АЛТЫН АЛДЫҚ. КӨҢIЛДЕ АУЫР ОЙ ҚАЛДЫ

АЛТЫН АЛДЫҚ. КӨҢIЛДЕ АУЫР ОЙ ҚАЛДЫ

АЛТЫН АЛДЫҚ. КӨҢIЛДЕ АУЫР ОЙ ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі
473

Ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында отандастарымыз 4 алтын, 1 қола медаль иелендi.

Қазақстандық құрама Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласында 20-29 қараша аралығында өткен әлем чемпионатына аттанғанда талайлар ақ жол тiлеген. Айтқандай-ақ, ел аманатын ақтаған ауыр атлеттер жерге қаратпай, көк байрағымызды Корея көгiнде желбiреттi. Ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатына 100-ге жуық мемлекет спортшылары қатысты. Бұл дүбiрлi бәсекеде отандастарымыз топ жарып, 4 алтын, 1 қола медальға қол жеткiзгенi жанкүйер қауымның жүрегiн жара жаздады. Өйткенi, осыған дейiн елiмiздiң ауыр белтемiр көтеретiн бiлектi спортшылары талай бәсекеде жұлдызы жарқырап жүргенiмен, дәп осындай айтулы жеңiске ешқашан жетiп көрген жоқ едi. Атап айтсақ, Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен 16 жасар Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Владимир Седов, Светлана Подобедова алтын медальдi қанжығасына байласа, Владимир Кузнецов қола медаль иегерi атанды. Нәтижесiнде командалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы Қытайдан кейiнгi 2-шi орынды иелендi. «Осыған дейiн Қазақстанның бiрде-бiр ұлттық құрамасы олимпиадалық спорт түрлерiнен әлем чемпионаттарында мұндай көлемде алтын алған емес. Сондықтан ауыр атлетшiлерiмiздiң бұл жеңiсi өте үлкен жетiстiк болып табылады» дейдi ҚР Ауыр атлетика қауымдастығының президентi Қайрат Тұрлыханов. Елiмiздiң даңқын асырған құраманың бұл жеңiсiне қуанғанымыз рас-ақ. Қайтсе де көңiлде бiр қаяу бар. Алтын алған отандастарымыздың бiрде-бiрiнiң ұлты – қазақ еместiгi көңiлде түрлi ауыр ой ұялатады. Бiздiң қазақ жастарының жiлiгiнде май, бiлегiнде күш жоқ болғаны ма? Тiптi ұлттық құрамамыздың сапында көзге түсiп жүрген ешбiр қандасымыздың болмауы нелiктен? Жаттықтырушыларымыздың қазақ жастарын осынау спорт түрiне көптеп тартпауының астарында қандай сыр бар?

Қазақстан жалауын желбiреткен жеңiмпаздарымыз түнгi сағат 01:45-те Сеул-Алматы бағыты бойынша ұшып жеткен болатын. Оларды спорт сүйер қауым мен ауыр атлетика қауымдастығының өкiлдерi, туыстары, БАҚ өкiлдерi құшақ жая қарсы алды. Осы қуанышты сәтте жиналған қауымға арнап сөз сөйлеген ұлттық құрама жаттықтырушысы Виктор Ни 2012 жылы Лондонда өтетiн олимпиадада ауыр атлеттерiмiз кем дегенде 2 алтын алқаны иеленетiнiн мақтанышпен айтты. Өкiнiшке қарай, Лондонға аттанатын құраманың сапында қазақ спортшысы болатыны жайында бiр ауыз тiс жармады.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ

Серіктес жаңалықтары