«ҚЫЛМЫС» РОМАНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

«ҚЫЛМЫС» РОМАНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

«ҚЫЛМЫС» РОМАНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
ашық дереккөзі
398

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасы Қытай түрмесiнде 40 жыл бойы отырған және шығармаларының барлығын түрмеде жазған Қытайдағы қазақ қаламгерi Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» атты романының 6 томдығын жарыққа шығарды. Кiтаптың жарық көруiне Мәдениет және ақпарат министрлiгi қолұшын созған екен.

Қажығұмар Шабданұлының ғұмыры Қытай түрмесiнде өттi. Қытай оны «Саяси қылмыскер» деп таныған. Соңғы бес жылда ол мырзақамақта отыр. Яғни, Қажығұмар Шабданұлының тарихи отаны, туған жерi – Қазақстанға қайта оралуына мүмкiндiк жоқ. Жазушыны атамекенiне оралту мақсатында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы ел президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа хат та жолдаған екен:

– Бiз Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының, Көшi-қон комитетiнiң, Қазақстан Жазушылар одағының атынан түрлi шақыртулар ұйымдастырдық. Елбасына тiкелей хат жазып, осы мәселеге көмектесуiн сұрадым. Ол кiсi Сыртқы iстер министрлiгiне тiкелей тапсырма да бердi. Олар дипломатиялық жолдармен айналысып көрдi. Бiрақ, мырзақамақта ұстап отырған Қытай үкiметi жiберетiн емес, – дейдi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I-шi орынбасары Талғат Мамашев.

Қажығұмар Шабданұлының қызы Жайнар бүгiнде Алматыда тұрады. Жайнардың ақпараттарына қарағанда, ол кiсiнiң мырзақамақтағы уақыты 2010 жылы ресми түрде бiтетiн көрiнедi. Тағдырдың талай тауқыметiн басынан өткiзген жазушы бүгiнде 85-ке келiп, жер таянып отырған жайы бар.

Қазiрде Қытайдың Шыңжаң автономиялы ауданына қарасты Шәуешек қаласында тұратын жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазiргi Шығыс Қазақстан облысының, Үржар ауданының, Таңсық елдi мекенiнде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесiне қарасты Дөрбiлжiң ауданына ауып барған.

Жергiлiктi халықтардың мәдени-ағарту көтерiлiсi кезеңiнде Дөрбiлжiңдегi «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөлiндегi Тарым лагерiнде толық өткерiп, 1980 жылы бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсанында, «Ұлттық дербестiктi көздейтiн «Үмiт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» деген айыптаулармен, «шетел жансызы» деген желеумен 13 жылға екiншi мәрте түрме жазасына кесiледi. Бұл жаза мерзiмiн ол Үрiмжi қаласының №1 түрмесiнде өткiзедi.

Қытай өкiметi тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшiн Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөнiндегi «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыреттi ресми орындарынан ол кiсiге байланысты әдiл тергеу мен ашық сот жүргiзуiн жүйелi түрде талап еткен.

Бүгiнде 2000 данамен оқырман қолына тиiп отырған «Қылмыс» романында Шыңжаң қазағының қилы-қилы жарты ғасырлық тарихы қамтылған. Бүгiнгi ұрпақ ұлттық езгiнiң не екенiн, отаршылдық зорлықтың небiр түрiн осы кiтаптан оқи алады.

«Түркiстан» ақпарат.

Серіктес жаңалықтары