«ЗАР ЗАМАННЫҢ» БIР АҚЫНЫ – МАЙЛЫҚОЖА

«ЗАР ЗАМАННЫҢ» БIР АҚЫНЫ – МАЙЛЫҚОЖА

«ЗАР ЗАМАННЫҢ» БIР АҚЫНЫ – МАЙЛЫҚОЖА
ашық дереккөзі
682

Қазақ тарих ғылымында әлi күнге тарихи дереккөзi ретiнде қарастырылмай келе жатқан халық мұрасының бiр саласы – қазақ ақын-жырауларының шығармалары десек артық айтпаймыз. Бұл шығармалардағы деректер өзiнiң дәлдiгi, нақтылығы жағынан кез-келген тарихи құжаттарды алмастыратындай дәрежеде. Сонымен бiрге, бұл шығармаларда автордың, кейiпкердiң немесе қоғамның белгiлi тарихи оқиғаға қатысты көзқарасы да қамтылады. Әсiресе, XIX ғ. өмiр сүрген ақын-жыраулар шығармаларында сол кезеңнiң тарихи шындығы кеңiнен орын алған. Осы кезеңде өмiр сүрген қазақтың ақын-жырауларға әдебиет ғылымының «зар-заман» ақындары деп айдар тағуы сол кезеңнiң бүкiл тарихи шындығын, елдiгiнен айрылған халықтың мұң-зары мен қайғы қасiретiн өз шығармаларына арқау етуi болса керек. Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай т.б. ақын-жырау шығармаларында өзiнiң елдiгiнен айырылып, өзгеге бодан болған халықтың мұң-зары, елiнiң өткенiн аңсау мен мақсатына жете алмасын бiлген ақындарының зарығуы мен торығуы бар. Осы кезеңде өмiр сүрiп, қазақтың, жалпы Орта Азия мұсылмандарының орысқа бодан болғанын көрген Майлықожа ақын шығармаларында да «зар-заман» ақын-жырауларына тән тақырып аясының толық қамтылғандығын көремiз. Майлықожа ақынның «Қонысты орыс алғаны» атты шығармасы Ресей империясының Орта Азияны жаулау саясатының қысқаша тарихы десе болады. Ол алдымен өз шығармасында сол кезеңдегi Қоқан хандығының iшкi ахуалына талдау жасап, мемлекеттiң жағдайының тұрақсыздығын былайша сипаттап бередi:

Қоқанды Құдяр хан сұраушы едi, Алматы, Ақмешiттен қараушы едi, Билеген Ташкенттi пәрманашы, Жарлығы бiздiң елге тараушы едi. Әулиеата, Ташкент саркар едi, Олармен Түркiстан да қатар едi. Жазғырған сыпайыны паткарда ғып, Үй көрмей Иткешуде жатар едi. Құдяр хан залымдыққа болды табын, Үкiметтiң бұрынғыдай қылмай бабын. Басына құтайтпады құдай тағын, Маллахан мiнiп алды Қоқан тағын – деп, Қоқан хандығының iшкi жағдайына талдау жасайды. Сонымен бiрге, Қоқанның әскер басы болған қырғыз Әлiмқұлдың халыққа көрсеткен зәбiрi мен Байзақ датқаны жазықсыз жазаға тартуы, бұл оқиғаның орыс әскерiне қарсы тұрған мұсылман әскерiнiң iшкi бiрлiгiне нұсқан келтiргенi баяндалады. Ұрысқан сарбаз қырылып қалды демде, Дұрыстық кем екен ғой қырғыз елде. Өз қарасын көбейткен Байзақты Әлiмқұл ұстап алып, қылды пенде. Және бiр Шәрнәйiптен қосын келдi, Бұ қосын тау жағынан тосын келдi, Жазықсыз Байзақты өлтiргенi Қоқанның дәулетiне кесiр келдi. Соған қарамастан, қазақтар орысқа қарсы барын салып соғысады. Майлықожа оны өз шығармасында былайша баяндайды: Атылды зеңбiректiң даусы тынбай, Қиямет күн болар ма сiрә мұндай, Көмешқақпа жағынан көлденеңдеп, Онда қайрат көрсеттi қыпшақ Мыңбай. Ер Мыңбай жау жағына қалқа болды, Ұрысқа оқ тиген соң арқа бердi. Нешеуiн арыбадан шауып тастап, Есiл ер оқ тасалап қайта бердi, немесе Қоқан қорықты ұрысты көре-көре, Әр кiлтiн қорғанының бере-бере, Иқанның бiр ұрысында ерлiк қылды, Баласы Кене ханның Сыздық төре. Мұнан ары қарай Майлықожа ақын орыс әскерлерiнiң Самарқан, Каттақорған, Қоқан, Бұхар, Хиуа жерлерiн алғанын рет-ретiмен баяндайды. Жалпы Майлықожа ақынның бұл шығармасы көлемi шағын болғанымен өзiнiң тарихи оқиғаларды баяндалуы жағынан келгенде сол тарихи оқиғалардың жылнамасы десе болады. Майлықожа ақын орыс жаулаушылығын тек қазақ халқының басына түскен нәубет деп емес, жалпы мұсылман халықтарының басына түскен ауыртпашылық деп түсiнедi. Басқа ақындарда Қоқанды да, орысты да қазақ мемлекетiн жоюшы деп бағаласа, Майлықожа ақында Қоқан билеушiлерiне деген құрмет байқалады. Оған Майлықожа ақынның Қоқан ханы Құдярдың баласы Мәдәмин бек Ташкент түрмесiнде жатқан кезiнде iздеп барып, оған көңiл айтуы, кешегi қазаққа тiзе батырған ханның ұлы деп қарамай, құрмет көрсетуi соның айғағы. Оның Мәдәмин бекке айтқан мына арнауы Қоқан мемлекетiн де өз мемлекетiм деп қабылдағанынан хабар бередi: Дүниенiң дәулетi Дұшпанға толқып ауысқан. Байлауда тұрған тұйғындар Басына қарға, сауысқан, Сәлем бере келемiн Аман-есен бармысың, Кереге-темiр тор қамап, Көкiрегiне шер жамап, Керiле алмай тұрған арыстан. Майлықожа шығармасындағы осы сарын «Датқалардың Петiрборға барғаны» атты шығармасында да анық аңғарылады. Қазақ жерiнiң оңтүстiгi мен өзбек, қырғыз халықтарын толығымен өз қоластына алғаннан кейiн орыс патшасы жаңа қосылған жерлердегi қазақ, қырғыз, өзбектiң игi жақсыларын жинап, Петербургке алдырады. Осы оқиға Майлықожа ақынның аталмыш шығармасында баяндалып, сапар барысында датқалардың басынан өткерген оқиғалары мен сапар нәтижелерi жыр жолдарына толық арқау болған. Майлықожа өз шығармасында патша өкiметiнiң өз қоластына енген халықтың психологиялық ахуалы мен оның жауынгерлiк қабiлетiне баса мән беретiнiн де байқап, ол факторды да шығармасында атап өтедi. Мысалы, қазақ тайпаларының әрқайсысынан жеке-жеке өкiл алдырса, қырғыз бен өзбектен бiр-бiр кiсi ғана өкiл алдырады. Осы топ өкiлдерiнiң әрқайсысына Майлықожа ақын арнайы тоқталып, олардың кiм екендiгiне мән бередi. Олардың арасында Төле бидiң ұрпағы – Момынбек датқа, шанышқылының датқасы – Молла Қошым, Әулиеатадан Құдайберген датқа, көтеншiден Қоныс датқа, қаңлыдан Әкiмқұл датқа, өзбектен Марқа қазы, қырғыздан Бәйтек датқа бар болатын. Патшаның шақыртуына өз ерiктерiмен емес, күшпен бара жатқан соң «қайта елге келемiз бе, келмеймiз бе?» деген көңiлдерiне күдiк кiрiп, уайымға салынады. Датқалардағы осы уайым-қайғы Майлықожа шығармасында былайша баяндалады: Датқалар күйме мiндi, қойып жорға, Тәңiрге тәуекел деп, түстi жолға, Қырғыз, қазақ, өзбек саңлақтарын Жөнедi айдап орыс Петiрборға. Сонымен бiрге, сапарға шыққан датқалардың туған жермен қоштасуы, әулиелерден медет тiлеп, жалынып, жалбарынуы, арнайы Әзiрет Сұлтанмен қоштасуы былайша баяндалады: Атыңнан айналайын Құл Қожа Ахмет, Қолында кәпiрлердiң бiз болдық бент, Тоқсан тоғыз мың машайық, Көк тонды Ата, Бергейсiң бiз ғарiпке өзiң медет. Бұл жолдардан елге тұтқа болған тұлғалардың өзгенiң қолында тұтқын болған шарасыздығын байқауға болады. Елдiгiнен айрылған мұсылман халықтарының аз-кем болса да тәубесiне келiп, кешегi күнгi iшкi қырқыстың тиылып, амалсыздан бiр күйменiң iшiнде сыйысуға мәжбүр болған топтың шарасыздығын көремiз. Халықтың тәуелсiздiнен айырылуы халықты рухани, психологиялық iркiлiстерге түсiрдi. Бұл шарасыздық датқаларды ғана емес, Майлықожа ақынның өзiн де шарпиды. Оның «Қабiрiңе айтар зарым бар» атты өлеңi ақынның осы шарасыз қалiн анық көрсетедi. Тiрiден қайран болмасын ұққан ақын батыр бабасы Әзiрет Әлi рухына былайша жалынады: Көпшiлiктiң әжетi Сiздерге келiп табылар, Әжет қыла алмай мен жүрмiн, Азғантай ғана малым бар. Жүйрiк ат жауға шабысар, Шаба алмайды жабылар. Аз пұрсатта өтермiн, Дүниеде қандай наным бар? Есiл ғана дүние-ай, Екi өмiр келсе неғылар? Алдырып келдiм өрiңдi, Жандырғай құдай терiмдi, Ақтаудың ақ белiнде Қазығұрт таудың жерiнде Ақтүйе мен Қамбар құл Бiр шығарсаң не етедi Жаратқан өзiң Шерiңдi?! Осы сарынды Майлықожаның «Заманың қырын боп кеттi» шығармасынан да көруге болады. Бұл шығармасында орыс билiгi нығайған сайын халыққа деген қысымының күшейгенiн, шүйгiндi жерлерден қазақтың қуылып, ол жерлердiң орыс мұжықтарына әперiлгенiн, «орыс әдiл» деген сөз соңында ауыр зiл жатқанын, «жақсы атанғандардың» қара басының қамынан өзге ешнәрсенi күйттемейтiн қуыс кеуде жандар екендiгiн алға тартады. Осылайша Майлықожа ақын халық санасынан бiртiндеп елдiк сананың өшiп, құлдық сананың, құлдық психологияның қалыптасып келе жатқанын көрсетедi. Оның, «Орысты жайлы болды»– деп, Әуелiнде мақтады. Жақын көрiп, жақтады. Бiрнеше жыл өткен соң, Ендi опа таппады. Ақыр iсi бұл болды, Буралар кетiп, бурашын Омыраулар болды iнгендi. Жерiңнiң қамын ойла жұрт, Желкеңе мұжық мiндi ендi, – деген өлең жолдары қазақтың бодандық құрсауына бiртiндеп батып бара жатқан санасындағы iркiлiстер мен керiкетушiлiктiң күн санап артып бара жатқандығын аңғартады. Әсiресе, сайлау науқанының ағайын арасына салған жiгiнiң ықпал-әсерi күштi болды. Жәй қаймана қазақ, туыс түгiл ағайынды кiсiлер арасына iрiткi салып, жауласуға дейiн апарды. Атақты Байзақ датқаның екi ұлы Ақмолда мен Райымқұл арасындағы егес күшейiп, қантөгiске бет алған кезде Майлықожа ақын Райымқұлға келiп, тоқтау айтады. Ол Райымқұлға былай дейдi:Сайлаудың сақтан жұртым, жанжалынан, Көп жiгiт арындап жүр аңғалынан, Ойласаң сайлау өзi құмар iсi, Кейбiреу айырылып жүр дамбалынан. Райымқұл тұлпар мiнiп тұрысқаның, Ақмолда бiр атадан туысқаның, Мылтық атсаң Байзақтың баласы өлер, Сонша көп жамандықты қуыспағын. … Бас болдың құдай қалап ұлы жүзге, Сасады жолбарыс та түссе iзге, Тоқсан қатын толғатып ұл тапса да, Табылмас Ақмолдадай аға сiзге. Майлықожа ақынның ағайын арасындағы мұндай iстерге аз араласпағанын көруге болады. Ол қаншама кiсiлердiң арасына араағайындыққа жүредi. Мақсаты – ел бiрлiгiн сақтау. Алайда азамат ақын дәуiрдiң қазақтың маңдайына жазған салмағына қарсы тұра алмайды. Қоғам одан ары былыға, тұрпайылана түседi. Елдiк сана мүлде өшiп, оның орнын қарын тоқтығын ғана мақсат еткен пысықайлар жақсы атана бастайды. Бұл да Майлы ақынның тiлiнен у болып төгiледi. Майлы ақынның «Балық жыл бастарыңа не күн салды?» атты өлеңiнен дәстүрлi қазақ қоғамының бұзылып, азғындыққа ұшырағанын көруге болады. Ол былай дейдi: Замана алуан-алуан қулық қылды, Бәрi де күштi жанның ұрлық қылды. Әркiм жүрген жолынан адасты да Қаңғырып, өзiн-өзi бұрлықтырды. Ұрыларға билер тұр «бере көр» деп, «Тез мал тауып даладан бере көр» деп. «Бие сойып аузымды майға толтыр, «Мал иесiн бiздерге қоя бер» деп. Жалпы Майлықожа ақын шығармалары XIX ғасырдағы қазақ қоғамының айнасы iспеттес. Ақын қазақ қоғамындағы тарихи оқиғаларды да, қоғамның санасындағы өзгерiстердi де толығымен қалт жiбермей өлең шумақтарымен өрнектей бiлген. Сондықтан Майлықожа ақын шығармаларын қазақ жерiнiң оңтүстiгiнiң XIX ғасырдағы өлеңмен өрнектелген тарихы десе болады.  
Зiкiрия Жандарбек, т.ғ.к., Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-i Түркология институтының аға ғылыми қызметкерi
 

Серіктес жаңалықтары