ЕСIЛ ДОСЫМ ЕСIМДЕ

ЕСIЛ ДОСЫМ ЕСIМДЕ

ЕСIЛ ДОСЫМ ЕСIМДЕ
ашық дереккөзі
460

(Журналист, баспагер Серiк Әбдiрайымұлының дүниеден қайтқанына да 40 күн болыпты)

Биылғы жылдың қоңыр күзi тәнiмдi емес, жанымды жауратып, жүрегiмдi сыздатып, көңiлiмдi мұздатып,естен кетпестей есеңгiретiп кеттi. Ойда жоқта — оқыста екi бiрдей аяулы досымнан айрылып, қара жамылып қалған жайым бар. Жүрегiнде сәулесi бар қазақ жұртын жылатып, қайғыдан қабырғасын қайыстырып, опасыз дүниеден озған алаштың арысы, өзiмнiң өмiрлiк досым Ақселеудiң басына орнатылған еңселi ескерткiшiн көрiп, дұғасын оқытып, қырқын беруге қатысып, Алматыға ендi қайтқалы жатқанда жаныма жай түскендей күй кештiм. Таң бозында соғылған телефон суыт та суық хабар жеткiздi. Телефон тұтқасын көтергенде, арғы жақтан жыламсырай шыққан дауыс естiлдi: «Ал, бауырым, жан досыңнан айрылдық!..» Қайтыс болған адамның кiм екенiн де, жаманат хабарды жеткiзiп тұрған кiсiнiң кiм екенiн де бiрден бiлдiм. Сезу себебiм, жан досым Серiктiң айықпас дертке шалдығып, төсек тартып жатқанына жетi айдың жүзi толған. Қанша өлiмге қимасақ та, оның мына жалған дүниемен қоштасар күнi таяп қалғанын iштей сезетiнбiз. Әйтсе де, әлдебiр үмiт күдер үздiрмейтiн, сәтiн салса сауығып кетер деген дәмемен алаң көңiлiмiздi алдаусырататынбыз. Алайда тағдырдың жазуы осылай болыпты, амал қанша?! Ажалға ара тұрардай бiздей пенде шiркiннiң қолында қандай құдiрет бар?! Сiрә, «бәрi бiр Алланың бұйрығы, көнбеске не шара!» деген сөздiң мәнiсi де осы болар. Айтқандай, хабаршыны дауысынан жазбай тануым: ол Жарылқасын есiмдi Серiктiң жалғыз ағасы болатын. Серiкжанмен ағайындай араласып, жан аямас дос болған қырық жыл iшiнде Жақаңмен тоннның iшкi бауындай бауырласып, жақын жекжат болып кеткенбiз.

Иә, Серiкпен қырық жылдан астам уақыт арамыздан қыл өтпес, қимас сырлас, сыйлас та мұңдас дос болдым. Сонау қос атпен қусаң да жеткiзбес жастық шақ бозбала кезiмiзде «Жас Алаштың» (бұрынғы «Лениншiл жас») шырайлы шаңырағында бiрге қызмет iстедiк. Бұл 1967 жылдың алғашқы айлары болатын. Содан берi жұбымыз жазылған жоқ. Керiскен де, кетiскен де кезiмiз жоқ. Алаңсыз араластық, туыстай тату-тәттi ғұмыр кештiк. Бүгiнде ержетiп, өздерi балалы-шағалы болған ұл-қыздарымыз да бiр-бiрiне тiлеулес достар. Осындай күйге жеткенiмiзге шүкiршiлiк ететiнбiз…

Иә, кешегi қатар жүрген кездерi өзiмiздi өлместей көрiп, пендешiлiк тiршiлiктiң тiзгiнiн тартпай, бақуат ғұмыр, көрген қызығымызды таусылмастай сезiнсек керек. Ендi мiне, қияметтiк достардың бiрiнен соң бiрi “о дүниелiк” болып, қатарымыз сирей бастаған сәтте өкiнiш өзегiмiздi өртеп, қайғы-мұң кешудемiз. Әуелi Оралханнан айрылып, опындық. Сосын Кәрағаң — Кәрiбай кеттi келместiң кемесiне мiнiп… Ақселеудiң қырқын берген түнi, асыл достың қабырының топырағы кеппей жатып Серiкжан өттi жарық дүниеден… Есiл достардың өлiмi есiмiзден айырып, еңсемiздi езiп, туа жетiм қалғанымыз аз болғандай, қартайғанда қайта жетiм қалғандай күй кешудемiз. Мезгiлсiз қаза болған бұл боздақтар бiр бiздер — артта қалған достары Асанәлi, Қойшығара, Бексұлтан, Кәдiрбек, Төлен (Әбдiк), Дулат және менiң ғана емес, исi қазақтың жаппай жақсы көретiн жазушылары, зиялы азаматтары едi ғой. Өнерлерi де, өмiрлерi де ұлтына, ұрпағына ғұмырлық өнеге, рухани рух беретiн бекзаттар едi ғой…

Серiк болса осы ортадағы жiгiттердiң кiшiсi болатын. Соған орай оны Секөнтай атап, еркелететiнбiз. Ол дастарқан басында төмен отыратын, жұмсасақ жүгiрiп кететiн, кiшiлiгi кiсiлiгiне сай, мiнезге мырза, жайдары, жайсаң, ақжарқын, ақкөңiл, ақпейiл, адал азамат-ақ едi. Адамгершiлiк қасиетiне кiр шалдырмай, өсек-өтiрiкке, жала-залалға, алдау-арбауға бой алдырмай өттi өмiрден. Сыпайы, сырбаз, серi жiгiт қай ортаға да судай сiңiп, тастай батып, алаңсыз араласып кететiн жаратылысынан жұғымды, сүйкiмдi, сыйлы едi. Уәдесiне берiк, айтқанынан айнымайтын, мерей-мейiрiмi мол, қайырымдылығына қанағатшылдығы сай, мансап қумай-ақ мақсатына жеткен, байлық қумай-ақ бақытына жолыққан да Серiкжан едi. Осындай өмiр-тiршiлiгiмен өзгелерге үлгi-өнеге берген жiгiттiң төресi едi Секөнтай. Оның осынау жаратушы берген боямасыз болмысы тал бойына жарасып-ақ тұратын. Оны танып-бiлетiн, араласып-құраласқан адамдардың бәрi қадiрлейтiн. «Ой, Секең-ай, Серiк-жан-ай» деп өзiне де, сөзiне де сүйсiнiп, риза көңiлдерiн айтып жататын. Ол сондай бауырмал едi, адамдарды алаламайтын.

Тұңғыш танысып, табысқан кезде өңкей өндiр жастар едiк. Таныса сала жақын араласып, жанымыз жарасып, сөйтiп ғұмыр бойы кiсiлiк қалпымыздан айнымай өскенбiз. Бiз адам баласына ата-ана қандай керек, қандай қымбат болса, жiгiтке де нақ сондай ардақты, асыл, ғұмырлық дос керектiгiн жазып-жаңылмай, жан-жүрегiмiзбен ерте түсiнген буынның өкiлiмiз. Бiздiң бағымызға мұндай қасиет санамызға ерте сiңдi, себебi бiз жетiм-жесiр ортада өсiп, етек-жеңiмiздi ерте жиып, ерте есейген ұрпақпыз.

Серiк тумысынан ақыл-парасаты байтақ, жан-дүниесi жайсаң, мiнезi жiбектей жұмсақ көшелi жiгiт санатынан болатын. Осынау атжақты, ақсары, ұзын бойлы, екi иығына екi кiсi мiнгендей еңселi де еңгезердей жiгiттiң жаны нәзiк, жүрегi жұмсақ, сезiмi мөлдiр едi. Ол ашуын ақылға жеңдiретiн. Кей-кейде болмашы нәрсеге бола ренжiп, қабақ шытып, шытыр ете қалсаң да, көңiлiне келер артық-ауыс сөз айтсаң да Серiк терiс айналудың орнына жұмсақ жымиып, сенi сабырға шақыратын. Серiктiң қақ-соғы жоқ, алаңсыз ақ көңiлi мен адалдығы алдында бас исек, ол бұған лайық азамат-тын. Сол қадiр-қасиетi үшiн де бiз оны ерекше жақсы көретiнбiз. Риясыз достық осындай-ақ болар. Иә, бiз сөзiмiз, қалжыңымыз жарасқан ақ, адал дос болдық. Сол иша деспей, бiр-бiрiмiздiң алдымызды кеспей өткен өмiрiмiзге ризамыз. Беу, көзден бұлбұл ұшқан сол бiр дәуреннiң қайта оралмасы қандай өкiнiштi десеңiзшi! Ең өкiнiштiсi, қайғы-мұңымызды, қуаныш-қызығымызды бөлiсiп, сырласып, шер тарқатысып ғұмыр кешкен кешегi күндердiң көздi ашып-жұмғандай сәтте өте шығып, арманда қалдырғаны-ай!

Бiздiң ортамызда бiр-бiрiмiзге өз туған жерiмiздi көрсетiп қайту сынды бiр жақсы дәстүр қалыптасқан едi. Соның арқасында Оралханның Шыңғыстайын, Кәрiбайдың Сарысуын, Кәдiрбектiң Зайсанын, Бексұлтанның Ақжазығын, Дулаттың Монтайтасын, Төлен, Қойшығара, Қоғабайдың Көкалатын, Ақселеудiң Жаңаарқасын, Серiктiң Үшаралын, менiң Әулиекөлiмдi армансыз аралап, аунап-қунап қайтқан күндер ғұмыры естен шығар ма!?

Серiк ауылына алдымен Кәрiағаң екеумiздi ертiп апарған. Бұл 2002 жылдың мамыр айының ортасы едi. Бiз Үшаралдағы Серiктiң оқыған мектебiн, шомылған өзенi Таласты, бүгiнде жұрты ғана қалған қара шаңырағының орнын көрiп, ауыл сыртындағы Лақ жотасына көтерiлiп, оның ағайын-жұртымен, бала күнгi достарымен дидарласып, дәм-тұздарын татып, бiр жасап қайтқанбыз.

Сол Талас өңiрiне екiншi қайыра да сапар шектiк. Бұл жолы ол достарын түгел жинап апарды. Бұл да бiр естен кетпес қыдырыс болды. Әуелi Асанәлi көкемiз атасы Ысқақ атына мешiт ашып, соның салтанатына арналған құдайыға қатысып, аға-достың атамекенi Сарысуды екi күн аралап, iле-шала Таласқа тарттық. Бiр топпыз. Серiктiң ескi достары: Асанәлi көкемiз, Ақселеу, Бексұлтан, Қойшығара, Кәдiрбек, мен және ағасы Жарылқасын. Серiктiң достарын аудан әкiмi Батырбек Құлекеев өзi қарсы алып, ел аралатып, осы өңiрдегi тарихи жерлердi түгел көрсеттi. Бұл бiздiң досымыздың қонақтарын құрметтеу ғана емес, оның өз басының ел-жұртына сыйлы екендiгiнiң белгiсi болса керек. Әйтпесе елге кiм келiп-кетпей жатыр. Азаматтың абырой-беделiнiң елге ерекше кәдiрлi екендiгiне көзiмiз жетiп қайттық.

Осы сапарда да Серiк әдепкi кiшiлiгi мен кiсiлiгiн көрсетiп бақты. Елмен бiрге жүгiрiп, жiк-жаппар болып, екi аяғынан тiк тұрып, қонақтарын күтiстi, көңiлi көкке жеткендей қуанып, елiнiң есте қалған көне тарихынан әсерлi әңгiме шертiп, мерейi өсiп, мәз-мәйрам күйде жүрдi. Қыдырыс қызығына, ел мен достың ақ пейiлiне, құрмет-қошаметiне бөленген бiз үш күннiң қалай өте шыққанын да байқамаппыз. Сол бiр сәттi сапар ұмытылмастай жадымызға жазылып қалыпты…

Абзал достың есте жүрген адами қасиеттерiн, азаматтығын аңғартатын кейбiр пiкiр-пайымымызбен бөлiстiм. Ендi, “Серiкжанның осындай досқа да, елге де сыйлы болуына бастау болып, жол ашқан не едi?” деген сауалға азды-көп тоқтала кеткенiм жөн секiлдi.

Бiрiншiден, Серiк шығармашылық өмiрде өзiндiк жолы бар, мақсатына ерте жеткен қарымды да алымды қаламгер. Оның жорналшылық қызметi елге аян. Бұл салада ол шын шеберлiк шыңына көтерiлiп, елдiң көкейiнде жүрген көкейкестi, мәндi, маңызды мәселелердi баспасөз беттерiнде тереңнен толғап, жарқырата жазу арқылы есiмi қалың оқырманға танылған талантты жорналшылардың маңдай алдында болғаны ақиқат.

Екiншiден, Серiк абырой-беделге жеткiзген жорналшылық кәсiбiн кейiн баспагерлiк қызметте де сәттi жалғастырды. Оның үш бiрдей республикалық баспа: «Қазақ университетi», «Өнер» және «Санаттың» қаз тұрып, қатарға қосылып, құнды, бағалы кiтаптарды жарыққа шығару арқылы тәуелсiздiк алған Қазақ елiнiң рухани қазынасын толықтыру барысында толымды үлес еншiлегенi ел есiнде.

Үшiншiден, Серiк көсемсөз бен көркемсөзде өзiндiк қолтаңбасы бар қаламгер. Оған «Бес мүшел белесiнде», «Самғау» сынды төл туындылары яғни әдебиеттiң әртүрлi жанрында жазылған шырайлы да шұрайлы шығармалары дәлел. Сондай-ақ ол тәржiмалаған роман, повесть, әңгiмелер де бiр төбе. Оның кестелi, көркем тiлi, тосын тақырыбы, оқшау образдары оқырмандарының ойларынан шығып, көкейлерiне қонып, оқып шығуларына жетелей жөнелетiн ерекше тартымдылыққа ие едi.

Ал ендi Серiктiң талантын танытып, бағын ашқан, алдымен оның елу жыл ел ағасы болған қадiрлi Д. А. Қонаевтың естелiк кiтаптарын аударып, әдеби жазбаларын жасап, халыққа жеткiзуi. Сондай-ақ, Қонаев туралы естелiктердi жинап, екi тiлде екi бiрдей кiтапты жарыққа шығаруы да рухани өмiрiмiздегi үлкен жаңалық болды. Серiк осы еңбектер арқылы ел билiгiндегi азаматтың бекзат болмысын көрсетiп, сол арқылы бүгiнгi ел тұтқасын ұстаған биiк мансапты азаматтарға үлгi-өнегенiң сара жолын көрсеттi.

Мен бiлетiн, жұрт танитын Серiктiң тағы бiр тамаша қыры, оның өнер адамдары туралы тамаша туындылары. Ән бұлбұлы Бибiгүл Төлегеновадан бастап, күй дүлдүлi Нұрғиса Тiлендиевке арналған шығармалары қандай ғажап.

Иә, азамат Серiктiң елiнiң есiнде осындай елеулi, ерен еңбектерiмен қалары ақиқат. Ал бiз болсақ Серiкжанның достыққа адал, жаны жомарт, жүрегi жылы бекзат болмысын өле-өлгенше жадымызда сақтаймыз. Секөнтайдың құдай алдында да, адам алдында да жүзi жарық. Өзi өлсе де, тамаша туындылары, өсiп-өнген отбасы бар. Қалижаны — Президент әкiмшiлiгiнде жауапты қызметте, Ернары — заңгер, Гүлнәрi — жоғары оқу орнында ұстаз, ал кенже қызы Гүлмира жас та болса ғылым докторы, КазНГУ-де кафедра меңгерушiсi, отын өшiрмейтiн жары Шәрбан бар.

Әрине, есiл достың кетiк-келте тiрлiктен татар дәмiнiң ерте таусылғаны өте өкiнiштi. Алайда ажалға қарсы тұрар, араша болар кiм бар?! Дәрменсiзбiз. Қара тас-қайғы еңсенi езiп, естi алса да төзбеске не шара. Бiздiң қолдан келетiнi басымыз аман жүрген күндерi есiл досты еске алып, дұға бағыштап тұру ғана…

Қуанышбай Құрманғали,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары