РЕСЕЙДЕ "ОРЫС ЖОБАСЫ" ДYНИЕГЕ КЕЛДI, ҚАЗАҚСТАНДА "ҚАЗАҚ ЖОБАСЫН" ОЙЛАЙТЫНДАР БАР МА?!

РЕСЕЙДЕ "ОРЫС ЖОБАСЫ" ДYНИЕГЕ КЕЛДI, ҚАЗАҚСТАНДА "ҚАЗАҚ ЖОБАСЫН" ОЙЛАЙТЫНДАР БАР МА?!

РЕСЕЙДЕ "ОРЫС ЖОБАСЫ" ДYНИЕГЕ КЕЛДI, ҚАЗАҚСТАНДА "ҚАЗАҚ ЖОБАСЫН" ОЙЛАЙТЫНДАР БАР МА?!
ашық дереккөзі
419

Путиннен кейiн Ресей қандай күй кешпек? Бұл сауалға қазiр көптеген саясаткерлер мен қарапайым ресейлiктер бас қатырып, жауап iздеуге тырысуда. Путин "тағынан" кетпей жатып, Қазақстандағы "Отанның" баламасына айналып үлгерген Кремльдiң "Единая Россия" партиясы сайлауалды науқанын бастап кеттi. Партия биылғы президенттiк сайлауда орыс мәселесiн өте жоғары деңгейде көтермек. Осылайша "Единая Россия" сайлаушылардың алдына "Орыс жобасын" ұсынып, орыс мәселесiн шешуге уәде берiп отыр.

"Орыс жобасын" дайындағандар өздерiне қатты сенiмдi. Тiптен, олар көпұлтты Ресейде тек қана орыс мәселесiн көтеру шовинизм мен расизмдi қоздыру емес, ұлттық мемлекет құрудың бiрден-бiр кепiлi екенiне шүбә келтiрмейдi. Осы орайда "Единая Россия" партиясының саяси департаментiнiң кеңесшiсi, "Жас гвардия" қанатының үйлестiрушiсi Иван Демидовтiң пiкiрi ерекше назар аударуды талап етедi: "2002 жылы Ресейде 116 млн. адам "ұлты" деген графаға "орыс" деп жазғанда, мен бiздегi кейбiр экстремизмге бой алдырған ұлттық қозғалыстар сияқты қуаныштан секiрмедiм, бiрақ өзiм үшiн мұны ойыма түйдiм. Ендi осы арқылы бiздiң отандастарымыз ненi айтқысы келгенiн түсiнгiм келедi. Әрине, Ресей, ең алдымен, орыс мемлекетi. Көпұлтты орыс елi" — дейдi. Сонымен қатар бiздегi бұрыңғы шоумен, қазiргi депутат Тәңiрберген Бердоңғаровтың Ресейдегi "баламасы" бұрынғы ви-джей Иван Демидов орыс мәселесiн айтқанда, "русский" деген сөздiң астарына орыс тiлi, орыс қаны мен православиелiк дiнi дегендi де кiргiзедi. Егерде Қазақстандағы бердоңғаровтар қазақ мәселесiн көтеру түгiлi, орысша шүлдiрлеп, "ұлт" деген ұғымның иiсiн мұрнына да жеткiзе алмай жүрсе, Ресейдегi демидовтар орыс мәселесiн тiлмен, дiнмен, мәдениетпен ұштастырып, ұлты үшiн жанпида болып жүр. И.Демидовтiң сөзiнде көңiлге кiрбiң ұялататын жәйт — көпұлтты Ресейде 116 млн. адамның ұлтын "орыс" деп анықтауы ғана. Шынын айтсақ, бейресми мәлiметтер бойынша Ресейде 20-30 миллиондай мұсылмандар тұрады. Олардың "ұлты" деген графаға өздерiн "орыс" деп жазуы мүмкiн де емес. Сондықтан ресми санақ қорытындысына күмәнмен қарайтындар да бар сияқты. Түптеп келгенде, орыс халқы Ресейдiң өзiнде көбеюдiң орнына күн санап азайып барады. Тағы бiр-екi онжылдықта Ресейдегi халық саны 100 миллионнан да түсiп кетуi әбден мүмкiн. Бұл — ресейлiк демографтардың алаңдаушылығынан туындаған сан. Дәл осындай демографиялық проблемадан кейiн Путиннiң "Отандастарды елге қайтару" туралы жарлығы, жаңа туылған сәбилерге 250 мың рубль көлемiнде жәрдемақы төлеу, Бала жылын жариялау, т.б. шешiмдер дүниеге келдi. Содан болар, Ресейге шапшаң қимылдау керек. Себебi көп ұзамай Ресей "жаппай орыстанбақ" түгiлi, нағыз көпұлтты мемлекеттiң кебiн киюi мүмкiн. Шынтуайтына келсек, Ресей — нағыз көпұлтты мемлекет. Бiрақ Татарстан сияқты нағыз мұсылман мемлекеттерiнiң әсерi мен шетелдiк мұсылман елдерiнен ағылған жұмыс күшiнен мұсылмандану қаупi туындап отырған соң, Ресей соңғы кездерi православие дiнiнiң пiрәдарларына жақсылықтың бәрiн үйiп-төгiп берiп жатыр. 1917 жылғы революцияға дейiн Ресейдiң iрi экономикалық субъектiсi саналған Орыс православие шiркеуi бүгiнгi таңда да iрi дiни құрылымнан гөрi, iрi саяси-экономикалық субъектiден аумайды. Бұл да бiр "Орыс жобасымен" ұштасып тұрған саясат болса керек.

ОРЫС ӘЛЕМI ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТIК КЕҢIСТIК?

"Единая Россия" партиясы дайындаған "Орыс жобасы" 10 сауалдан тұрады. Олардың қатарында орыстың радикалды ұлтшыл-фашистiк ұйымдары, яки скинхедтiк тобырлары көтерiп жүрген "Ресей — Орыстар үшiн бе?", "Орыс ұлты деген не?" деген сияқты сауалдар да бар. Үшiншi сауал — "Орыс әлемi: территориясы мен шекарасы", бесiншi сауал — "Орыс ұлтшылдығы мен расизмi". Православие дiнiнiң мәселесi екi бiрдей айдарға кiрген: "Орыстар және православие", "Ресейде дiнмен өмiр сүрудiң ертеңi". "Орыс жобасында" ерекше қызығушылықты тудыратын мәселе тоғызыншы сауалға енiптi. Ол "Орыс әлемi және посткеңестiк кеңiстiк" деп аталады. Бұл сауалдың астарына үңiлсек, "Орыс әлемi және посткеңестiк Қазақстан" деп жазуға да болатын сияқты. Себебi "посткеңестiк ресейлiк ел" атануға Балтық жағалауы елдерiн айтпағанда, славян мемлекеттерi Украина мен Беларусьтiң, көбiне православиенi ұстанатын Грузияның да "ынтасы" жоқ. Қазiр ТМД аумағында орыс тiлi мен дiнi аман сақталынбақ түгiлi, жергiлiктi мемлекеттiк тiлдi тұншықтырып отырған бiр ғана Қазақстан деген мемлекет бар. Сондықтан "Единая Россия" тоғызыншы сауалдың астарында, ең алдымен, Қазақстанның Ресейге тiлдiк, мәдени тұрғыдан тәуелдiлiгiн меңзейтiн сияқты. Рас, Қазақстан Ресейге тiлдiк тұрғыдан өте тәуелдi болып отыр. Неге? Себебi қазақ тiлiнiң дамуын тежеп, орыс тiлiнiң дамуы үшiн бар жағдай жасап отырған бiздiң ғана елiмiз. Ресеймен саяси тұрғыдан алғанда, ұқсастығымыз көп. Салыстырыңыз, Ресейде бәрi де "во имя и для русского народа" болса, Қазақстанда да солай: "бәрi де ресми тiл — орыс тiлi үшiн"…

"ЕдРо" партиясы көп ұзамай "ресейлiк" деген анықтаманы "орыс" деген сөзбен де ауыстырмақ көрiнедi. Иван Демидовтiң айтуынша, "орыс" және "ресейлiк" деген анықтамалар — синоним-сөздер, бiрақ "орыс" деген — тура мағынасын беретiн сияқты. Кiмнiң тура мағынасын? Ресейде тұратын бүкiл ұлттардың, бүкiл мұсылмандардың тура аты "орыс" па?! Қазақстанда бәрi керiсiнше. Моноұлтты елде баршаны "қазақ" деудiң орнына "қазақстандық ұлт" идеясын елге таратып, бiзден "полиұлтты мемлекет" жасатудың амалдары жүзеге асып жатқандай. Елiмiзде "қазақстандық ұлт" идеясының тамыр жайғаны соншалықты, тiптi, ресейлiк баспасөз "казахский бизнес, казахский народ" деген ұғымдарды көбiне-көп "казахстанский" деген сөзбен алмастырып, ұлтымызды да "казахстанцы" деп анықтап жүргелi қашан?! Ресейде — баршаны орыстандыру, Өзбекстанда — баршаны өзбектендiру, Францияда — баршаны француздандыру саясаты бар: бұл дегенiңiз — тiлдiк, дiни тұрғыдан бiр ұлт қалыптастыру. Қазақстанда баршаны қазақтандырудың орнына, "қазақстандыру" саясаты байқалады. "Қазақстандық ұлт" — кеңестiк замандағы интернационалдық, көпұлттылық саясат пен орыс тiлiнiң жетегiнде кетудiң бiрден-бiр амалы. Өкiнiшке қарай, елiмiзде қазақ болып сақталудың тиiсiлi амалдары жасалып жатқан жоқ. Жаһандану заманында "Орыс жобасын" бетке ұстаған орыстар ұлт ретiнде аман қалар, себебi "орыс мәселесiн" екi бiрдей мемлекет — Ресей мен Қазақстан үкiлеп, көтерiп жүр ғой…

Түйiн. Ресейде көпшiлiк партиясы саналатын "Единая Россия" он сауалдан тұратын "Орыс жобасын" барынша айқын көтерiп отыр. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда "Қазақ жобасын" дайындап, халық назарына ұсынып отырған бiрде-бiр саяси партия түгiлi, билiк, оппозиция өкiлдерi де жоқтың қасы. Өткен президенттiк сайлау кезiнде де бүкiл партиялар сол баяғы әлеуметтiк-саяси мәселелермен қатар, майда-шүйде диаспора мәселелерiн де көтергендей болды. Бiрақ айқын түрде ұлттық мәселелердi — тiл мен дiн проблемаларын көтерiп отырған баяғы Шаханов, Айталы мен Тiлеухандардан басқа ешкiм жоқ. Десек те, келесi президенттiк сайлаудан бiздiң күтерiмiз — "Қазақ жобасы". Құдай қаласа, алдағы 4-5 жылда қазақ саны елiмiзде 65-70 пайызға да жетiп қалар. Бәлкiм, сонда Қазақстанда билiк құрғысы келетiн саяси партиялар мен саяси тұлғалар мемлекет құрастырушы ұлтпен де санасатын болар. Қазақтың күтерi сол ғана.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары