БҰЛ — КYРДЕЛI IС, БIРАҚ ШЕШIЛЕТIН IС

БҰЛ — КYРДЕЛI IС, БIРАҚ ШЕШIЛЕТIН IС

БҰЛ — КYРДЕЛI IС, БIРАҚ ШЕШIЛЕТIН IС
ашық дереккөзі
226

Мемлекеттiк тiлдi жоғары бiлiм жүйесiне енгiзудегi әшекейлер

Мемлекеттiк тiлдiң өндiрiске енуi үшiн екi нәрсе қажет. Бiрiншiден, оны енгiзейiн деген шынайы ниет пен айқын мақсат болуы шарт. Қалай десек те, бұл ретте бiзге қашан да жетпей жататыны – ынталы жүрек, шын көңiл. Алла деген сөз жеңiл дегендей, мұны кiм, қаншалық қадала айтпасын, күн өтпей-ақ ол оның көпшiлiкке арналған жылы, жақсы сөзi ғана болып қалады. Әйтпесе, бүгiнде тiл туралы айтылып, атқарылып жатқан сөз де, шара да көп-ақ. Бiрақ, бұдан өндiрiске енiп, қолданысы кеңейiп бара жатқан тiл де көрiнбейдi. Неге? Себебi, мұның бәрi – не керегiн, ол үшiн не iстеп, не қоярын анықтап алған тұрғылықты iс емес. Қылып жүрген өнерi: қарекетi – әрекет дегендей, кейде күрт құлшына қалатынымен, ұзамай ұмтылып жататын, алға басқандай аяғы, артынша керi кететiн бос шапқын, әбiгер тiршiлiк болуынан.

Әр мекемеде ашылып жатқан орталықтардың «тiлдердi дамыту…», «тiл саясаты…» деп аталуы да мақсаттың осындай тисе – терекке, тимесе – бұтаққа дейтiн долбарлы сипатын көрсетедi. Мұны әрине, мәселенi мемлекеттiк тiл сөзiне екпiн түсiрмей, осындай жалпылама атауды жамылып отырып-ақ шешу ниетi деп түсiндiруге болар. Дегенмен әр нәрсенiң атына қарай заты болмақ. Тiлдердi дамыту, тiл саясаты – елдiң басты тiлi осы атына сай қолданылып жатқан, яғни бұл мәселе әуелден шешiлiп қойған мамыражай заманда айтса болатын сөздер. Ал қазiр мемлекеттiк тiл өз мәртебесiнен көп төмен күйде. Бiздi қинап тұрған тiлдер мәселесi емес, мемлекеттiк тiл жайы. Әрi бұрыннан бар нәрсе ғана қамтылуы мүмкiн. Ал қазақ тiлi – бұған дейiн ресми қатынаста, iс қағазында, ғылым-бiлiм, өндiрiсте қолданылмаған тiл. Сондықтан сөздiң әдiлi мен ашығы мемлекеттiк тiл және оны енгiзу туралы болуы керек.

Өкiнiшке қарай, тiлдi тiлге тиек еткелi осынша уақыт өтсе де, әлi күнге оны қай салаға, қалай енгiземiз дейтiн сұрақ та қойылып көрген жоқ. Ал сырт көзге қауырт қолға алынып жатқандай көрiнетiн жұмыстарды бiр-екi ауыз сөзбен сипаттар болсақ:

Бар тiрлiк бағдарлама жасау, жиналыс өткiзу, қарар қабылдау, топ құрумен аяқталады. Мәселе жылдар бойы орысша жазып-сөйлеуге дағдыланған әрi оның сақталуына өте-мөте мүдделi көңiл-күйдегi ортаға еш өзгерiс енгiзбей, қатардағы қимылдармен-ақ әуелден бар бiраз жайды жақсарту тұрғысында ғана қойылады. Талап етiлгенiмен, оның орындалу мерзiмдерi, жүзеге асыру жолдары нақтыланбай, бар iс тiлек, декларация түрiнде қалады. Бұл әрине, мынадай мәселелер қойдық, осыған дейiн бардық деп айтуға жақсы. Бiрақ, мұндай бас-аяғы көрсетiлмеген бағдарлама қандай да әрекет жоспары, шынымен iстейiн деген iс емес, жай көз алдау, көңiл сендiру ғана болады. Әрi мұндайда талап қойылмады деп те, ол орындалмады деп те кiнә таға алмайсың. Өйткенi шыбықтың басын сындырмай-ақ кез келген уақытта, тiптi ондаған жыл өтсе де бұл мәселе бiзде бар, болған, оны орындағалы жатырмыз, орындап жатырмыз деп батыл жауап беруге болады.

Жұмыстың бәрiн жұрт ұлтжандылығы бойынша, ақы-пұлсыз жасай салар дейтiн пиғыл да көп нәрсенi кейiнге қалдырып келедi. Мысалы, оқулық жазуда, дәрiс оқуда, ұлттық бiрыңғай тест дайындауда аса маңызды пәндiк бiлiм терминдерiн жасау, оны бiрiздендiру – қазақтiлдi мамандардың мойнына жүктелiп, еркiне салынып қойған, iстесе де, iстемесе де соларға ғана керек сияқты, iздеушi-сұраушысы жоқ iс. Ал дұрысында бұл мемлекеттiк тiлде сапалы, стандартты бiлiм берудiң бiр тетiгi ретiнде қаралып, оның сметалық құнына кiргiзiлуi және арнайы жоба аясында жасалып, оқу үрдiсiне дайын күйiнде берiлуi тиiс.

Әрине, сөздiк шығару, тiл үйрету, қазақ тiлдi құралдар сатып алу дегендер де керек. Бiрақ, бұлар қаншалық маңызды болғанымен, тiл енгiзу iсiндегi негiзгi мәселе емес, бұл үрдiстi жарақтандырушы басты құралдар ғана. Олар алдын-ала дайындалып қойылғанымен, бар болғанымен, мiндеттi жұмысты орыс тiлiнде атқару дәстүрi сол қалпында жалғастырыла берсе, дағдылы құлық та, қылық та өзгермей, мекеменiң бүкiл тыныс-тiршiлiгi, өндiрiс барысы, сан алуан қарым-қатынасы да сөзсiз орысша болады. Мекемеде бiр-екi аудармашы ұстап, бiр-екi қағаз түрiн қазақшалап отыру да өзi үшiн емес, өзгелер үшiн жасалатын, өмiрдiң өзi емес, оның өрнегi, әшекейi сияқты нәрселер әрi ол әшекейлер бүгiн болғанымен, ертең болмауы мүмкiн. Бұндай қарқынмен тiл мекемеге елу жылда ел жаңа дегенге сай, стихиялық жолмен, ондағы орыстiлдiлер қазақтiлдiге толық алмасқан кезде ғана, яғни бiрнеше ондаған жылдар аясында енуi мүмкiн және бұл тiлдi арнайы енгiзуге, саналы әрекетке жатпайды.

Тiлдi тiл етуге қажеттi екiншi нәрсе – оны кең тарапты қолданысқа түсiру технолгиясы. Мысалы, мемлекеттiк тiлдi жоғары бiлiм саласына енгiзу – онда бұрыннан қолданылатын тiлдi, ондағы жұрттың сөйлеу, жазу, ойлау әрекеттерiн алмастыру, мыңдаған қызметкерлердiң ғылыми, ресми, өндiрiстiк қатынастарда қазақ тiлiн қолдану дағдысын қалыптастыру, оларды iс қағазын мiнсiз жазып-толтыратындай халге жеткiзу, мемлекеттiк тiлде жоғары сапалы бiлiм беру деңгейiне көтерiлiп, оны шынайы бiлiм тiлi ету деген сөз. Ал бұл – кең және терең мазмұндық өзгерiстердi қажет ететiн әрi қазақша сөйлейiк, ағайын дейтiн үгiт-насихат, құрғақ талаппен шешiлмейтiн, күрделi iс. Әрi мұны ұдайы өндiрiс барысына кедергi келтiрмейтiндей етiп жүргiзу керек болады.

Әлемде тiлдi өндiрiске енгiзудiң өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай жүзеге асырылатын тәжiрибесi жоқ. Барлық ел тiлдерiн мiндеттеп енгiзiп, мiндеттеп сөйлетiп отыр. Ал ондай күшi жоқ ел ақылы мен айласына сүйенiп, тiлге объективтi қажеттiлiк туғыза және көппен келiсе отырып енгiзудiң жаңа жолын тауып, әдiс-амалын бiлуi, оларды жоқтан бар етiп жасай алуы тиiс. Яғни мұны қабылданған заң талаптары негiзiнде, бiрден-бiрге артып отыратын жоспарлы әрекет пен сындарлы саясат, ұйымдастыру, талдау жұмыстары арқылы шешуге тура келедi. Мұндай бiр адамның емес, бүкiл ұжымның, елдiң тiлiн түзеу сияқты үлкен саяси, мәдени-техникалық шараны жұмыс арасында, аз ақша, арзан қолмен жасап-бiтiре салу мүмкiн болмайды. Сол себептi, мұнымен қандай да топ басқа жұмысын жиып қойып, арнайы және белсене айналысуы керек.

Айталық, ең әуелi мекемедегi мемлекеттiк тiлдi енгiзуге қатысты объективтi жағдайды (тiлдiң меңгерiлу, қолданылу, қолданыстың техникалық қамтамасыз етiлу жайлары, дәреже-деңгейлерi), бұл реттегi қиындықтарды (тiлдi енгiзуге кедергi келтiретiн, әуелi басқалай жолмен еңсерiлуi тиiс жайлар) және мүмкiндiктердi (тiлдi енгiзуге септiгi тиетiн, сәттi, ұтымды пайдалануға болатын жайлар), бiр сөзбен айтқанда, қолда не бар, не жоғын айқындап алу, анық бiлу керек. Мысалы, оқу орнындағы мемлекеттiк тiлде оқыта, iс жүргiзе аламын дейтiн және шын мәнiнде жүргiзе алатын қызметкерлердiң жалпы саны алынып, олардың үлесi жылдан-жылға артып отыруын әрi пәлен уақытта түген пайызға жетуiн қамтамасыз ететiндей ахуал туғызылуы тиiс. Бұл кең тарапты сауалнама жүргiзу және тiкелей тексеру арқылы анықталады.

Мұндай сауалнама қажетiне қарай көрнекi ақпарат, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттер, басылымдар, iс қағазы, аудиторлық қатынас т.б. мәселелер бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Осы арқылы университеттiң түрлi бөлiм-бөлiмшелерiн мемлекеттiк тiлдi енгiзу мүмкiндiгi жоғары, орташа, төмен топтарға, ал тiлдi енгiзу шараларын арнайы қаржы бөлудi қажет ететiн және қаржы бөлмей-ақ, ұйымдастыру жұмыстары арқылы шешуге болатын топтарға жiктеуге және тiлдi енгiзудiң өткен жылдарғы қарқынын, бұл реттегi жағдайдың қай бағытта, қаншалық өзгергенiн анықтап, бүкiл үрдiстi бақылап отыруға болады. Мысалы, мемлекеттiк тiлдi енгiзу мүмкiндiктерi бойынша аталған жоғары, орташа, төмен топтарға бөлiнген қызметкерлер мен бөлiмдерге қояр талаптар да әуелi олардың сол мүмкiндiктерiне қарай қойылып, бiрте-бiрте күшейе түседi. Тiлдi мүлде бiлмейтiндер – сөйлеудi, шала-шарпы бiлетiндер – жазуды үйренуi, ал жақсы бiлетiндер – қолдана бастауы керек болады. Нәтижесiнде жағдай жылдан-жылға сатылап өзгере бередi.

Жалпы тiлдi енгiзудiң басты бағыттары:

1. Көрнекi ақпарат – маңдайша жазулар, жарнамалар мен хабарландырулар, қабырғалық ақпарат;

2. Бiлiм беру жүйесi – оқытушылар мен оқу iсiн ұйымдастырушылардың тiлдiк бiлiгi, оқу, көрнекi және техникалық құралдар;

3. Iс қағазы – жалпы және аса жиi, кең қолданылатын iс қағаз түрлерi, оларды мемлекеттiк тiлде шығарудың, толтырудың бiрыңғай үлгiлерi, қолданысқа түсiру реттерi;

4. Аудиторлық қатынас – университетте өтетiн өндiрiстiк, ресми және қоғамдық жиын түрлерi, оларды қазақ тiлiнде өткiзудiң үлгi-стандарттары;

5. Әрбiр мамандыққа қатысты пәндердi оқытуда қолданылатын пәндiк бiлiм терминдерi, оларды бiрiздендiру және оқулықтар сапасы;

6. Мемлекеттiк тiлде жазылатын, қорғалатын (курстық, дипломдық, диссертациялық) жұмыстар, ғылыми мақала-еңбектер;

7. Бiлiм беру өндiрiсiн қазақтiлдi компьютермен қамтамасыз ету мәселелерiнен құралады.

Ал бұл мәселелердiң бұрыннан белгiлi болуы, ЖОО бағдарламасында қалай да көрсетiлген, атап өтiлген болуы iстiң шешiлiп қойғанына жатпайды. Ол қағазда, жоспарда емес, өмiрде болуы әрi бiрер рет қана болып қоймай, қалыпты құбылысқа айналған болуы шарт. Мысалы, iс қағазын қазақша жүргiзу iсi сынақтан өткiзiлiп, тамаша нәтиже көрсетуi, қызметкерлердiң жоғары бiлiктiлiк танытуы, тiптi бүкiл мекеменiң бiр апта немесе бiр ай бойы қазақша жазып-сөйлеуi де – тiлiмiз кең қолданысқа түсiп, мәселе шешiлдi дегендi бiлдiрмейдi. Тiл қолданысқа сынақ үшiн, оның ұтымды қолданыла алатынына көз жеткiзу үшiн емес, тiкелей және тұрғылықты қолдану үшiн, осы тiлде әрекет қылып, өмiр сүру үшiн түсiрiлуi әрi бұл қолданыс күннен-күнге кеңейiп отыратын болуы тиiс.

Жалпы тiл қолданысы бес түрде: тыңдау, түсiну, сөйлеу, жазу, ойлау дағдылары түрiнде көрiнiс бередi және бұлардың iшiнде жазу басты бекiтушi, байлаушы рөл атқарады. Мысалы, оқулық жазу, баяндама жасау – анда-санда бiр жасалатын бiрер реттiк жұмыс та, өндiрiстiк жұмыс – күнделiктi, ұдайы жасалып отыратын әрекет. Сондықтан тiлдi өндiрiске енгiзу iсiндегi ең негiзгi мәселе – iс қағазы. Мұны мемлекеттiк тiлде жүргiзген, жүргiзуге мәжбүр болған адам қаласа да, қаламаса да әрi өзiнен-өзi сол тiлде сөйлеп кеткенiн байқамай да қалады. Мұндай жағдайда бүкiл әлеуметтiк ортаның психологиясы, тiлдiк мiнезi, бағдары өзгередi, тiлге деген объективтi қажеттiлiк туады. Сондай-ақ қағазды қазақша жазып-толтыра алатын оқытушы өз бiлгенiн қазақ тiлiнде орысшасынан артық айтып бере аларына күмән жоқ. Ал сабақты өйтiп-бүйтiп қазақша берiп жүргендер, тiптi қазақша оқулық жазып жүргендердiң көбi iс қағазын бiрден мемлекеттiк тiлде жүргiзiп кете алмайды.

Бiр айтары – мекеменiң бүкiл ұжымы қазақ тiлiн өте жақсы бiлiп әрi оны енгiзуге де айрықша мүдделi болып, тiл енгiзiлсiн дейтiн «қазақы» тоқпақ та соншалық мықты болған күннiң өзiнде тiл өндiрiске өзiнен-өзi, аз уақытта енiп кете алмайды. Батпандап кiргеннiң мысқалдап шығатыны сияқты, ол енсе, ұзақ уақыттық тиянақты әрекет барысында, бiреу бастап, бiреу қостап, бөлiм-бөлiм болып бiрiнен кейiн бiрi көшу арқылы енедi. Оны қолдану машығы, психологиясы жүре-бара орнығады. Сондықтан ақсақал айтсын, бай айтсын, кiм айтса, мейлi, ол айтсын демекшi, қазақ тiлiне пәлен күннен, айдан бастап өтемiз деу – қашан да бос сөз және керiсiнше, оған 3-4 жылсыз өте алмайды екенбiз, ендеше ол күнге дейiн әлi талай уақыт бар ғой, сол уақыт келгенде-ақ әрекет қылармыз деп қарап отыру да қате болмақ. Оған тура сол ниет қылған сәттен бастап кiрiсiп, жоспарланған шаралардың уақытын қаза қылмай, дер кезiнде атқарып отыруды, сөйтiп түпкi мақсатқа күн санап жақындай түсудi қамтамасыз ететiн шын ойланып, шығандап қыларлық қылық керек.

Ыспандияр АҚАЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары