ЭЛЛАДА ЖЕРIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ТАПСЫРЫЛДЫ

ЭЛЛАДА ЖЕРIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ТАПСЫРЫЛДЫ

ЭЛЛАДА ЖЕРIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ТАПСЫРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
442

Ежелгi Афина төрiнде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел Қазақстанды төраға ретiнде танып, ұйым тiзгiнiн ресми түрде Қазақ елiне ұстатты. Айлар бойы әлем алдында өзiнiң қауқары мен қажырын дәлелдеуге ұмтылған қазақ билiгi ендi демократиялық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етуге мүдделi әрi мiндеттi. Қазақ қоғамының ЕҚЫҰ-ға төрағалық тұрғысында ұтқан тұсы – осы.

Үстiмiздегi жылдың 7-желтоқсанында гректердiң астанасында өткен ЕҚЫҰ Сыртқы iстер министрлерi ұйымының кеңесiнде Қазақстан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының тiзгiнiн ресми түрде қабылдап алды. Ендi 2010 жылдан бастап Қазақ елi АҚШ, Еуропа мен Азиядағы 56 елдiң тағдырына қатысты шараларды жүзеге асыруы тиiс. КСРО құрамында болған посткеңестiк елдер арасында алғаш рет Қазақстанның осындай жетiстiкке қол жеткiзуi кейiнгi кездерi құрылымы сынға жиi ұшырап жүрген ЕҚЫҰ ғана емес, халықаралық демократиялық құндылықтарды сақтауда әлемдiк қауымдастықтың ескертпелерiне құлақ асуға мүдделi әрi мiндеттi Қазақ билiгi үшiн де тиiмдi. Бұл жаңалық адамзаттық рухани мәселелермен бiрге техника, технологияны игеруде еуропалық стандартқа сәйкестелуге де игi әсер етерi анық. Сондықтан сөз бостандығы, адам құқықтарының сақталуы және қорғалуы тұрғысынан алғанда, бiздiң де қуануымыз — заңдылық.

Қанша айдан берi таразыға тартылып, пiкiрсайысқа тақырып болған «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» мәселесi сонымен аяқталды. Дүйсенбiде Грек Республикасының Сыртқы iстер министрi Йоргас Папандреу өз мiндетiн Қазақстанға тапсыратынын ресми түрде түйiндедi де, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тiзгiнiн ҚР Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевқа табыстады. Әлбетте, көпшiлiктi толғандырған басты сауал — «2010 жылы жаңа төраға Қазақстан не бiтiрмек?». Мадридтегi кездесуден бастап, күнi бүгiнге дейiн әлем алдында Қазақстанның халықаралық ұйымды басқаруға қауқарлылығы мен қажырлылығын дәлелдеуге ұмтылған Қазақстан тарапы, қазақ билiгi қарап қалмады, келесi жылы басы қайырылуы тиiс бiраз шаруаны ортаға жайып салды. Мысалы, өз лауазымы мен құзырының мүмкiндiгiн толық пайдалана отырып, Қазақстан жаңа бастамаларды жүзеге асырады. Есесiне, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң «Венадан батыс пен шығысқа қарай созылған» өзара түсiнiстiк пен келiсiмiне кедергi де, нұқсан да келмейдi. Төрағалық тiзгiнiң иесi 2010 жылы да Ауғанстандағы саяси тұрақтылық, посткеңестiк кеңiстiкте туындаған дау-дамай, Орталық Азия елдерiндегi қиындықтар, ядролық сынаққа қарсы әлемдiк қауымдастықтың мүддесi т.б. проблемалармен қатар Батыс пен АҚШ, Азия, яғни, Ұйымға мүше барлық мемлекеттiң құқығын сақтауға мiндеттi. Саяси науқанға келсек, алдағы жылы ЕҚЫҰ шеңберiндегi 8 парламенттiк, 5 президенттiк, 2 жалпыхалықтық сайлау өткелi тұр. Олардың барлық ұйымдастыру жұмыстарына Қазақстан да белсене араласуы тиiс. Сондай-ақ, осыдан он жыл бұрын соңғы рет Стамбұлда өткiзiлген саммиттен кейiн ЕҚЫҰ-ның бiрде бiр ортақ келiсiм қабылдаған басқосуы болмаған. Астана жүздесудi жоғары деңгейде ұйымдастырумен бiрге 56 елдiң «аққу — көкке, шортан — көлге» дегеннiң керiн келтiрмей, барлық мемлекеттiң ұлттық, мемлекеттiк мүддесiне қайшы келмейтiн ортақ шешiмдер қабылдай бiлуiне ықпал етуi керек. Қ.Саудабаев: «Стамбұлдық саммиттен берi арада он жыл өттi. Ендi ЕҚЫҰ-ның келешегiн анықтап алатын сәт жеттi» дей келе, келесi саммиттi 2010 жылы Астанада өткiзуге ұсыныс жасады. Қазақ министрдiң бастамасын қолдағандардың бiрi ЕҚЫҰ ПА жетекшiсi Жоао Соареш: «Берлин қабырғасының құлауына 20 жыл толғанда өткiзiлген шаралар ЕҚЫҰ жұмысына бiрқатар өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажеттiгiн көрсеттi. Ұйымға мүше елдердiң 10 жыл бұрынғы бас қосумен шектелуi дұрыс емес. Өйткенi, саммит — түйiндi түйткiлдердi шешуде таптырмайтын пiкiрiталас алаңы».

Сонымен, айлар бойы талқыға түскен төрағалық мәселесi шешiлдi. Ендi қазақ билiгi әлем алдында берген уәдесiнде тұрып, қазақ қоғамындағы демократиялық құндылықтарға қатысты мәселелердi шешуге мiндеттi әрi мүдделi болуы тиiс. Айтпақшы, Қазақстанды төраға ретiнде таныған елдер арасында Қазақ жерiндегi сөз бостандығы, адам құқығы мәселесiне алаңдаушылық танытқан мемлекеттер табылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары