1 МИЛЛИОН ГЕКТАР ҚАЗАҚ ЖЕРI ЖӘНЕ ҚЫТАЙЛАР

1 МИЛЛИОН ГЕКТАР ҚАЗАҚ ЖЕРI ЖӘНЕ ҚЫТАЙЛАР

1 МИЛЛИОН ГЕКТАР ҚАЗАҚ ЖЕРI ЖӘНЕ ҚЫТАЙЛАР
ашық дереккөзі
250

Елбасы Астанада желтоқсанның 4-iнде өткен Шетел инвесторлары кеңесiнiң 22-шi пленарлық отырысында Қытайдың 1 миллион гектар жердi жалға алуға ниет бiлдiрiп отырғандығын мәлiм еттi. Бұған қарағанда Қазақстан үкiметi Қытайдың Қазақстанның иен жатқан далаларын игеруге деген ықыласына қарсылық бiлдiрмейтiн сыңайлы.

Қытай мен Үндiстанның Қазақстанның ұланғайыр даласына көз тiгiп отырғаны туралы ақпараттың Батыс ақпарат құралдарында пайда болғанына бiр жылдан астам уақыт болған. 2008 жылдың 24-сәуiрiнде «Шекарамыз сызылды десек те»… деген мақалада Үндiстанның «CALCUTTA TELEGRAPH» атты басылымындағы «Жер жетпей ме, Қазақстан шақырады» атты мақала жайында сөз етiлген. Онда Үндiстан фермерлерiнiң Қазақстанның бос жатқан шабындық жерлерiне көз алартып отырғандығы айтылып едi. Сондай-ақ, биылғы жылдың 26 мамырында «Азаттық» радиосында Сұлтан Хан Аққұлұлының «Астананың инвесторларға сататын жер көлемi Голландияның аумағына тең болады» атты мақаласы басылды. Ол мақалада Қазақстанның жердi шетелдiктерге жалға беруге заңдық база жасалғандығы айтылады.

Әуелi, «Жер кодексiнiң» алғашқы нұсқасында шетелдiктерге жер жалға да берiлмейтiн болған едi. Бiрақ, кейiн қандай құйтұрқылар арқылы екенiн кiм бiлсiн, қазақ жерiн шетелдiктер де жалға алып, пайдалана алатын мүмкiндiк туғызылған екен. Баяғыда Астанада Қытай елшiлiгiнiң аумағы үшiн жер сатып алған Қытай елшiсiнiң: «Бiз әлi де көптеген жердi сатып алмақпыз» дегенi есiмде қалыпты.

Сөйтiп, Қытай фермерлерi Қазақ даласын игеру үшiн Қазақстанға ағылатын болды. Олар 1 миллион гектар жердi 10 жылға жалға алмақ. Бiздiң Қытайдың өз Батысын игеру саясатын көлденең тартып, ондағы қазақ бауырларымыздың қытайланып кету қаупiнен қорқып шырылдағанымыз мәселенiң бер жағы ғана екен.. Олар ендi Қазақстанға қолқа салды. Қытайға қолды болған үш аймақ — Алтай, Iле, Тарбағатайды былай қойғанда, өз тарих сабақтарында Қазақстанның Балқашқа дейiнгi өлкесiн қытайдыкi деп үйрететiн олар, жерге иелiк еткеннен кейiн Қазақстанды оңайлықпен тастап шыға ма? Әрине, Қытай диаспорасы әлемнiң барлық мемлекетiнде бар. Және олар барған мемлекеттерiнiң тiлi мен мәдениетiн қабылдап, бiрден сол елдiң тiлiнде сөйлей қоймайды. Әрбiр елде жеке-жеке «Қытай қалашықтары» бой көтерген. Бүгiнгi күннiң өзiнде Қазақстандағы қытайлардың саны туралы нақты мәлiмет жоқ. Әйтеуiр, қара базар қаптаған қытай екендiгiнде дау жоқ. Олардың арасында қазақ қыздарымен некелесiп, Қазақстан төлқұжатына оңай қол жеткiзiп жатқандары да баршылық көрiнедi. Сондай-ақ, Алматы облысының Алакөл ауданында 3 мың қытайлық фермердiң жердi тырмалап жатқандығы туралы да ақпараттың шыққанына бiраз уақыт болған. Ресми билiк бұл ақпаратты көпке дейiн жоққа шығарып келген едi. Алайда, биылғы жылдың сәуiр айында француз баспасөзi бұл ақпараттың шындық екендiгiн жазады.

Бiр қызығы, Қазақстанның экономикасына дендеп енiп келе жатқан Қытайда 2 миллионға жуық қандасымыз бар. Алайда, олардың Қазақстанға көшiп келу мүмкiндiгi жоқтың қасы. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қытайдағы қандастарымыз туыстары арқылы Қазақстанға келiп, осында қалып қоятын едi. Бұл күндерi жылына 12-ақ отбасының Қазақстанға келуiне рұқсат етiледi. Әрi туысшылау визасы арқылы, олардың 18 жасқа толмаған балалары Қазақстанға келе алмайды. Сөйтiп, Қытайдағы қормалы қазақтың келуiне қолдан кедергi жасалып отырса, ондағы құмырсқадай қаптаған қара қытайды Қазақстанға төңкере салу көзделiп отыр. Бiздiң мемлекет осы 1 миллион гектар жердi игеруге өзгенi емес, сондағы қазақтың келуiне жағдай жасауы керек едi. Ендi қазақ даласына қытай қаптайтын болды. Бұрын ата-бабаларымыз «Жайықты келiп алғаны, жағаға қолды салғаны, Едiлдi келiп алғаны, етекке қолды салғаны» деп күңiренген едi. Ал, Қытайдың қолқа салғаны, кiм-кiмдi де ойлантуы тиiс болатын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары