ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА СОЗЫЛҒАН ЖЕР ДАУЫ НЕМЕСЕ УШЫҒЫП ТҰРҒАН ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ ДАУ ҚАЙТСЕ РЕТТЕЛМЕК?

ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА СОЗЫЛҒАН ЖЕР ДАУЫ НЕМЕСЕ УШЫҒЫП ТҰРҒАН ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ ДАУ ҚАЙТСЕ РЕТТЕЛМЕК?

ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА СОЗЫЛҒАН ЖЕР ДАУЫ НЕМЕСЕ УШЫҒЫП ТҰРҒАН ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ ДАУ ҚАЙТСЕ РЕТТЕЛМЕК?
ашық дереккөзі
256

Еврейлермен арадағы жер дауының кесiрiнен халықаралық қауымдастықтың қаржылай көмегiнен қағылған Палестина Ресейдiң қолтығына келiп тығылды. Күн өткен сайын ушыға түскен Таяу Шығыстағы саяси ахуалды жүйелеуге шынымен мүдделi көрiнгiсi келетiн Ресейдiң өз дiттегенi бар: АҚШ пен Батыстың ықпалын әлсiрете отырып, әлемдiк саяси сахнадағы өз орнын белгiлеу.

Өткен аптада, 21 ақпан күнi Берлинде өткен кездесуде таяушығыстық дауға қатысты құрылған «төрттiк» мүшелерi арабтар мен еврейлер арасында келiсiм орнатуды және пiкiрлерi екiге жарылған палестиналықтар арасында туындап кетуi мүмкiн азаматтық соғыстың алдын алуды көздеген болатын. Алайда, бұл басқосу Палестинаға пәлендей ұпай әкелмедi. «Төрттiк» құрамындағы АҚШ, ЕО мен БҰҰ ХАМАС-қа «лаңкестiктен бас тарт, Израильдi тәуелсiз мемлекет ретiнде таны. Сонда ғана Батыс тарапынан көрсетiлетiн көмек қайта қалпына келедi» деген талап қойып отыр. Израильдi ресми түрде мойындамайынша, Тель-Авив те, Вашингтон мен Брюссель де, басқа да еуропалық елдер де ХАМАС қозғалысы мүшелерiнен құрылған палестиналық жаңа үкiметтi мойындамауға бекiнген. Осы себептен, Палестина бұған дейiн аса iрi көлемде арабтарға берiлiп келген халықаралық қаржылай көмектен қағылмақ. Америка мен Еуропалық Одаққа мүше елдердiң қолдауынан үмiт үзген палестиналықтар «Израильдi тезге салуға көмектес» деген өтiнiшпен Ресейдi жағалауға мәжбүр болды. Дүйсенбi күнi Халед Машаал бастаған палестиналық ХАМАС қозғалысының өкiлдерi Мәскеуге келдi. Басты мақсат: орыстардың көмегiне сүйене отырып, Палестинаға шүйлiккен халықаралық «төрттiк» назарын Израильге аударту: «Қазiр Израиль палестиналықтардың жерiн басып алуда, Палестина халқы мемлекетсiз өмiр сүруде. «Төрттiк» бiзбен емес, Израильмен ашық әңгiме өткiзуi тиiс. Осы орайда, бiзге қолдау көрсеткен Ресейдiң еңбегiн жоғары бағалаймыз» (Машаал).

Екi күнге созылған палестиналықтар мен орыстардың кездесуi Америка мен Израильдiң жүйкесiне тигенi белгiлi. ХАМАС-ты лакестердiң ұйымы деп танитын еврейлер кезiнде тiптi, Машаалды өлтiрмекшi болған. Осыдан он жыл бұрын Иорданияның астанасы Амманда Машаалдың iзiн кескен еврейлердiң Моссад арнайы барлау қызметi Халедтiң құлағына аса қауiптi у құйып жiберген. Бiрақ осы оқиға салдарынан туындаған халықаралық даудың соңында еврейлер Машаалға удың бетiн қайтаратын дәрi беруге мәжбүр болыпты. Америкалықтар мен еврейлердiң наразылығын қаперiне алмаған Мәскеу ХАМАС-тың 2006 жылдың қаңтарында жеңiске жетуiне баса назар аударып отыр. Осы себептен арабтардың Мәскеуге шақыртылғаны туралы АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райсқа алдын ала хабарлады.

Халықаралық сарапшылар қауымы Таяу Шығыста жақын арада бейбiтшiлiктiң орнай қоятынына күмәндi. Өйткенi, ХАМАС басшысы Халед Машаалға Израильдi тәуелсiз ел ретiнде мойындату мүмкiн емес. Ал Машаал икемге көнбесе, Батыс айтқанынан қайтпайды. Анығында, ЕО, АҚШ пен БҰҰ Палестинаның жаңа үкiметiн ресми түрде мойындамайды. Оның үстiне, бұрын палестиналық билiк басында болған ФАТХ қозғалысы өкiлдерiнiң Израильмен екiжақты қарым-қатынас орнатуға мүдделiлiк танытуы арабтар арасындағы араздықты қоздыра түскендей. Сондықтан кейбiр орыс сарапшылары «Кремль тек ХАМАС-ты ғана емес, ФАТХ-ты да қолдауы керек» деген пiкiрде. Айтпақшы, екiжақты дауды шешуге тұтқындар мәселесi айтарлықтай кедергi келтiруде. Еврейлердiң капралы — Гилад Шалиттi тұтқынға түсiрген арабтар Израильдiң бұған дейiн қамауға алған палестиналықтарды босатуын талап еттi. Капрал сонда ғана елiне қайтарылмақ: «Егер капралдың тұтқынға алынуы бүкiл Израиль үшiн үлкен қысым болса, Палестина халқына жасалған қысым одан да зор. Израильдiк түрмелерде 11 мыңнан астам палестиналық тұтқын отыр. Капралды бiз қорлаған емеспiз, ал қамаудағы бiздiң отандастарымызға Израильдiң көрсетпеген құқайы жоқ. Тұтқындарға, отбасыларға, әйелдерге ойына келгенiн iстеген Израиль халықаралық құқықты бұзып отыр» (Машаал).

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары