ҚАЗАҚ ӘЙЕЛIНIҢ ОРНЫ – ӨНЕРДЕ

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛIНIҢ ОРНЫ – ӨНЕРДЕ

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛIНIҢ ОРНЫ – ӨНЕРДЕ
ашық дереккөзі
271

Жазушы-журналист Мағира ҚОЖАХМЕТОВАМЕН сырласу

Осы бiр жазушыны көрген сайын, әңгiмелескен сайын ол кiсiнiң мына өмiрге құштарлығы, ғашықтығы, адамдардың бiр-бiрiне деген сүйiспеншiлiгi мен сыйластығы туралы талғам-толғаныстары үнемi қайран қалдырады. Өз халқының болашағына жанымен, бүкiл болмыс-бiтiмiмен алаңдаушылық бiлдiре отырып, елiнiң болашағы – жастар туралы, олардың әбес қылықтарына жаны ауыратыны соншалық, оларға тәлiм-тәрбие берудегi тындырып жүрген азапты жолы таңдандырады. Не деген күш-қуат, не деген ер-азаматтарға ғана тән қажырлылық шүйкедей ғана жазушы әйелдiң қай жерiнен ағылып жатыр екен?! Үнемi асығыс, үнемi жұмысбасты осы бiр сезiмтал қазақ қызын бұл жолы тағы бiр қырынан танығандай болдым. Ол жақсы әншi де екен. Қазақтың халық әнi «Қарғашты» үзiлдiре шырқағанда ерiксiз көңiлге мұң ұялайды. Бәсе, дейсiң сондайда, бәсе соншалықты жаны неге нәзiк, секемшiл, таза десең, осындай да өнерi бар екен ғой…

Бiздiң қолымызға түскен жазушының «Жападан-жалғыз» өткен ғасырдың әр жылдарында жазылған кiтабын көзiмiзге жас алып отырып оқып шықтық.

Мағира Қожахметованың соңғы жылдары шығармаларын оқып, зерттеу үстiндемiн десем, мүмкiн бiреу күлер, бiреу сүйсiнер. Ал сол сүйсiнгендер «жоқтау-жылауды» да бәлкiм дұрыс қабылдар. Өйткенi, қазiргiдей қатыгездеу қоғамның қаталдау оқырманы кiтап оқуды, ғашықтық, махаббат туралы жыр-дастан оқуды ұмытқалы қашан!.. Осындайда өзiмдi бақытты, шексiз бақытты ұрпақпын деуге, тiптi ауыз толтырып айқайлауға құқым бар. Бiздер кезiнде Мағира, Шәрбану, Камилаларды, Төлен, Сайын, Дулаттарды, Фариза мен Шахановтың «Танакөзiн» оқып, жаттап өстiк қой. Сол шығармалардағы кейiпкерлердi өзiмiздей қабылдадық. Өзiмiз де солай ғашық болып, солай сүюге тырыстық. Жiгiттер Ербол болуға, бiз, қыздар Меңтай болуды армандадық. Арамыздан талай Төлеген мен Жiбектер шықты. Осы бiр әдемi ойдың желiсiмен жазушы-журналист Мағира Қожахметованың да сол албырт жастығы iспеттес, жиырма мен қырық бестiң арасында жазылып, тiптi ешбiр жерде жарық та көрмеген дүниелерiне бiрге саяхат жасайық, оқушым!

— Мереке құтты болсын, Мағира апай. Әңгiмемiз Аналар мейрамы күнi, оның үстiне жастық дәуренге саяхат болғандықтан қызықты болуға тиiс…

— Әрине, қыз-келiншектердiң мейрамы — көктемнiң алғашқы мейрамы. Қыстың ызғары әлi кете қоймаса да, елдiң жүзiнен бiр жылылық сезiлгендей бүгiн.

Қазiр республика бойынша журналист қазақ қыздарының аса талантты құрамы қалыптасқан, соның ең мықты көрiнiсi «Түркiстан» газетiнде. Мұндағы әрбiр тiлшi қыздың қайталанбас орны бар. Бiр-бiрiне ұқсамайтын қолтаңбасына, тапқырлықпен ұштасып жатқан жаңалықтарына iштей қуанамын. Жалпы, менiң өзiм де түсiнбейтiн бiр қасиетiм, ол — өзiм жасамаған, тiптi жасай да алмайтын кейбiр тiрлiкке тәуекел етiп барып жататындарға таниын,танымайын iштей шексiз қуанып жүремiн. Проза жазатын қазақ қыздары өлгенi, тiрiсi бар, саусақпен санаса, оннан аспайды екен. Әрбiр жазушы (ақын, журналистер емес) қазақ әйелiне ұлттық сирек тұлға ретiнде қараймын. Қалам ұстаған қыз-келiншектердiң қай кезде де тағдыры оңай болмаған ғой. Сондықтан журналистиканың ауыр жүгiн мойымай, нәп-нәзiк мойындарымен сүйреп келе жатқан сiңлiлерiмдi газеттi пайдаланып құттықтау жолдаймын. Жазу барысында бiр мезгiлде әрi аң, әрi аңшысың… Қақпан құрғаның мен қақпанға түскенiң бiрдей.

— Мағира апай, алдымда жатқан «Жападан-жалғыз» кiтабыңыз ертеде жазылған дүниелер екен. Неге жарияланбады, мүмкiндiк болмады ма?

— Мүмкiндiк болды ғой, бiрақ сол дүниелерге қайта соғуды ойламаппын. Ал соңғы жылдары Мәриям Хакiмжанованың үш томдық жинағы жарық көрмейiнше, өзiмнiң шығармашылығыма құлқым да болған жоқ. Өйткенi ол Мәриям апайдың өзiме аманаты едi. Қазақ қашанда аманат жолында құрбан болған халық. Бiраз жылдарым осы үш томдықпен кеттi. Оның үстiне дарынды, дарынсызы бар замандас әрiптестерiмнiң он бес-жиырма томдық шығармалар жинақтарын көргенiмде, бiртүрлi ыңғайсызданамын. Қазiргi көп қабатты салынып жатқан сапасыз құрылыс, сырты жылт-жылт, бiрақ адамды iшiне тартпайтын толып кеткен супермаркеттердей әсер етедi мұндай кiтаптар.

Әу бастан қаламым мораль-адамгершiлiк тақырыбына бейiм болды. Ол кезде очерк- мақаланың өзiн әңгiме сияқты жазатынбыз, Тұңғыш жарияланған әңгiмем Оралхан Бөкейдiң көмегiмен «Шамның жарығы» «Жұлдыз» журналына шықты, Ал мына кiтапқа енген шығармаларым да сол жылдары жазылған. Заман ағымы солай болды ма, әйтеуiр сол кезеңдерде ауыл жiгiттерiнiң көбi қыз алып қашып сотталып жататын-ды. Өз басым талай тәлкекке түскен тағдырлармен бетпе-бет келдiм. Сонда ойлайтынмын, Құдай-ау, адамдарға не боп кеткен, бiр-бiрiне iшкi сезiмдерiн жеткiзiп, аңсарын бiлдiрiп, сөзбен жеткiзе алмаған сезiмiн дүлей күшке салатыны несi? Неге ғана қатыгездiкке барады екен, қазақтың әп-әдемi қыз-жiгiттерi өз тағдырларына неге немқұрайды қарайды деген сан сұрақтар мазалайтын. Жалпы қарым-қатынастың iшкi мәдениетi деген қай қоғамда да болсын артық етпейдi. Осы бiр үндестiк жетпеген жерде дөрекiлiк, адам жанын ауыртатын анайы қылықтар осыдан келiп шығатыны менiң қалам ұстаған алғашқы жылдарымнан-ақ көңiлiме мықтап орнықты.

Қазiр өзiмнiң шығармашылығыма көз тастасам, мен негiзiнен көркем шығарманы қырыққа дейiн ғана жазыпппын да, одан кейiн тек танымдық-зерттеушiлiк жағына көп қалам тербеппiн. Жоғарыдағы мазалаған ойларды ескерсек, бұл да менiң саналы түрде барған тақырыбым. Жазушы өзiнiң өмiр сүрген ортасының демiн сезiнуi қажет деген қағида да осындайда айтылған,бәлкiм. Қазiр мен ойлаймын, баяғы қырыққа дейiнгi дүниелердi жазбас едiм. Неге? Жазуға шындап кiрiссем, керемет повесть, роман жазар едiм. Бiрақ, қазiргi заманғы оқырманға ол мүлдем керек емес. Бұрынғыдай бес жүз беттiк романды ешкiм де оқымайды. Ал бiзде сол баяғы қатып қалған үрдiс, сүреңсiз, жаттанды. Сондықтан мен, жалпы өзiмiздiң бүгiнгi оқырман талғамына әсер етейiн деп, сол өзiме дейiнгi жоқ нәрсенi жасағым келедi. Ол әдебиетте бола ма, жоқ өнерде бола ма, бүгiнгi қоғамға не керек? Неге мұқтаж, интеллектуальды деңгейде не әсер етуi мүмкiн? Адамның құпиясы, адамдар өзiне-өзi көмектессе, егер ерiк-жiгерiң мықты болса, нендей шиеленiстi болсын шеше алатынына адамдардың саналы түрде сенуi, неге бейшара тiрлiк кешуiмiз керек дегендей адам баласының түсiнiп болмайтын әрқилы тағдырлары соңғы жылдардағы шығармаларымның арқауы. Осы ретте «Саяхаттар» деген екi том дайын тұр. «Жападан-жалғыздың» жалғасы ретiнде «Жұлдыздарды қалай шақырасыз?» деп аталатын екiншi кiтабым да баспаға дайын. Бұл да ертеде жазылған дүниелер. Жалпы, мен өз кейiпкерлерiммен бала жастан бiрге келемiн. Мәселен, Аяны он үш жасымнан жаза бастадым. Әрине, күнделiктерiме.

Ая – мылқау қыз. Бiрақ тұла-бойы тұнған музыка, әуен. Негiзi қоғамдағы таланттың орны ғой. Адамның, талантты адамның iшкi сезiмi, арпалысы, iшкi күш-қуаттың тағдыры бұл. Қазақтың қай заманда да қасiретiне айналған ер-азаматтардың iшiмдiкке үйiрлiгi, құмарлығы, жiгерсiздiгi қаршадай қыздың неке суда туып, суда өлетiн, жойқын күштiң. Озбырлықтың құрбанына айналған тағдыры жалғыз Аяның ғана емес, бүкiл қазақ қызының тағдыры деп қарасақ та болар.

Қай заманда да адам неғұрлым терең, талантты болса, солғұрлым өмiр сүруi де қиын ғой. Сосын қазақтың қыздарының iшкi сезiм иiрiмдерiнiң байлығы, ұстамдылығы, абыройы аяққа тапталып жатса да, сол азаматтың тепкiсiне шыдас берер төзiмдiлiгi кейде мифологиялық, мүлдем жайдақ сияқты. Бiрақ өзiме ұнайды. Қазiргi көзқараспен зерделесем, бұл дүниелердiң кез келгенiнен кемшiлiк табар едiм. Соны көруге құлықты да болмадым.

— Жаңа бiр сөзiңiзде күнделiк деп қалдыңыз…

— Күнделiк жазу бiр жақсы әдет. Ол бiр көңiл-күйге байланысты жазылатын құпия сырлар ғой.

— Оларды жинақтауға қалайсыз?

— Әзiрге ойда жоқ. Жаңа айттым ғой, әркездегi көңiл-күйге байланысты деп. Мүмкiн әлдекiмдер туралы қатты айтылған, ойлаған тұстарым болуы әбден мүмкiн. Бiздiң бүгiнгi менталитет оны ұға, түсiне бермейдi. Өкпелейдi, ренiш туады. Сондықтан асығыс жоқ. Артық жерлерi өте көп.

— Бiз неге осы жасқаншақтықты, көңiлге қарауды қоймаймыз? Егер ол әрiптестерiңiз жөнiнде айтылған артық пiкiрлер болса, түсiнiстiкпен қарауға болмас па, неге о дүниелiк болғаннан кейiн айтылуы керек?

— Ойыңды түсiндiм. Тiптi мен ойлағандай бәлендей өкпелейтiн тұстары болмауы да мүмкiн. Бiрақ, әдебиет пен өнердегi бақталастық, көре алмаушылық, озғандардың аяғынан шалушылық деген нәрсе өмiрбақи iлесiп келе жатқанын жас та болса бiлесiңдер. Менiң әрiптестерiмнiң жеке шығармашылық тұрғыдан айтар уәждерi жоқ. Бiрақ, соңғы кездерi «патриот» атанайын деп емес, өз бетiмше газет-журнал шығарып, өз бетiмше егер тындыра алып жатсам,әрине, балалармен жұмыс iстеуiм әлдекiмдерге жай бiр белсендiлiк сияқты көрiнетiн тәрiздi. Осындай қаңқу сөздер естiген тұстағы өкпе-наз қаттырақ айтылып кетуi мүмкiн ғой. Кейде өмiрден түңiлiп кетер сәттерде ондай әңгiменi анам да айтып қояды. «Осы шаруаларға басыңды қатырып қайтесiң, таза шығармашылықпен айналыссаңшы» дейтiнi бар кейде. Ал мен қол қусырып отыра алмаймын. Үнемi уақыт жетпей жүредi. Осы отырғанда де сенiмен сөйлесiп отырып, бүгiнгi жоспарларым ойымды сан бұзып отыр. Осыны айтсам, кейбiр қатарластарым «қияли» деп күледi. Қатарластар дейтiн бүгiнде қатарымыз да сиреп барады. Бiр-бiрiмiздi жоғалту арамызды жақындата түсе ме десем, одан сайын алшақтап бара жатқан сияқты. Сондықтан да, балалар үшiн жұмыс iстеу менiң ең жаным қалайтын шаруа.

— Шынында да, жазғандарыңызды оқып отырып, құпия, жұмбақ әлемдер жөнiнде көп толғанады екен адам. Әсiресе, түс туралы, егер алыстан сыйласатын бiреулердiң кейде қатарынан үш-төрт күн түсiңнен шықпайтыны болады…

— Түс көрiп, жору – адамның өзiне-өзi көмектесу деп ұғыну керек. Кез келген түсте бiр ескерту болады. Түс көру дегеннiң өзi Жаратқанмен жалғыз байланыс. Бүкiл сүрелердiң өзi түс арқылы, аян арқылы енген ғой. Сондықтан ол Жаратушы мен пенденiң арасындағы жалғыз талшық. Егер бiр кiсi жиi енсе, оған сенiң қажеттiлiгiң, көмегiңе мұқтаждық. Авторы өзiң болғандықтан, түстi жори да бiлу керек. Қазiр мен балалардың көрген түстерiн қағаз бетiне түсiруге үйретiп жүрмiн. Журналдың жас оқырмандарынан хат та көп келедi, оларға осындай адам жаратылысының құпияларын түсiне түсу үшiн осындай тапсырмалар берiп жатамын. Яғни психологиялық тәрбиелеуге ұмтылудамын. Өйткенi, қазiр масқара болғанда, жаһандану жүрiп жатыр ғой. Теледидар, кино арқылы бiзге мықтап енiп алды. Ендi бiздiң қазақ сол жаһанданудан адамзатқа тән емес қасиеттер мен әдеттердi сiңiре бастадық. Кейде қазақшаға аударылған киноларды арагiдiк болса да қараймын. Сонда не көрсетедi дейсiз ғой, бiр-бiрiне ессiз ғашық болған еркектер, не болмаса шешесiне өлердей ғашық болған жас жiгiттiң кейiн оның қызына құмарлығы, әйтпесе әкесi мен баласының бiр қызға ғашық болуы… Небiр керемет кинолар аудармаға зәру, ал әлгiндей арзанқол дүниелердiң жолы болғыш. Неге? Түк тәрбиелiк мәнi жоқ, арзан ойды, сезiмдi насихаттайтын кинолар неге қазаққа тез жетедi? Өйткенi, бiздiң жастардың психологиясы да соларды тез қабылдауға бейiм.

Қазақта әженiң немереге, атаның қызына емiрене елжiреп жақсы көретiнiн жеткiзетiн әдемi емеурiн, ыммен ұғысқан жақсы дәстүрi қайда барады? Жақсы көрудi жеткiзе бiлудiң өзi үлкен тәрбиелiк құрал болған емес пе?!

Ендiгi арман – қазақтың үлкендi сыйлау, ата-ананы қадiрлеу, бала мен келiнге қалай қарым-қатынас жасау, мiне, осыны бiз басқалардың әдетiмен айырбастамауымыз керек. Осы салт-дәстүрiмiздi мейлi ғылыми түрде болсын, тәжiрибесiмен келiстiре отырып жазайық, әйтеуiр гуманистiк талап-талғамымызды өзiмiзге қайтаруымыз қажет. Салт-дәстүрiмiзге этнографиялық түрде қарамау керек. Оны қайтадан қанымызға сiңiруiмiз керек. Әйтпесе, ендi бiр он-он бес жылда ұлдарымыз қыз, қыздарымыз жаратылысқа қарсы тұрмасына кiм кепiл?! Ол үшiн әлгiндей киноларды құрту керек. Қазақтың миына кiрмейттiн, сiңбейтiн мұндай дүниелер әу бастағы нәзiктiк, ұлттық менталитетiмiздiң көзге көрiнбейтiн сыпайы сыйластығын, имандылығын тiрiлтуiмiз бәрiмiздiң мiндетiмiз болуы шарт. Дүниежүзiлiк мәдениет пен өнерден мұнсыз мақұрым қаламыз десек, корей, жапон, тiптi қытай өнерiнде алар тәрбие басым. Олардың мәдениетiнде, өнерiнде, музыкасында бiзге жақын бiр ибалық бар.

Жазудағы мақсат та сол – жастарды жаманнан жиренiп, жақсыдан өнеге алуға бүгiнгi тiрлiктiң шамасы жетсе деймiз ғой. Әйтпесе жазудың, әдебиеттiң де күнi кетiп бара жатыр. Жазушының күнi күн емес, сыртымыздан ел күледi; ана жазушы үй сұрапты, мына жазушы мәшине сұрап мiнiптi, ананы облыс мерейтойын өткiзбей қойыпты деген сыпсың сөз жаныңды жегiдей жейдi-ақ. Жаңағы саусақпен санарлық прозаик қыздардың да сұғанақтығы жоқ, ешкiмнен ештеңе сұрап жатқанын иә естiп, иә көрмеппiн. Атаққұмарлықтары жоқ, сыйлықтан да дәметпейдi екен. Өз басым осы уақытқа дейiн мерейтой түгiлi, туған күн тойлап көрмеппiн.

— Осы әңгiменi сыртыңыздан жиi естимiз…

— Егер өз басымды ойласам, талай шаруа тындыруға болады екен, Шынымды айтсам, кейде шаршап кетемiн. Бiрақ үйренiп қалған тiрлiк, қол қусырып отыруға дәт жiбермейдi. Биыл жүгiрiп жүрiп журнал тендерге қатыстық, шамалы қаржы бөлiндi. Әйтпесе, осы уақытқа дейiн өз күшiмiзбен, кiшкентай оқырмандарымның желеуiмен шығып келдiк. Құдайға шүкiр деймiз, қазақтың қара домалақ балалары үшiн iстеп жатқан тiрлiгiме өкiнерiм жоқ. Қазақтың әрбiр баласы менiң де балам тәрiздi. Өйткенi, мен өмiрбақи iшкi қырсық-қыңырлық, жалқаулық, енжырлық, қарама-қайшылығымнан азаттық алуға жанталасып келе жатқан адаммын. Осы адами, әйели қасиетiмнен ұрпаққа сәл-пәл болса да тәрбие бере алсам, өмiрден босқа өтпегенiм де. Iшiм сезедi, тiрлiгiм жас жеткiншектерге ұнайтынын күн сайын келiп жатқан хаттарынан-ақ байқаймын, жемiссiз емес. «Құрметтi Мағира апай! Журналды дайындап- жасайтын өздерiң сияқты балалар» деген сөздерiңiз әрбiр баланы белсендi болуға шақырып тұрғандай әсер етедi» деген сияқты жып-жылы хаттар жиi аламын. Бұдан артық жұмыстың нәтижесi бола ма, айтшы?

Ал әйелдердiң, қазақ әйелдерiнiң орны — өнерде. Өнер деп отырғаным да, от басы, ошақ қасындағы бала тәрбиесiне қатысты өнер. Қазақ әйелiнiң өзi тәрбиенiң ордасы, ошағы емес пе?! Мiнбеге құштар, құмар болмау керек.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары