ТӘУЕЛСIЗДIК ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРМЕК?

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРМЕК?

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРМЕК?
ашық дереккөзі
431

Алматының халқы алаңға ағылды. Қалың топтың жиналуына себепкер — жаңажылдық шырша. Желтоқсанның босағадан аттауы сол-ақ екен, жылдағы әдетпен ару қаламыздың «Астана» алаңында жаңажылдық шыршаны жағу рәсiмi аталып өттi. Батыстан келген шырша тiгу үрдiсiнiң тiптi неден бастау алғанын ұмытып та кеткендей. Керiсiнше Тәуелсiздiк тұғырының дәл осы қалада қаланғанын бiлсе-еттi. Алматы қаласының әкiмi А.Есiмовтiң қатысуымен өткен мерекелi жиынға қатысқан жұртта есеп жоқ. Тiптi, Алматы қаласы түгел көшiп барғандай, қуанышты көңiл-күй кәрi мен жасты бiрдей баураған.

Қазақстанда ұлттық болып жарияланған жалғыз мереке — Тәуелсiздiк күнi таяп та қалды. Мемлекетiмiздiң егемендiгiн қалыптастырып, ұрпаққа аманаттаған және қазақ елi үшiн жанын қиған Қазақстан жерiн ежелден мекендеген ұрпақтардың рухани байланысын бейнелейтiн, елiмiз үшiн орны бөлек мерекенiң ылғи да Жаңа жыл мейрамының тасасында қалатыны қапаландырады. Бiрнеше күннен кейiн елiмiздiң тәуелсiздiк алған күнiн атап өтемiз. Алайда, әкiмшiлiк дәп бiр ертең жаңа жыл кеп қалардай әуре-сарсаңда. Бұл мәселе бұған дейiн де баспасөз беттерiнен талай жарық көрген болатын. Үйреншiктi жайтқа айналған жаңа жыл әзiрлiгiне алдын-ала бас қою үрдiсiн бiраз күнге шегере тұрсақ, немiз кетедi? Әлде Тәуелсiздiк күнiнiң еш мағынасы мен маңызының қалмағаны ма?

Әуелi қыс түспей-ақ қарашаның қақ ортасында «Алматыжарнама» мен «Алматыбезендiру» кәсiпорындары қала ғимараттары мен мекемелерiн бедерлеу-безендiру iсiне кiрiсiп те кеттi. Мұндай шұғылдылыққа себеп берген тағы да қала әкiмшiлiгiнiң дәстүрлi ең жақсы безендiруге байқау жариялауы. Бұл аз десеңiз, қазақстандық Аязаталар мен Ақшақарлар биылдан бастап заманға сай үлгiде жасалуы керек деген талап қойылған. Барын салып баққан мекемелер бiрiнен-бiрi асуға тырысты-ақ. Әрлеу жұмыстары алаңдағы шырша жағылғанға дейiн жасалып бiтiп те қойды. Ал осыдан екi жыл бұрын жаңажылдық шырша қала көшелерiне 15-қарашадан қойыла бастағаны есiмде. Ешбiр даңғазасыз, ешбiр дабырасыз елдiгiмiз бен егемендiгiмiзге қол жеткiзген Тәуелсiздiк мерекесi жаңа жыл шыршасымен тағы да аталынып өтпекшi. Керiсiнше ұлттығымызды ұлықтайтын тәуелсiздiкке қатысты әрлеу жұмыстары қала бойынша жүргiзiлсе, елiмiз бен жерiмiздi сүйетiн ұлтжанды қоғамның қалыптасуына септiгiн тигiзген болар едi?! Ал, бiр таңқаларлығы, Батыстың жағымсыз қылықтарын қағып алуға әзiр тұратын қасиетiмiз, жақсы әдеттердi үйренуге құлықсыздық танытқаны ма? Тәуелсiздiк мерекесiн ту көтерiп тойлайтын халықтардың мерейi үстем, халқы есен-сау. Ұлттық рухты асқақтатар мереке бiздi құрдымға апармасы анық нәрсе. Жақында Елбасының «Қазақфильмге» сапарында «Әрбiр кинода менiң елiм, менiң жерiм, атақонысым» деген сөздердiң болуын талап еткен болатын. Мiне, осы идеяны жүзеге асырудың тиiмдi тәсiлi — Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында қала көшелерiне осы аттас ұрандарды iлу. Осыдан кейiн жаһанданудың тасасында қалып бара жатқан дәстүрлерiмiздi неге дәл осы мерекеде жаңғыртпасқа деген ой келедi.

Қазақтың төл Жаңа жылы — Наурыз! Григориан күнтiзбесi бойынша аталынатын жаңа жылды қарсы алып үлгерермiз, тек Тәуелсiздiк күнiн көңiлден тыс қалдырмайық!

Ақниет ОМАРҒАЗЫ

Серіктес жаңалықтары