Миланда ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр

Миланда ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр

Миланда ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр
ашық дереккөзі
507

«Мүмкіндіктердің тоғысқан жері – қазақ даласы»

«Милан ЭКСПО-2015» халықаралық көрмесі мамырдың алғашқы күнінен Италияның ірі шаһарында бастау алды. Бақандай бес ай бойы жалғасып, қазан айының соңына таман тарқайтын осынау халықаралық шара енді екі жылдан кейін Қазақстанның төрінде де туын желбіретеді. Ендеше Миландағы көрме бір жағынан Қазақстан үшін дайындықтың ауқымды сынағы болса, екінші жағынан Астанада өтетін айтулы шараны әлем жұртшылығы алдында жарнамалап үлгерудің ұтымды тұсы екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақстан Миландағы көрмеде өз міндетін орындай алды ма?

Бұл ретте, қоғамдық пікірді қалып­тастырушы – бұқаралық ақпарат құралдарына шолу жасауды ұйғардық.

Миландағы ЭКСПО көрмесінің тақы­рыбы «Ғаламшарды қорек­тен­діру. Өмір үшін энергия» деп аталды. Тақырып ‒ әлемнің күн тәртібінде өте өзекті. Сондықтан да, Италияның әйгілі қаласындағы ша­раның жетістікке жететіні әзірден-ақ айқындала бастағандай. Айта кетерлігі, көрмеге қатысушы мемлекеттер салған павильондар саны бойынша рекордтық көрсеткішке жеткен, бұған дейінгі Шанхайдағы көрмеде павильондар саны 42 болса, Миланда ‒ 53 болып отыр. 200 футбол алаңын ауқымына сыйдыратын Миландағы ЭКСПО 144 қатысушы-мемлекеттердің басын біріктірді. Мұндағы Қазақстан павильоны алғашқы күннен-ақ жұртшылықтың қызығушылығын өзіне ерекше аударған. 2 мың шаршы метрден астам аумақтағы «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» деп аталатын павильонды күн са-йын орта есеппен 4,5-5 мың адам тамашалауда. Еліміздің ұлттық павильоны еуропалықтардың ғана емес, әлемнің әр түкпірінен келген талғамы жоғары турист атаулының қызығушылығын тудырғаны сөзсіз.

Миландағы Қазақстанның таң­ғажайып павильоны туралы мақа­ланың бірін «Gambero Rosso Holding S.p.A» жариялаған екен. «Қазақстан павильонын табу үшін замана үнімен үйлескен халықтың дәстүрлі ән-күйіне құлақ түріп, соның соңынан ілесу қажет. Осылайша павильонды тауып, оны асықпай байыппен қарап шығыңыз. өйткені бұл ел 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізеді» деп жазады басылым. Бұдан әрі мақалада қазақ халқының түп тамырында адамзат пен табиғаттың етенелік байланысы үлкен рөл атқаратыны айтыла келіп, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО тақырыбының тамаша таңдалғаны да баян етіледі. Ал қазақстандық павильон келбетін суреттегенде екі мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан алаңдағы алып құрылыстың рекордтық қысқа уақытта тұрғызылғаны, ондағы ұлттық реңктің ерекше көз тартатыны сөз болады. Ең ақыры павильонның ішкі жабдықталуы да, ондағы Қазақстанның әлемге паш етер байлығы туралы ақпараттары да келуші жұртшылықтың көңі­лін­де мықтап орнығатынына да мән беріледі. «Сіз мұнда бола қал­саңыз бие сүті, жылқы етінен бас­тап, алмаға дейінгі кәдімгі таза табиғи тағам түрлерінен дәм татасың. Көрмені фильм талаптарынан еш кем болмайтын динамикалық орындықтары бар 3D-кинозалы тамамдайды» ‒ деп жазады таралымы ең көп басылымдардың бірі «Il Messaggero».

«RAI ExpoMilano 2015» сайты да Қазақстан алаңының та­қы­рыптық ерекшелігіне мән беріп, оның түп тамыры көшпелі қазақ халқының мәдениетімен ұштасатынына назар аударады. «Павильон мақсаты ‒ ауыл шаруашылығы ресурстарын қорғау мен орнықты даму мәселелеріне қоғамның назарын аудару. Алып экран мен бейнелі инсталляция тамашалаушыларды қазақ даласы арқылы алып өтіп, Қазақстанға тән азық-түліктер туралы әңгімелейді», ‒ деп жазады «RAI ExpoMilano 2015» сайты.

Ал, күніне төрт жүз мың ауди­то­­рияға таратылатын италияндық «GazzettaDelloSport» тілшісі метро маңында Сиракуза мектеп оқу­шы­ларын жолықтырып, олардан сұра­ғанда «ЭКСПО-дағы ең қызықты павильон дейсіз бе? Ол әрине әдемі техно­логиялар тарта білген, кірсең шыққың келмейтін Қазақстанның павильоны» деп бәрі бірауыздан жар салыпты. Тілші мақаласында қазақстандық павильон ерекшелігіне назар аударып, «батырлар сусыны» ретінде ұсынылған қымызға тәнті болып, одан дәм таттырған қазақтарға алғыс айтушылар көп екені баяндалады. «Қазақстан үшін бұл павильон 2017 жылы өтетін келесі ЭКСПО­ халықаралық көрмесіне үлкен дайындық. Оның тақырыбы «Болашақ энергиясы» ‒ деп аталады», ‒ делінген мақалада.

Флоренцияның «Trattoria­Da­Burde» мейрамханасының бас аспазшысы, блогер Паоло Гори Facebook әлеу­меттік желісіндегі жазбасында Қазақстан өзін картадан тауып беруге қиналатындар үшін жан-жақты ашылуға әзір тұрғанын айтады. Ұлттық павильонды көзімен көргендерін әсерлі се­зіммен жеткізеді. «Пре-шоудағы құмға түрлі фигуралар салатын суретшінің туындылары адамға тіпті кино түсірілімінен артық эмоция сыйлайды. Түрлі технологиялық трюктарға толы үлкен бөлмеден Қазақстанның ғана емес әлемнің заманауи проблемаларынан бастап, осы елдің байлығына дейін толыққанды ақпарат алуға болады...Шын­ды­ғында да таңғажайып павильон, оны көргеннен соң – бірден осынау керемет ел туралы одан сайын біле түскің келіп, 2017 жылы өтетін ЭКСПО үшін Астанаға бірден билет алып, тартып кеткің де келеді! Ескерте кетейін, тамашалаушылардың көптігінен ұзын-сонар кезек болғандықтан, бұл жерге таңертең ертерек немесе кешқұрым жабылардың алдында баруға кеңес беремін», ‒ деп аяқтайды сөзін блогер.

Айтпақшы, Қазақстан павильоны алдындағы халықтың ұзын-сонар кезекке тұруы шындығында да Миландағы көрменің айрықша оқиғасының біріне айналып отыр. Мәселен, «GazzettaDelloSport» сайты Миланда өтіп жатқан ЭКСПО-ның кереметтеріне мән бергенде, жұртшылықтың жалықпай тұрып жатқан ең ұзын кезектеріне де назар аударған екен. «ЭКСПО, ең ұзын кезектер: Қазақстан бастаған үздік бес мемлекет» деп аталған мақалада автор таңданысын жасырмайды: «Бәлкім бұл шынымен де күтпеген жайт шығар, ең танымал павильондардағы ең үлкен кезектер: қазақстандық тосынсыйдан кейінгі бес ел мынадай болды...», ‒ деп халықтың таңдайын қақтырған ұлттық алаңдарды тізбектеп шығады. «Қазақстан павильоны. Күн өткен сайын өзіне тарта түседі. Бір өкініштісі, медальдың екінші жағында ұзыннан ұзақ кезекке тұру бар. Сонымен қатар, Қазақстан павильоны өзінің жоғары технологиялық деңгейі арқылы көрушілердің жоғары бағасын алып отыр. Павильон 3D залмен, фильм талаптарынан шығатын динамикалық орындықтармен жарақтандырылған. Бұл ел Халықаралық көрмені 2017 жылы «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізбек» деп жазады «GazzettaDelloSport».

«Метро» апталық газеті де Миландағы ЭКСПО-ға­ бір күндік саяхатын арнап,­ онда халықаралық шараның ұйым­дастырылу кемшіліктерін іріктеп, озық тұстарын теріп жазады. «Көрме қалашығының ішіне енгеннен соң павильондардың ғала­матына тамсанасыз, олар­дың құрылыс стильдері де таң­ғалдырады. Тіпті ЭКСПО-ға қарсы дауласып, ұдайы осыны сынап-мінеп жүретіндердің өзі Вьетнамның немесе Қазақ­станның павильонына келгенде аялдамай, ондағы сәулеттік әшекейлерге көңіл аудармай өте алмас еді» деп жазады басылым. Айта кетейік, басылымның жазуынша келушілердің ұзын-сонар кезегі бойынша Қазақстаннан кейінгі орындарды Италия, Бразилия, Германия ұлттық алаңдары мен «0» павильоны иеленген екен.

«Қазақстан павильонында­ кезек ұзын сонар. Алайда 3D-көзіл­дірік­пен...» деген тақырыппен «Libero» апта­лығы да Қазақстанның ұлттық павиль­онына мақала арна­ған. «Қазақстан ЭКСПО-2015 па­ви­льо­нының концепциясы өте қарапайым және ол қазақ даласын «мүмкіндіктердің тоғысқан жері» ретінде көрсете алды. Павильондағы шоулар, интерактивті сәттер осының бәрін мұқият көз алдыңызға әкеледі. Әйтсе де, павильонның күміспен көмкерілген сыртқы келбетінен бастасақ, онда атауға қосымша «Астана 2017» деген жазуға көз түседі. Шындығында да, бұл ел 2017 жылы ЭКСПО өткізеді, ендеше бұл олар үшін үлкен әзірлік алаңы», ‒ деп атап өтеді басылым.

Түйіндей айтсақ, италиялық бұқа­ралық ақпарат құралдарының жазуынша халықаралық көрме ашылғалы бері Қазақстан павильоны көрме қонақтары ең көп баратын орынға айналып үлгерді. Маусымның 27-і күні «Милан ЭКСПО-2015» көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні атап өтілетінін ескерсек, шоу әлі де жалғасады деуге толық негіз бар.

Шынар Саметова

Серіктес жаңалықтары