ЕЛ БIЛЕТIН МАРАТ

ЕЛ БIЛЕТIН МАРАТ

ЕЛ БIЛЕТIН МАРАТ
ашық дереккөзі
301

Марат Тоқашбаев!

Бұл есiммен танысып, үйiр-шүйiр өткенiме де жиырма жылдың жүзi болыпты. Уақыт сыны досыңның да, қасыңның да сырын түюге мүмкiндiк беретiн әрi ұзақ, әрi қас қағым сәттiк мерзiмдi бастан өткерiппiз. Осы өтпелi кезеңдерде халық алдында азаматтық парызын арына қадағалатып, адал еңбегiн елiне құл етiп, қыл қаламын ақиқаттың найзасы қылып арпалыспен келiп алпыстың қырқасына шыққан Мараттай азаматтар жұрт жүрегiнен орын алды. Әсiресе, Кеңестiк дәуiрдiң «шекпенiнен» шығып, жаңа заманға жалтақтай бастаған тұсымызда елжанды Марат бiрден қоғамдық жұмысқа араласып, халқымыздың жазықсыз атылған азаматтарының жоғын жоқтап, құнын сұрады. Олардың ерен еңбегi жайлы мәлiметтердi ел аузынан да, архивтерден де жинап, баспасөзге жариялап ақиқат алды.

Өткен күндерге ой жiберсем, осыдан он жыл бұрын болған мына бiр оқиға есiме түседi.

1999 жылдың наурыз айы болатын. ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiне Сауд Арабиясы Ақпарат министрлiгiнен қажылық кезiнде репортаж жүргiзу үшiн бiр адамға шақыру жiберiледi.

Алланың берген нығметi емес пе, бұл таңдау сол кезде «Қазақстан – 1» телеарнасының жаңалықтар қызметi, «Ақшам» ақпарат бағдарламасының бас редакторы Маратқа бұйырыпты. Сөйтiп қырық шақты мұсылман елiнен аттанған қырық журналистiң құрамында Сауд Арабиясының Арафаттағы теле-радио орталығынан бiр-ақ шығады. Осылай елiн сүйген Марат бүкiл әлемге хабар тарататын микрофонның алдында тiкелей эфирден қазақ тiлiнде репортаж жүргiзедi. Бұл сапар елiн жан-тәнiмен сүйетiн, халық мүддесiн, ұрпақтың нұрлы ертеңiн бәрiнен жоғары қоятын арлы азаматты қатты толқытса керек. Саудияның арнасы арқылы берiлiп жататын имандылық, ұлағаттылық тәрбиесi жайлы тамаша дәстүрлi хабарлар шынында етжүректi пенделерге ой салмай қоймайтын. «Шiркiн, Қазақстан телеарнасында қажылық туралы тiкелей эфир түсiрiлсе қандай жақсы болар едi. Мұсылман елдерiнiң, соның iшiнде қасиеттi Мекке мен Мәдиненiң сәулесi қазақ даласына да молынан төгiлсе ғой» – деп армандайды. Осындай асқақ арманмен жүрген Маратты Сауд Арабиясындағы қазақ елi елшiлiгi қабылдауға шақырады. Мараттың бұндай игi ниетiн олар да қолдайды.

Елге келгеннен кейiн зиялы қауым өкiлдерiнiң қолдап-қуаттауымен сол асқақ арманды шындыққа айналдыру жолына бар күшiн салып кiрiстi. Бұл идеяны теле-радио корпорациясының президентi Ерлан Сатыбалдинов пен вице-президент Сауытбек Абдрахманов та қолдады.

Осының алдында ғана әр жұма сайын «Жұмадағы жүздесу» атты имандылық бағдарламасы арқылы дүйiм жұрттың ақ батасын алған Мараттың бұл iсi де оң қадаммен жүре бастады.

Десе де, осы үлкен жобаның телеарнадағы уақыт және қаражат мәселесiнiң де қолбайлау болуы әбден мүмкiн едi. Марат мұны да күнi бұрын ойлап, iзгi тiлектi iске асырудың жақсы тәсiлдерiн қарастыра бастаған екен. Қазақстан телеарнасының эфирi әр күнi түнгi сағат 12.00 бiтетiн едi. Алайда, М. Тоқашбаев әр күнi бiрнеше минут ерте аяқтауды қадағалап отыратын. Оның түпкi мәнiн ешкiм түсiнбесе де, бұл «үнемдеу» шешушi кезеңде өз пайдасын тигiздi. Үнемделген уақытты пайдалануға, оны Қадiр түнiне арнауға «Қаз теле-радио да» қарсы болған жоқ.

Осылайша алты жарым сағат тiкелей эфир жүргiзудiң мүмкiндiгi туды. Тiкелей эфир негiзiнен үш жерден ұйымдастырылды. Оның бiрi – Алматыдағы «Қазақстан — 1» телестудиясы, екiншiсi, Алматының Орталық мешiтi, үшiншiсi, Сауд Арабиясы. Айта салғанға оңай болғанмен, осыншама ауқымды да, күрделi жұмысты бiр жүйеге түсiрiп жүргiзу үшiн iскер-шебер қаламгерлер мен операторларды топтау және бағдарламаны жүргiзу аса оңайға соққан жоқ. Күлкiсiз күндер, ұйқысыз түндер өттi. Әрине, мыңдаған, миллиондаған көрермендердiң бұл бағдарлама сыншыл жанарынан өттi. Бiрақ шегiнерге жол жоқ едi.

2000 жылдың ораза айында «Қадiр түнi» жобасы бойынша түнгi сағат 12-ден таңғы сағат 06.30 дейiн тiкелей эфир өз мәресiне жеттi. Елiмiз егемендiгiн алып, дiлiмiз бен дiнiмiз қайта оралып жатқан осы күндерде «Қазақстан» телеарнасының тұңғыш рет қазақ тiлiнде Мекке қаласымен тiкелей эфир жүргiзуi дүниенi дүр сiлкiндiрдi. Жаһандану қаупiне ұшыраған талай жанның көкiрек көзi ашылды. Дәл осы сәтте бүкiл қазақ елiнiң мұсылмандары мен Мекке қаласындағы ондаған миллион мұсылманның жүректерi бiрге соғып тұрды.

Осылай Мараттың ел алдындағы азаматтық тұлғасы барған сайын биiктей түстi. Ғасырлар өлiарасындағы ғажайып оқиғаға бiз де куә болдық.

Мен бiлетiн Тоқашбаев өзiнiң жай ғана қаламгер емес, ел алдындағы аты — затына сай нағыз ер екенiн де iсiмен көрсеттi. Бiз журналист Марат, редактор Марат, директор Маратты емес, елi үшiн туған қайраткер Маратты тани бастадық.

Оның қаламынан туған Қазақстан тәуелсiздiгi мен елiмiздiң қоғамдық-саяси өмiрi, демократиялық жаңарулар, ұлттық әдет-ғұрыптар мен отбасылық құндылықтарды насихаттау тақырыбындағы көл-көсiр еңбектерi көптiң көкейiнен орын алып, алпысқа келген «Аға Мараттың» дара тұлғасын сомдады. Бiз оның бойынан пендешiлiкке берiлмейтiн иманды жанның ақиқатын көрдiк. Баяғы батырлар заманы шоқпар, найза, қылышпен айқасса, бiздiң Марат қаламын қару етiп, рухани байлығымыз үшiн күрес жасады.

«Елiм, жерiм!» деп емiренiп жүретiн Марат Тоқашбаев Бәйдiлдәұлы жүздескен сайын өзiнiң жарқын дидарымен, жаны сұлу табиғатымен баурап отырады. Қоғамдық өмiрдiң сан қырын қалт жiбермей отыратын Марат бiздiң «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының еңбегiменен, атқарған iстерiмен мұқият танысып, өз бағасын бере бiлдi. «Президент және халық» газетiнiң жүргiзген сараптауы бойынша «Ең үздiк ғылыми зерттеу орталығы», деген жауапкершiлiгi зор бағаны бергенi де, сол деректiгi, жанашырлығы емес пе. Халықтың адал ұлының «Алашым» деген ақ жүрегiнiң үнiн Марат осылай бiлдiрдi. Бiз оның жаз дидарлы кескiнiнен шуақ қана көрiп жүруге ынтық екендiгiмiздi де жасыра алмайтын болдық. Пенде баласы өзiнiң аз ғана ғұмырын мәндi де, сәндi өткiзiп тырысып, халқына iзгiлiк сыйлай алса, бұл оның адамгершiлiгiнiң өлшемi емес пе?! Марат та ел жүгiн көтеруде қайыспай қара нардай қажырлылық, қайраттылық танытып, қазақ азаматының маңғаз бейнесiмен өз биiгiне көтерiлдi.

Сен елiңдi көтерсең, елiң де сенi көтередi, Мәке!

Асқаралы алпысың жемiстi жетпiске, сенiмi мол сексенге, тойы көп тоқсанға ұлассын! Халқыңа бергенiңнен де әлi берерiң көп екенiн торқалы тойыңа ризашылық шашуын шашып отырған қалың елiң жақсы бiледi.

Алла қашан да ақ бақытын сыйлай берсiн!

Хайролла Ғабжалилов, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президентi

Серіктес жаңалықтары