«Орталықазиялық SAP Саммитi-2009»

«Орталықазиялық SAP Саммитi-2009»

«Орталықазиялық SAP Саммитi-2009»
ашық дереккөзі
373

Iскерлiк және кәсiпкерлiк саласында жариялылықты қамтамасыз ету – инвестиция тартудағы тиiмдi тәсiл ғана емес, жарқын келешектiң де кепiлi. Алматыдағы саммитке жиылған 500-ден астам компанияның басшылары бизнестi басқарудың қыр-сырын ортаға салды.

Алматыдағы «Орталықазиялық SAP Саммитi-2009»-да Қазақстан мен ТМД аумағындағы 500-ден астам iрi компанияның басшылары дағдарыс кезiнде экономиканы тұрақтандыру шаралары, инвестиция тартудың тиiмдi жолдары, қаражат құюдағы жариялылық, заманауи экономиканың жиi өзгеретiн талап-шарттарына тез бейiмделе бiлу секiлдi кез келген кәсiпорынның тасын өрге домалататын және оның жарқын келешегiне кепiл болатын маңызды мәселелердi талқыға салды. Жиынға қатысқан кәсiпорындар арасында «Қазақтелеком» ААҚ, «ПетроҚазақстан» компаниялар тобы, «Гелиос» ЖШС, «Қазмұнайгаз» ААҚ, «Эйр Астана», «Альянс Банкi» АҚ, Халық банкi, «Қазкоммерцбанкi» АҚ, «Шымкент-Цемент» ААҚ, «Шығыс-Цемент» ААҚ, «Қазфосфат», «Хайдельберг», Украинаның Ұлттық банкi, Ресейдiң Ұлттық кабельдiк жүйесi т.б. бар.

SAP NVL ТМД Бас директорлығына үстiмiздегi жылдың 1-қазанында тағайындалған Владислав Мартынов саммиттiң ашылу салтанатында iскерлер қауымдастығына SAP тарапынан ұсынылатын кеңестер жекеменшiк және мемлекеттiк мекемелерге қатар тән екендiгiн айтты. «Келешекке айқын көзқарас: өзгерiске ұшыраған әлемдегi жетiстiкке жету стратегиялары» тақырыбына баяндама жасаған SAP компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка аймағына жауап беретiн вице-президент Стив Цикакистiң пiкiрiнше, қазiргi экономикалық жағдай былтырғыға қарағанда едәуiр өзгерген. Соған қарамастан, кәсiпкерлер қауымы үшiн жариялылықты қамтамасыз ете отырып, компанияның табысты болуына кепiлдiк беретiн сыртқы өзгерiстерге бейiмделе бiлу қажет.

Саммитте ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағамбетов сараптамалық-ақпараттық жүйенiң қазiргi кезде маңызы артқаны туралы баяндама жасады. Арнайы әзiрленген баяндамалар iшiнде мұнай-газ саласына арналған жобаларды енгiзу, қаржылық-шаруашылық қызметтегi әрекеттерiн SAP шешiмдерiн қолдана отырып, жүргiзу, атом және телекоммуникациялар саласындағы, сондай-ақ, мемлекеттiк саладағы басқару жүйесi, қаржылық қызмет көрсететiндерге арналған шешiмдер, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау мен қауiпсiз еңбекпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi тиiмдi әрi жүйелi түрде жүргiзу секiлдi т.б. жан-жақты талқыға салынды.

Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде SAP компаниясының негiзгi iскерлiк қағидаларын ҚР Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетi, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Әуе-ғарыштық комитетi, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, сонымен қатар Қазақстан, Украина мен Ресейдiң мұнай-газ индустриясы, металлургия, энергетика, жоғары технологиялар, денсаулық сақтау, бөлшек сауда, мемлекеттiк және қаржылық сияқты басқа да 25-тен астам саланың өкiлдерi қолдап отыр. Елiмiзде 12 жыл бойы тер төккен компания 70-тен астам қазақстандық жекеменшiк және мемлекеттiк компанияның бизнестi басқару iсiне көмектесетiн шешiмдерiн ұсынған. SAP әсiресе, отандық мұнай мен газ саласында аса белсендi. Осының нәтижесiнде, республикамыздағы ең iрi «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Сауда үйi» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, AGIP Kazakhstan, British Petroleum, Schlumberger Kumkol-Lukoil, Shell, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» АҚ, «ЖайықМұнай» ЖШС, «Гелиос» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ПетроҚазақстан» АҚ сияқты кәсiпорындар SAP-тың тұрақты клиенттерi болып табылады. Үстiмiздегi жылы SAP «ҚазМұнайГаз» Сауда үйi» АҚ-ға мұнай өнiмдерiн басқару, маркетинг, есептеу, бағаны қалыптастыру және қаптауға, орап-түюге келмейтiн өнiмдердi тасымалдауды жоспарлайтын IS-OIL Downstream қағидасын енгiздi. Осының арқасында компания бизнес әрекеттерiн стандарттау мен жақсартуға, кез келген ақпаратқа заңды түрде оңай қол жеткiзуге мүмкiндiк алды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары