ПОЭЗИЯНЫҢ ПIРI

ПОЭЗИЯНЫҢ ПIРI

ПОЭЗИЯНЫҢ ПIРI
ашық дереккөзі
375

Оңтүстiк астана Алматыда ақындардың атасы болған Кенен Әзiрбаевтың 125 жылдық мерейтойы өттi

Кенен — ақын, Кенен — сазгер, Кенен — әншi, Кенен — күйшi, Кенен — жыршы, Кенен – әдеби мұраларды жинаушы. Жаратқан Иемiздiң оған өнердiң осыншалық қасиетiн үйiп-төгiп бере салғанына қалай таңданбассыз! Оның бұл қасиеттерiне Кенен — серi, Кенен — дананы тағы қосыңыз. «Екi Кенен тумайды, Алатауға ексең де». Ақынның осы бiр айтқанына қарап, оның өмiрде қайталанбас дара тұлғасын көрiп, ерекше дарын қуатын сезiнгендей күй кешесiң.

Ойды ой жетелейдi. Музыкалық және филологиялық жоғары бiлiмi жоқ. Сонда осының бәрiн, сөз бен ән маржандарын ол қайдан алған? Ары ойлап, берi ойлап ол тума талант деген тұжырымға табан тiрейсiз. Мектебi — халық. Сол халықпен бiте қайнасқан өзiнiң өмiрi, қилы-қилы тағдыры. Кiшкентайынан көргендерi мен көңiлiне түйгендерi алтын сандық кеудесiнен күй болып төгiлiп, шешен тiлiнен өлең-жыр болып есiлдi, күмiс көмейiнен ән болып шырқалды. Оның қай шығармасы да халықтық болатыны сондықтан.

Кешегi Ақан серiнiң, Бiржан салдың, Жаяу Мұсаның, Мәди, Мұхит, Үкiлi Ыбырайдың Мәшһүр Жүсiптiң бiзге жеткен жалғасы болған Кенен Сүйiнбайдың сынығы, Жамбылдың көзi едi. Жамбылдың өз ұлындай болып жанында жүрдi, ақ батасын алды. Ораз Жандосов сынды тарихи тұлғаның тәлiмiн бойына сiңiрдi. Ол «халық жауы» атанғанда Кенен де тергеудiң талай азабын бастан кештi. Мұқамеджан Қаратаев қол ұшын бермегенде, тағдыр-талайы қалай шешiлер едi десеңiзшi. Кейде оны талай қауiп-қатерден аман алып қалған ұлттық өнердiң киесi ме деп те қаласыз. Қалай айтқанда да халықтық өнерге Кенен атаның қосқан үлесi ұшан-теңiз. Өзi өмiрден өтсе де артында қалдырған жүзге жуық әндерi ел аузында, өлең-жырларын ұрпағы жатқа оқиды. «Ойжайлау», «Көк шолақ», «Келiнжан», «Бозторғай», «Базар-Назар» секiлдi әндерi күнi бүгiнге дейiн сахнадан шырқалуда.

Заманның заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезов:

«…Кенеке, Сiз күмiс көмей әншiлiгiңiздiң үстiне әрi ғұлама жырау, әрi әбжiл шешен, байтақ шежiрешi де екенсiз. Халқымыздың аяулы өнерiн шет жұртқа жеткiзген талантыңыз үшiн де ризамыз», — десе, сөздi талғап, таңдап айтатын сырбаз жазушы Ғабит Мүсiрепов ол туралы өз ойын былай түйiндеген.

«Кенен көнеден келе жатқан сал-серiлер дәстүрiн жалғастырушы, сол ұлы көштiң соңғы тұяғы».

Қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы:

«Кенен — ән мен жырдың генералы», — десе, ақын Қалижан Бекхожиннiң:

«Кiм қойса да бұл кiсiнiң есiмiн тауып атаған. Келбетi де, өнерi де кенен десе кенен Кенен Әзiрбаев», — дегенi жұрттың есiнде. Көз көргендердiң естелiктерiне қарағанда әдебиетiмiздiң алыптары Мұхтар, Ғабит, Сәбит ақын Кененнiң алдында бастарын иiп, поэзияның пiрiндей көрiп, құрмет көрсетiптi. Қазiргi үлкен ғалым, профессор мемлекет және қоғам қайраткерi Мырзатай Жолдасбеков ақын атамыздың қасында көп жүрiп, батасын алған жан. «Кененнiң қазiргi таспадағы әндерi сексен бес жасында жазылып алынған», — дейдi ол. Ал соған дейiнгiлерi неге бейнетаспаға жазылмай қалған? Сол кездерi Мәдениет министрi болғандар мұны неге ескермеген? Қолда түсiру аппараттары болды ғой. Жауабы жоқ сұрақтар. Өкiнiштi.

Кенен қазақ пен қырғыздың тел емген ақыны. Өткен ғасырдың он алтыншы жылындағы ақ патшаға қарсы халық көтерiлiсiнiң бел ортасында жүрдi. Көтерiлiсшi ретiнде қуғынға ұшырап, көршi қырғыз асты. Қырғыздар жатсынған жоқ. «Қазақ, қырғыз бiр туған» деп бауырына басты. Кененнiң «Әли батыр» атты дастаны осы кезде өмiрге келдi. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Ашаршылық жылдарында да Жамбыл мен Кенен отбастарымен қырғыз өтiп, солардың жанашырлығын көрген. Соны да ұмытпайық, ағайын», — дейдi. Кейiн Кененнiң Базар мен Назары өмiрден өтiп, қайғы жұтып отырғанда қырғыздың шоң ақыны Османәлi бастаған қырық кiсiсi келiп, өлеңмен көңiл айтып, қайғысына ортақтасып, езiлген еңсесiн көтертедi.

Айта кететiн тағы бiр жай. Кенен атамыз кезiнде халқымыздың атақты палуандары Қажымұқан мен Балуан Шолақтың сүйiспеншiлiгiне бөленген жан. Әсiресе палуандығымен қатар әншiлiгi де бар Балуан Шолақ оны ерекше құрмет тұтса керек. Бертiнде бiр музыка зерттеушiсi Кененнiң әндерiн жазып алмақшы болып Қордайға барыпты. Кененге келген шаруасын айтқан. Сонда ақсақал: «Шырағым, өзiм барда әндерiм ұмытыла қоймас. Кешегi өмiрден өткен Балуан Шолақтың әндерiн айтсайшы. Көбiсi халық жадынан шығып барады. Сол кiсiнiң өзiм бiлетiн әндерiн шырқап берейiн. Сен сөзi мен әуенiн жазып ал», — деп домбырасын қолға алған екен. Сол жылы ол Балуан Шолақтың он алты әнiнiң сөзi мен әуенiнiң нотасын қағазға түсiрген. Сонда Кенен ақын айтпағанда Балуан Шолақтың сол әндерi бiзге жетер ме едi. Әй қайдам.

Кенен Әзiрбаевтың бұл мерейтойы бүкiл халықтық той. Үкiметтiң арнаулы қаулысымен тойланып жатыр. Бұл жәй той емес, ұлттық өнердiң, ұлттық поэзияның тойы. Ол туған жерi Қордайдан басталды. Әуелi алқалы топ сонда үлкен ғылыми-практикалық конференция өткiзiп, ақынның өмiрiне, шығармашылығына жан-жақты талдау жасады. Мереке осыдан бес жыл бұрын Таразда қазiргi Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов ұйымдастырған «Шырқа дауысым!» атты ән фестивалiне ұласып, Талдықорғанда ақындар айтысымен жалғасты. Астанада ақынға арналған үлкен әдеби-музыкалық кеш өтiп, сахнадан өнерпаз топ Кененнiң өмiрiнен көрiнiстер бейнеледi. Ендi мiне поэзия пiрiнiң мерейтойы өнер мен ғылым ордасы Алматыға да жетiп, Ұлттық кiтапханада белгiлi ғалымдар мен ақын-жазушылар ол туралы, оның шығармашылығы жөнiнде өз ойларын ортаға салды. Осында Кенен шығармаларының көрмесiне «Өнер» баспасы шығарған 6-томының тұсауы кесiлдi. Үстiмiздегi аптаның дүйсенбi күнi кешке Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында салтанатты жиын өтiп, оны қала әкiмiнiң орынбасары Сейдуманов ашып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин тойға құттықтау сөз сөйледi. Содан соң ғалым Шерияздан Елеукенов, жазушылар Бексұлтан Нұржекеұлы, Сәбит Досанов тың деректер мен естелiктер айтып, шығармашылығының ерекшелiктерiне тоқталды, ақын Рафаэл Ниязбеков арнау өлеңiн оқыды. Кеш соңына Кененнiң ұлы Бақытжан Әзiрбаев тойды ұйымдастырушыларға алғысын бiлдiрдi.

Кенен Әзiрбаевтың өлең, ән, жырлары ұлттық өнерiмiздiң алтын қоры. Рухани мол қазына. Ұрпақтан ұрпаққа жетiп, халықпен мәңгi бiрге жасайтынына сенiмiмiз мол.

Тынышбек Дайрабай, Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары