Бiр тiлде сөйлемесе, бiр көзқараста болмаса, ол мемлекет болып тұра алмайды. Ол әлемнiң әрбiр мемлекетiнiң негiзi. Мысалы, Америкада сен мiндеттi түрде ағылшын тiлiн бiлуiң керек. Олар мың жерден демократиялық жолдағы елмiз дегенмен, ағылшын тiлiн бiлудi мiндеттейдi. Бұл барлық елдерде бар. Мәселен, Ресейде азаматтықты алу үшiн мiндеттi түрде орыс тiлiн бiлу шарт. Ал, Германияда жергiлiктi немiстер шетелден келген қандастары немiс тiлiн бiлмесе, оларға азаматтық бермейдi. Еврейлерде, тiптен, қатаң. Егерде, азаматтық алғысы келетiн еврейдiң қаны иудейлердiң қанынан аз да болса өзгеше келсе, оған Израиль азаматтығын бермейдi. Сонда сiз Қытай өз iшiнде қытайландыру саясатын жүргiздi деп қалайша сөге аласыз?! Олар өздерiнiң халқы үшiн жасап жатыр мұны… Қытай халқы да қиын-қыстау заманды бастан кешкен. Олар 300 жылдан астам империалистiк елдерден қорлық көрген халық. Патшалары 1911 жылы ғана аударылды. Сол патшалары да таза қытай болмады. Ол шүршiт болған. Қазақтар «шүршiт» дейдi, қытайлар «манджу» дейдi. Оның өзi Қытайды 267 жыл биледi. 1911 жылы ғана Сун Яцен бастаған буржуазиялық формадағы төңкерiсшi жастар патшаны аударып, Қытайда бiрiншi рет республикалық мемлекет құрды. Ал, одан кейiн қытайлар жапонның қол астында болды. Көп қорлық көрдi. Ендi келiп, коммунистер оларды азаттыққа шығарып, аш қытайдың қарнын тойғызып, жалаңаш қытайды киiмге жарытқан кезде, кiм қытайландыруға қарсы болады?! Олардың қаншама азаматы тәуелсiздiк үшiн құрбандыққа шалынып, бостандыққа ендi жеткен кезде аяқ астынан көлденең көк атты келiп, «мен жарып кетем, өлiп кетем» десе, Қытай оған қалайша қарсы болмас?! Мәселен, сiзден Қазақ жерiнiң пәленше облысын бер десе, сiз мүддеңiздi жiберер ме едiңiз?! Кiм өзiнiң мүддесiн жiбергiсi келедi?! Себебi дүние ащы, өмiр ащы. Әркiм оған еңбекпен жетуi керек. Бар мәселе – сенiң Құдайдың алдында осындай қиын жағдайда үлкен билiктi ұстап, миллиардтаған халықты билеуге шамаң бар ма, жоқ па дегенге саяды емес пе?! Мәселе сонда жатыр.

ЛАҢКЕСТIК ҰЙЫМДАР ӨЗ ӘРЕКЕТТЕРIН ДIНМЕН АҚТАҒЫСЫ КЕЛЕДI

– Қытайда бiр ғана ұйғыр мәселесi емес, Тибет мәселесi де бар ғой…

– Тибет мәселесi Қытайда ұйғыр мәселесiнен де бұрын қозғалды. Тибеттiң Далай Лама деген рухани көсемi болғанын бiлемiз. Ал, осы мәселе тұрғысынан қарағанда, ұйғырлар тибеттiктерден кем соғып жүр. Өткен ғасырдың орта шенiне қарай Далай Лама өзiнiң үкiмет құрамындағыларын бастап, Үндiстанға қашып кеттi. Үндiстан үкiметi оны үздiксiз түрде қолдап, оның «босқын үкiметi» Үндiстан, Америкада тұрды. Оның Қытаймен қосылуын қаламайтын Тайвань үкiметiне дейiн Далай Ламаны рухани көсемi ретiнде таныды. Олар БҰҰ-ның басшыларымен кездеседi, АҚШ-тың президенттерiмен де кездесiп тұрады. Демек, тибеттiктердiң халықаралық арненада Қытайдан бөлiнiп шығу туралы дауыстары ұйғырларға қарағанда әлдеқайда жарқын. Екiншi жағынан қарағанда, Интернеттi ақтарып көрсеңiз, тибеттiктердiң лаңкестiк әрекетке барғаны жайлы ақпарат жоқтың қасы. Менiң бiр байқағаным, олар будда дiнiнiң iшiндегi лама бағытын ұстанады. Ал, будда дiнiнiң бiр қасиетi – олар жандыны өлтiрмеу, ет жемеу, барлық жандарға қайырымдылықпен қарау, дүниенi тәрк ету, «мына дүниеде азап көрсең, о дүниеде Құдайдың рахымына бөленесiң» деген сияқты дүниетанымдары бар. Сол тұрғыдан ба, әлде олардың саяси басшыларының белсендi әрекеттерiмен оның дiни-рухани басшылық сипатынан ба екен, Тибетте жарылыстар аз, терроршылдық жоққа тән.

– Бiрақ мұның бәрiн дiнге әкелiп тастауға болмайтын шығар. Мәселен, әлемде ислам дiнiн террористiк ұйымдармен байланыстыру әрекетi жанданып барады. Будда дiнiнiң өз ұстанымдары болса да, ислам дiнiн ұстанатын халықтар терроризмге бiр табан жақын деуге болмайды ғой…

– Әрине, бұған қарсымын. Терроризм дiнге, ұлтқа бөлiнбейдi. Бұл жеке адамдарда болатын идея. Олар идеологиялық мақсатты пайдаланып, өздерiнiң әрекеттерiн жасырғысы келедi. Мұсылман дiнiне сенетiндер кiсi өлтiргендерiн ақтағысы келедi. «Бiз мұны Құдай үшiн жасадық, жейһад үшiн жасадық» деген сияқты… Егерде терроризмдi дiнге ығыстырып жатса, онда христиан әлемiнде де лаңкестер бар ғой. Мәселен, Ұлыбритания құрамынан бөлiнiп шығуды аңсайтын Солтүстiк Ирландияның лаңкестiк ұйымдары Маргарет Тэтчер ханымның тұсында қаншама террористiк әрекеттерге барды?! Күнi кешеге дейiн Солтүстiк Ирландия халқы Ұлыбританиядан бөлiнiп, Ирландияға қосыламыз деп қаншама жарылыс ұйымдастырды?! Ал, Испаниядағы террористiк ұйымдар ше? Ал, Шри-Ланкадағы буддистер ше?! Олар да азаттығын алу үшiн әрқилы лаңкестiк әрекеттердi пайдаланып жатқан жоқ па?! Қарап отырсақ, террористiк әрекеттер христиан елдерiнде де, будда елдерiнде де бар. Сондықтан терроризмдi исламмен сабақтастыру – Батыс әлемiнiң исламды оқшаулау саясатының жемiсi.

– Соңғы кездерi Қазақстанда да ұйғыр мәселесi көтерiлiп жатыр. Бұған Қытайдағы сыртқы күштердiң ықпалы болуы мүмкiн бе?

– Әбден мүмкiн. Жоғарыда айтылған Қытай сайтында мұндай байланыстың бар екендiгi айтылады.

ҚАЗАҚСТАНДА АРМАНЫ БОЛСА ДА, ДӘРМЕНI ЖОҚ ЖАЛТАҢҚОЙЛАР

– Өткенде елiмiзде Қазақстан мен Қытайдың жерiн ойып алған «Ұйғырстан» елiнiң картасы табылып, бiрқатар БАҚ-дан жарияланды. Кейбiр жергiлiктi ұйғырлар «бұл карта Қытайда жасалынған» деген сыңайда қауесет сөз таратты… Мәселен, Қытай тарихы оқулықтарында, шынымен-ақ, Қазақстанның оңтүстiк-шығыс бөлiгiнiң бiраз аумағы Қытай территориясы ретiнде көрсетiледi емес пе?

– Жоқ, олар мұны бiздiң жерiмiз деп айтпайды. «Балқашқа дейiнгi жерлер ертеде Қытай территориясы едi» деп Қытай ұлтшылдары көтередi. Себебi олар Юань династиясы кезiндегi моңғолдардың табаны тиген жердi Қытай жерi деп таниды. Дегенмен, бұл – бейресми ақпарат. Себебi ешқандай дипломатиялық тұрғыдағы ресми ақпарат көздерi мұндай ақпаратты бермейдi. Оқулықтардағы осы тектес сөздер де кейiнгi дипломатиялық жолдармен алынып тасталанды. Бұл қауесет еркiн баспасөз бен еркiн интернет сайттарында айтылады. Қытай ұлтшылдарының айтуынша, Құбылайдың немесе Шыңғыс ханның табаны тиген жердiң бәрi – Қытай территориясы. Бiрақ бұған қарсы басқа да даулы көзқарастар айтылып жатады. Ендеше, Иран да бiздiң территориямыз болуы керек пе, тiптi «Еуропа мен Мәскеудегi орыс князьдарына дейiн Шыңғысханның аяғына бас ұрып, оның әмiрiне иланған жоқ па» дейдi.

– Сонда Қытай ұлтшылдарының көздегенi не? Олар байырғы жерлердi қайтарып алайық дегендi көтерiп жүрген де шығар…

– Негiзi коммунистiк режимдегi Қытайда бұлай айтуға тыйым салынады. Коммунистiк режимде олар баспасөзге өте қатал түрде қарайды. Кәдiмгi бiр ақпараттық көздерiнде мұның бәрi дипломатиялық тұрғыда айтылады. Баспасөзде бiр әрiп, бiр иероглиф артық кетпейдi. Осы сияқты ұлтшылдық пиғылдағы Гонг-Конгтағы, Тайваньдағы буржуазиялық стильдегi ұлтшылдар ашық демократиялық құндылықтарды алға тартып, бәрiн ашып айта бередi. «Ұйғырларға мұндай картаны Қытай сызып бердi» деген өте күлкiлi нәрсе. Олар Қытайдың территориясын бөлшектеудi көздеп отырса, Қытай оларға «мынау сендердiң жерлерiң» деп карта сызып бередi деп ойлайсыз ба? Мұны кейбiр террористiк ұйымдар немесе Қазақстанда арманы болса да, дәрменi жоқ, iстейiн десе шамасы келмей отырған ұйғыр бөлшектеушi элементтердiң, диверсанттардың жалтаңқой, жалаң сылтауы. Себебi олар бүкiл жауапкершiлiктi Қытайға арта салғысы келедi. Қытай мен Қазақстан үкiметтерi арасындағы дипломатиялық келiсiмдерде мұның бәрi анық белгiленген. Қазақстан территориясы Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен анық бекiтiлдi. Бiздiң президентiмiз мұны өте сәттi түрде аяқтады. Ал, Қазақстанның дербестiгi мен шекарасын анықтау мәселесi Қытайда үлкен мақтанышпен айтылады.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары