ИӘ, “ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ...”

ИӘ, “ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ...”

ИӘ, “ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ...”
ашық дереккөзі
281

Масими мырза!

Сiздiң «Ойды ой қозғайды, тасты су қозғайды» деген мақалаңызға орай («Түркiстан», 15. 11. 09) айтарым мынау:

Бiрiншiден, өз ұлтын сүю деген ұлтының атағы немесе абыройы үшiн тарихи деректердi әдейi өз ұлтының ыңғайына қарай қасақана бұрмалау емес. Бүкiл түрiктiң арғы тегi болып табылатын тайпаның бәрiн сiздiң тек ұйғырға жатқызуыңыз мен айтып отырған ұлтшылдыққа немесе ұлтжандылыққа жатпайды.

Екiншiден, мен сiздiң ертедегi тайпалар мен Мөде, Баламер, Аттила сияқты тарихи тұлғалардың өмiр тарихын кең тарата жазғаныңызға және ежелгi тайпалар мен адам аттарын тiл негiзiнде талдағаныңызға қарсы емеспiн, қайта оны құптаймын, алайда тайпалар мен адамдарды, тiлдi де тек ұйғырдiкi деп көрсеткенiңiзге қарсымын және өйтiп бұрмалауды бүкiл түрiк халқына ұйғырды қарсы қою деп бағалаймын.

Үшiншiден, үш кiтәбiмдi түгел оқымапсыз, бұл екiншi кiтәбiм «Көк түрiк қағанатының 1450 жылдығына бағышталғанын байқамағансыз», — деп маған iренжiпсiз, алайда әр кiтәп өз сөзiне өзi жауап бермей ме? Мен пiкiрiмдi тек 2-кiтәбiңiздегi айтқандарыңызға қарап қана бiлдiрдiм.

Төртiншiден, ендi сiздiң тарихи деректердi қалай пайдаланғаныңызға келейiн.

Сiз Н. Бичурин мен В. Таскиннiң хундар мен хун көсемдерi туралы айтқанын алдыға тартыпсыз. Олар туралы сол екеуi ғана емес, талай тарихшы жазған. Бәрi рас. Бичуриннiң бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi екiншi ғасырда өмiр сүрген хун шәнүйi Мөденi аңыз жырлардағы Оғызханға ұқсатқаны да рас. А. Бернштам да сөйткен. Бiрақ Бичурин де, Таскин де, Бернштам да хунды ұйғыр тайпасы, ал Мөденi ұйғыр шәнүйi демейдi. «Оғыз-наме» жырының бiрден-бiр нұсқасы ұйғыр тiлiнде сақталғаны, онда Оғыз-ханның: «Мен ұйғыр ханымын»,— деген сөздiң бар екенi рас. Алайда соған қарап, Оғыз Мөде бола алмайды ғой. Өйткенi екеуiнiң бiр адам екенiн айғақтайтын құжат қытайдың да, қазақ пен ұйғырдың да, ешбiр Еуропа елiнiң де мұражайында жоқ. Оның үстiне, «Оғыз-наме» жыры тарихи құжат емес, көркем шығарма, аңыз жыр ғана. Ғалымдардың тұжырымына құлақ ассақ, бұл жырдың пайда болу мерзiмi — шамамен бiздiң дәуiр, ал ғалым Мырзатай Жолдасбековтiң пiкiрiнше IХ ғасыр. Тарихи Мөденiң өмiр сүрген уақыты — бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi II ғасыр. Мөде ешқашан Едiл бойына жорық жасамаған, қыпшақпен де, қаңлымен де бiрлiк жасамаған. Ал Оғыз жырда Едiл бойына да, Ұрымға да барады, қаңлымен де, қыпшақпен де бiрге болады. Демек, Мөде мен Оғыз екеуi екi басқа заманның адамдары.

Мөде шәнүй өмiр сүрген дәуiрде ұйғыр, қазақ, өзбек, татар деген тайпалардың болмағанын қытай тiлiн бiлетiн Бичурин де, қытай жазбаларын өзi оқып, «Ұлы хун империясының тарихы» атты екi том кiтәп жазған түрiк тарихшысы Б. Өгел де, қытай тiлiн бiлмейтiн Бернштам да жоққа шығара алмайды.

Ал сiздiң хун патшасын қытайлардың «шаньюй» деп атағанын айта келiп, «шань — тау, шың, аспан болып, «юй» — жоғарғы мәртебелi, құдiреттi билеушi патша, адам деген ұғымды берген.

Сонымен Модэ шаньюй деген сөз өз тiлiмiзде — Батур Тәңрикут деген мәртебенi бiлдiредi. Бiрiншi ұйғыр мемлекетiн құрған Оғузханның тақтық мәртебесi Батур Тәңрикут болған… Қытай таңбаларының сырын ашып, мәнiсiн бiлгеннен кейiн бiз ендi ұйғыр патшасының атын, мәртебесiн қытай тiлiнде емес, ұйғырша Оғызхан немесе Батур Тәңрикут деп жазамыз», — дей салуыңызды мен тарихи дәлел деп қабылдай алмаймын. Өйткенi «батыр», «тәңiр», «құт» деген сөздер тек ұйғыр тiлiне ғана емес, бүкiл түрiк тiлiне тән сөздер екенiн анық бiлемiн. Сондықтан, сiз жазғандай, бүкiл түрiк халқы ұйғырдан таралған демей, ұйғыр да түрiктен таралған, түрiк тiлiнде сөйлейтiн бiр ел деп түсiнем. Оның үстiне, Мөденiң шәнүй деген лауазымын «Батыр Тәңрикут» деп аударумен де келiспеймiн, себебi «шань» деген қытай сөзi «тау», «шың» дегендi, ал «юй» дегенi «үй» деген «жоғарғы мәртебелi билеушi, адам» дегендi бiлдiрсе, онда ол «үйдiң басы», «үйдiң басшысы» емес, неге «Тәңрикут» дегендi бiлдiредi? Бичуринде «Дом Ян», «Дом Бо-цзи» «Дом Хан» дегендер «Ян әулетi», «Бо-цзи әулетi», «Хан әулетi» деген мағынада қолда-нылғанына көңiл аударған боларсыз? Ендеше «шәнүй» деген сөз неге «үйбасы», «әулетбасы» немесе «елбасы» деген мағынаны бiлдiрмейдi деп ойлайсыз? Бұл араға «тәңiрдi», «құтты» тықпалаудың қандай қажетi бар? Рас, Тянь-Шаньды Тәңiртау деймiз, алайда бiздiң талдап отырғанымыз «тянүй» емес, «шәнүй» ғой.

Ендi сiз жүгiнген Бичуринге мен де жүгiнiп көрейiн. «Китай в порывах мщения более ста лет вел с хуннами почти беспрерывную войну… В 92 году по Р. Х. хунны совершенно поражены были китайцами в Тарбагатае… После такого поражения осталось одно поколения от дома хуннов под родовым прозванием Ашина, оно удалилось к подошве Алтая, где под народным названием Дулга (Тукюе) находилось под зависимостью сяньбицев… и в 552 году дулгаский (тукюеский) владетель Тумынь… объявил себя Илиханом», — дейдi ол («Собрание сведений о народах…». Москва — Ленинград, 1950. 1-том, 226-бет).

Тарихшылардың таратуында, қытайдың «Тукюе» дегенi — түрiк, «дулга» дегенi дулат екенiн, ал дулат деген түрiктен тарайтын қазақ деген халықтың бiр тайпасы екенiн сiз де мен құсап тарихи кiтәптерден оқыған боларсыз. Қазақ шежiресi бойынша, дулат тайпасы үйсiннен тарайды. Ал Бичуриннiң қытай жазбалары негiзiнде үйсiндi тiкелей сақтардың ұрпағы деп жазғанын, сөз жоқ, оқыған боларсыз. Осы арада сiздiң тарих пен бiздiң тарих бiр-бiрiне мүлде қайшы келедi. Сақ пен құн — тiлi, тұрмыс-салты бiрдей туыс тайпалар. Қазақ шежiресi бойынша, құндардың кәзiргi ұрпағы — арғын. Мiне, сiз бәрiн ұйғыр деп отырған «тарихыңыз» осы арада ұлт араздығын тудыратын арандатушы қызмет атқарады. Себебi қазақтар ұйғыр тарихын иемденiп жүрген ел боп шығады.

Бесiншiден, «Ал менiң тiл ережелерiне сүйенiп, барлығымызға ортақ «сақ», « тұран», т. б. сөздердi талдағаныма мән бермей, «Қ. Масими тұран, сақ, массагет, үйсiн деген сөздердiң бәрiн еш дәлелсiз ұйғыр деген сөзбен алмастыра салады», — дейсiз. «Менiңше, сiзде басқа бiр ой бар сияқты», — деген iренiш бiлдiрiпсiз. Сонда қалай, мен сiзге жала жауып отырмын ба? Мақалаңызда «бәрiмiзге ортақ» дегенiңiзбен, кiтәбiңiзде ондай ортақ ештеңе жоқ, Масими мырза. Ұмытып қалсаңыз, қараңыз, есiңiзге түсiрейiн. Барлық мысал «История уйгурской державы» аталатын кiтәбiңiздiң 2-томынан алынды ( Алматы, 2000):

«О походах уйгуров на запад Ф. Энгельс писал: «Блогадаря помощи гуннов (уйгуров. – К.М.), задыхающимся от римского ига»… (13-бет) Энгельстiң «гун» дегенiн сiз «ұйғыр» дей салып отырған жоқсыз ба? Сiзше, Аттила сонда Еуропаға: «Мен гунмын», — деп барған ба әлде: «Ұйғырмын», — деп пе?

«Адил (Аттила — Б.Н.) вел политику объединения уйгурских племен» (15-бет).

«… не только свидетельствуют, но и отождествляют саков, массагетов (сак, масак) с хуннами, т. е. туранцами, которые являются предками уйгуров» (44-бет).

Жарайды, ұйғыр халқы аспаннан бiр күнде түсе қалған жоқ, оның да арғы аталары болды, оларды анықтау, бiлу, әрине, бүгiнгi ұрпаққа парыз. Алайда: «С учетом отождествления прозвищ туран, сак, масак, динлин и т.д., которые выражали название предков уйгуров, в последующем вместо них будет писаться слово «уйгур», — деуiңiз, менiңше, нағыз шектен шыққандық. «Жер бетiнде ұйғырдан басқа да түрiк халықтары бар-ау, солардан ұят болады-ау» дегендi сiз неге ойламайсыз, Масими мырза? Сiзде осындай «тарихты» жазуда басқа бiр ой жоқ па?

Сiз ұйғырдың ғана арғы тегiне жатқызып отырған турандықтар, сақ, құн, массагеттер, денi дұрыс тарих бойынша, қазақ, қырғыз, түрiк, түрiкмен, әзiрбайжан, өзбек, татар, башқұрттардың, тағы басқа да түрiк халықтарының ортақ ата-бабасы саналады. Сонда олар да сiз құсап ертедегi сақтың тарихын бiрi түрiкмен тарихы деп, екiншiсi өзбек тарихы деп, әркiм өз ұлтының атымен алмастырып жаза берсе, ондай тарих кәйтiп ежелгi тарих болады? Онда бүкiл ертедегi тарих деп жүргенiмiз мазақ тарихқа айналмай ма? Сiздiң өйтiп дәлелсiз, дәнеңесiз алмастыра салуларыңызға сан жетпейдi. Қараңыз:

«Кир II пошел войной на скифов (уйгуров – К. М.) (46-бет); «… уйгуры во главе с царицей Томирис»; «некий уйгурский конюх Чирак (Ширак); «для отвращения от бедствия саков (уйгуров –К.М.); «уйгуры, заманивая Дария I, уходили дальше на восток», — дейсiз (48).

Сонда, сiзше, бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi заманда өмiр сүрген, «тарих атасы» аталған Геродот скифтiң де, массагеттiң де ұйғыр екенiн бiлмеген, мен соның қатесiн түзетiп жазып отырмын демексiз бе? Мұныңызды қалай түсiнуге болады? Тарихты ревизиялау ма әлде шовинистiк пыйғыл ма, Масими мырза? Ұйғырды қазақ, қырғыз, өзбек секiлдi түрiк халқының бiр ұрпағы деп жүрсек, түркiңнiң өзi ұйғырдың бiр ұрпағы екен ғой, сiзше? Ашып айтыңызшы, бүйтудегi сiздiң түпкi мақсатыңыз не? Тарихи шындық бойынша, ұйғырлар бүкiл түрiк халқының атасы, ал кәзiргi тарихшылар сол шындықты мойындамай, ұйғырларды кемсiтiп жүр дегенiңiз бе? Өйтiп өтiрiк арандатқаннан ұйғыр халқына не абырой әпермексiз, өзiңiзге қандай пайда келтiрмексiз?

«…уйгуры (скифы-саки); «уйгуры (узбеки)» (52-бет); «керей, которое выражает название одного из ведущих уйгурских племен» (67); «В … слове евсены (еусены) не трудно заметить уйгурское племя уйсуни» (72); «пошел войной на кушан (уйгуров. – К.М.)» (73); (И этим словом стало «славяне», под которым объединились уйгурские племена…» (165); «аппачи-уйгуры в Америку прибыли через Аляску в ХII в. н. э.» (177);

«…отец Хормизда был турк, т.е. уйгур» (190); «теле являются потомками уйгурского племени канлы» (204),; «Кипчаки входили в состав племенного объединения теле, а затем в государство Уйгурии – Гаогюй» (211) сыяқты «бәрiн ұйғырландыру» әдiсiңiздi қандай мақсатпен түсiндiресiз?

Мақалаңызда б. д. д. 176-жылы құн императоры Мөденiң қытай императорына жазған хатынан мынандай сөздәйек келтiрiпсiз: «Бұл өлкенiң адамдары менiң әскерiмнiң санын толықтырып, бiр ортаға жұмылдырылып, Ұйғыр мемлекетiнiң құрамына кiрдi».

Қытай тiлiн жетiк бiлген, «Ұлы хун империясының тарихы» атты екi томдық зерттеу жазған түрiк тарихшысы Бахаддин Өгел сол кiтәбiнде дәл осы хатты былай аударыпты: «Сардар, сарбаздарым сайлауыт болып, ат-көлiктерiнiң мықтылығының арқасында йүзiлердi тапап, қырғындай отырып бағындырды. Бәрiнiң басын кесiп өлтiрдi. Бiздiң қоластымызға бiр-жола бағындырып, тыныштандырды. Ендiгi жерде бұлардың барлығы хун болды» (Алматы. 1-том, 254-бет).

Көрiп отырсыз, мұнда ешқандай да Ұйғыр мемлекетi деген сөз жоқ.

«Завладев в V в. акваторией р. Истр, уйгуры переименовали его на Донай… уйгуры назвали его Горбатой рекой, т. е. Донай», – деп (29), ұйғырларды V-ғасырға бiр апарып тастайсыз да, «Происхождение слов «булгар-болгар» ученые мира считают тюркским (точнее уйгурским. – К.М.)», — деп, оны да түзете саласыз. Онымен де қанағаттанбай, «… слово турк (тюрк) до середины VI в. не было известно ученым Евразии. Поэтому вместо этого слово было написано слово уйгур, широко известное народам Евразии с IIIв. до н.э.», – деп (36), еш дәлелсiз пiкiрдi соға саласыз. Содан кейiн: «…на просторах Евразии в конце V в. образовались четыре мощных уйгурских государства, имевших флаги, т. е. государственные символы трех цветов», — дейсiз (82). Ол мемлекеттерiңiз солтүстiкте Авар қағанаты, батыста Хунгария, Булгария және Хазар хандықтары, оңтүстiк батыста Ақ құндар, оңтүстiкте Ұйғыр алқабы екен. Кiтәбiңiз-дiң 20- бетiнде Аттила жаулаған Еуропаны, 34, 35-беттерде Шығыс Еуропа мен Қапқазды ұйғыр жерi деп көрсеткен картаңыз да тұр. Қысқасы, Қазақстан да, сiзше, ұйғыр жерiне орналасқан мемлекет болып шығады. Сiздiң түпкi мақсатыңыз да соны айту емес пе, Масими мырза?

Мен өз басым ұйғырлардың арғы тегi ертедегi хойху (хойхе) тайпасы деп түсiнем. Алайда сол хойху тайпасы дегеннiң өзiн, ежелгi тарихты айтқанда, ұйғыр сөзiмен алмастырып жазуды қылмыс санаймын. Себебi хойху бар кезде әлi ұйғыр жоқ.

Менiңше, осы мысалдар да сiздiң тарихи кiтәптерiңiздiң бет-бейнесiн ашуға әбден жетiп жатыр, Масими мырза.

Алтыншыдан, «Көптеген ғалымдардың еңбегiне сүйенiп жазылған пiкiрге атүстi баға бермей, оған ғылыми жолменен қа-рағаныңыз жөн болар», — деп мақалаңыздың соңында менi жөнге шақырған екенсiз, өз кезегiмде мен де сiздi мынандай жөнге шақырмақпын:

Бүкiл түрiк халқына ортақ тарихты бүйтiп бiр ұйғырға телiгенiңiз ұят, Масими мырза! Оныңыз бүкiл түрiк халқын бiр-бiрiмен араздыққа итермелейдi. Бiр кезде әлемдi билеген ұйғыр халқына өзi сол бұрынғы ұйғыр жерiнде отырған қазақтар бiр ауданды ғана берiп, қыянат жасап отыр екен деген қателiкке кейiнгi жастарды күн сайын итермелеп шатастырмас үшiн, Алматы обылысындағы Ұйғыр ауданы деген атты ежелгi жер атына орай дереу өзгерткен дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе, сiздi оқыған ұйғырлар күнi ертең екi халықты бiр-бiрiне арандататынына дау жоқ. Құдай, әрине, оның бетiн ары қылсын!

Тарихты тарихи емес жолмен бұрмалағаныңыз үшiн, ең әуелi сiз ұйғыр халқынан, әсiресе кешегi Кеңес заманында шын тарихты оқымай өскен ұйғыр жастарынан кешiрiм сұрағаныңыз жөн, Масими мырза! Сiздi жөнге шақырудың, кешiрерсiз, басқа жолын әзiрше бiле алмай тұрмын.

Сәлеммен, қазақ бауырың Бексұлтан Нұржеке-ұлы

Серіктес жаңалықтары